Экономиканың дарасы – машина жасау саласы

Экономиканың дарасы – машина жасау саласы

Машина жасау саласы – индустрияның күрделі бағыты. Экономикада стратегиялық орны зор. Күнделікті өмірде, адам алдынан шығып жатса да байқай бермеуі мүмкін. Себебі, ұннан не сүттен жасалып жатқан өнімдер секілді емес. Бірақ, сол нан да, сүт өнімдері де машина жасау саласының техникасы мен технологиясы негізінде дайындалып жатқанына бір сәт мән берсе, адам ойындағы маңызы да артып шыға келер ме еді. Мәселен, егістік жырту мен егін жинау. Соқамен жыртып, орақпен орып жатқанды елестетіп көріңіз. Қай ғасырға апарып тастар еді?..

Қазақстан 2020ж. 17 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі машина жасау өнімдерін импорттапты. Әлемдік масштабта алсақ, алып бара жатқан үлкен сома санала қоймас. Ал, егер, біздің экономика тұрғысынан есептесек, аз қаражат емес. Себебі, сол жылдағы ЖІӨ-нің шамамен 10%-ын төңіректейді, яғни әр оныншы теңге осы салаға, сыртқа жұмсалған.

Машина құрастыру ісі қай елге де оңай емес. Әйтпесе, әлемнің бүкіл елі белсене айналысқан болар еді. Стратегиялық маңызы зор ауыр өнеркәсіптің бет­-бейнесі саналатын, әрі экономикалық драйвер бола алатын машина жасау саласындағы өндіріс көлемі елімізде артып келе жатқаны қуантады. Үш жыл бұрын осы бағытта Қазақстан машина жасаушылар Одағы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық министрлігімен бірге 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасын жасағаны белгілі. Соған сәйкес, алдағы уақытта өндіріс көлемі 2 есе өспек.

Біз бұл сараптамалық мақалада жеңіл және ауыр көлік жасау ісі, электроника, жасанды интеллект секілді тақырыптарға тоқталғанды жөн деп таптық. Еліміз аталған салаларда әлемнің алдыңғы елдерінің біріне енбесе де, ілгерілеу бар.

Әлемдік автонарық немесе жеңіл көлігіміз жеңілмесін десек…

 Қазақстан автобизнесі қауымдастығының мәліметіне қарағанда, былтыр еліміз 92 839 автомобиль құрастырған. Биылғы жеті айда болса, 54 104 жеңіл автокөлік. Демек, биыл 100 мыңнан асуға мүмкіндік бар. Ішкі сұранысқа келсек. 2021ж. қаңтар-желтоқсанында қазақстандықтар 108 358 жеңіл автокөлік сатып алған. Шартты түрде алсақ, жаңа автокөлікпен өзімізді өзіміз қамтамасыз етуге таядық. Қазіргі таңда Ресей санкцияда қалуына байланысты, олардың экспорты едәуір төмендеуде. Мәселен, Lada импорты екі есеге жуық азайған. Олардың рублі қымбаттауы да қазақстандық автоөндіріс үшін бәсекеге қабілетті болуға бір мүмкіндік.
Автокөлік бұл қазіргі ат. Ал, бабаларымыз әлімсақтан “Ер қанаты – ат” деп, сол кезден-ақ көлікке баса мән берген. Олай болса, көлік өнеркәсібі саласын стратегиялық экономикада қарау қажет. Сондықтан Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерімен балаларды зерттеп, қарым-қабілеті техникаға, ғылымға, өндіріске келетіндерді жіктеп, жөнді бағыт-бағдар берсек, ұлтымыздың өндірістік әлеуеті артады. Сөз реті келгенде қоса кетейік, Қазақстан машина жасаушылар Одағы мұрындық болуымен қабылданған 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасында дуалды оқыту да көзделген. Тиісті министрліктермен кәсіби байланысты тиісінше тығыз етуге ұмтылыс – болашақта өз жемісін берсе керек.

