Құқықтану мамандығының студенттері Қызылорда облысының прокуроры Х.З.Дәуешовпен кездесті

Құқықтану мамандығының студенттері Қызылорда облысының прокуроры Х.З.Дәуешовпен кездесті

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті құқықтану мамандығының 3, 4-­курс студенттері Қызылорда облысының прокуроры, аға әділет кеңесшісі Халидулла Зиноллаұлы Дәуешовпен кездесті. Кездесуді университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Алдабергенұлы Бисенов ашып, заңгер мамандығы бойынша мамандар даярлауда университетте атқарылып жатқан жұмыстар туралы айта келе:

– Республикамыздағы көпсалалы жоғары оқу орындарының дайындаған заңгер мамандары, соның ішінде біздің  университет түлектері қазіргі кезде мемлекеттік қызмет саласында, салық органдарында, ішкі істер және прокуратура органдарында, сот жүйесінде, сонымен қатар мемлекеттік емес ұйымдарда  табысты қызмет атқарып жүр, –деп атап өтті.

Облыс прокуроры Х.З.Дәуешов, ҚР Бас Прокуроры Жақып Асановтың «Қазақстан Республикасының прокуратура органдарына қызметке қабылданатын кандидаттарды іріктеуді, оларды алдын ала зерделеуді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 26 желтоқсандағы №156 бұйрығына өзгерістер енгізілуіне сәйкес қазіргі таңда жұмысқа орналасу үшін талаптың күшейтілгені туралы айтып өтіп, кадрларды жұмысқа қабылдау  талаптары туралы түсіндірді.

Прокуратура саласына мамандар қабылдауда бұрын негізінен үміткерлердің оқу үлгіріміне қарайтын болса, қазір жас маманның үлгірімімен қатар, жаңа ақпараттық технологияларды меңгеруі, ұйымдастырушылық-атқарушылық қабілеті, мамандыққа машықтануы ерекше бағаланатын болады. Сондай-ақ, аймақ прокуроры бақылаушы орган қазіргі таңда жұмысты қоғамдық пікір туғызған төрт бағыт негізінде жүргізіп жатқандығына тоқталды. Олар, бірінші, мектептерде, колледждерде, білім беру ұйымдарында оқушылар мен ұстаздардың смартфон ұстауына тыйым салынуы, екінші, жерді заңсыз иеленгендердің жерін мемлекет меншігіне осы жылдың 31 желтоқсанына дейін заңға сәйкес қайтарылуы, үшінші, алаяқтықпен  ымырасыз күрес жүргізіп, олардан сақ болуға шақыру және төртінші, алимент өндіру ісін жеделдету үшін борышкерлердің жауапкершілігін күшейту. Одан өзге де заң бұзушылықтарды азайту мақсатында атқарылып жатқан жобаларды, Жалағаш ауданында пилоттық жоба енгізіліп, жаңа бастамалардың қолға алынғанын мәлім етті.

Сонымен қатар жас мамандардың кәсіби деңгейін көтерудің тәсілдеріне тоқталып, өмірлік жобалардың да бағытын осы бастан әзірлеу керектігін айтып, ойларын ортаға салды.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті мен Қызылорда облыстық прокуратурасы арасында қол қойылған екі жақты меморандум аясында университет студенттерінің прокуратура органдарында өндірістік іс-тәжірибеден өтіп, өз біліктілігін шыңдауға толық мүмкіндігі бар.

Басқосуда құқықтану мамандығының студенттері облыс прокуроры Х.З.Дәуешовке прокуратура жұмысына қатысты сұрақтар қойып, еркін пікір алмасты. Кездесу соңында өз тәжірибесімен бөлісіп, саладағы тың жаңалықтарды таныстырған  облыс прокуроры Х.З.Дәуешовке құқықтану мамандығының 4-курс студенті М.Алтыруова студенттер атынан өз алғысын білдірді.

 Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің баспасөз қызметі

 

 

 

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0