ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты С.Абдрахманов университеттің оқытушы-профессорларымен кездесті

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты С.Абдрахманов университеттің оқытушы-профессорларымен кездесті

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлары, магистрант, докторанттарымен кездесіп, Әбіш Кекілбаев атындағы дәрісхананың және «Мұстафа-Шоқайтану» ғылыми-зерттеу орталығының жұмысымен танысты.

Кездесу барысында университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қ.А.Бисенов Сауытбек Абдрахманұлымен тығыз байланыс, «Егемен Қазақстан» республикалық газетіне басшылық жасаған жылдары мықтап орнағандығын айта келе, оқу орнының журналист мамандарды даярлауда өзіндік үлес қосып жатқандығына тоқталды.

– Университет түлектері қазіргі кезде республикалық басылымдар мен телеарналарда қызмет атқарып жүр. Ал, Қызылорда облысындағы бұқаралық ақпарат құралдарында 80 пайызға жуық университет түлектері қызмет атқарады, – деді.

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов Тәуелсіздік алғаннан кейінгі өзгерістерді бір ғана Сыр еліне қарап аңғаруға болатындығын айта келе, соңғы жылдары тұрғын үй салу қарқыны облыс деңгейінде 3,5, қала көлемінде 8 есеге артқандығына ерекше тоқталды. Әрі халық қалаулысының Сыр өңірінің даму көрсеткішіне қатысты оң пікірде болуына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында Қызылорда облысына «Аралы оралып, ақ күріші жайнаған» деп баға беруі де негіз бола алады.

16 жыл бойы саяси қызметте жүрген Сауытбек Абдрахманов қазіргі кезде бейбіт өмір сүрудің маңызды екендігін тілге тиек етті. Сыртқы күштердің іріткісіне ілінбей, ішкі жағдайдың тұрақтылық балансын сақтау үшін ел бірлігінің қай кезде де қажет екендігін қаперге салды. Ағылшын тілін жетік меңгеру үшін ерінбеу керектігін, егер бүгін ерінетін болсаңыз, ендігі он бес жылдың ішінде қазір орыс тілін білмейтіндердің күйін кешуіңіз ықтимал екендігіне болжам жасады. Бір сөзінде «Саясатта таңғажайып дүниелер болмайды, болуы мүмкін жағдайлар ғана болады» деп, еліміз жеткен әрбір жетістіктің астарында Елбасының ерен еңбегі жатқандығын айтты. Сонымен қатар өткен жылы ширек ғасыр толған Тәуелсіздігімізге ешбір бақыттың айырбасталмайтындығын айта келіп, ұлт болып ұйысудың оңай шаруа емес екендігін еске салды.

– Күрд деген халықты білесіздер, халқының саны 32 миллион. Алайда Тәуелсіздігі жоқ. Қазан қаласында тұратын татарлармен де таныссыздар. Небір оқыған, білім мен ғылымның ізіне түскен ақылды азаматтары бар. Экономикалық жағдайлары жаман емес. Десе де елі үшін қам жейтін татарлар бүгінгі күні егемендікке қол жеткізе алатындығына күмәнмен қарайды, – деп Тәуелсіздікті қадірлеуге шақырды.

Ұлт деген сөздің мағынасы кең екенін атап өтті. Мәселен, Абай өлеңдерінің мәтінінде ұлт деген сөздің болмағандығын пролетариаттық жүйемен байланыстырды. Оның орнына ел, жұрт, халық деген сөздерді жиі қолданған. Қазіргі кезде әлем халықтарының арасында беделі биік, халықаралық шиеленістерді шешуге ықпалы зор Біріккен Ұлттар Ұйымының атауындағы “Ұлттар” деген сөздің жоғары салмаққа ие екендігін айтты.

ҚР Парламенті қабылдаған жаңа заңдарды кездесуге қатысушыларға кеңінен түсіндіруге тырысты. Өткен айдың соңында Елбасы «Қазақстан Республикасының экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мәселелері туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Соған сәйкес, Қазақстанның өзге қаласына бір ай мерзім тұрған кез келген қазақстандық міндетті тіркеуден өтуі керек. Бұған Ақтөбе мен Алматы қалаларында болған терактілер себеп болды. Қазіргі кезде қоғамның талқысына түскен бұл заңның қауіпсіздікке қатысты қажеттіліктен туындағанын түсіндірді.

Мәжіліс депутаты кездесуге қатысушылармен де екі жақты диалог орната білді. Тарих ғылымдарының докторы, доцент Дастанбек Сәтбайдың қазақ пен орыс журналистикасындағы алшақтықтың жер мен көктей екендігін алға тартып, журналистиканың деңгейін қалай көтеруге болады деген сауалына Сауытбек Абдрахманов журналистиканың деңгейі қоғамдық сұранысқа сай келеді деп ұтымды жауап берді. Осы секілді саяси, әдеби-мәдени, қоғамдық мәселелерге қатысты түрлі бағыттағы сауалдарға өзінің ашық пікірін білдірді.

Кездесу соңында университет ректоры Қ.А.Бисенов басқосудың мазмұнды болуына тірек болған, университет ұжымымен кездесуді дәстүрге айналдырған Сауытбек Абдрахмановқа зор алғысын білдірді.

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ Баспасөз қызметі

 

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0