Мұнай. Әлем. Қазақстан.

Мұнай. Әлем. Қазақстан.

Табиғи байлықтардың ішінде мұнай және газдың экономикалық та, саяси да орны өзгеше әрі ерекше. Қазақстан үшін де солай…

Бұл шикізатқа қатысты ақпараттық саясат тартысы да тым қызып жатады. Көп өндіретін немесе тым тәуелді кей елдер мұнай экономикалық маңызын жоймайды деген ақпараттық саясат жүргізсе, керісінше, сатып алып отырған мемлекеттер ертең­-ақ мұны ауыстыратындай жаңалықтарды бірінің үстіне бірін таратуда…

Мұнай дегенде бірден транспорт пен энергетиканың негізгі қозғаушы күші деген түсінік ойға оралатыны бар. Бірақ, мұнай тек сол салаларға ғана емес, күнделікті өмірімізбен сабақтасып жатқан 6000 немесе одан да көп тауарларды өндіруде пайдаланылады! Бұл дегеніңіз күнделікті тұтынатын тауарлардың басым бөлігі мұнайды өңдеу кезінде шығатын өнімдермен тығыз байланысты деген сөз. Мәселен, қазіргі өмірді полиэтилен қапшық, пластик ыдыстарсыз, ал, құрылысты мұнай өнімі – пластик есік-­терезесіз, құбырсыз елестету қиын. Медицинада да, косметикада да мұнайдың үлесі бар: вазелин, аспирин, ерін далабын жасауда т.б. Балауыз шам мен түрлі­-түсті парафин қарындаш, пластилинмен қатар, сағызда да мұнайдың өзіндік үлесі бар. Киім фабрикасында қолданылатын нейлон материалы – мұнайдың жемісі. Тіпті Күн батареясы панелін жасауда да мұнайдан өңделген тауар пайдаланылады!

Осылай жалғастыра беруге болады. Демек, мұнай күнделікті өмірмен тығыз байланысып кеткен.

Мұнай экономиканың барлық саласымен дерлік сабақтасып жатыр. Бұл нені білдіреді?.. Мұнайдың адамзаттық өркениетте әлі де өзіндік маңызын жоя қоймайтынын айқын байқатады…

Балама энергия көздері және мұнай..

 Орны толатын энергия көздері – Күн, жел электр станциялары мұнайды ығыстыруы мүмкін деген пікір аз айтылып, кем қоғалған жоқ. Бұған дәлел де жоқ емес. Мысалы, 2017-жылы АҚШ-та өндірілген бүкіл электр энергиясының 8,2%-ы Күн және жел энергетикасына тиесілі болыпты. 2016-жылғы үлесі болса, 6,9% болған екен. Демек, Күн энергиясының үлесі 2017-жылы 1,92%-ға дейін көтерілген. Ал, 2015-жылы болса, АҚШ-та өндірілген бүкіл электр энергиясындағы үлесі 1%-ға да жетпеген болатын. Желден алынатын электр энергиясының көлемі де өскен. Әлем бойынша ең көп энергия тұтынатын елде осындай өзгеріс жүруде. Еуропада да орны толатын балама энергия көздерінің үлесі өсіп келеді. Бұған дәлел, Еуропа тұтынған электр энергиясының 24,6%-ы желдік қондырғылардан өндірілуі. Еуропаның Германия, Дания, Португалия т.б. мемлекеттерінде желден электр өндіру ісі дамыған, тиісінше, үлесі де әжептәуір.

Сырттай қарағанда ғылыми-­өндірістік, балама энергетикалық даму мұнайды әне-­міне ығыстырып, төңкеріп түсіретіндей әсер қалдырады. Бірақ, нақты жағдай басқаша. Мұнайдың бір ғана энергетикалық маңызы жағынан қарағанда да солай. Тағы мысал келтірейік. Ұлыбританияның BP – British Petroleum компаниясының (Statistical Review of World Energy) мәліметіне қарағанда, әлемдік энергия тұтынудағы мұнайдың үлесі – 33,1% немесе 1-орында тұр. Екіншіде газ. Мұның үлесі де аз емес: 23,9%. Екеуін қоссаңыз 57% шығады. Ал, орны толатын – Күн, жел энергиясының үлесі бар болғаны – 1,9% болған. Атом энергетикасының үлесі де онша көп емес: 4,5%. Қызық дерек. Егер, мұнайдан алынып отырған энергияны атомнан алу үшін әрқайсысы 1,5 ГВт болатын 4000 атом станциясын салу қажет екен! Ал, қазіргі таңда әлемде бар болғаны 440 қана бар… Ал, 4000 атом станциясы салынса, уран 10 жылға ғана жетуі мүмкін. Бұдан ой түйсеңіз, жақын онжылдықтарда мұнай мен газдың экономикалық маңызы әлі де орасан болып қалатынын байқатады.

