Қызылорда облысының шенеуніктері әлі «ЭКСПО-2017» көрмесінде жүр ме?..

Қызылорда облысының шенеуніктері әлі «ЭКСПО-2017» көрмесінде жүр ме?..

Құрметті редакция! Бұл хатты Қызылорда облысындағы бірнеше БАҚ редакциясына жіберген болатынбыз. Бірақ, қабылдамады. Онысы түсінікті де болар. Сондықтан, республикалық баспасөзге жіберіп отырмын.

Ел басына күн туған заманда Отанын қорғауда батырлықтың үлгісін көрсеткен аталарымыздың ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Қазақ халқы әрқашан баба ерлігін ұрпақтан ұрпаққа өсиет етіп қалдырған халық. Әр қазақтың бойында Отанға деген сүйіспеншіліктің оты ұшқын атып тұратындығы сонан шығар деп жатамыз. Ал, көп жағдайда, батыр бабаларымыздың  ерлігін ескермек түгілі, соны көре тұра бағаламайтын әрекеттерге куә болып жүрміз. Осы сөзіме дәлел ретінде, Сіздердің басылымдарыңыз арқылы қалың оқырманның және облыс әкімі Қ.Көшербаевтың назарын төмендегі жағдаятқа аударсам деймін.

Менің немере ағам Абубакиров Айтпай 1917 жылдың аяғында дүниеге келген. 1936 жылы жоғарғы оқу орнын бітіріп өзінің дүниеге келген жері Сырдария ауданы Қарауыл-төбе ауылындағы бастауыш мектебінде мектеп директорының орынбасары, жаңадан ұйымдастырылған «Қазрис» атындағы колхозына 7 жылдық мектептің директоры болып еңбек жолын бастаған. Сол мектепте, 1942 жылдың басында өзі сұранып соғысқа аттанғанша ұстаздық етеді. 1943 жылдың аяғында Белорусь маңында бір аяғынан жараланып, екінші топтағы мүгедектігіне байланысты елге оралған. Соғысқа дейінгі қызметін жалғастырып, мектеп директоры болып 15 жыл ұстаздық етіп, 1960 жылдары денсаулығына байланысты зейнетке шығып, 1988 жылы дүние салды. Сол асыл ағамыз Отан қорғауда да бейбіт өмірде де ерен еңбектің үлгісін көрсете білген Батыр азамат болғанына ауылдастары мен туған-туыстары куә. Оған дәлел соғыста марапатталған екі ордені мен 4 медалі. Аға лейтенант шені мен комбат орынбасары лауазымымен бейбіт өмірдегі екі медалі да бар.

Құжаттармен бірге, «Ердің ерлігі ұмытылмайды» деген қағиданы еске ала отырып, бұрынғы «Қазрис» қазіргі «Досан» ауылындағы 2013 жылы салынған жаңа мектепке Абубакиров Айтпайдың есімін беруді сұрап, кезінде ағамыздан дәріс алған ауыл тұрғындары, облыс аумағында әр деңгейде қызмет жасап, зейнетке шыққан оқушылары қосылып, қалалық ономастикалық комиссияға өтініш түсірген болатынбыз. Сол уақытта шыққан нысандарға есім беруді уақытша шектеу туралы қаулыға сәйкес біраз уақыт үзілістен кейін, Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында соғысқа қатысқандарға шектеу алынып тасталысымен мектепке Абубакировтың есімін беру сұрағы қайта көтеріліп, қалалық ономастика бөлімінен қолдау болғанымен облыстық ономастикалық комиссиядан өтпей қалды. Осылайша, бүтін бір ауылдың өтініші қанағаттандырылмады.

Облыстық ономастикадан ҚР Тіл туралы Заңынының 25 бабының 5 тармағының ономастика критерийіне сәйкес келмегендіктен қолдау таппады деген жалаң, түсініксіз жауап алдық. Жалпы, шектеуден бөлек, соғыс ардагерлеріне арнап шектеу алынғанына байланысты 25/5 тармағын желеу етіп, Заңның бұрмаланғандығын дәлелдеу үшін «Нұр Отан» партиясының араласуымен, облыс әкімдігінің шенеуніктері – Р.Рүстемов, А.Жарылқағанов мырзалармен кездесу өткізілді. Сол кездесуде 25 баптың 5 тармағындағы критерийлердің 90 пайызы Абубакиров Айтпайдың есімін мектепке беруге ешқандай кедергі келтірмейтінін дәлелдеп шықтым. Менің 25\5 тармағында көрсетілген нұсқалардың мектепке Абубакиров Айтпайдың есімін мектепке беруге толық сәйкес келетінін толық дәлелдегендіктен жоғарыда аталған лауазымды мырзалар біз бұл іске қайта оралып, тіпті, болмаса Досан ауылынан сол кісінің атынан көше беруді қарастырып, жақын арада өзіміз хабарласамыз деп телефон нөмірлерін алып қалған болатын. Жаздың күні ол кісілерден хабар болмаған соң, өзім хабарласып едім. Біз «ЭКСПО-2017» көрмесінде жүрміз, 2-3 күнде елге оралысымен өзіміз хабараласымыз деген жауабын алғаныммен ешқандай байланыс болған жоқ.

