Украина құламады. Ресей де әлі шайқалмады.
Бұл соғысқа да әлемнің бойы үйренді. Ендігі құлағына да түрпідей естілмейтіндей. Сонау жылдардан бері жалғасып келе жатқан Сириядағы мипалау соғысқа ұқсап барады. Десек те, бәрібір сол сценарий Украинаға жүре қоймайды-ау.
● Бір жағы бүгінгі Украина ірі елдердің геосаяси тартысынан туған тауқыметті тартып жатыр. Екінші. Өзін неше ұрпақ бойы отар еткен, құл қылған орыс билігіне енді бойұсынғысы келмейді. Ал, Ресей ықпалды империяға айналғысы келеді. Бұл үшін Украинадан айрылмау қажет екенін біліп, өліп барады.
Украина демократияға ұмтылса, Ресей тоталитаризміне тартты. Өзімнен аспайсың, байлаулы баспақ болып қаласың дегенге салды. Тізеге басты.
● Әлемдік деңгейде алсақ, бұл саяси жүйелердің өзара шайқасы. Демократия мен автократия өзара сынасып, көлеңкелері шайқасып жатыр.
Егер, алда-жалда Ресей жеңсе, бүкіл әлем үшін жаңа саяси тәртіпке жол ашады. КСРО ұстанған “социалистік демократия” деген тоталитарлы тоқпақ басталуы мүмкін (Қытай, Беларусь басшылары шімірікпестен өз елдерін демократиялы ел деп санады ғой). Күштіні әлсіз басып алатын, дегенін жүргізетін ортағасырлық саяси философияның бойына қайта қан жүреді.
● Ұлыбритания СІМ-і Ресей президенті Гитлер ізімен кетіп бара жатқанын меңзеді. Кремль қожасының сөз саптауы, саяси қисыны Гитлерге ұқсап барады. Таяуда ғана ол, фашистік Германияның Польшаға агрессия жасауын ақтап сөйледі.
Осыны білген Батыстың ықпалды саясаткерлері опық жеп қалмайық деп, жанталасуда. Бірақ, сайлаушылардың да қабағына қарап қояды…
● Соғыстың аты – соғыс. Босқынсыз болмайды. Қазіргі Украина – тентіреп кеткен жан саны бойынша бірінші орында. БҰҰ мәліметіне қарағанда, 6,5 миллиондай украин шетел асыпты. Бұл – Украина халқының шамамен 15%-ы! Көшуге мәжбүр болған ішкі мигранттарын қоссақ, он миллионның үстіне шығады. Сұмдық, әрине.
● Буча, Мариуполь т.б. жерлердегі ресейлік әскердің салған қырғыны – фашистік идеологияның, тоталитарлы қоғамның салдары қандай болатынының бір көрінісі іспетті болды.
● Украин билігі өкілдері 1991ж. территориясын 2023ж. қайтарып алатынын айтқан еді. Іске асыра алмады. Қайтармақ тұрмақ, таяуда ғана Авдеевкадан айрылды. Неше жыл бойы берілмеген қала болатын.
● Украина осы соғыс басталғаннан бері, Ресей басып алған жердің шамамен 50%-ын қайтарып алды. Бірақ, қарсышабуыл жасап, қайтармақ болған территориядан аз, әрине.
● Батыс бастапқыдай емес, қолдауы бәсеңдеді.
Сенімі селдіремесе де, әлдебір қажи бастағандай. Чехия президенті Украина Ресеймен үстел басына отыруын өткен жылы-ақ айтты. Украинаның контршабуылынан күткен нәтиже шықпағаннан соң.
Польша билігі: Украина Қырымды қайтарамын деп иегі қышымасын дегенге келтірді.
● Қару-жарақпен қамтамасыз ете алмай жатыр. Әсіресе, артиллерия снаряды тапшылығы ап-анық байқалады. Мұны биыл шеше алмаса, Украинаның бір қанаты қайрыла түседі.
● АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Канада, Жапония Ресеймен келіссөзге келу туралы ашық қозғамады. Десек те, АҚШ-тың әскери-қаржылық көмегі дағдарыста тұр.
● Жығылғанға – жұдырық. Украина әскери дағдарысқа ұшырады, яғни жауынгер жетпейді. Жаңа әскермен ауыстыру, толықтыру бүгінгі ресми Киевтің басын ауыртқан күрделі мәселенің бірі болып отыр. Сондықтан да болар, Украина да қамаудағы қылмыскерлерін соғысқа жіберуді көтеріп жатыр. Ресей болса, мұндай қадамға алдыңғы жылы-ақ барған еді.
