Ата-бабамыздан қалған төрт түлік малдың жүнін қолөнер саласында тиімді пайдалану

Мен, Бауыржанұлы Ислам №14 мектеп-гимназиясының 4 сынып оқушысымын. Соңғы уақыттары, жүннен жасалған бұйымдарға қатты қызығып анаммен бірге түрлі бұйымдар жасауды үйренудемін. Үш ай болды,  жүннен жасалған бұйымдар және олардың ерекшеліктерін зерттеп жүргеніме. Әрине, ғылыми жетекшім -ұстазым Шынар Халелқызының көмегімен. Сонымен, жүннен қандай бұйымдар жасауға болатынын зерттегім келеді.

Жүн– қой, ешкі, түйе және т.б. жануарлардың түгі, жеңіл өнеркәсіптің құнды шикізаты. Жүн талшықтары жылуды аз өткізеді, ылғал тартқыш және берік болады. Ол жіп иіру, мата тоқу, киіз басу, әр түрлі тоқыма бұйымдар жасау үшін пайдаланылады.

Қой, ешкі және түйе жүні құнды шикізат болып есептеледі. Дүниежүзінде қой жүні көп өндіріледі. Қой жүні талшықтарының жуан-жіңішкелігіне, құрылымына қарай бөлінеді. Жүн құрамындағы қылшықтардың ара қатынасы қой тұқымына байланысты әртүрлі болады. Сондықтан қой жүні биязы, биязылау, ұяң және қылшық жүн деп бөлінеді. Биязы жүн талшығының жіңішкелігі 14,2 – 25 мм, ұзындығы мен ирегі біркелкі болады. Түсі ақ, шайыры мол. Бұл жүннен жоғары сапалы мата тоқылады. Биязылау жүн біркелкі ірілеу  жүн мен аралық қылшықтан тұрады. Талшығының жіңішкелігі 25,1 – 35 мм. Мұндай Жүннен трикотаж, жоғары сапалы шұға тоқылады. Ұяң жүн құрамында жүннен басқа аралық және майда қылшықтар болады. Ұяң жүннен кілем тоқылады. Қылшық жүннің құрамында қылшық, әсіресе, өліқылшық көп болады. Мұндай жүн – киіз, киіз аяқ киім т.б. жасауға пайдаланылады.

 Біздің ата-бабаларымыз ерте кезден табиғи материалдарды күнделікті тұрмыста қолдануды білген. Шикізатты экологиялық таза аймақтардан жинау, бүлдірмей сақтау, олардан тұрмысқа қажетті бұйымдар жасау ісін ата-бабаларымыздан артық білетін халық жоқ десек дұрыс шығар. Бұл зерттеу жұмысы қазақ ұлтының қолөнер туындыларын насихаттаудың бір жолы ғана. Қазіргі заманда қолданылатын әрбір бұйымдардан қазақ халқының ұлттық нақыштары көрініс тапқаны дұрыс деп ойлаймын. Сол арқылы қазақ халқы басқа халықтарға өздерін жоғары деңгейде көрсетіп, олармен теңесе алады. Осындай жұмыстар келешекте қолөнер саласында өзіндік қолтаңбасы бар азаматтар тәрбиелеуге септігін тигізері сөзсіз.

Киіз басуға қажетті жүн табыла бермейді екен. Салалы, ұзын талшықты, әртүрлі түске боялып, 50-100 грамнан қаптаулы жүнді сабыла іздеп,ел ордамыздың “Хобби” дүкенінен таптық. Оның өзі 50 грамы 650 теңге тұрады екен. Бір өкініштісі дайын, өңделген жүннің қаптамасы Қазақстанның еш жерінде өндірілмейді екен.

Сонда Қазақстанның қойларының жүндерін пайдаға асырмай, қораларда шіріп жатқанына  таң қаласың. Бір қойдың өзінен 3 келі жүн алынады дегеннің өзінде, орташа есеппен 60 мың теңгені құрайды екен. Бұл дегеніңіз істің көзін тапқан адамға миллиардтаған ақша. Сондықтан өзгелерге жалтақтамай, өзімізде бар қой жүнін өндірісте өңдеу қолға алынса , пайдаға қаларымыз анық. Киіз, текемет басу- бірнеше адамды, кең орынды, көп еңбекті қажет етеді. Ал бұйымдар мен киімдерді дайындауды үстелдің үстінде жалғыз адам да істей береді.Ұлттық киіз басу әдісімен дайындалған бұйымдар көлемді болады, ал сәндік бұйымдар мен киімдер шағын болып келеді.  Киіз бен текеметке қапшық-қапшық жүн кетеді, ал екінші жағдайда бірнеше граммның өзі жетіп жатады.

Менің ойымша киіз басу әдісі арқылы дайындалатын тұрмыстық бұйымдарды жасау жолдарын еңбек сабақтарында балаларға  үйрете отырып, қазіргі заманға сай киіз түрлерінен жасалатын бұйымдарды таныстыру және оларға деген сұранысты арттыру алға қойылса екен.

Айтайын дегенім, өз елімізде жинаулы жатқан жүнді неге өңдемеске? Ауыл халқының күнкөріс көзі – төрт түлік мал. Ата-бабамыз “Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір” деген екен.  Ет жегенді жақсы көретін қазақ жылына қанша қойдың жүнін арзан бағаға тапсырып немесе лақтырып жатыр?!

Ендеше, қойдың етін жегенге мәз болмай, оның әрбір талшығына дейін пайдаға асыра білгенге не жетсін!

Сондықтан көрші елдерге жүнді шикізат түрінде емес, дайын тауар түрінде ұсынатын кез келді.

Бауыржанұлы Ислам, Астана қаласы, 14 мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы

Жоба жетекшісі: Шынар Халелқызы Батыргалиева 

 

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0