Қазақша сөйлеуге қоғамдық қажеттілік болуы тиіс

Қазақша сөйлеуге қоғамдық қажеттілік болуы тиіс

Тәуелсіздік алғанына 28 жыл толатын елде мемлекеттік тіл мәселесі әлі шешілген жоқ. Егемендіктің алғашқы жылдары болса, әңгіме басқа. Ал, бір ұрпақ ауысар уақыт өткенде мемлекеттік тілдің өз деңгейіне көтеріле алмауы – елдік деңгейдегі мәселе. Мұндай уақыт ішінде мемлекеттік тіл мәселесі шешілуі керек еді. Бірақ, нақты жағдай басқаша…

Мемлекеттік тілді «білетін» 80%, 95% қазақстандықтар қайда?..

ҚР Тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2011ж. 28-қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады» делінген. Жолдау бойынша, 2017-жылы әр бес қазақстандықтың төртеуі мемлекеттік тілді білуі керек еді. Бірақ, жағдай басқаша болды. Бұл көрсеткішке тіпті 2019-жылы да жете алмаймыз. Ал, жолдау бойынша, 2020-жылы мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың саны 95% болуы тиіс. Уақыт тірелді, енді 95 пайызға жетпесі анық.

Бұл экономика емес. Әлемде экономикалық дағдарыс болып жатыр, соның сілемі тиіп, жоспар орындалмады дейтін. Климат кесірі де емес…

Бізде заң шеңберінде мемлекеттік тілдің қолданылуын қадағалап, дамытып отыратын, Елбасының жолдаудағы тапсырмаларын іске асырушы орган – үкіметтің өзі де бұл салада ақсап тұр. Мәселен, премьер-министрдің сайтында мемлекеттік тілдің ресми – орысшадан кейін тұруын немен түсіндіруге болады? Бұған қоса қазақшадағы қателіктерін ше? Бұл жауапсыздық. Ал, бұған кім жауап береді?..

Қазақ санының артуымен мемлекеттік тіл мәселесі біртіндеп шешіледі, бірақ…

 Әрине, мемлекеттік тіл мәселесі қазақтардың саны артуымен де жәймен шешіліп келеді. Табиғи жолмен. Қалалардағы қазақтардың үлесі артуы да мемлекеттік тіл аясының кеңеюіне өзіндік себеп болуда. Бірақ, мынадай мәселе бар. Орыс тілін ғана білетін еліміздің тұрғыны болмашыға дейін: сағат неше болғанын немесе аялдама қайда екенін т.б. кездескен адамнан еркін сұрай береді. Қарама­-қарсы адамнан орыс тілінде жауап алатынына сенімді, әлде ол үшін қалыпты жағдай саналады. Мемлекеттік тілді ғана білетіндер солай ете ала ма?.. Қазақ тілінде жауап ала алмаса, кімнің кемшілігі болмақ? Қоғамдық орындарда күнделікті кездесетін сондай жайттар қазақ ұлтының саны артуымен, бәлкім, ұзақтау уақыт алса да бейбіт реттелер… Олай болмай, екі тарап қоғамда бетпе-­бет қайшылыққа түссе не болмақ? Сондықтан мұның барлығы ушықпай тұрып, заң шеңберінде өз ретін табуы тиіс деп ойлаймыз.

Мемлекеттік қолдау жоқ емес. Бар. Бірақ, мардымды дей алмаймыз. Себебі, мардымды жұмыс істесе, Тәуелсіздік алғанына бір ұрпақ ауысар уақыт өткен елде мемлекеттік тіл мәселесі болмас еді…

Біздің елде қазақ тілінің өз заңды мәртебесіне көтеріле алмауында мемлекет құраушы ұлттың да өзіндік әлсіздігі жатыр. Осы елді, жерді сақтап қалған қазақ ұлтының мемлекет құраушы ретіндегі өзін-­өзі құрметтеудің, жауапкершіліктің өз деңгейінде емес екендігінің белгісі. Мемлекеттік тілден безген, білгісі келмейтін ұлты қазақ саналатын билік басындағы бюрократиялық топты да осыған қосуға болады. Мұнда отарлықтың терең ізі бар. Дегенмен, отарлық салмақтың тым ауыр болуы көптеген қазақтың өз ана тілінен алшақтауына, ардақтай алмауына әкелді деп өткенге өкініп отыра берсек, мәселе шешілмесі анық. Сонымен қатар, кей қазақтың өз ұлтын өзгеден төмен санауға ұмтылуы, санауы, мұнысын ана тілін төмендету арқылы байқатуы – жануарда да кездеспейтін қасиетсіздік.

Жылқы қой боламын деп кішіреймейді, қой да жылқы боламын деп кісінемейді…

Қазақ тілі ең қиын тіл емес

 Әлемде нақты саны белгісіз болса да, мыңдаған тілдер бары анық. Сол тілдердің ішінде үйренуге оңайы да, қиыны да бар. Әдетте, қазақ тілі әлемдегі ең қиын тілдердің қатарына жатқызылмайды. Мәселен, араб, жапон, қытай тілдері қиын тілдердің қатарына кіреді. Бұл тілдердің шебері болып шығу үшін аз уақыт кетпесе керек.  Ал, қазақ тілі әртүрлі ақпараттағы қай ондықты қарасаңыз да ішінде жоқ. Бәлкім, тез үйренуге болады дейтін ағылшын тілімен де қатар тұрмас. Тіпті ағылшын елінің өз ішінде оңай емес диалект бар. Демек, қазақ тілін үйрену қиын деуге негіз жоқ.