Дегенмен, болжауға қарағанда, келесі ғасырдың басында әлемдік энергоөндірісте орны толатын жасыл энергияның үлесі үлкен көлемге жетпек.

Электромобиль мұнайды «мұңайтуы» мүмкін…

 Мұнайды ең көп қолданатын – транспорт. Мәселен, 1973-жылы бүкіл өндірілген мұнайдың  45,4%­-ын осы сала тұтынған. Ал, 2012-жылы бұл көрсеткіш 63,7% болды. Демек, мұнайға деген сұранысты анықтауда, өндіруде көліктің орны зор.

Ғылым мен техниканың біріге дамуы, өнеркәсіптік жаңа төңкеріс – бұл саланы да жаңартуда, жаңғырту үстінде. Бұл жерде әңгіме, электрмен, сутегімен жүретін көліктер санының артуына қатысты. Әсіресе, электромобиль санының қарқынды түрде өсуі –  мұнайды «мұңайтуы» мүмкін. Мысалы, 2018-жылдың I-жартысында Еуропадағы электрокөліктердің саны миллионнан асыпты. Былтырғы I­-жартыжылдықпен салыстырғанда, 42%-ға артқан! Егер, өсу жылдамдығы осы қалпынан түспесе, жақын жылдары­-ақ Еуропада тоқпен жүретін автокөліктер миллиондап саналуы мүмкін. Электромобильдер сатылымы көп елдердің қатарында Норвегия, Германия, Ұлыбритания, Дания, Швеция бар. Данияда 2030-жылдан бастап, бензин немесе дизельмен жүретін автокөліктерді тіркеуге тыйым салынуы мүмкін. Ал, 2017-жылы Норвегияда сатылған автокөліктердің 20%­-ы тоқпен жүретіндер екен! Тіпті бұл ел 2025-жылға қарай жанармаймен жүретін автокөліктерді сатуға тыйым салуы мүмкін. Ал, 2040-жылға қарай ішкі рейстегі ұшақтары да тек электрмен ұшады делінуде. Үлкен өзгеріс Азия елдерін де күтіп тұр. Қытай да, Үндістан да электрокөліктерді көбейту жолында. Үндістан болса, тіпті 2033-жылға қарай толық электромобильге көшу мақсатын қойып отыр.

Сонымен қатар, биыл автомобиль концерні – Audi жылына 800 мың электромобиль шығаратынын жариялады. 2025-жылға қарай осындай санға жеткізбек екен.

Германияның Гельзенкирхен институты жанындағы автотранспортты зерттеу Орталығының болжауына сүйенсек, 2025-жылға таман Еуропа тек электромобильдер мен гибридті ғана пайдалануы мүмкін. Осылайша, электромобиль дәуірі басталмақ. Бұрын тиіп­-қашып жүрген, жаппай өндіріске енбеген электрлі көліктер – күнделікті көрініс болып, мұнай пайдаланатын автокөлік тарихқа енсе – мұнайға айқын соққы болады. Бұл мұнайға сенген, саясаты мен экономикасын соған сүйеп қойған елдер ойлануы керек екенін меңзейді…

Қазақстан және мұнай

 Біздің ел үшін мұнайдың маңызы зор деген сөз аз айтылмайды. Бірақ, жәй сөзбен емес, мәлімет келтірсек, бұл саланың маңызы тіпті байқала түседі. Мәселен, мұнай өндірісінде 80мыңдай адам қызмет етеді. ҚР Энергетика министрлігі мәліметіне қарағанда, мұнай­-сервис саласында болса, 200 мың адам жұмыс істеуде екен.

