Мемлекеттік тілді Тәуелсіздік менталитетіне айналдырмай, іс бітпейді

Мемлекеттік тілді Тәуелсіздік менталитетіне айналдырмай, іс бітпейді

Соңғы уақытта қайтадан ресейлік БАҚ-тардың Қазақстандағы орыс тіліне қатысты қалам тартуы, Ресей билігінің араласуы артты.  Әрине, ерік өздерінде. Десек те, мұның ішінде Мемдума депутаттары, атқарушы органдарымен қатар, RT, «Московский комсомолец» т.б. секілді Ресей идеологиясының күзетшісі, насихатшысына айналған БАҚ-тар да бар. Сөзді қыздыруға негіз болған «Тіл майданы» оқиғасынан бастап, Мәжіліс депутаты Б. Әбдіғалидің сөзімен қатар, таксист қазақтың орысша сөйлеймін деп қызылкеңірдек болуы т.б.

Таяуда бір ресейлік журналист астанаға келіп, қаланы аралай келе, орыстардың азайғанына қынжылыпты. Бірақ, қазақтардың арасында ресми тіл әжептәуір қолданыста деген ой түйеді. Әрі бұл тақырыпты Тәуелсіз елдің өзі шешетінін де қосып қойыпты.

“Жұмсақ күш” деді ғой. Сол “жұмсаққа” әкімшілік әдістің нәтижесінде орыстардың домбыра тартып тұрған немесе қазақ тілінде сөйлетіп қоюы да жатса, олай болса, мемлекеттік тіл өз мәртебесіне жақында жетпейтіндей. Себебі, ондайда жасандылық болмай тұрмайды. Мемлекеттік тілдің қорғанысы мен қолданысы қоғамнан орын табуы тиіс. Мәселен, өткендегі қазақ таксист кісінің орыс тілін қорғаштай сөйлеуіндей. Такси оқиғасы мемлекеттік тілге деген қоғамдық көзқарастың қандай екендігінен белгілі бір сыр шертеді.

«Стокгольм синдромы» немесе қазақтар жаппай неге мемлекеттік тілде сөйлемейді?..

 Біздің елдегі қазақтардың мемлекеттік тілді біле тұра, орысша сөйлесу, сөйлеу үрдісі «Стокгольм синдромы» сияқты. Қазақша білгісі келмейтін, ресми тіл дегенде, кесе көлденең жатып алып қорғайтын қазақтардың әрекеті де соған ұқсайды. Олар бұл әрекеті арқылы Қазақстанның бейбіт те, берекелі дамуына өзіндік зиян тигізуде екенін біле ме? Мәселен, тек қазақ тілін ғана білетін адам әлдебір жұмысқа орналасқысы келді делік. Бірақ, қызмет ортасы орыстілді болып шығады. Әрі жұмыс талабында да ресми тілді білуі тиіс деп қойған. Мұндай жағдайда оның да құқығы бұзылатыны анық. Ол қытайша не немісше сөйлеп тұрған жоқ, мемлекеттік тілде сайрауда. Бірақ, жұмысқа алмайды не кедергісі тиеді. Содан орыс тілін білмейтін адамның бойында реніш пайда болады, ыза кернейді. Осылай өрши келе ұлтаралық араздық тудыратын қадамдарға барса, мұнысы қай саясаттың кесірінен туған жанжал болады?..

Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да, орыс тілін білмесең, жеке саланы былай қойғанда, кей мемлекеттік мекемелерге де жұмысқа тұра алмайсың не алдыңнан кедергі болып шығады. Егемен санайтын елге осы жарасатын көрініс пе? Қазақстаннан басқа қазақ тілінің кең тыныстайтын жері жоқ. Ұрпақтан ұрпаққа ұлттық рухани код ретінде қалуға тиіс құндылықтардың бірі өз елінде өркен жаймағанда, қайда барады?..

