Елбасы кітапханасында «Болашақтың энергиясын қарсы аламыз!»: тақырыптық қор көрмелері топтамасы ашылды

Елбасы кітапханасында «Болашақтың энергиясын қарсы аламыз!»: тақырыптық қор көрмелері топтамасы ашылды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге арналған«Болашақтың энергиясын қарсы аламыз!»тақырыптық қор көрмелері топтамасы ашылды.

Қор көрмелері«Музей жинақтары» музейтану бағдарламасының аясында ұйымдастырылған. Ұсынылған топтамалардың құндылығы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еліміздің заманауи мемлекеттілік тұжырымдамасын қалыптастырудағы әлемдік қауымдастықпен конструктивті ынтымақтастық құруының негізіндегі қызметінің нәтижесін көрсетеді.

«Музей жинақтары» музейтану бағдарламасы тақырыптық бағыттар, жинақтар бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қорындағы бірегей экспонаттарды зерттеу және насихаттауды көздейді. Сондай-ақ, жеке жинақтар Кітапхана және Музей ғимараттарының экспозицияларында ұсынылған.Бұл көрме топтамасының материалдары көпшілік назарына алғаш рет ұсынылып отыр. «ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылуы қарсаңында қандай жинақтарды ұсыну қажеттігін зерделеу барысында біз әлемдік тарихи-мәдени мұралар шеңберінде қазақ мәдениетінің тамаша үлгілерін көрсету идеясын басшылыққа алдық», – деді Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рақымжанов көрмені ашқан алғысөзінде.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева 2012 жылы Астананың «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмені өткізу орны ретінде таңдалуы Қазақстанның халықаралық қауымдастыққа енуінің маңызды кезеңі болғанын атап өтті.«Тақырыптық қор көрмелері топтамасына «Болашақтың энергиясын қарсы аламыз!» тақырыбын кездейсоқ беріп отырған жоқпыз. Біріншіден, ЭКСПО біздің халық шаруашылығы салаларына үлкен мүмкіндіктер береді. Екіншіден, біз көрмені тамашалауға келген қонақтар заманауи Астананы ғана емес, сонымен қатар Елбасы кітапханасының музей қорының жинақтары арқылы танылып отырған көпұлтты халқымыздың тамыры терең тарихы мен сан қырлы мәдениетін, сыртқы саясатымыздың көпвекторлы жетістіктерін көргенін қалаймыз», – деп атап өтті ол.

Екінші қабатта мол күміс жинақтарының шағын бөлігі ғана ұсынылған. Көрмеде дипломатиялық байланыстардың тарихын көркемдік орындаумен ерекшеленетін сыйлықтар арқылы көруге болады.

Түрлі халықтар арасындағы рухани және материалдық мәдени байланыстар үшінші қабатта орналасқан музыкалық аспаптар көрмесінде өзінің логикалық жалғасын тапқан. Бұл көрмеге бейнелеу өнері жинақтарының картиналары да қойылған. Мұндағы әрбір туынды маңызды мәдени мазмұнға тұнып тұр.

Осылайша, қор жинағы ауқымды және көпқырлы адамзат қоғамында қазақ мәдениеті мен дүниетанымының ерекшеліктерін көрсетуімен қызықты болып отыр.

Ауқымдық іс-шарада музей қонақтары үш қабатқа орналасқан қор көрмелерімен танысты:

«Ұлы дала жауһарлары»көрмесінде сәндік-қолданбалы өнер мен қазақстандық шеберлердің көркем шығармашылығының үлгілері, сонымен қатар музей жинақтарының басқа да заттарынан айшықталған Ұлы дала көшпелілер өркениетінің рухани және эстетикалық мұрасы көрермен назарына ұсынылған. Атап айтқанда, көрме материалдары дәстүрлі мәдениетіміздің ажырамас бөлігі болып табылатын күмістен жасалған қазақтың зергерлік әшекейлері, тұрмыс заттары мен ат әбзелдері, теріден, киізден жасалған кәдесыйлық композициялармен таныстырады. Жәдігерлердің арасында бейнелеу өнерінің отандық шеберлері деп танылған көркем туындылар ерекше орынды алады.

ҚР Суретшілер одағының мүшесі, танымал қылқалам шебері Гүлмира Телғозиеваның жұмыстары келушілердің ерекше қызығушылығын туғызды. «Қаланың тумасы ретінде, мен үшін, ауқымды деңгейдегі бұл шараның маңызы өте зор. ЭКСПО бүкіл әлемге Астана тұрғындарының өз қаласына деген махаббаты мен жақсы ниетін танытады. Біздің қаланың ерекше энергетикасы суретшілерге, барлық шығармашыл жандарға қуат береді. Қылқалам туындылары түйсіксіз болмай, керісінше, мәнді де мағыналы болуы үшін әрбір суретші өзін зияткерлік, шығармашылық және рухани тұрғыда жетілдіруі қажет. Міне, сол кезде ғана суретші әлемге тайсалмай паш ететін туындыларды дүниеге әкеледі».

Күміс өзінің әсемдігіне, «сиқырлы» қасиеттеріне және қолданысына байланысты көптеген халықтардың мәдениетінде ерекше орын алады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевқа әр жылдарда сыйға тартылған күмістен жасалған дипломатиялық сыйлықтар мазмұны жағынан алуан түрлі және де Қазақстан Республикасының көпвекторлы сыртқы саясатын бейнелейді. «Күмістің сұлу сыңғыры» көрмесіне ұсынылатын күміс бұйымдар сол елге тән заттардың шығу тегін, әртүрлі техникада орындалуын, бұйымның пішінін көрсететін сәндеудің дәстүрлі тәсілдерін тереңірек түсінуге және зерделеуге мүмкіндік береді.

«Әлем халықтарының музыкалық аспаптары» көрмесі алғаш рет қалың көпшілікке түрлі елдер мен дәуірдің музыкалық аспаптар топтамасын ұсынады. Музыкалық аспаптар мәдениет пен өркениет түрлерін тануға жол ашады. Атап айтқанда, қазақ халқының дәстүрлі музыкалық аспаптары – қобыз және домбыра қазақ халқының рухани мұрасының мәдени «байлығы» ретінде үлкен мән-мағынаға ие.

4-қабаттағы Күмбезді залда Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетінің басшылары мен мұрағаты, олимпиада жеңімпаздарының жеке қорларының негізінде ұйымдастырылып, қалың көпшілікке алғаш рет ұсынылған тәуелсіз Қазақстанның спорттық жетістіктерін көрсететін «Олимпиадалық қозғалыс» көрмесі жұмысын жалғастыруда.

Елбасы кітапханасының музейі елорда қонақтары мен тұрғындарына «ЭКСПО 2017» жылында өз қорларының байлығы мен бар мүмкіншілігін паш етіп отыр.

«Болашақтың энергиясын қарсы аламыз!» қор көрмелерінің топтамасы 2017 жылдың 31 тамызына дейін жалғасады.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ
Жұртшылықпен байланыс қызметі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0