Тау-кен металлургия саласы – экономиканың дарасы

Тау-кен металлургия саласы – экономиканың дарасы

Көпшіліктің күнделікті тіршілігімен тікелей байланысты болмағасын шығар, сірә, тау-кен металлургия саласы қоғамның қызу талқысы мен назарынан тыс қалып жатады. Десек те, Қазақстан экономикасында бұл саланың орны зор. Зор болмағанда ше! Табиғи қазба байлық қорынан еліміз әлем елдері ішінде 6-орында тұрса!

Былтыр бұл салаға құйылған инвестиция көлемі $12 миллиардтың үстіне шықты. Демек, инвестор қаржыларының 45%-ға жуығы тау­кен металлургияға салынған. Осыдан жиырма жылдай бұрын үкімет бюджеттен қаржы бөліп, содан өгізаяң алға жылжып қоятын. Мұның өзі сол уақыт үшін ілгері басу саналатын. Бүгінгі күннің көші ілгері. Инвесторлар өзі іздеп дерлік, ақша салуда. Әрине, тісқаққан олар, бұл саланың  экономикалық зор әлеуетін білгеннен соң барып, келіп жатыр.

Алдыңғы жылы «Қазақстан туралы мәлім ет» атты еліміздегі әлеуметтік өмірді, экономикалық әлеуетті т.б. қамтыған шағын кітабым шыққан. Сонда тау­кен, түрлі металлургия қоры, өндірісі бойынша да қазақ елінің әлемдегі орны көрсетілген еді. Не деген байлық дерсіз! Алтын, күміс, хромит, мырыш, мыс, марганец, темір, көмір, мұнай, газ, алюминий, қорғасын және басқа да пайдалы қазбалардан, өндіру көлемінен ондықта, жиырмалықта тұрмыз.

Мына қысқаша мәліметтерге назар салып жіберсеңіздер. Содан әрі қарай кетеміз.

Screenshot_20230512-174940_Word.jpg

Кені бардың кемі жоқ…

 Пайдалы қазба табылған жерлер көбіне экономикаға серпін беріп қана қоймай, шағын қалалардың бой көтеруіне негіз болып жатады. Қазақстандағы моноқалалардың қалыптасу тарихында да осы сала менмұндалайды. Тізбектесек: Кентау, Рудный, Жаңатас, Хромтау, Балқаш, Риддер т.б. деп кете береді. Дегенмен өткен ғасырдың 90жж. ел экономикасындағы аумалы­төкпелі жағдайлар тау-кен металлургия саласын да шайқады. Сілкіледі. Сол уақытта сенім селдіреп, күмән күш алып, моноқалалардың да өңі қаша бастады. Бұл салаға үкіметтің беті бері қарай бастағаны соңғы жиырма жылдың төңірегі еді.

Осы күні еңсесін тіктей түскен салада 270 мыңнан аса адам еңбек етеді. Анау­мынау бір қаланың тұрғын санымен бірдей. Мұның өзі Қазақстанның әлеуметтік­экономикалық өмірінде орны зор екенін айшықтайды.

Тау-кен, одан қалды металлургия өндірісін кәсіп еткен ірі бизнес өкілдері тапқан табысынан итке сүйек лақтырғандай қылмай, майлы жілігін халықпен бөлісе түссе, жарасымды іс болар еді. Мысалы, АҚШ­ты алайық. Қымбат тастары бар кен орнына ерлі­зайыпты адамдар, болар­болмас кіру ақысын төлеп, соны іздей алады екен. Тапса – қажетіне жаратады. Былтыр Арканзас штатының ерлі­зайыпты тұрғындары осындай жолмен 1,9 карат болатын алмаз тауып алғанын әлемдік БАҚ жазды. Біз де, мәселен, отбасын құрғанына 5 не 10 жыл болған адамдарды, алтын мен күміс өндірілетін жерлерге жіберіп, сынын бермейтін сол сары металды не сыңғырлаған күміс іздеуіне рұқсат берсек – бір біткен елдік іс болмай ма?! Халықтың байлығы екенін осындай жобалар білдіре түспей ме… Бір жағы жанұяның ынтымағын кішкене болсын бекітсе керек.

Әйтпегенде, Рудныйға, Кентауға не Екібастұзға – кенді, пайдалы қазбасы мол қаланың қайсысына бармаңыз, адамдардан бұрын жергілікті мәселелері алдыңнан атып шығады. Абзалында, жұрт жағдайы жұтаң емес, шекесі шылқып өмір кешіп жататын моноөңірлер болуы тиіс қой. Павлодар облысына түген миллиард теңге, Қостанайға пәлен ақша т.б. жерлерде әлеуметтік жобаларға бөлді деп жатады ғой. Шикізат өндіретін іргелі компаниялар. Десек те, алаған қолға, береген жетпей жатыр. Сөздің сыралғысы ретінде жазғанымыз ғой. Аяқтан шалу ойда жоқ.

Сондықтан ірі өндіріс ошақтары бар сондай моноқалалар қол жаймаса дейміз. Керісінше, шетелдіктердің көз жауын алып, олар үшін соны келіп көрудің өзі арман болып, соңы өндірістік туризмнің дамуына әсер етсе, бір біткен игі іс болмай ма… Пайдалы қазбалары шаш етектен, әрі соны өндіріп жатқан моноқалалардың тұрғындары Астана мен Алматыға көнкөріс қамымен тентіреп кетуі – жат көрініс болуы тиіс. Асылында, кенмен байланысты жанама өндіріс ошақтарын дамытса, мүмкін дүние ғой.

