Б. Жексенбай: Норвегияда оқушыларға ата-анадан гөрі мұғалімдер жақынырақ болып кеткен

Б. Жексенбай: Норвегияда оқушыларға ата-анадан гөрі мұғалімдер жақынырақ болып кеткен

  Батыс менталитетін білім беру ісінен бөлек қарауға болмайды. Осы тұрғыда Еуропаның құрамдас бөлігі Норвегияда тұрып жатқан белгілі журналист Бибігүл Жексенбайдан сол елдегі білім беру саласын Қазақстанмен салыстыра баян етуін сұрап, онлайн-сұхбатқа шақырған едік. 

 Бибігүл ханым ұсынысымызды қабыл алып, ағынан жарыла әңгімелесті. Назарларыңызға ұсынамыз. 

─ Құрметті Бибігүл Нұрғалиқызы, еуропалық орта білім беру орындары, мұның ішінде қазір сіз тұрып жатқан Норвегия мектебін алғаш көргенде сізге қалай әсер етті? Біздің елмен салыстырғанда, көзге қандай ерекшелік бірден байқалды?  

Көп рахмет! Мұндай кездесу керек деп ойлаймын. Норвегияда тұрып жатқанымызға бір жылдай уақыт болып қалды.

Оқу жылы тамыз айынан басталады. Маусымға дейін. Мектепке бала 6 жастан бастап қабылданады. Ата заңы бойынша мектеп тегін. Мектепке қуана бару үрдіс болып кеткен. Бірыңғай киім үлгісі жоқ. Оқушылардың таза ауада жиі жүруіне жағдай жасалған. Сондай-ақ оқушыларының денсаулығы мықты екендігін байқауға болады. Қабат-қабат киінбейді. Норвегтерде соған сәйкес, жаман ауа-райы жоқ, сәйкес киінбеді деген тәмсіл бар. Мектептерінде ата-аналарға жүк түсірмеу жағы қарастырылған. 1-сыныптан бастап үй тапсырмасы берілмейді. Ата-аналардың міндеті уақытымен әкеліп, кешіктірмей алып кету.

Мектеп жүйесі 3 кезеңнен тұрады. 1-6 сынып бастауыш. Бұл кезеңде ешбір баға қойылмайды. Аяқталмаған орта білім кезеңі ─ 7-10 сынып. Әрі қарайғы екі жылда мамандыққа бейімдеу жағына басымдық беріледі.

Барлық мемлекеттік мектеп норвег тілінде. Мысалы, мен ағылшын тілді мектепке бергім келсе, бағасы 25 мың еуро көлемінде. Бағасы қымбат болғандықтан мұнда уақытша тұруға келгендер норвег мектебіне, балабақшасына беруге мүдделі.

─ Норвегияның балабақшасы туралы сөз тарқатсақ…

─ Балабақшаға келсек, мұнда жүйе мүлде басқа. Кенес Одағы құрамында болған елдердегі балабақша үлгілерінен бөлектеу деуге болады. ТМД елдерінен келгендер де норвег балабақшасына беруге тырысатыны бар.

Балабақшаларда балалардың денсаулығын сақтауға баса назар аударылады. Мәселен, балалардың көбірек таза ауада жүруіне жағдай жасалған. Далада ойнайды. Қоғамдық орындармен де тығыз байланыста. Жолдары балаларға ыңғайлы етіп жасалған. Азығын да сырттан жейді. Тамақтарын үйлерінен әкелуге тиіс. Ланч-бокске салып. Балабақшадан тек су ішеді. Балаға бұл қандай тәрбие болмақ? Біріншіден, үй тамағын жесе, екіншіден, балалардың жауапкершілікпен өз бетінше өмір сүруіне негіз қалайды. Сонымен қатар, түскі уақытта ұйықтау деген жоқ. Балабақшаға бір жастан бастап қабылданып, тек сол жастағы балалар ғана сыртта – таза ауада ұйықтайды. Әрине, қыс уақытында ғимарат ішінде. Себебі, қыста ауа-райы 17-18 градусқа дейін төмендейді.