Ғылым мен техника, өндіріс бірер жылда мұнайды ығыстыратын, орнын басатын балама энергия көзін табады деп ешкім анық айта алмаса керек. Демек, жақын жылдар, бәлкім, алдағы екі­-үш онжылдықта мұнайдың әлемдік деңгейдегі орны күрт төмендеуі екіталай сияқты.

Былтыр еліміз 86,2 миллион тонна өндірген. 2025-жылға қарай, мұнай өндірісін 107,3 миллион тоннаға жеткізу жоспары бар. Өндірісте өсу бар. Бірақ, қаншалықты экономикалық жағынан тиімді пайдаланып отырмыз?.. Былтыр 15 миллиондай тонна мұнайымызды өңдеппіз. Қалғаны шикізат күйінде экспорт асыпты. Биыл өңдеу 1,1 миллионға артады екен. Оның өзі бензин, авиакеросин шығарумен байланысты. Бірақ, бұл саламен де әлі өзімізді өзіміз толық қамтамасыз ете алмай отырмыз. Тағы да мысал: өзіміз өндірген бензинмен ішкі нарықтың 81%-ын, ал, авиакеросинмен 58,3%-ын ғана қамтыппыз. Мұның сыртында мұнай араласатын мыңдаған тауарларды өндіру ісі жоқ немесе дамымағанын ескерсек, ел өз несібесінен қарапайым қағылып отырғанын аңғарамыз. Соның бірі де бірегейі мұнай химиясын дамыту. Былтыр бір ғана Қытай мұнай және химия өнеркәсібі өнімінен $134 млрд. пайда тапқан. Мұнай өңдеу өндірісінің пайдасы бір жылда ғана 14,4%-ға өсіпті! Тіпті әлемдік деңгейде бензин, керосин, дизель отынына сұраныс төмендесе де, мұнай­химия өнімдері өзінің орнын бірден бере қоймайды…

Қазақстан өндірмейтін немесе аз өндіретін өнімдердің көбісі мұнаймен байланысты екендігі қисынға сыймайды. Бірақ, шындық сол.

Мұнай арқылы Қазақстан экономикасын жан­-жақты дамытып алуға мүмкіндік зор. Болашақта мұнай саласында істейтін әжептәуір әлеуметтік күштің жұмыстарын реттеу, дамыту, түрлі экономикалық жағдайларға дайын болу секілді мәселелер де еліміз үшін маңызды…

P.S. Қарама-­қарсы екі пікір. Біз жоғарыда мұнайдан алынған өнімдер 6 мыңнан асатын тауарларды жасауда қолданылатынын жаздық. Демек, алыс болашақта мұнайдың энергия көзі ретіндегі деңгейі төмен түссе де, күнделікті тұрмыс пен кәсіби қажетті тауарлар жасаудағы орнының төмендеуі екіталай. Бәлкім, ағаш өнеркәсібі секілді мұнай өндірісі де жалғаса берер… Себебі, дәл қазіргі жағдайда түбегейлі мұнайсыз адамзаттық өркениетті ойша бейнелей аласыз ба?.. Енді қарсы пікір. Адамзат өміріне мұнайдың жаппай енуі өткен ғасырға тиесілі. Әрі қарай өсіргенде, әлемдік деңгейдегі ресми өндірісінен бастағанда – XIXғ. екінші жартысы. Мұнай өндірісі киттің толық жойылып кетуіне себеп болды. Мысалы, кит майы кезінде шамдар, косметика, сабын, тіпті, сағат жасауда да жиі пайдаланылды. АҚШ­-та кит аулайтын флот та болған. 1846-жылы сондай флоттың 735 кемесі болған! 1879-жылы болса, 39 ғана кеме қалып, әрі қарай ондай флот экономикалық маңызын жояды. Сол сияқты, мұнайдың да экономикалық маңызын төмендететін жаңа шикізат табылса, бұл да орнын беруі мүмкін.

 Мұнай бағытында елге белгілі азаматтарға сұрақ қойып едік. Жауаптар төмендегідей тізілді…

  1. Мұнай алдағы 2-3 онжылдықта геосаяси маңызды тауар болып қала береді деп ойлайсыз ба?
  2. Мұнай өндірісінде, қызмет көрсету саласында 280 мыңдай адам жұмыс істейді. Балама энергия көлемі артқанда, өндірістік күштер дамығанда, осы салада істейтіндер саны азаяды. Олай болса, әлеуметтік салдары ауыр болмасы үшін не істеу керек?
  3. Елімізде мұнаймен байланысты қай сала дамымаған және дамыту қажет?

