Иклюзивті орта немесе әр бала мектеп сәні

Иклюзивті орта немесе әр бала мектеп сәні

Қоғам, ғылым мен техника дамыған сайын білім беру үдерісіне жаңа талап қойылуда. Соның бірі ─ инклюзивті білім беру ісі. Әлем тарихына үңілсек, арнайы білім беру ісі бірнеше сатыдан өтті.

  1. Өткен ғасырдың 60 жж. басынан бастап, ортасына дейінгі кезең. Әдетте, бұл кезеңде мүмкіндігі шектеулі балаларға «медициналық модельмен» қарап, қоғамнан жырақ қалды;
  2. XXғ. 60 жж. ортасынан бастап, 80 жж. ортасына дейін. Мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға бейімдеу кезеңі;
  3. Өткен ғасырдың 80 жж. ортасынан бастап, қазіргі дейінгі кезең. Осы уақыт аралығында мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға оралту үдерісі жүрді, әрі қазіргі таңда да даму үстінде. Инклюзивті білім беру ісінің үлкен мәні де сонда.

Жоғарыда, әрине, бойында аутистік спектрдің бұзылуы (әрі қарай АСБ) бар балаларға қатысты кезеңдер белгіленген. Әрі қозғамақ тақырыбымыз да соны қамтиды. Десек те, инклюзивті дегенде мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы білім беру ісі ғана ойға оралмауы қажет. Бұл тақырыптың қатпары қалың да талайлы. Олай болса, соңғы жарты ғасырдың айналасында бірнеше кезеңнен өткен сала туралы аз-­кем сараптасақ.

Әлем және Қазақстан

 Жер жүзі бойынша психикалық, физиологиялық, интеллектуалдық дамуы өз қатарынан қалыс қалған, қалыпты жағдайдан басқаша ойлайтын, сезінетін, қоршаған дүниені қабылдауы әдеттегіден бөлек миллиондаған адам бар. Өкінішке қарай, уақыт өткен сайын саны артуда. Статистикаға сүйенсек, әлем бойынша әрбір 40-адамда (мәлімет әртүрлі, аз дейтін де бар) аутизм бар. Бұл шамамен 200 миллион адам. Шартты түрде мемлекет деп алсақ, халық санынан ондыққа кірер еді. Десек те, әр елде әртүрлі. Мысалы, АҚШ-та аутизмі бар сәбилер саны шамамен әр жетпісінші балада кездессе, Оңтүстік Кореяда 40 айналасы. Қазақстанда да статистикалық көрініс мәз емес.

ҚР президенті Қ. Тоқаевтің сөзіне қарағанда, білімді ерекше әдісте беруді қажет ететін балалар саны артуда. Мұны ҚР Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетовтің мәліметі де толықтыра түседі. Мәселен, өткен жылы сондай балалар саны 160 мың болған. Оқушылар саны 3,3 млн екенін ескерсек, әр 20-бала аутизм диагнозымен оқып жүр. Реті келгенде атап өткен жөн, елімізде инклюзивті білім беруге соңғы жылдары мемлекет тарапынан жақсы назар аударылып келеді. Ел президентінің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мінберінде оларға жағдай жасау туралы арнайы тапсырма беруі – соның бір айғағы. Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық академияда Инклюзивті білім беру орталығы да бар. Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы да жұмыс істеуде. 160 мың аутисті біліммен қамту да мемлекет тарапынан жасалған жағдай. Халықаралық, республикалық түрлі басқосулар, конференциялар, облыстарда ашылып жатқан орталықтар т.б. инклюзивті білім беруге бетбұрыстың қандай деңгейде жүріп жатқандығын көрсетсе керек. Бірақ, олардың әрі қарай қоғамға ете енуіне де баса назар аудару қажет. Мәселен, олар мектеп бітіріп, тіпті ЖОО аяқтаған соң қайда барады? Қоғам қалай қабылдамақ? Жұмыс тауып, өз орнын табуы қалай іске аспақ? Бұл өте өзекті тақырып. Себебі, біріншіден, адам тағдыры, оның құқығына тең қарау – өркениетке ұмтылған әрбір ел үшін керекті өлшем. Екінші. 160 000 – бұл бір қаланың халқы. Олардың адами ресурсын елді өркендетуге пайдаланатындай платформа жасалуы қажет. Қазірден. Олардың қоғамға қажет екендігін өздеріне білдіру, сездіру керек. Егер, инклюзивті қоғамдық орта қалыптастырып үлгірмесек, ертең кеш болуы мүмкін. Сондықтан оларды қоғамнан жырақ, өз әлемімен қалдыруға болмайды.

