Маңғыстауда тарихи-мәдени мұралар зерттелуде

Ресей, Түркия, Әзірбайжан және еліміздің кейбір аймақтыранан келген кәсіби ғалымдар, тарихшылар, этнографтар, археологтар және өлкетанушылардың қатысуымен «Маңғыстау облысының материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұралары» атты ғылыми экспедициясы өз жұмысын бастап кетті.

Маңғыстау облысы мәдениет басқармасының басшысы Пәния Сармурзинаның айтуынша, 3 турдан тұратын кешенді экспедиция «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілуде және бірнеше тақырыптық бағыттарды қамтиды. Ал шараны ұйымдастыруМаңғыстау облысының әкімдігі, республикадағы белгілі ғылым ордасы Әлкей Марғұлан атындағы археология институты және «Yessenov University» тарапынан қолдау тапқан.

«Маңғыстау облысының материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұраларын зерттеу мақсатында шетелден ғалымдар тартылды. Оның аясында сакралды бағыттағы тарих және мәдениет ескерткіштерін, облыс тұрғындарының дәстүрлі және тұрмыстық бағыттарын, халық шығармашылығын (фольклор) зерттеу көзделген. Әсіресе этно-әлеуметтік, атап айтқанда өңірдегі этникалық мәдени процестерді, этникалық өзін-өзі тану мәселелері, ұлтаралық қатынастар мен тіл жағдайы, эпиграфикалық ескерткіштерді (фиксация) зерттеу, Маңғыстаудың тарихы, мәдениеті, ескерткіштері бойынша ғылыми-танымдық басылымдар дайындауға материалдар жинақтап, кешенді экспедиция қорытындысы бойынша ғылыми есептер дайындау жоспарымызда бар», – дейді ол.

Экспедиция барысында Маңғыстауда орналасқан Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар сакралды орындары, ноғайлы кезеңінің ескерткіштері және аймақтың шыңырау-құдықтары зерттеледі. Ғылыми экспедиция өлкенің баға жетпес тарихи мұрасы ұлттық идеологияның бөлігі, еліміздің ұлттық мәдени құндылықтарын кеңінен танымал ету және әлем назарына ұсыну, туған өлкеге деген сүйіспеншілік пен патриотизмді арттыруға бағытталған.

Кешенді экспедиция алты бағытты қамтымақ. Атап айтқанда Маңғыстау облысының тұрғындары арасынан ХХ ғ. 20-30 жж. қатысты этнографиялық мәліметтер жинақтау, белгілі неміс этнографы Рихард Карутц жолымен – 100 жылдан соң, 14-17 ғасырдағы Маңғыстаудағы ноғайлы кезеңі, Үстірттегі шыңырау – құдықтарды зерттеу, Маңғыстаудың сакралды ескерткіштері: ежелгі Маңғыстаудың теңіз айлақтары (архивтік-библиографиялық зерттеулер, картографиялық материалдарды зерделеу), «От киесі» Отпантау кешенінің туристік әлеуеті; аңыз өрген Маңғыстау мешіттері, Маңғыстау түбегі ескерткіштерінің эпиграфикасы мен архитектурасы және Маңғыстау петроглифы.

Үш турдан тұратын экспедицияның бірінші мерзімі 10 күнге созылмақ. Ал маршруттың жалпы ұзақтығы 2000 шақырым. Оның аясында Қошқар ата, Ақшора, Жалғызтам (Бельторан), Үштам, Кенті-баба қорымдары, Сұлтан-үпі жерасты мешіті, қорымы және сайы, Қапамсай, Масат-ата, Шопан-ата, Шақпақ-ата жерасты мешіттері мен қорымдары, «Отпан Тау»тарихи-мәдени кешені, Ақмыш сайы, Шерқала және Айрақты таулары,Көгез этноауылы, Шетпе ауылы,Қарауылкүмбет күмбезтамы, Мырзайыр, Тынымбай шоқы жері, Бозжыра тауы (панорама), Күйеутам – Ұлы Кіндікті діни-қабірлеу кешені, Оғыланды қорымы – Бекет ата жерасты мешіті, Үстірттегішыңырау-құдықтаржәне т.б. жерасты мешіттері мен қорымдары бар.

Экспедицияның ғылыми кеңесшісі – Ресей Ғылым Академиясының Ресей тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, профессор, тарих ғылымдарының докторы Вадим Трепавлов.

Айта кету керек, халықаралық экспедиция құрамында жергілікті мамандар да бар, олар – өлкетанушы Алқажан Еділхан, этнограф, жазушы, өлкетанушы- Отыншы Көшбай, тарихшы, фольклорист – Сұлтанбек Құдайберген, түркітанушы – Бекболат Төлегенұлы, археолог – Андрей Астафьев, тарихшы, арабтанушы, өлкетанушы – Нұрлан Құлбаев.

 Кәмшат Ізбасарова, ҚР Журналистер Одағының мүшесі

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0