Қазақтелеком: кеңіген көкжиек немесе талдан түсер кез келді…

Қазақтелеком: кеңіген көкжиек немесе талдан түсер кез келді…

Еліміздегі ең іргелі телекоммуникациялық компания – «Қазақтелеком» екендігі белгілі. Қазіргі күні бұл компания күнделікті қоғамдық өмірдің сан-саласына еніп кеткен. 20 мыңнан астам қызметкерлері, жұмысшылары бар ірі компания. Жанама түрде алғанда, кемі 60-80 адамның әлеуметтік-тұрмыстық өміріне тікелей әсер етіп отыр. Бұл жағынан алғанда, Қазатомөнеркәсіппен шамалас. Стратегиялық тұрғыда да орны айрықша.

Технологиялық жаңарған қоғамда Қазақтелекомның өзіндік үлесі бар. Бұл мақалада біз осы компанияның өткені мен бүгініне және ертеңіне тоқталамыз.

Телекоммуникацияның тарихы тереңде

                                                             

Адамзат көнеден бері саяси да, экономикалық та, тіпті күнделікті тұрмыстық негізде де елдер мен жекелей қарым-қатынасты жақсарту үшін тиімді тетіктер іздеген. Уақыт ұту не қауіпсіздік жағынан ұтымды әдістер қашанда маңызды болған. Атқа мінген жаңалықтың жаршысынан пошташы құсқа дейін әлемдік телекоммуникацияның даму тарихының өзіндік бір бөлшегі. Десек те, қазіргі сипаттағы телекоммуникациялық байланыс дегенде адамзат алдында С. Морзе, Т. Эдисон, П. Шиллинг т.б. қайраткерлердің еңбегі зор.

Біздің елдегі телекоммуникациялық технологияның бастауы іспеттес кезең – XIX ғасырдың 60 жж. Сол кезде Верный (қазіргі Алматы) мен Бішкек қалаларын байланыстырған телеграф болған.

Елімізде телеграфпен қатарласа, телефон байланысы да дами бастады. Бірақ, қазіргі күнмен салыстыруға келмейтіні анық. Тіпті өткен ғасырдың 90жж басымен де. Мәселен, осыдан бір ғасырдан аса уақыт бұрын еліміздегі телефон абоненттерінің саны 1000ға да жетпеген. Ал, 1990-жылы 1 250 000 болған еді.

Десек те, қазіргі кезең үй телефонын сонша қажет етпейді. Соңғы 10-15 жылда әлемдік телекоммуникация саласында үлкен технологиялық төңкеріс болды. Ғылыми-­техникалық, технологиялық жаңғыруға ілесу не құру – басқа жол жоқ. Сыртқы да, ішкі дамуға ілесу – ұлттық телекоммуникация саласы ғана емес тұтастай еліміз үшін маңызды.

Телефон кабинасынан мобильді байланысқа дейін…

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары үй телефоны орнатылмаған жұрт қалаға қоңырау шалу үшін Қазақтелекомға баратын. Сонда арнайы тапсырыс беретін. Сосын босаған сөйлесу кабинасына барып, анау­мынау әңгімеңді тапсырыс уақытына сыйдырып айтып үлгіруің тиіс.

Таксофон ше?.. Қоғамдық телефон. Әдетте көше бойына, қоғамдық орындардың айналасына қойылатын. Аузы-­аузына жұқпай сөйлейтіндер болмаса, сәлемдесудің айналасында картаңдағы ақша да түгесіліп қалатын. Қазір бұл – тарих. Өткеннің көшінде.

Қазір басқа операторларға 120-200 минуттық тегін қоңырау шалуы бар, өз ішінде пәленбай SMS пен қоса 10-20 Гбайтты интернеті бар пакеттер көпке қолжетімді. Бұрын кей мобильді оператордың 1 минуттық қоңырауға 60 тг дейін алған кезі болған.