Алдан Смайыл жазушы, қоғам қайраткері:

  1. Геосаяси маңызы бар тауар болып қала береді. Өйткені, Қазақстан, Ресей сол сияқты елдердің негізгі кірісі мұнайдан түседі ғой. Соларға ықпал ету үшін мұнайды геосаяси ойынға айналдырады. Бағасын төмендетіп жіберсе, Ресейдің де, біздің де, басқа мұнайға сүйенгендердің де жағдайы күрт төмендейді. Оның арты елдің наразылығына апарып соқтыруы мүмкін. Жалпы экономикалық тоқырауға алып барады. Сондықтан да бұл үлкен геосаяси ойынның бір тұтқасы деп айтуға болады және солай қала беремек. Мұнайды айырбастайтын басқа энергия көздері шықпаса, сол ойынның бір тетігі болып қалады.
  2. Қазақстандағы мұнай көздері біздің қолымызда емес. «Аджип», «Шеврон» және қытайлық т.б. компаниялардың қолына беріп қойдық қой. ҚазМұнайГаз үлесі бұрын 9% болса, кейінгі жылдары 16%-ға шыққан. Осындай жағдайда не істеуге болады?.. Меніңше, бірте-­бірте Қазақстан көптеген корпорациялардан мұнайдың үлесін өзіне қайтаруды ойлауы қажет. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жағдайға байланысты бердік. Бұны жарайды делік. Бірақ, қазір маман да, қаржы да бар, Құдайға шүкір! Олай болса, енді қайтаруды ойлау қажет қой. Егер, осылай жасасақ, мұнай саласында жұмыс жасайтындардың қатары сиремейді. Ал, қолында мұнайымызды ұстап отырған корпорациялар әртүрлі қадамдарға баруы мүмкін. Олар роботтандыру арқылы да қысқартуы мүмкін немесе басқа да ойлары болар, бәлкім… Қандай қадамға баратынын білмейміз ғой. Жалақысын күрт қысқартуы мүмкін. Сондықтан мұнай басқа да табиғи байлық, басқалардың қолында тұрғанда, әлеуметтік шиеліністер әр кезде тұтанып кетуі өте мүмкін. Бұл бір. Екіншіден, біз енді мұнайсыз да өмір сүретін жағдайды осы кезден жасауымыз қажет. Мұнайдан басқа темір, мыс т.б. шикізатқа да қатысты. Сондықтан тікелей халық қолданатын тауар шығаратын кәсіпорындарды қалыптастыратын уақыт жетті.

Таяуда ғана Сеулде, Оңтүстік Кореяда болып келдім. Табиғи байлығы жоқ Корея өндірісті дамыту арқылы жұмыс тауып беріп отыр. Кеме, электроника өте жоғары дамыған. Біз де соған жетпесек те, «ұқсап бағуымыз» керек.

Мұнайдан түсетін қаржы бір кездері бізде ЖІӨ-­нің 85%-ы да болды. Қазір 65% дейді. Рас па, өтірік пе – білмеймін. Ал, мұнайдың бір баррелі 40 долларға түссе не боласың?.. Біздің қазіргі бюджет 60 долларға есептелген…

Демек, шикізатқа тәуелді елдердегі әлеуметтік жағдай кез­-келген сәтте тұтанып кетуі мүмкін екенін осыдан­ақ білуге болады.

  1. Ең бірінші ауыл шаруашылығын дамыту керек еді. Еліміз қолдан келетін шаруамен айналысуы керек. Мұнай арқылы Қазақстан өнеркәсіпті өркендетеді деп ойламаймын. Неге дейсің ғой? Себебі, 25 жылдың ішінде ең болмаса мұнай айыратын зауыт салған жоқпыз ғой! Дайын мұнайдан бензин, басқа да жанармайды жеткілікті шығара алмай отырғанда, мұнайды айырып дәрі­-дәрмек тағы басқа толып жатқан бұйымдар шығарамыз дегенге өз басым сене қоймаймын.

Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай­-сервистік компаниялары Одағы Төралқасының Төрағасы:

  1. Геосаяси тауар ретінде мұнай қала береді. Әрине, ғылымда эволюция емес, революция болатынын көпшілік біледі. Кім біледі, бәлкім, бір ғалым, атып тұрып, ауамен жүретін қозғалтқыш ойлап табар…

Саралап көрсек, алдағы 50жылда мұнайға пара-­пар келетін энергия күші жоқ. 1904-жылғы Ресей мемлекеттік Думасының есебіне жүгінсек, Жер бетінде 1,4млрд. халық болған екен. Ал, қазір 7 миллиардтан асып кеттік. Адам көбейген сайын энергия тұтыну көлемі де артады. Сұраныс көбеймесе, азаймайтыны анық. Иә, мемлекеттердің саяси құралы болатыны да айқын.

Біздің ел не істеуі тиіс? Мұнайға сұраныс барда ел экономикасын тәуелсіз етіп үлгіруіміз керек. Мысалы, Қытай қазір біздің 12 млн мұнайымызды сатып алып отыр. 20 миллионға жеткізгісі келеді. Пайдаланайық. Германия сұраса – тағы солай жасайық.

  1. Мұнай бағасының бірнеше рет төмендегенін бастан кештік. Біз алдыңғы жеген таяғы сабақ болмайтын ел болдық. Қабырғаға батады.

Кезінде үкімет басшысы алдында бес мәселе көтергенмін. Соның бірі мұнай-­сервисі кәсібінде жақсы қаржы тапқан компаниялар экономикамыздың басқа саласына, атап айтсақ, жеңіл өнеркәсіпке салуға үйрету, істету керек дегенді қойдық. Себебі, мұнай жобасы біткенде, сонда жұмыс істегендер бос қалмайтындай жағдай жасау қажет.

Өкінішке қарай, мұнай­-сервисі саласындағы жұмысшылар қысқара қалғанда, оларды басқа жұмыспен қамтамасыз ету формуласы шешілмей тұр…

  1. Мұнай өндіріп отырған елдерден сол шикізатын бас мемлекеттер сатып алып, түрлі өнім шығарып сатқандар орасан пайда тауып отырғаны белгілі. Алдамай, арбамай. Заңды жолмен.

Орта Азияда үлкен саяси орын алғымыз келеді. Бірақ… Осыдан бір ай бұрын Өзбекстанға барып келдім. Ташкентте химия өнеркәсібі дамып кетіпті. Теледидарды, шәйнекті, тіпті, шаш кептіретінді де өздері шығарады. Ал, біз қаламсапты да шығара алмай отырмыз. Күнделікті тұтынатын пакетті шығарсақ, ешкім қой деп отырған жоқ… Мұны болашақ ұрпақтың ісі десек – біз сын.

Кесір ғылым мен өндірістің алшақтығында жатыр. Түзейтін іс көп. Мемлекет экономикалық басымдығын толық пайдалануы қажет.

 Дос Көшім, саясаттанушы:

  1. Жақын екі-­үш онжылдықта мұнайдың орнын басатын балама қуат көздері жоқ. Сондықтан да геосаяси мәні бар тауар болып қалуы мүмкін. Екінші жағынан мұнайды ең көп қолданатын – транспорт. Егер, электромобиль өндірісі дамыса – мұнай ығысуы ықтимал.
  2. Осы кезден бастап, сол уақытқа дайындалу қажет. Жоғарғы білім беретін мекемелер де кірісуі тиіс.

Кезінде Франция, Англияда ескі шахталарды жапқанда, сол өндірістегі жұмысшыларға 20 жыл бойы жалақыларын төлеп тұрды. Мысалы, біз олай ете алмасақ та, 5 жыл қамтамасыз етсек т.б. Әлеуметтік жарылыс болмаудың алдын алу қажет.

  1. 90жылдардан бастап, мұнай өңдеу зауытының санын арттыру қажет еді. Басқаны айтпағанда, қырғыздар да мұнай өңдеу зауытын салып алды. Сондықтан ең болмаса, мұнай өңдеу зауыты санын арттыру қажет болатын.

 Құрманғали Нұрғали, журналист, экономика магистрі

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0