Әрбір 4-5 балаға бір-бір тәрбиешіден келеді. Балабақшада міндетті түрде 1-2 тәрбиеші ер адам болады.

Балаларды ұлттық ертегілер арқылы тәрбиелеу де жолға қойылған. Дініне берік. Балабақшадан-ақ христиан құндылықтарына үйретеді. Сондықтан баламызға бұл сенің дінің емес, тек мағлұмат алу үшін ғана дейміз.

Балабақшадан бастап, әліппеге үйрете бастайды. Тіл үйренуге деген дайындықты сол жерден бастап кетеді.

─ Инклюзивті білім беру, сондай орта қандай деңгейде? Психо-физиологиялық дамуы, қалпы сәйкеспейтін балаларды қалай бірге оқытады? Мысалы, аутист пен қалыпты өсіп келе жатқан балалардың өзара қарым-қатынасы қандай?     

─ Норвегия балабақшаларынан көзге ұрып тұратын тағы бір ерекшелік ─ физиологиялық, психологиялық сау бала мен ауруды ажырата алмаймыз. Өйткені, барлығына көңіл бірдей бөлінеді. Бір-бірін кемсітіп жатқан балаларды да көрмейсің. Норвегияда аутизм, БЦП сияқты аурулар көп кездеседі. Мемлекет бұған барынша назар аударғандықтан, мүмкіндігі шектеулі екендігі байқалмайды. Сондай баланың қолынан әлдебір нәрсе келмей жатса, тәрбиешілер  сыртқа білдірмей жәрдем береді: ойын түрінде немесе қалыпты жағдайдағы балалардың назарын аудармайтындай деңгейде т.б. Ондай балалардың денсаулығындағы кінәраттарды ерте анықтап, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, арнайы тексерулерден өткізу, мемлекет тарапынан қолдау өте жоғары деңгейде.

Бала кезден бастап, қоғамның толыққанды мүшесі екендігін бойларына сіңіруге тырысады. Ата-анасының да ауыртпалық деп сезінбеуіне жағдай жасалған. Сондай егде жастағы адамдар да бар. Бірақ, оларға да мемлекет сүйеу болып отырады.

Бұл арнайы зерттеуді керек ететін тақырып. Белгілісі сол, балабақшада да, мектепте де ондай балалар барлығымен қатар, бірге ойнап-күліп жүре береді.

– Норвегия елінде орта мектепті бітірсе де, мамандық таңдауды шешпеген оқушыларға арналған “Халық мектебінен” хабарымыз бар… Осы туралы толығырақ айтасыз ба? 

─ Иә, XIX ғ бастап, “Халық мектебі” енгізілген. Мұны дат педагогы, теологы шығарған. Байқағаным, бұл КСРО кезіндегі кәсіптік білім беру ісіне келіңкірейді. Егер, жоғары сыныпты бітірген оқушы өзіне болашақта қандай мамандық (аспазшы, шаштараз т.б.) керегін әлі нақты білмеген, шешпеген болса, сондай мектепте оқиды. Оқу ─ тегін. 18-19 жастағылар оқиды. Сосын мұнда тәжірибе жинақтау деген бар. Бұл жартылай тегін, әрі жалақы алады.

Сабақты әр саланың өз майталмандары жүргізеді. Теориядан гөрі тәжірибеге көбірек назар аударылады.

Норвегия білім беру ісіндегі артықшылық, кез келген мамандықтың абыройлы, өз орны барын бала кезден санаға сіңіреді. Біздегі секілді (Қазақстан ─ Қ.Н.) заңгер, экономист, журналист немесе президент, әкім боламын деп біржақты кету жоқ.

Біздегі ата-ана баласы мектебін бітіре сала ЖОО-ға түсіруге тырысады. Білімі, бейімі сәйкесе келе ме, жоқ па, назар аудармайтыны бар. Солай ата-анасы да, баласы да қиналып жатады. Елімізде тек қана жоғары оқу орнын бітіргендер ғана жетістікке жету керек деген түсінік қалыптасқан. Норвегияда, керісінше. Тіпті саясаткерлері арасында ЖОО бітірмегені аз кездеспейді.