Бәсекелестік, нарық үшін кәсіби жарыс осындай үлкен өзгерістерге жетелеуде. Қазақтелеком қазір «Кселлдің» 75%, ал, Теле2/Алтел мобильді операторының 100% иесі. Бұл монополиялық тоқмейілсуге емес, керісінше, үлкен жауапкершілікке қоса, басқа да елдің нарық алаңына шығуына мүмкіндік ретінде пайдаланылса игі. Әрине, бірінші өз елімізді барынша жоғары деңгейде қамтамасыз ете отырып…

Қазақтелеком – стратегиялық сала

                                                         

Стратегиялық сала – мемлекеттік назарда тұруы тиіс. Акциялық үлес негізінде де. Сондықтан да «Қазақтелеком» компаниясының 51% акциясы «Самұрық­-Қазына» ҰӘҚ АҚ арқылы мемлекеттік бақылауда. Бұл жай акциялар саны 10 922 876 болса, соның 5 570 668і деген сөз.

Былтыр акциялары IPO-ға шығатыны айтылды. Дегенмен, алдағы уақытта жай акциялары қарапайым халық белсенді араласатындай түсінікті деңгейде болса дейміз. Жәй арифметикаға салайық. Биыл жазда 1 акция құны 24000-28000 аралығында болған. Орташа – 26 мың теңге. Демек, 100 акция пакетін 2,6 млн теңгеге сатып алуға болады дейік. Былтыр компания 60 миллиард теңгеге жуық таза пайда тапқан екен. Осыдан дивиденд ретінде 2000 теңгеден бөлсе, 21 845 752 000 тг кетеді. 100 акция пакеті бар адамға 200 мың теңге. Енді қарапайым адам банкке депозитке салсам ше деп ойлауы мүмкін. Олай болса, мұны да есептеп, салыстырайық. Банк депозитін ұлттық валютада 9% деп алсақ. Жылына 234 мың теңгеге өседі екен. Әрине, біріншісінің стратегиялық басымдығы зор. Бірақ, барлығы солай ойлай бере ме?..

Әрине, халықтың жаппай биржа қуып, «көбік» экономика тууына, өсуіне әкелмейтіндей деңгейде ұлттық компанияда үлесі болса, бұл да бір жақсы нышан. Тек тағы да қайталай жазайын, биржа қумай. Өткен ғасырда АҚШ-та болған «Ұлы депрессия» алдында 15-25 миллиондай америкалық биржашыл болып кеткен делінеді. Бұл да экономикасына өзіндік соққы болып тигені белгілі.

Сонымен қатар,соғыс кезінде байланыс торабын басып алуға ұмтылуы тегін емес екендігі белгілі жәйт. Ал, қазіргі таңда аталған ұлттық компания ұялы байланыс нарығында өзіндік ықпалға (Теле2/Алтел, kcell) ие болуы – сол себеппен де сабақтасса керек. Мәселен, былтырдан бастап «Қазақтелеком» Теле2/Алтел мобильді операторының 100% иесі.

Қоса кететін жәйт, Теле2 мобильді операторы «Қазақтелекомға» өткен кейін тұтынушылармен байланысын нашарлатып алмауы. Себебі, бұл мобильді оператор елімізде осы салада тұтынушылардың көбісіне тартымды, қолжетімді баға ұсына отырып, нарықта өз орнын тауып қойған. Әрі бәсекелестіктің артуына, тиісінше, сапаның жоғарылауына себеп болған еді.

Қаржылық қуаты

                                                             

Егер есепке салсақ, ұлттық компанияның қаржылық жағдайы да салыстырмалы түрде тұрақты. Былтыр түсім 420 млрд. теңгеден асып, таза пайдасы 60 миллиард тг жуықтапты. Әрине, бұл өсімде Теле2-ні өз құрамына алуының да үлесі бар. Биылға аяқ алысы да жақсы. Мәселен, жартыжылдық қорытындысына сәйкес, жалпы түсім 245 млрд теңге болған. Бұл былтырғы сондай кезеңмен салыстырғанда, 36%-ке көп. Жартыжылдықтағы таза пайда 30,8 млрд тг болған. Бұл былтырғы сондай уақытпен салыстырғандағыдан 11,3 млрд. теңгеге немесе 58%-ке артық. Пандемия салдарынан көптеген ірілі-ұсақты компаниялар құлдырап, амал таба алмай аңтарылып қалғанда бұл жаман көрсеткіш емес.

Басқарма төрағасы Қ. Есекеевтің сөзінше, Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі «BBВ-» деген баға беріпті. Бұл қарыз қайтара алатын қауқары бар, төлем қабілеті жақсы дегенді білдіреді. Тағы бір қоса кететін жәйт. Аталған компанияның бас қаржылық директоры А. Узбековтің сөзіне қарағанда, шетелдік валютада алынған қарызы жоқ.