 Ел экономикасында ауыл шаруашылығының орны зор екені белгілі. Бұл саланы әрі қарай индустрияландыру, цифрландыру қажет екені сөзсіз. Басқаны қозғамағанда, ауыл шаруашылығы техникаларының шамамен 80%-ы тозығы жеткен көрінеді. Еліміздегі агропаркте былтыр 180 мыңдай комбайн мен трактор болған. Мұны неге қозғадым? Енді әр елдің комбайны мен тракторын құрастыра бермей, өзіміздің зауыт салуға мойын бұрсақ дейміз. Осылайша, шартты түрде алғанда, еліміздегі 140-150 мың комбайн мен тракторды қазақстандық брендпен жаңаласақ, бұл дегеніңіз қаншама жұмыс орны, әрі халқымыздың өндірістік әлеуетін жедел арттыру жолына қосқан үлес болады.

Егінмен, балықпен өскен, абсолюттік басымдығы сондай саламен байланысты Корея Республикасын, Жапонияны автогигант, техногигант елге айналады деп бір ғасыр бұрын кім ойлады?.. Әсіресе, оңтүстік кореялықтар өткен ғасырдың 60жж. жаңа техника мен технология мұрнына исі бара қоймаған ел еді ғой. Ал, қазір ше?! Samsung, Hyundai басқа да брендтер алыстағы біздің өмірдің де бір бөлігіне айналды. Кеме жасауда да айтулы мемлекет. Біз де жүйесін тапсақ, бәлкім, соларға жетерміз не асармыз…
​ Өткен аптадағы «Kazakhstan Machinery Fair 2022» көрмесінде автобус жасау ісі де ілгерілеуде екенін көрдік. Қазақстандықтар құрастырған Daewoo, Yutong авто-­электробустар қойылыпты. Тағы бір қуантарлығы, уақыт талабына сай, электробус жасауға мамандана бастауымыз. Мысалы, Yutong электробусы Астана, Алматы, сонымен қатар, жақын шетелде де сұранысқа ие болуда екен. Тағы бір назарға түскені, “Alan-2” көпмақсатты бронемашинасы. Сынақтан өткізетін жүргізушінің сөзінше, әлемдік деңгейде теңдесі жоқ. Израиль көз тігіпті. Әдетте, Ресейдің әскери темір-темірсегін көріп үйренген кей жұртқа бұл таңғаларлық техника саналған секілді.

Бірақ, назар аударарлық маңызды мәселе бар. Ғылым мен техниканың үйлесімді дамуы, өнеркәсіптік жаңа төңкеріс – бұл саланы да жаңартуда, жаңғырту үстінде. Бұл жерде әңгіме, электрмен, сутегімен жүретін көліктер санының жаппай дерлік артуына қатысты. Әсіресе, электромобиль қарқынды өсіп келеді. Еуропаның көптеген елдері, АҚШ, Қытай тіпті алдыға кетті. Данияда 2030-жылдан бастап, бензин немесе дизельмен жүретін автокөліктерді тіркеуге тыйым салынуы мүмкін. 2017ж. Норвегия парламенті 2025-жылға қарай, сатып алынатын жаңа автокөліктердің барлығы электромобиль болуына дауыс берді. Бұл, бұл ма, норвегтерде 2040-жылға таяу, ішкі рейстегі ұшақтары да тек электрмен ұшады делінген болатын. Үндістан да үн қосты. Олар 2033-жылға қарай толық электромобильге көшу мақсатын қойып отыр. Бұл мемлекет келесі жылы әлем бойынша, халық санынан бірінші орынға шығуы мүмкін екенін ескерсек, электромобиль сұранысын одан сайын өсіреді.

Дүниежүзілік экономикада үлкен орны бар компанияларға жетекшілік етіп отырған И. Маск 2030ж. қарай, әлемдік көлік өндірісінде электромобильдердің үлесі 80%-ға жетеді деп болжайды. АҚШ-тың кей қалалары бұл қадамды бастады да. ​Ол басқаратын «Tesla» электромобильге деген сұранысты қамтамасыз етуге үлгіре алмай жатқаны да жарияланды. Ал, Audi 2025-жылға қарай, жылына 800 мың электромобиль өндірмек.

