Астанада өткен 15-KAZENERGY еуразиялық форумында алуан тақырыптар қозғалды. Сутегі энергиясынан бастап, біздің елді екіге жарған АЭС тақырыбына дейін. Әрине, мұнай-газ саласы міндетті түрде ғой. Жаһандық энергетикалық қауіпсіздік те қозғалды.
Қазақстан экономикасында мұнай және газдың орны зор. Еліміз мұнай өндіруден жиырмалықтан түспей келеді. Десек те, өркениетті елдер жасыл энергияға ұмтылуда. Форумда бұл жағы да қозғалды.
Сөз реті келгенде, қоса кетейін. Шетелдік белгілі сайттың рейтингіне қарасам, Қазақстан энергоөндіріс көлемінен (мұнай, газ, көмір, уран, жылу, су, жел электр станциялары т.б. жалпы қосқанда) 15-орында тұр.
Германия, Ұлыбритания, Франция деген алпауыттардың өзі бізден кейін, яғни, үшінші ондықта тұр. Енді мына қызықты қараңыз, сөйткен үш елдегі төменгі жалақы Қазақстандағыдан кемі он есе үлкен, әйтпесе, одан да көбірек. Мысалы, Германияның төменгі жалақысына жету үшін қазақстандықтар 14 ай тапжылмай жұмыс істеуі тиіс. Аталған үш мемлекеттің әрқайсысының халық саны бізден үш-төрт есе үлкен екені тағы бар. Сөйте тұра, халқының тұрмысы бізден әлдеқайда жоғары.
Тау-кен, металлургия, ауыл шаруашылығы сияқты айтулы салаларымызды қоссақ, Қазақстан тіпті гүлденуі тиіс ел еді.
Қ. Қалмахан
Фото интернеттен алынды
ПІКІРЛЕР