Көрші ел көрінген тілді қорғамайды…

 Ресей билігі орыс тілін қалай қорғайды?! Шімірікпей Тәуелсіз елдің үстінен сөзін жүргізгісі келеді. Саяси рең бере қарайды. Әлем бойынша ондыққа енетін орыс тіліне осынша мән береді. Бұрынғыдай емес, қолданысы тарылды деп алаңдайды. Азайғандағысы әртүрлі дерекке сәйкес, 300 не 260 миллиондай орыстілділер. Бүкіл Қазақстан халқынан шамамен 14-15 есе көп! Ресей президенті В. Путин, үкіметіне орыс тілін шетелде қолдау әрі дамыту бойынша тапсырма бергені белгілі. Өз елінде орыс тілінің мәселесі жоқ, соған қанағат қылмай, сыртқы да ықпалын сақтауға ұмтылуда.

Олай болса, біздің елдікі не жәйбарақаттық?.. Қайдан шыққан теңдігі жоқ «кеңдік»? Бар болғаны, мемлекетімізде 13 миллионнан аса қазақ тұрады. Олардың барлығы ана тілін тегіс білмейді. Қалған 6 миллиондай диаспоралардың көбісі мемлекеттік тілді білмейтіні және белгілі.

Өкінішті-ақ еліміз уақыт жіберіп алды. Дәлірегі, үкімет. Әйтпесе, осыдан он жыл бұрынғы сол кездегі президент Н. Назарбаевтың Жолдауы сөз жүзінде қалмағанында, 95% қазақстандықтар мемлекеттік тілді игеріп шығар еді.

Енді қайтеміз? Соңғы уақытта Қазақстандағы орыстілділерге Ресейдің «алаңдауы» жиіледі. Мемлекеттік тілді білуі тиіс деп ұят жақтан қарамайды. Қолтығына су бүркігендей амалға, біздегі орыстілділер де сүйеніп, ресейлік тарапқа қарап, әлдебір мұңын шағуы да артқан секілді. Қазақстан мемлекеттік тілге қатысты тиісті қадамға бара қалса болды, Ресей билігі ақпарат құралдарымен қоса, біздің елді жау секілді қарайды. Саяси жағынан ілік іздеуде. Содан да болар, Қазақстан президенті қазақ және орыс тілдеріне қатысты бір-екі жылдың өзінде бірнеше рет пікір білдірді.

Бірақ, Тәуелсіздігіне 30 жыл толған мемлекет үшін бұл ұят көрініс, әрі мемлекет қауіпсіздігіне де сын. Қайсыбір жолы ресейлік БАҚ Қазақстандағы орыстілділер біріксе, саяси күш деп іріткі салғандай жазды. Бір жағы, өкінішке қарай, сөзінде белгілі бір шындық бар. Егер, орыс тілінің қоғамдағы орнына байланысты қарасақ, әрі Ресейдің ішкі іске шіміріпей араласатынын ескерсек.

Қалай дегенмен Қазақстан батыл қадамға ашық та жабық бара беруі тиіс. Себебі, бұл елдікті бекітетін маңызды бір жол.

Латын қарпі туралы немесе 5 миллиардтың қатарына енеміз

 Қазақ тілінің кириллицадан латын қарпіне көшуі қысқа мерзімде бітпейтіні белгілі. Бұл – тарихи үдеріс. Қазақ өзінің фонетикасынан тайып кетті. Ұлтымыздың тіл табиғаты славяндық, дәлірегі, орыс тілінің заңдылықтарын қабылдады. Бірнеше ұрпақтың бойына сіңді. Мұның сыртында орыстанғаны, басқасы бар, көптеген қазағымыз да бірден жұмылып, күш алып кетеді дей алмаймыз.

Сондықтан, әрине, енді оңай емес. Десек те, өз тіліміздің табиғатын қалпына келтіруіміз қажет. Ұлттың осы бір ұлы мұратына жетуінде латын қарпі өзінің тарихи қызметін атқармақ. Латын – әлемдік деңгейдегі қаріптердің бірі ғана емес, ең басында тұр: 5 миллиардтай адам қолданады екен. Кириллица жазуында шамамен 250 млн адам бар. Төмендегі диаграммаға қарасаңыз, көзіңіз жете түседі.

