Денсаулықтың панасы – АИТВ анықтамасы

Денсаулықтың панасы – АИТВ анықтамасы

Бір шаңырақтың астында бір жастыққа басы тиіп, бірге қол ұстасып күн кешетін болғандықтан, ерлі-зайыптылардың арасында бір сырдың бүгілуі бес саусақтың бірінің бүгілуімен бірдей жағдай. Әсіресе, әңгіме кеселге келіп тірелгенде. Осы тақырыпқа орай біздің Қызылордада бір-екі жылдың көлемінде төмендегідей жағдай орын алыпты.

Тұрмыстағы әйел атын атауға ауыз бармайтын АИТВ инфекциясын жұқтырады. Жолы сұйық, көлденең жүрісі бар көрінеді. Жергілікті ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығынан өзінде сондай дерттің ұшқыны байқалғанын біліп алады. Енді инфекцияны жұқтырғанын күйеуіне қай бетімен айтады? Дымын шығармай жүре береді. Күндердің-күнінде күйеуінен бала көтереді. Айы-күні жетіп, ақыры ол баланы дүниеге әкеледі. Жолдасына жұқпаған дерт баласынан бір-ақ шығады. Бұл аурудың қан арқылы жұғатынын жақсы білетін шығарсыз. Осылайша инфекция анасынан баласына өтеді. Шындық ашылады. Күйеуі кейіннен әйелімен ажырасып кетеді. Еркектің иммунитеті мықты болғандықтан, бұл ауру одан іргесін әрі салады. Бірақ жарық дүниеге келген бейкүнә періште анасының арқалаған күнәсімен ере шығады. Содан ажырасқан күйеуі баланы өз қамқорлығына алу үшін сотқа талап арыз түсіреді. Кейіннен бұл істе талап орынды қойылмағандықтан, тоқтамға алынады.

Ал заң не дейді? Заң бойынша, АИТВ инфекциясы анықталған науқас туралы дерек құпия түрде сақталады. Бұл орталықтағы қызметкерлердің сөзге беріктігі сонша, көріп тұрғандарыңыздай жақындарына да ләм-мим демеген. Өйткені, заң осыны талап етеді. Ол науқас 18 жасқа толмағанда, жағдай басқаша өрілетін еді. Ол уақытта ата-анасына ескертіп, балаңыз осындай да осындай ауруға тап болды деп дәрігерлер алдынан өтер еді. Енді осы жерде тағы бір мәселенің ұшы шығады.

ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Қызылорда облысындағы орталық заңгері Есбол Маханбетовтың айтуынша, жас отбасылар некеге тұратын кезде АИТВ инфекциясы негізінде есепте тұрмайды деген анықтаманы міндеттеу керек дейді. Неге? Кейбір жастар сезімнің желігімен, тілін тістеулі күйі бастарын құрайды. Алайда жоғарыдағы мысалдағыдай артынша бәрібір бетперде шешіледі. Кім кімді кінәларын білмей қалады. Яғни, бұл қажеттілік болашақта заңмен реттелуі керек. Ал бүгінгі күнгі Халық денсаулығы және денсаулық жүйесі туралы Кодексте ауруының сипатына байланысты қандай да бір кемсітушілік нысандарына жол берілмейді деп тайға таңба басқандай көрсетілген.

Былай қарап отырсаңыз, заңгердің де айтып отырған сөзінің жаны бар. Ол жалпақ жұртқа жарияла, елдің бәрі бетіне түкіретіндей масқара қыл деп отырған жоқ. Тек науқастың қасындағы тағы бір екінші адамды сақтандырып отыр. Ақылға сыйымды, ойға қонымды. Кәсіби маманның ұтымды ұсынысы деп қабылдауға лайық. Бүгінгі күнге дейін Сыр өңірінде 13 жүкті әйелден жұқпа табылып, оның екеуі биыл анықталып отыр. Сондай-ақ, облыста анасынан АИТВ жұқтырған екі бала тіркелген.

Өмірдің жаңа ағысына беттеген сәбидің жазығы жоқ. Бірақ ол қашанғы ауру болып күн кешеді? Дауасы жоқ дертке түрлі емдеу әдістерін қолданып, өмір сүру ұзақтығын арттыруға болар. Алайда мұның соңын ойлаудың өзі қорқынышты.

Одан соң орталық кез келген науқасқа өз инфекциясын екінші келесі бір адамға жұқтыруға, өмір бойына донор болуға тыйым салынғандығымен таныстырып, хаттама толтырады. Егер осы қағидалардан аттаса, әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны тағы бар.

Қызылорда облысындағы орталық АИТВ-мен ауыратын науқасты өзін қоғамда артық сезінуіне жол бермейді. Орталық психологтары, эпидемиологтары, тіпті заңгерлеріне дейін олардың мүддесі үшін жұмыс істейді. Мысалы, осындай инфекция жұқтырғанын біліп, дәл осы сылтаумен жұмыс беруші тарап боссың десе, ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары оны желдің өтінде қалдырмай, жұмысқа қайта орналасуына жағдай жасай алады. Біздің облыстағы орталық заңгерінен де осы бойынша кеңес алған науқастар болған.

Айта кетерлігі, Қызылорда облысындағы орталықта күні бүгінге дейін науқас ЖИТС-ті екінші біреуге жұқтырып, оны соттың алдына сүйреген ситуациялар тіркелмеген. Бұл да болса, орталық жұмысының жолға қойылғандығын аңғартады.

Сонымен, заңгер сөз еткен анықтаманың қажеттілігі бар ма? Әрине. Денсаулықтың панасы – АИТВ анықтамасы. Бұл жерде отау құратын жастардың арасында «сен маған сенбейсің» деген сөздің қолданылуы артық. Себебі қоғамның талабы соған мұқтаж. Жарайды, сіз адал болуыңыз мүмкін, бірақ сіз айналыңыздағы екінші бір адамның қателікке бармайтынына кепіл бере алмайсыз. Сондықтан ұсыныстағы ортақ міндетке мойынұсыну керек сыңайлы.

Г.ӨТЕПБЕРГЕН

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0