Германияның Гельзенкирхен институты жанындағы автотранспортты зерттеу Орталығының болжауына сүйенсек, 2025-жылға таман Еуропа тек электромобильдер мен гибридті ғана пайдалануы мүмкін.

Осылайша, электромобиль дәуірі басталмақ. Бұрын тиіп-қашып жүрген, жаппай өндіріске енбеген электрлі, сутегімен жүретін көліктер – күнделікті көрініс болып, «әдеттегі» автокөлік тарихқа енуі бек мүмкін. Біз әлемдік бұл үрдістен сырт қала алмаймыз. Экономиканы бейімдеу керек.

Электроника индустриясы, жасанды интеллект, смарт техникалар – экономиканы самғатушылар

  Микроэлектронды индустрия тарихын беріден алады. Дегенмен күнделікті өмірдің сан-саласына еніп кеткен. Компьютер, смартфон, кіржуғыш машина, автокөлік және т.б. тұтыну тауарларының жаңалығына жаңалық қосып, «ақылын» арттырып жатқан, сол кәдімгі электроника өнімдері. Бұл саланы мұнаймен теңестіруі тегін емес.

Шағын болса да, экономиканың күрделі, стратегиялық саласына айналып кетті. Кезінде Оңтүстік Корея, Тайваньды «Азия жолбарысы» деп атағанда, олардың электроникадағы жетістіктері еді таңдай қақтырған. Әлі күнге дейін Тайваньның әлемдік чип өндірісіндегі үлесі зор. Шағын елге соның шамамен бестен бірі тиесілі.

Атақты актер А. Шварценеггер сомдаған «Терминаторды» көрмегендер кемде-кем шығар. Естеріңізде болса, сол кино «Лос-Анджелес 2029ж.» деп басталады. Қызық болғанда, қазіргі ЖИ аталған фантастикалық көркем фильмдегі кейіпкерден кем емес деңгейге жетті. Ал, «2029-жылға» дейін, егер, бір кедергі болмаса, тіпті де дамитыны анық. Әйгілі София ЖИ-дің голливудтық актер У. Смитпен кездесіп, «әңгімелесіп» отырғанын қарап көріңіз. Қытай жасаған «тележүргізуші» немесе сондағы адамдар компанияға басшы қылып қойған ЖИ ше? Бір қарағанда, кәдімгі адам деп қалады. Ал, Tesla, SpaceX басшысы И. Маск Жасанды интеллект күні Optimus – гуманоид роботын көрсетті. Роботтың «интеллект» деңгейі алдыңғысымен салыстырғанда өскен. Үй шаруашылығында, анау-мынау бизнесте көмекші бола алады. Ол алдағы уақытта осындай роботтарды миллиондап шығаруды жоспарлап отыр екен.

Әзір азаматтық ЖИ басым дамуда. Алдағы уақытта әскери ЖИ робот – терминаторлар қаптаса не болмақ? Әскери күш қатарын солар жүздеп, мыңдап толтырса, қызықтың көкесі сонда шығуы мүмкін. ЖИ бойынша Қытай АҚШ-ты озып кетті деп америкалықтар алаңдауда.​ Экономика бойынша ғана емес, әскери бюджет көлемінен де әлемдегі нөмірі бірінші мемлекет солай деп әбігерлене мәселе көтерген жайы бар. Дүние жүзінде көптеген әскери базалары бар, әрі НАТО-ның басы солай деп әлдебір алаңдаушылық білдірсе, біздің ел екі есе ойлануы тиіс. Украина­-Ресей соғысы да біраз нәрсені аңғартты. Бұрынғыдай топырлаған әскерден гөрі дрондардың, ұшқышсыз ұшатын аппараттардың, әуе шабуылына қарсы универсалды техникалардың маңызы артқан. Бұл жағынан алғанда, НАТО армиясы тіпті алдыға кеткенін көрсетті. Сол әскери блоктың мүшесі шағын Эстония адамсыз жүретін танк те шығарып үлгірді. Сондықтан да электронды индустрияны дамытуды, цифрландыруды, ЖИ көшіне ілесуді мемлекеттің стратегиялық маңызды бағытының біріне айналдыру қажет деп ойлаймын.