Жаңа технология немесе талдан түсер кез келді

                                                         

Қаладан шыға бере, тіпті шет ауданында да ұялы байланыс желісінің не интернеттің нашар тартатыны көріп жүрген дүние. Ауылда болса, байланыс нашарласа, интернет кетіп бара жатса, «тал қармау», шатырға шығу «операциялары» – үйреншікті көрініс болып кеткен. Осы мәселе алдағы уақытта шешілмек. Талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) тарту арқылы ғой. Әлем бойынша ТОБЖ қолданыста көптен бері бар. Континенттер арасындағы ақпарат алмасу негізінен осы суасты талшықты-оптикалық кабельдер арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта Тынық және Атлант мұхиттарының астымен талшықты-оптикалық кабельдер тартылып, бүкіл әлем дерлік сондай байланыс жүйелері желісінде. Бұрын жаппай дерлік қолданылып келген мыс кабельдерді, сымдарды біздің ел де ТОБЖ-­ға қарқынды ауыстыруда.

Ауылға қайта оралайық. Талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарын іске асыру 2018-жылы басталған. Жоcпарға сәйкес, 14514 шақырым желі тартылуы тиіс. Сол арқылы 828 ауылға жоғары жылдамдықты интернетті жеткізілмек екен. Қазіргі таңда 13 000 шақырымнан аса желі тартылған. Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Алматы, Солтүстік Қазақстан – 12 облысқа жоспарланған жұмыс аяқталыпты. Ендігі қалған екі облысты жыл соңына де бітірмек.

«250+» жобасы да ауылға арналған. Таяуда еліміздің ірі үш ұялы байланыс операторлары ауылға интернет жеткізу үшін өзара келісім-шартқа қол қойды. «250+» дегеніміз – ауылдағы тұрғын санын білдіреді. Осы жоба аясында 1000дай ауыл жоғары жылдамдықтағы интернетке қолы жетпек. Осылайша, бұған дейінгіні қосқанда, барлығы шамамен 2000 ауыл қамтылмақ екен. Өткен ғасырдың өзінде австралиялық шопандардың таяғына дейін радиоқабылдағышпен жабдықталған делінетін. Енді біздің елдің ауылдарындағы шаруалар ұялы байланысы жақсы, жоғары жылдамдықтағы интернетті емін-еркін пайдаланатындай деңгейге жетсе дейміз.

Бірыңғай жеке компаниялардың мұндай жобаны іске асыруға тәуекел етуі екіталай. Себебі, интернет бағасы қаламен бірдей болмақ, әрі салынған қаржы 35 жылдан кейін барып өз-өзін ақтайтын көрінеді.

Қазақтелеком көлеңкелі экономиканы жарыққа шығаруда да әрекет етуде. Осы жақында тауарларды таңбалау мәселесі тағы көтерілді. Мақсат сол арқылы көлеңкелі экономика көлемін азайту. Техникалық жауапкершілік «Қазақтелеком» мойнында. Тауарларды таңбалау жүйесі ойдағыдай жүзеге асса, 2025-жылға қарай көлеңкелі экономика 50% -ке қысқармақ екен. Бюджеттің кірісі 58,4 миллиардқа, ал, кәсіпкерлердің қалтасы 336,5 млрд теңгеге дейін қалыңдауы мүмкін.

5G – интернеттің әзіргі шыңы. Бұл сынақ түрінде Нұр-­Сұлтанда, Алматыда өтті. Астана экономикалық форумы аясында өткен сынақта бір құрылғы 1,5 Гбит/c тартты. Бұл анау-мынау киноны 1 секундта көшіріп береді, тасымалдайды деген сөз. Компания алдағы уақытта 5G-ді 4G негізінде емес, жаңадан құруды жоспарлап отыр. Ойдағыдай өтсе, 2022-жылы тұтас ел пайдаланбақ.