Жоқ, жасандылық жарға жығады. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын Аймақтық даму министрлігі деген құрылды. Жаңаөзен оқиғасынан кейін. Сол министрлік өз өкілеттігі шеңберінде моноқалалардың дамуы үшін қыруар іс бітіруі тиіс­ақ еді. Бірақ, олай болмады. Қазір ізін құмнан да, сайдан да таппайсыз. Мұндай науқаншыл жолдың құны көк тиын.

Моноқалаларды дамытудың мемлекеттік нақты жоспары құрылса деген ұсыныс бар. Даму стратегиясында кенді қалалардың әкімдерін төте жолмен сайлау да тұрса дейміз. Сайлау әділ өтсе, небір маман ысылып шығар.

Ұлт бойында өндірістік әлеуетті дамытатын сала…

 Тау­кен қазу, металл өндіру, өңдеу – маңдайдан терді көбірек төгуді керек ететін экономика саласы. Алма піс, аузыма түс, әлбетте, бүкіл кәсіпте жоқ. Дегенмен бұл саланың өз күрделілігі барын атап өтпесек, әділдік болмас еді.

Сондықтан да болар, республика бойынша орташа жалақы көрсеткішінен 1,5 еседей үлкен. 550 мың теңгедей. Дегенмен енді бастаған жұмысшылардың, қатардағы қызметкерлердің барлығы осы деңгейлес демес едім. Себебі, сұрап көрдім: сондағы сөздеріне қарағанда, тау-кен, металлургия ісіндегі жалақы шамасы 200-300 мың теңгені төңіректеді. Мұндай жалақыға қазіргі жастардың денінің көңілі ауады деу қиын. Демек, базалық жалақысын көтеру керек­ақ.

Геология басқа да Жер қойнауын зерттеумен, кен қазу, металл өндірумен, өңдеумен байланысты көптеген мамандықтармен балаларды ерте бастан таныстыру қажет. Соған сай, қабілеті мен талабы ұштасып мен деп тұрған жас жеткіншектер осы салаға, тиісінше, көптеп келсе, ұтылмаймыз. Себебі, бұл саланың еліміз үшін стратегиялық мәні зор. Жасанды интеллект, робототехника, машина құрастыру ісіндегі техникалық, технологиялық алдыңғы жетістіктерді тау-кен, металлургиямен сабақтастыра дамыту да мемлекет тарапынан қолдауды, бақылауды, бағыттауды керек етеді.

Мұнайға қатысты мамандықтарға ғана сүйреушілер, бұл саланың бүгіні мен келешегі кең екенін білсе екен дейміз. Күні батып бара жатқан мамандықтар емес дегіміз келеді. Төмендегі мәліметтер де бұл саланың дамуда екенін көрсетеді.

Screenshot_20230512-174955_Word.jpg

Бұл салада әлем бойынша 100 миллиондай адам жұмыс істейді. Әрі Жер жүзі бойынша тау­кен металлургия өндірісі орындарының жалпы капиталы триллиондаған АҚШ долларымен есептеледі. Ғарыштық техникалар, ақпараттық технологиялар, авиация, құрылыс индустриясы т.б. осы саланың өнімдеріне тікелей тәуелді. Олай болса, болашағы тар деп кім айта алады?.. Халқымыз қашанғы ән айтып, би билеп, тек той тойлап, даңғаза қуып, ырду-дырду жүре бере ме? Асылында, ұлтымыздың бойында өндірістік дағдыны әбден қалыптастыру қажет. Қазақ – өндірістік әлеуеті ашыла қоймаған ұлт деп ойлаймын.

Сондай­ақ, сала мамандарын заманауи техника мен технологиялармен қамтамасыз ете түсуі тиіс. Жас буынның мамандыққа деген қызығушылығын да арттыру қажет. Сонымен қатар, бұл саланың басым тілі орысша. Қазақтілді ету де маңызды қадам.

P.S. 1. Қазцинк, Балқаш түрлі түсті металлургия зауыты т.б. өндіріс орындарының жауапты қызметтерінде отырған адамдардың сөзіне қарағанда, жас буынның алып бара жатқан қызығушылығы жоқ немесе төмен. Жұмысшылардың орташа жасы қырықтың үсті көрінеді. Тау-кен саласы мамандығында оқып жүрген студенттердің арасынан менмін деген жиырмасын таңдап алып, өндіріс басына апарыпты. “Қазцинкмаш” цехының басшысы. Солардың екеуі ғана мойнын бұрыпты. Қалғандары болашағын бұл саламен байланыстырмайтынын айтқан екен. Бұл ойлантарлық ахуал. Нақты әрекеттерге көшуді керек етеді. Қызығушылығын тудыру қажет. Жас жеткіншектердің ішінде блогер, ютубер т.б. жолмен жедел танымал болу, саусағы тиген жерден күрелеп ақша табуды көздеу «трендке» айналып барады.

2. Осы саланың стартаперлерін қалыптастыру, сірнікті де заманауи ғалымдарын пісіріп шығару да кезек күттірмей шешуді керек етеді. Үкімет болмайтын немесе екінің бірі білетін және істей алатын науқанға ұқсас “ғылыми” жобаларды емес, стратегиялық маңызы зор осындай салаларға екпін қоюы тиіс.

 Құрманғали Нұрғали, журналист

 Фото интернеттен алынды

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0