Трамптың Киевтен бұрын Мәскеуге телефон соғуы – Кремльді құтыртады…

Трамптың Киевтен бұрын Мәскеуге телефон соғуы – Кремльді құтыртады…

Осы күнге дейін әлемдік қауымдастық Ресейдің агрессиялық шабуылына, жаңа геосаяси ереже орнатуға ұмтылуына қарсы тұра алмады. Кейбірі көз жұмса, екінші тарап ашық та астыртын қолдады. Нәтижесінде, әлемдік геосаяси тартыста әзірге Кремль ұтып тұр…
Мысалы, Ресей Украинаға – бүтіндей бір елге агрессиялық шабуыл жасады, соғыс ашты. Қырыммен қоса, төрт облысын өз жері ретінде заңмен бекітіп қойды. Ресейдің кесірінен миллиондаған адам босқынға айналды. Жүзмыңдаған украин қаза тапты. Қалаларын жермен-жексен етті. Халықаралық құқықты табанға таптады. Егемендік дегенді елемеді. Bloomberg Economics ақпаратына қарағанда, Украинаны қайта қалпына келтіру үшін кемі 230 миллиард АҚШ доллары қажет екен! Мұны кім төлейді?!  Жаза берсек, жалғаса береді.   Сөйткен Кремльдің «тұрақты» қожасына Ақ үйдің уақытша иесі алғаш телефон соғуы – берісі Ресейдің қазіргі агрессиялық саясатын қалыпты жағдай деп мойындау, әскери қылмыскер дегенді теріске шығару, әскери күшің болса, саяси оқшаулау деген түк емес деу, әрісі Кремльден тайсалу, демократиялық өркениетті әлемге арқа сүйеген Украинаны лақтырып кетуге көбірек ұқсайды. Әрі еуропалық қауіпсіздік туралы, Украинамен қоса, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия секілді ірі елдерден аттап өтіп, Кремльмен сөйлесуі – ресейлік басқыншыларды одан сайын құтыртпай ма… Украина мәселесін шешуде Украинаның өзін араластырмау – тәуелсіздігін аяқасты етудің тағы бір көрінісі, ел ретінде менсінбеу. Сондықтан да Киев Украинаның сыртынан пішілген тонды, яғни АҚШ-Ресей келісімі негізіндегі шешімді қабылдамайтынын мәлім етті. Орынды.

Әрине, АҚШ-тың қазіргі билігінің де бір есебі бар шығар. Әрі әлем дүниежүзілік соғысқа қайта ұрынып қалмағаны жақсы. Сол үшін де Ресей (қазіргі?) секілді күшке ғана сүйенетін, өркениетті саясаттан алыс елді, осы соғысы үшін әлемдік қауымдастық тәртіпке келтіруі тиіс-ақ еді.

Кезінде фашистік Германияның агрессиялық әрекеттеріне көз жұмып, соңында опық жеген оқиға қайта оралмасын. Ресей әрекеттері сол мемлекеттің жолына ұқсайды…

 Құрманғали Қалмахан

 Фото интернеттен алынды

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0