Кеше ғана Астанада өткен Digital Bridge форумында болғанда, кейінгі жас толқынның арасында робототехникаға, жасанды интеллект технологиясына жақындардың қарасы қалыңдап келе жатқанын көрдік. Қазақстан индустрия 4.0 кезеңінің тесік-құдығына шейін біліп, меңгеріп, бесіншіге сәтті өтуінде, әрине, осы жастардың өзіндік үлкен орны бар.

P.S. 1. Қазақстан машина жасаушылар форумы мен көрмесі аясында, барымызды байқадық, жоғымызға бас шайқадық. Автокөлік, электрокөлік, трактор, комбайн т.б. құрастыру кәсіпорындары, зауыттары арқылы қазақстандықтар бұл істе машықтанып қалыпты. Қуантарлық-ақ. Дегенмен геосаяси жағдай от болса, құрастыру зауыттары арқасын беріп, кете салатынын көріп отырмыз. Қытайдың қабағына қарап қалмауымыз қажет. Ендігіде. Бұл да маңызды. Ресейге қатысты да солай. Зауытта өзіміздікін жасап, ұлт бойында өндірістік өнерді дамытпай, мемлекеттік стратегиялық қауіпсіздікті қамтамасыз еттік дей алмаймыз.  

 Әрине, қазіргі қарқын да бөтен емес. Десек те, әлемдік көштен қалмау жолында әлі де көп істер менмұндалап тұр.

 «Kazakhstan Machinery Fair 2022» көрмесіне келген тұрмыстық заттар (тоңазытқыш, мұздатқыш, кіржуғыш машина және шағын станоктар, цех құрал­жабдықтары) шығаратын шетелдік компанияларға қарасаңыз да осы салаға Қазақстан баса мән беруі керек екені ұғындыра түседі. Сонымен қатар, заманауи медицина құрал-жабдықтары өндірісін, фармацевтика зауыттарын дамыту керек-ақ. Күнделікті өмірмен тығыз байланысты техникаларды, құрал-жабдықтарды, кәсіби аппараттарды өндіру ісін жүйелесек, алдыға сүйрей түссек, мыңдаған жұмыс орны ашылып, қыруар қаржы ел ішінде қалатыны тағы бар.     

  1. Әлемнің нөмірі бірінші миллиардері И. Масктың Жер серігі интернеті – Starlink осыдан бірнеше жыл бұрын алыстау дүние сияқты болды. Қазір континенттердің барлығын қамтамасыз ететін деңгейге жетті. Ол әр адамға айына кемі 100 гБ трафик беруді жоспарлауда. 100 дегенің молынан жететін интернет көлем ғой.

 NASA­-ның ғарыш аппараты Жерге қауіп төндіруі мүмкін делінген астероидты траекториясынан тайдыру сынағын сәтті өткізді. Әлемде бірінші болып. Бұрын кинодан көретін қиялы көбірек көрінетін әдісті іске асырды. Ғарыш ғылымы, техникасы мен технологиясы осыған жетті.   

  1. Ақпараттық технологиялар, телекоммуникация индустриясы да сан қырмен дамып барады. Мәселен, бұрын eSIM дегенді елесетету қиын болса, бұл қазір таңғаларлық емес. 5G деп жүргенде, 6G туралы да талқылау жүруде. ЖИ де адамның түрлі қызметтерін атқарып, тіпті ілгері кетуде.

Біздің мемлекет те осы әлемдік техноаламандардан қалмауы тиіс. Әрі ауқымы кең машина жасау саласын заман көшімен дамытсақ, Тәуелсіздіктің бір тірегі болады. Әрі экономикамызға да серпін бермек. 

 Құрманғали Нұрғали, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 Фото: «Kazakhstan Machinery Fair 2022» көрмесінде түсірілген қазақстандық техникалар, өнімдер

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0