Қазақстанда аутизмге, көп жағдайда, әлі де психологиялық, физиологиялық кемшілігі бар, медициналық диагноз аясында қарайды. Соған сәйкес, ҚР президентінің бұл саладағы нормативтерді өзгерту керек деуі тегін емес. АСБ балаларға біздің қоғамда көбіне үрке қарайтыны белгілі. Аутизм дегенде мектеп қабырғасындағы кезімде көрген бір оқиға еске түседі. Бір оқушы болды. Қазір ойлансам, сол оқушы аутист секілді. Бірде ол болмашы тұста тайып жығылды. Мен алыстау жерден келе жатып, көріп қалдым. Ал, мектеп директоры болса, көрмеген болып назарын бұра салды. Мектеп директоры. Педагогиканың не екеннін үйрететін мекемедегі басты адамның әрекеті сондай болды. Иә, қазір қоғамдық көзқарас сәл болсын өзгеру үстінде. Дегенмен әлі де өзгерте түсу керек.

Ал, қазіргі таңда көптеген, әсіресе, дамыған елдерде олардың өз әлеуетін пайдалана алатындай қоғамдық жағдай жасалған. АСБ балаларға әлдебір ауруы бар деп емес, басқа сипаттағы адам ретінде қабылдау қалыптасты.

Аутизмі бар әлемге әйгілі, ықпалды адамдар…

 Батыс және америкалық ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, ойшыл, ерекше қабілеттілер, дарындылар саны пайызға шаққанда, психико­-физиологиялық жағынан қалыпты саналатын адамдар арасында өте аз. Бар болғаны 0,001% екен. Аутистер ішінде бұл 20%.

 Енді аутистер арасынан шыққан атақты да ықпалды адамдардың бірқатарын атап өтсек. Билл Гейтс (ресми түрде аутист деп аталмаса да, белгілері бар делінеді). Миллиардерлерді неше жыл бойы бастап келген адам. Қазіргі таңда төртінші орында. Миллиардтың жүздігін бағындырғандардың ішіндегі ең жасы – Марк Цукербергте болса, аутизмнің жеңіл түрі бар делінеді. Екеуінің байлығы Қазақстан мен Өзбекстан ЖІӨ­-ін қосқандағымен шамалас! «Apple» негізін салушылардың бірі Стив Джобс та аутизм белгілері бар адам саналған. Былтыр «Apple» құны 2 трлн. АҚШ долларына жетті. Бұл Еуразиялық экономикалық одаққа енетін елдер – Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Беларусь бесеуінің экономикасын қосқандағыдан да көп! Олар құрған IT-компаниялар әлемдік деңгейде де алып.

Шығармашылық ортада да атап өтуге тұрарлық адамдар бар. Мысалы, Тэмпл Грандин. Әйгілі лектор, әрі жазушы. 2010-жылы «Times» журналының «100 ең ықпалды адамының» қатарына енген. Атақты режиссер Стэнли Кубрикте де Аспергер синдромы бар делінеді. Экобелсенді аталып, есімі әлемге жайылған Грета Турнберг те аутист. Климаттық өзгерістер мен қоршаған ортаны сақтауға қатысты сөздері қалыпты жағдайдағы ересек адамдарға езу тартқызған бері, өз тұрғыластары үшін тіс бата қоймайтын ауқымды тақырып екендігі анық.

Тізбектей берсек, осылай кете береді. Сондықтан осымен тәмамдайық.

