«Менеджмент» мамандығы – адамзаттың құндылықтары мен мүмкіндіктеріне жол ашады

 «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға»- деп, Абай атам айтқан ақылмен жүріп келемін. Шүкір, өз басыма жететін жетістігім бар. Осыдан екі жыл бұрын арман-қиялымды іске асырып, ғылым табалдырығын аттауға тәуекел еткен едім. Қазір сол шешімнің дұрыс екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
Ғылымға жолдама алу үлкен шаруа. Бұл менің алдымдағы аға-апаларымыздың адалдығы, ғылымға тазалығын сақтау, аманатқа қиянат жасамау сынды ұстанымнан шыққан қорытынды ой.
 «Менеджмент» деген мамандықты таңдадым. Біраз дүниеге басқаша қарайтындай ой түйдім. Ғылым жолының жаңа табалдырығын аттағанда үрей болды. Іштей күмандану болды. Мұны жасырмаймын. Алайда, бойдағы ата-бабадан келе жатқан ерік-жігер, қажырлы мінездің арқасында оқуды сәтті аяқтадым. Аллаға шүкір, енді ғылымның жаңа бағыты, келесі бір белеске шыққым келеді.
 Пандемия кезінде тиісті бағытын тоқтатпай, керісінше, ширатқан білім және ғылым министрлігінің басшылығы мен университет әкімшілігіне, ұжымыма алғысым шексіз. Білім саласы қандай да бір қиындықтан шыға алатынын дәлелдеді. Қоғамда білімнің әлеуметтік статусы жоғары деп ойлаймын. Неге десеңіз, ғылым мен білім кез-келген дамуға жол ашатын үлкен мүмкіндік. Оқымаған, білім іздемеген адам үнемі тоқырауда жүреді деген тәмсіл сөз содан қалған.
 «Менеджмент» мамандығы – бүгінгі адамзаттың құндылықтары мен мүмкіндіктеріне жол ашатын жаңа сала. Мемлекет басқару ісі, саяси менеджмент, экономикалық-шаруашылық категориялар бұл салада жиі қолданылады. Ғылыми ізденісімде зертханалық жұмыстар мен тәжірибелік талдаулар жасадым. Батыс аймақтың бірнеше жоғары оқу орындарына салыстырмалы анализ жасадым. Бірнеше іргелі жобалар мен тақырыптарға тұздық болатындай шешімдер қабылдадым.
 Маңғыстау өңірінің экономикалық-шаруашылық менеджментін дамыту үшін бізге біраз ілкімді істер атқару керек. Ғылыми шешімдер мен жаңа ашуларға тұратын жаңалықтар енгізу керек деген ой түйдім. Оны алдағы жылдарда бірге жасармыз.
 Өңірдің саяси-географиясы да ерекшеліктерге толы. Осы бағытты кешенді зерттеу керек деген де жоспар бар. Университетіміздің базасында тындырымды істер атқаруға болады. Себебі, оқу орнының басшылығы ғылым мен технологияға барынша жағдай жасаған. Оның үстіне, әлемнің ең озық деген университеттері және ғылыми орталықтарымен тығыз байланыс орнатқан. Сондықтан, бұл жағы өте қолайлы.
Президент Қасым -Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім саласына ерекше көңіл бөлетінін бірнеше рет айтты. Ондағы мақсат – ел жастарының кемел келешегін қамтамасыз ету. Елдің қуатты экономика, әлеуметтік дамуына жол ашу, барлық саланың тынысын кеңейту. Осы мүмкіндікті бүгінгі жастар тиімді пайдалануы керек деп ойлаймын. Оған біздің материалдық та, интеллектуалдық та әлеуетіміз жетеді.
 Құрметті әріптес, қадірлі менің ұстаздарым! Сіздерге ғылым жолындағы жанашырлық пейілдеріңіз бен рухани қолдауларыңыз үшін алғысымды білдіремін. Мына індеттен аман шығып, бұрынғыдай жайма-шуақ күнімізге оралуды жазсын!
 А.Б.Ертілеуова, Yessenov University экономика ғылымдарының магистрі

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0