– Оқушы білімін бағалауда мұғалімдер ата-анамен ақылдасатыны туралы қызықты дерек бар. Осы туралы айтып бересіз бе?

─ Балаларға ертеңге дейін жаттап кел деп күштеп өлең тапсыру дегенді кездестіре алмайсыз. Жаттаса, театрландырылған көрініс қойылатын болып, сондағы рөлге енетін сәттердің мәтіндері секілді себепте ғана ерікті түрде жаттайды.

Балалардың сабағына қатысты мәселе бола қалса, ата-ана мен мұғалім бірлесе шешуге тырысады. Не себеп, қандай мәселе деген секілді. Сонымен қатар, бағдарламаны игеріп келе жатқан баланың әрі қарай дамуына да жағдай жасалған.

Балалардың тұлғалық қасиетін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, сабақты өте нашар оқитын баланы шеттету байқалмайды.

Мектепке де ер мұғалімдерді көбірек тартады.

─ Ата-ана, оқушы және мұғалім үштігі бір-бірімен қаншалықты тығыз байланыста?

─ Ата-аналар мектепке жылына бір-ақ рет шақырылады. 7-сыныпқа дейін баға қойылмайды дедік қой. Сондықтан ата-аналардың да, балалардың да көңіл-күйін бұзып, еңсесін түсіру деген жоқ. Мен де басында түсінбедім: балам үлгіріп жатыр ма, жоқ па, қалай білемін деп. Сөйтсек, қабілетін арттыруға көбірек назар аударылады екен, яғни, сабақты қызығушылықпен оқытуға тырысады. Мысалы, бізде Менделеев кестесін жаттатады. Бұл болашақта пайдасы тиеді ме, тимейді ме, қабілетіне сәйкесе ме, жоқ па ескере бермейміз. Бала болса, сондай күштеуден қамығады. Сабақ орындамаса, үнжұрғасы түсетіндей жағдайға әкелтеді. Оларда ең бастысы, баланың салын суға батырмау. Бала кезден қоғамның толыққанды мүшесі екендігін санасына түйдіреді.

Біз бәсекелестік деп ата-аналарды да, балаларды да жарысқа түсіріп қойдық. Осы мәселені қайта қарау керек деп ойлаймын. Себебі, дүниеге адам өзін, қоғамды дамытамын деп келеді. Ал, Норвегияда ондай “жарыс” жоқ. Бәлкім, сондықтан да мұнда бірін-бірі кемсіту, мен сенен білімдімін деген секілді менменсу, буллинг деген мүлде жоқ деп айтуға болады. Баға қойылмауының сыры да осында жатса керек. Бұл елде балалар ұжымдық жобаларға қатысып, сол арқылы қоғамдық психологиясын дамытуға тырысады. Мәселен, әдебиет пәнін алайық. Оқушылар тақырыпты ортақ талқылайды. Қисынды ойлауын, сыни көзқарастарын жетілдіреді. Әрі оқушылар арқылы мұғалімнің әрі қарай өзін-өзі дамытуына да жол ашады.

Сонымен қатар, мұғалімдер мен оқушылардың өзара қарым-қатынасы тығыз. Біздегідей мұғалім келе жатса, жылыстап қашу деген кездеспейді. Бізде түрлі эмоциялық жағдайларда болады ғой. Керісінше, мұнда эмоция тудырар түрлі жағдайларда да мұғалімдер жанынан табылады. Мұғалімдерге оқушылар: “Сәлем” деп кетіп бара жатуы үйреншікті жағдай. Сабақ басталмас бұрын ұстаздардың оқушыларға жылышырай білдіре жағдайларын сұрауы да сондай күнделікті көрініс. Тіпті ата-аналардан гөрі мұғалімдер жақынырақ болып кеткен.

─ Мазмұнды сұхбатыңызға үлкен рахмет!

 Сұхбаттасқан: Құрманғали Нұрғали                                                                                                                                 Фото интернеттен алынды

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0