● Украина соғыс басталған жылы экономикасының 30%-ға жуығын жоғалтты. 2023ж. 5%-ға көтерілген. Биыл да соған жуықтауы мүмкін көрінеді.
Әрине, Батыс елдері, “Үлкен жетілік”, Халықаралық валюта қоры, тұтастай алғанда, жыл сайын ондаған миллиард (АҚШ доллары) сыртқы көмек болмағанда, украин экономикасы тізерлейтін немесе құлар еді. Сөзсіз, солай. Соғыс бюджетін ұстауға шамасы келмес еді.
● Ресейге келейік. Бастаған соғысынан әлі мүйіз шықпады. Әскери шығыны 410 мыңға таяды. 6534 танкісі қираған не бүтіндей айрылған. Танк дегеннен шығады. Егер, санкция толық жұмыс істегенде, өздеріндегі танкі ендігі екі жылда түгесілер еді. Әскери бронемашинадан да, артиллериядан да тапшылықты тарта бастар еді.
Иран, Солтүстік Корея да жүздеген зымырандарын бермесе. Дрон жібермесе.
● Ресей экономикасы да мәз емес. Әскери рельске түскен ел. Жүзмыңдаған орта табы кетіп қалған мемлекет. Мыңдаған шағын және орта бизнес өкілдері кетті. Рубльдің жағдайы жақсы емес.
Жәй бір мысал. Былтырғы мұнай және газ экспортының көлемі $228 миллиардты төңіректеуі мүмкін делік. Ал, биыл 186 миллиард АҚШ доллары болады деген болжам бар. Егер, рас шықса, $42 миллиардтан қағылады. Бұл соғыс шығынын жабуға үлкен кедергі. Себебі, Ұлттық әл-ауқат қорының ликвидті бөлігінде алтын мен юань ғана қалған көрінеді. Халықаралық резервтегі $298 миллиарды бұғатта. Демек, осы жылы АҚШ доллары мен еуро тапшылығын әжептәуір тартуы мүмкін.
P.S. Батыс жақта да, Ресей билігі жағынан да айтылып жатқан сөзге салсақ, соғыс биыл аяқталуы мүмкін. Бірақ, қандай жағдайда?..
Украина кеткен территориясына көз жұмғысы жоқ. Қайтару аса қиын екеніне көздері ендігі жетсе де. Майдан даласында басым түскісі келеді.
Ал, Ресей болса, Украинаның кей аймақтарын өз Конституциясына жазып қойған. Енді қайыра бергісі жоқ. Күшпен алғысы келсе, Украинамен қоса, берісі Берлин, әрісі Вашингтон ядролық соққыдан дәм тататынын айтты.
Дегенмен Батыстың да еті үйреніп қалған секілді. Мұндай сөздерге. Сондықтан Ресейдің кезекті бір қоқан-лоққысы деп санаса ше?.. Себебі, осы соғысты бастағанда, Ресей президенті Батыс араласпасын, әйтпесе, арты қиын болады дегенге келтірді ғой. Сөйткен Батыс танк, ұшақ басқа да әскери стратегиялық маңызы бар техникаларды өгізаяң жүріспен қоса түсті. Мысалдың бірсыпырасы төменде:
● Украин ұшқыштары Батыстың F-16, Gripen жойғыш ұшақтарына машықтануда. Биыл АҚШ-тың ондаған F-16 ұшағы майдан даласында шайқасқа пайдаланылады.
● Patriot, NASAMS, IRIS-T – әуе қорғанысы кешендері Украина Көгін күзетуде.
● Батыстың Abrams, Leopard1,2 т.б. танктер ұрыс даласында.
● АҚШ Phoenix Ghost және Switchblade дрон-камикадзесін беретінін айтты. Германия Sea King Mk41 деп аталатын алты тікұшақ жібермек. Канада болса, көпмақсатты 10 катерін (Zodiac Hurricane Technologies), ал, Ұлыбритания MSI-DS Terrahawk Paladin – дронға қарсы сужаңа техникасын береді.
Мұның көбісі, соғыс басында, Украина үшін арман болған еді.
Құрманғали Қалмахан
Фото интернеттен алынды
ПІКІРЛЕР