BRICS+Қазақстан…

BRICS+Қазақстан…

Қытай басшысы BRICS ұйымына Қазақстанды да шақырды. Қазақстанға қандай пайдасы бар? Бір мүшесі – Бразилия. Бізден гөрі пингвиндерге жақын орналасқан. Екінші бірі – Оңтүстік Африка Республикасы. Африканың сонау бір ұшында. Киттермен көршілес. Екеуі де Қазақстанның сыртқы саудасында ондықта тұрған ел емес. Демек, алып бара жатқан экономикалық байланысы жоқ. Үндістан жақындау орналасса да, Қазақстанның тығыз байланысқа түсуі – Қытай мен Ресейдің көңіл-күйіне де қатысты. Ендігі қалғаны – Қытай мен Ресей. Бұл екеуімен онсыз да қызу байланыстамыз. Ел импортына (шетел тауарлары, қызмет көрсету) жұмсалатын 1000 теңгенің жартысынан астамы осы екі мемлекетке кетеді. Осыншалықты тәуелдіміз. Сондықтан енді BRICS-ке енсек, қазіргі қалыпта, одан сайын тәуелді бола түсеміз. Қытай мен Ресейге. Еуразиялық экономикалық одақтан, ҰҚШҰ-дан (ОДКБ) шыға алмай жүргенде, тағы бір ұйым арқылы қысыла түсеміз.
● Мұның үстіне осы құрылған жылдар ішінде ұйымға мүше елдер өзара экономикалық керемет өркениетті байланысқа түспеді. Түсе де алмайды-ау. Себебі, географиялық орналасуының өзі тиімсіз. Әрі Үндістан мен Қытай өзара басы піспей келеді. Сондай себептер жиылып, бұл ұйымды қысыр сөзі көп ұйымның біріне айналдырды.
● Жаңадан қосылғандар мен қосылғысы келетін елдер туралы қысқаша. Аргентина экономикасы батпақтап жатқан ел. Инфляция жоғары елдердің бірі. Эфиопия да, Египет те әлеуметтік жағдайы нашар мемлекетке жатады. Жаңадан қосылғандардың ішінде, экономика жағынан іліп алары – Сауд Арабиясы, БАӘ және Иран. Соңғысы санкциядан көз ашпай келе жатыр. Аргентинадан басқасы әртүрлі деңгейдегі авторитарлы, тоталитарлы елдер. Биыл Пәкістан қосылса да, анау айтқан өзгеріс бола қоймас, сірә. Бұл ел де әлемдегі тұрмысы жұтаң елдерге жатады. Әрі демократияның даңғылына түспеген.
● Сондықтан қазақ елі үшін дәл сол
BRICS маңызды емес. Десек те, Қытай ұсыныс жасауына қарағанда, әуелі Қазақстанды, әрі қарай Орталық Азияның басқа да елдерін осы ұйымға кіргізіп, ықпалын күшейте түскісі келетін сияқты. Бәлкім, Ресейдің арқасынан қағып қойып, жәймен ығыстыра түсіп.
Бұл жағынан алғанда, Қытай қысыр қалдырмауға тырысады ғой деймін…
● Енді әлемдік экономикадағы көрсеткіші туралы қысқаша мәлімет. BRICS+ елдерінің ЖІӨ-і әлемдік экономиканың үштен бірінен асып тұр. Десек те, осы ұйымды ұстап тұрған Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытай – төрт мемлекеттің ЖІӨ-ді жан басына шаққандағы орташа көрсеткіші $10 мың АҚШ доллары ғана. Бұл дегеніміз әлемдік орташа деңгейден төмен екенін білдіреді. Үндістанда $2500 тіпті!
● Саяси жағынан алғанда, Қазақстанды демократиядан тіпті алыстатып, автократияда, тоталитаризмде қала беруіне әсер етуі мүмкін.

 Қ. Нұрғали

 Фото интернеттен алынды

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0