Қазақтелеком түрлі коммуникация бойынша ел ішіндегі нарықта үлкен басымдықта тұрғанымен, босаңсымауы қажет. Себебі, әлемде технологиялық үдеріс жедел жүруде. Бір ғана мысал. «SpaceX» компаниясының басшысы, әйгілі миллиардер – Илон Маск. Ол алдыңғы жылы Жер жүзін тегін интернетпен қамтамасыз ету туралы ауқымды ойын жариялағаны белгілі. Бұл қаншалықты мүмкін? Мұндай жағдайда Қазақтелекомның халі қандай болмақ? Интернет қызметі арқылы миллиардтап түсім алып отырған.

И. Маск интернеті Жер жүзін қамту үшін 12 000дай Жер серігі Көкте айналып жүруі керек екен. Қазір осы мақсатта Starlink атты 893 Жер серігін ұшыртып, орбитаны айналдыртып қойған. Демек, мақсаттағы Жер серігінің 10%-іне де жетпейді немесе әзір мүмкін емес. Мұның үстіне қазіргі кезде АҚШ-қа сынақ ретінде енгізіліп отырған Илонның лимитсіз интернетінің құны айына $99 тұрады екен. Жылдамдығы да жоғары емес: шамамен 100 Мб/сек екен. Бұл жағдайда қазір тегін интернеттің исін шығара алмайтындай. Дегенмен, ол осы бағытқа қадам басты. Анау­-мынау бір мемлекет іске асыруға дәті бармайтын. Сондықтан әлем миллиардерлерінің үштігіне (уақытша болсын) еніп үлгірген Илон интернетті тегін Илтернетке айналдырса, жағдайдың не болатынына балама жоспар дайын болғаны жөнірек секілді…

P.S. «Қазақтелеком» карантин кезінде көптеген қызмет ұсынды. Мұның ішінде, SIM картаны үйге әкеп беруден бастап, коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген 5000 медициналық қызметкерге ұялы байланыс, интернет тегін болғаны бар. «Smart қала» секілді т.б. жоба да қадам басуда.  

 Дегенмен, осыншалықты дайын нарығы мен адами капиталы, техникалық мүмкіндігі зор компаниядан әлі де жоғары жетістіктер күтеміз. Мәселен, 2011-жылы ашылған KAZ.kz ақпараттық іздеу жүйесін алайық. Кішкентай «Google». Бәлкім, дамыта бергенде, қазір өзін-­өзі ақтап қана қоймай, пайдаға шыққан жоба болар ма еді… Сондай жоба – Google, қазір қандай биікке көтерілді?.. Капиталдану көлемі биыл жыл басында $1 триллионнан асты. Жер жүзі бойынша ақпараттық іздеу нарығының 60%-тен астамы осы компанияға тиесілі болатындай деңгейге жетті. Былтыр $33 миллиардтай таза пайда тапқан.    

 Сондықтан әлеуетті компания – «Қазақтелеком» алдағы уақытта экономикадағы орнын да үлкейте түссе дейміз…    

ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ жалпы МӘЛІМЕТ

  • 1994-жылдың 17-маусымында құрылған;
  • 1994ж. «Қазақтелеком» АҚ-ының еншілес компаниясы «Алтел» құрылды;
  • 1998ж. GSM Kazakhstan, қазіргі «Кселл» құрылған. «Қазақтелеком» мұның 75% акциясына ие;
  • Жай акциялар саны – 10 922 876, соның 5 570 668і «Самұрық­-Қазына» ҰӘҚ АҚ­-ында;
  • Акция пакетінің 51%-­і «Самұрық­-Қазына» ҰӘҚ АҚ-­ында;
  • «Қазақтелеком» Теле2/Алтел мобильді операторының 100% иесі;
  • Ұялы байланыс нарығының 61%-і тиесілі;
  • Ақылы теленарықтың 35%-іне ие;
  • Акцияның орташа бағасы 26 000 тг;
  • «Қазақтелеком» құны $1, 353 миллиард;
  • 2018ж. «Кселлдің» 75% акциясын сатып алды;
  • 2019ж. Түсім 420 млрд. теңгеден асты;
  • 2019ж. Таза пайда ≈60 млрд. тг;
  • 2020 ж. Тұрғындары 250ден асатын 1000ға жуық ауылға ұялы байланыс орнатылады;

     ● 2020ж. I­жартыжылдықтағы түсім 245 млрд. теңгеге жетті

 Құрманғали Нұрғали, журналист

 Фотолар интернеттен алынды

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0