Әдетте, АСБ адамдардың бойында бір тақырыпқа берілсе, соны айналшықтап тұрып алу, жеріне жеткізу, істің майда­-шүйдесіне дейін қарау, жан­-жақтың ығымен жүре қоймайтын, кім не айтса да бәрібір деп санайтын қасиеттер тән.

Қазақстан да сондай балалардың қандай салаға ебі келетінін, қабілеті жететінін оқушы кезден әбден анықтап, жіктеп, қоғамдық өмірге жіберу керек. Мысалы, білім, ғылым, денсаулық ісі және ауыл шаруашылығы т.б. салалардағы мәселелердің қайнаған ортасына түсіп, жедел шешудің ең интенсивті жолын тауып беріп жатса, жақсы емес пе?! Цифрландыруды жаңа биікке сүйресе де бек жақсы.

Қазақстанда, Ресейде инклюзивті кафе ашылып, сондай жерлерде істеуші аутистер бар. Жақсы, ашсын, істесін. Бұл да жетістік. Бірақ, мүмкіндігі, алар асуы одан да биік не қарым-қабілеті сәйкеспейтін аутисті кафе айналасында қалдыру – өзіне де, елі үшін де жақсырақ жол емес.

АУТИЗМ ТУРАЛЫ:

  • Аутизм қыздармен салыстырғанда, ер балаларда әжептәуір көп кездеседі, тиісінше, 1:4;
  • Әлем бойынша аутистер саны жыл сайын шамамен 11-17%-ға артуда;
  • ДДСҰ мәліметінше, дүние жүзі бойынша аутизм әр 160 баланың 1еуінде кездеседі;
  • Қытайда жыл сайын 20%-ға өсуде;
  • Б. Өтемұратов қорының мәліметінше, Қазақстанда аутист саны 60 мыңдай;
  • ДДСҰ болжауынша, 2025-жылға қарай әр 2-адамнан кездеспек;
  • Ойшылдар, жоғары қабілеттілер аутистер арасында 20%, қалыпты адамдарда 0,001%.

P.S. 1. Алдағы уақытта еліміздегі аутистерді ғылыми: генетикалық, психикалық, физиологиялық, психологиялық, дүниетанымдық т.б. тұрғыда тереңінен зерттейтін мемлекеттік деңгейдегі орталық қажет. Бүгінгі таңда елімізде олардың саны көбеюіне не себеп? Ұлт болмысында әлдебір өзгеріс болып, соның салдарынан ба? Қай ұлтта пайызға шаққанда көп немесе көбеюде? Әлем бойынша артуда, бірақ, бір елде көп не аз кездесуінде қандай себеп жатыр? Осындай сұрақтар күрделі де түсінікті талдау мен зерттеуді күтуде. Қазіргі ғылым аутизмнің шешімін таба алмай отыр. Дегенмен шешілмеуі мүмкін емес деп ойлаймын. Оларды тек оқыту теориясы мен әдістемесі аясында ғана ұстау жөн емес.

2. Уақыт өткізбей олардың әлемін қоғамдық орталар қабылдайтындай, бір-бірімен сіңісе алатындай мемлекеттік деңгейде жағдай жасалуы тиіс. Әйтпесе, жағдайды күрделендіріп алуымыз әбден мүмкін.

Елімізде инклюзивті білім беру ісінің қолға алынғанына көп уақыт болған жоқ. Ілгерілеуде жоқ емес. Дегенмен аутист балаларды сырттатпайтын инклюзивті мектептер, оқу орындарын арттыру қажет. Әрине, адам құқығын сақтау осы екен деп, психико-физиологиялық, психологиялық деңгейі шектен шығып тұрған баланы жалпы білім беру ортасына қосып жіберу де жөн емес. Мұндай жағдайда қалыпты дамып келе жатқан балалардың, студенттердің құқығы бұзылмақ. Сондықтан әбден екшеп алу қажет…

 Құрманғали Нұрғали, ҚР Журналистер одағының мүшесі    

 Фото интернеттен алынды

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0