Әкімдік шенеуніктерінің сөзбұйдаға салуына қарап, бұл істің оң шешілуіне мүдделі еместігіне көзім жетті. Бұлар неліктен Абубакиров Айтпайдың есімін беруге кедергі келтіріп, құлықсыздық танытып жүр деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Оның себебі, адами фактор. Оған дәлел, мектепке есім беру мәселесін ауыл түрғындары көтерісімен бізбен қатарласа бірнеше шағын топ өз туыстарының есімін беруді сұрап, 3-4 есімдерді ұсынып еді. Ауыл тұрғындары олардың өтінішін қабылдамай қойды. Себебі, ол кісілердің ауыл тұрғындары болса да, бұл ауылға мектепке, мысқалдай да қатысы болған емес.

Осындай келеңсіз жағдайларды ескеріп, осы іске оң баға берудің орнына жұмысты күрделендіріп жіберген облыстың ономастика төрағасы Р. Рүстемов пен сол укақытта Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарған Ә. Жарылқағановқа оң бағыт беріп, мәселенің дұрыс шешілуіне ықпал етер деген үмітпен Абубакиров Айтпайдың барлық құжаттарын көшірмесімен қосып, облыс әкімі Қ.Көшербаевтың атына жолдаған болатынмын. Әкімдіктен алған жауабыма қарап, менің өтінішім әкімнің қолына тигеніне күмәндандым.  Себебі, қызылорда халқына, өңірге деген ерен еңбегінің арқасында облыс жұртшылығының сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген облыс әкімі өтініштегі келеңсіздіктерді оқыса, Абубакиров Айтпайдай аталарымыздың ерен ерліктеріне бейжай қарап, сырғыма жауап беретініне күмәнім бар. Айтпақшы, әлгі «кедергі келтіруші» облыстық ономастика комиссиясының  төрағасы Р. Рүстемовтың қатесін көрсетіп, облыс әкімі Көшербаевтың атына жазған өтінішіме Е. Рүстемов деген «шенеуніктің» жауап бергеніне қарап, өтінішімнің облыс әкімінің қолына тимегендігіне күмәнім әрі қарай қоюлана түсті. Сонда, облыстық ономастика комиссиясының төрағасы Р.Рүстемов пен облыс әкімінің атынан жауап берген мырзаның фамилиялас болуы да кездейсоқтық па? Әлде, «ағайынды» шенеунік пе?

Қазақ болып туған ұлтжанды азамат ретінде мені толғандыратын жағдай, кейбіреулердің жалған атақ үшін байлығын лауазымын пайдаланып, кезінде жемқор, парақор атанып, халық қазынасын талан-­таражға салған ата-әкелеріне көше, ауыл нысандарына есімін бергізуге барлық мүмкіншілігін пайдаланса, соның заңдылығын қадалағайтын құзырлы органдардың қолдауымен есімдері беріліп, тіпті қылмыс жасап түрмеде отырып келгендер Қызылорда қаласының құрметті азаматы деген атағымен «Қызыл  кітапқа» енгендердің біразымен таныс та, қызметтес те болғанмын.

Отанын қорғап, ерлік жасап, бейбіт өмірде шәкірттеріне білім бұлағымен сусындатқан Абубакиров Айтпайдың ауыл мектебіне есімін беру ісінің неліктен сонша күрделеніп кеткеніне таңым бар. Өздерінің жаман, пасық қарекеттерін өткізу үшін жақсылықтың тамырына балта шапқанды қашан қояр екенбіз? Қызылорда облысы әкімдігінің шенеуніктерінен жауап күтемін!

Мақала егесі, 76 жастағы Қызылорда түрғыны Ысқақов Оңдасын

Телефон: 8 777 696 13 82

Редакциядан: Қарсы тараптың уәжі болса, жариялауға дайынбыз…

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0