Қоғамдық қажеттілік аз

 Қиын тілдердің қатарына жатпайтын қазақ тілінің мәселесі басқада. Қоғамдық қажеттілік аз. Мемлекеттің міндеттеуі төмен. Конституциямен де қысып қойдық. Ресми тіл қосып.

Қиын тілдерді үйренудің өзіне 2 жыл кете қоймайды. Ал, Тәуелсіздік алғанымызға 28 жыл толарлық уақытта ел тұтастай дерлік қазақша сайрап тұруы керек қой.

Біздің елге жұмыс істеуге келген шетелдіктер орыс тілінің курстарына жазыла бастайды. Басқа қызметті былай қойғанда, қатардағы құрылысшы шетелдіктер үнді ме, бангладеш пе, басқа ма, елімізге келісімен орысша тіл сындыратынын көріп жүрген боларсыздар. Түрлі жолдармен үйренеді. Бұл мемлекеттік тілге деген қоғамдағы қажеттіліктің қандай екендігінің бір дәлелі. Елімізге аяқ басқаннан бастап, қайда келгені мемлекеттік тіл арқылы байқалуы керек қой. Бұрын астанада аялдаманы қазақ тілінде ғана хабарлайтын еді. Осыдан бес жыл бұрын бұл да тоқтады. Ресми тіл ілесті. Сонда тіпті аялдаманың атауын мемлекеттік тілде ұғуға бас қатырмайтын жұрттың арыздануы дұрыс та, қазақшаның қанаты заң шеңберінде кең жайылсын дегендердікі бұрыс па?.. Олар қайтпек? Мұндай жағдайда мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыру күрделі қалыпта әлі қала бермек.

Министр, әкімдердің ішінде, басқа емес, қазақшасы шала қазағымыздың “тарихи” сөздерін оқып та, тыңдап та жүрміз. Қазақ тілін білмейтін ел азаматы үлкен­-үлкен мемлекеттік қызметтерді атқара береді. Ал, орысша білмейтін, бірақ, мемлекеттік тілде ағып тұрған ел азаматының жолында сондай жасыл жанып тұра ма?..

Латвиядағы орыстардың үлесі былтыр халқының ширегіндей ғана болған. Біздікімен шамалас. Тіпті біздегі орыстар пайыздық көрсеткіште аздау. Ал, біздің елде орыс мектептерінің саны – 1 312, аралас бұдан да асып кетеді. Елордада орыс және аралас мектептердің саны орта білім беру мекемелерінің жартысынан еркін асады. Бұрынғыдай емес, орыс мектептерінің саны азайған. Бірақ, қандай себеппен азаюда? Қазақ тіліне сұраныстан болса, пайызы қанша, зерттелуі керек деп ойлаймын. Мұндай бағыттағы мектептер санының айтарлықтай азаймауы – мемлекеттік тілге деген сұраныстың қандай екендігінің айқын көрінісі. Мемлекеттік саясаттың да қандай екендігін білдіреді.

Сонымен қатар, қаладағы қазақ мектептерінің саны 698 екен. Қазақ мектептерінің үлкен бөлігі ауылда. Қаладағы орыс мектептерінің саны – 443. Араластың саны қазақ мектептерінен де көп. Ал,  қалалықтар саяси және қоғамдық өмірде ықпалдырақ екені көпке белгілі. Бұл жағдайда қазақ тілінің қолданыс аясын кеңітеміз деу қаншалықты қисынды болмақ?.. Сондықтан балабақша мен мектеп қабырғасынан мемлекеттік тілге қажеттілік тудыру керек…

Қазақтардың қала халқына айнала түсуі де мемлекеттік тілдің аясын кеңітуде өзіндік табиғи тиімді әдіс болмақ. Мұны қазіргі Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары арқылы аңғара түсеміз. Сондықтан ауылға бағытталған бұрынғы бағдарламаны өзгертіп пе, әлде үндестіре отырып та, «Дипломмен қалаға!» дегенді шығарса – артық бола қоймас, сірә.

P.S. 1. Әрине, келер күннен үміт үзбейік. Кезінде ағылшын тілі өз елінде қарақшылардың, кедей-кепшіктің тілі болған делінеді. Мансаптылар, байлар французша сөйлеген. Сөйткен ағылшын тілінің қазіргі кезде дәурені жүріп тұр. Халықаралық деңгейге жетті. Қазір біздің елде де ағылшын тілін білуге деген ынта артуда. Себебі, қажетті тіл. Жер дүниесінің есігі ашылатын тілге айналған. Түрлі мүмкіндіктер тілі. Бұл жерде Ұлыбританияның ірі империяға айналып, көптеген елдерді жаулап алуы да әсер еткені белгілі. Сонымен қатар, саясаты ірі, экономикасы дамыған алпауыт ел болғандығы да тілінің аясын кеңейтуге сеп болды.

 Сондықтан мемлекеттік тілдің аясы кеңейеді деп сенейік. Бірақ, бұл сенім ел ішінде мемлекеттік тілге деген күнделікті қажеттіліктің, сұраныстың артуы үдерісімен сабақтасуы тиіс.

2. Мемлекеттік тілдің жағдайы Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта ауызды құр шөппен сүрткендей болған жоқ. Әділдігінен қозғайық, тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда қазақ тілінің аясы кеңіді. Бұған бір мысал, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ән әлемінде көрші орыс әншілері алдыңғы орынды бермейтін. Жастардың дені соларды тыңдайтын. Ал, қазіргі жастардың дені қазақша әндерді тыңдайтындығы артық дәлелді керек етпейді.   

 Құрманғали Нұрғали, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

  Фото интернеттен алынды

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0