20220814_134619.jpg

Әрі түркітілдес мемлекеттердің Қазақстан мен Қырғызстаннан басқасы осы қаріпте. Тіпті Украина да латын қарпіне көшуді әлсін-әлсін көтеріп келеді. Қызық болғанда, кейбір маңдайшаларда орыс сөздерін латынша қаріпте жазу да қылаң беруде. Әрине, біз солай екен деп үстірт шешіммен жаңа қаріпке көше салмай, әбден екшеп, қазақ тілінің табиғатын толық әкелу үшін пайдаланамыз деп ойлаймын…

Уақытында Сенат төрағасы болған салмақты саясаткер Ө. Байгелді ағаға мемлекеттік тілге қатысты бірнеше сұрақ қойған едім. Соны қаз-қалпында ұсынсам…

– Кезінде сенат төрағасы болдыңыз ғой. Сол кезде ерекше есте қалған, қызу талқыға түскен заң жобасын атайсыз ба?

– Тіл туралы заң ең ауыры болды. Тілді қорғамайды, басқа деп қамшылап жатты ғой. Қорғау керек, бірақ, шарт кететін жерге де бармау қажет. Міне, Украина шарт кетті… Қайшылық осыдан басталған. Бізде де ұйымдастырушылар болды. Жасырын ұйымдастырушылар. Түнімен жұмыс істеп, қаржы, қару береміз шығыңдар деп. Біз соларға мұрша бермеуіміз керек болды. Сөйтіп, ақырындап иә, жөндейміз деп уақыт ұту керек болды. Соны өте ауыр қабылдадық. Айтыс болды. Бейбітшілік пен егемендікті сақтау үшін. Тепе-­теңдікті бұзып алмау үшін.

– Қазіргі таңда қазақ ұлтының үлесі сол кезбен салыстырғанда әжептәуір артты ғой. Олай болса, мемлекеттік тілдің мәртебесін іс жүзінде көтеруге не кедергі?..

– Мемлекеттік тілдің мәртебесін басқа әдіспен көтеру керек. Шулатпай, даңғаза қылмай. Мысалы, үн-­түнсіз латын тіліне көшу керек. Осыған үндеушілердің бірі мен едім. Бізде латын қарпі болған, бұрынғы жолымыз деп тым-тырыс соған көшіп алыңдар деймін.

– Қарсылар Өзбекстан, Әзірбайжанды мысал қылады…

– Одан қорықпау қажет. Орыс тілін тастап латын қарпіне неге өтесіңдер, келешектеріңнен айырыласыңдар дейтін орыстарға да айтып жүремін. Оларға: сендердің жаның ашымасын, кириллица да орыс қарпі емес деймін.

Мысалы, Армения, Грузия өздерінің атамзаманғы қарпін сақтап қалды. Сталин отырды, Грузияға кириллицаны бермеді. Микоян отырды, Арменияға да солай етті. Егер, кириллицадан кетушілер далада қалып қоятын болса, неге солардан шыққан (Армения, Грузия – Қ.Н.) академиктер мен профессорлар орыстардан көп?

Сондықтан әңгіме халықтың басында. Интелектісінде. Болмысында. Біздің табиғатымыз латын әрпімен байланысты. Орыс әрпінде қалсақ, орысша өмірдің де ауқымынан шықпаймыз: арақ ішу, жуу, қазақ болмысына қиғаш өмір-салт т.б.

Латын қарпіне батыл түрде көшу керек.

Әлем елдеріндегі тілдің заңмен бекітілген орны немесе біздікі қай жол?..

 Қай елдің болмасын, сыртқы және ішкі қарым-қатынасында өзіндік басымдығы байқалатын тілдер бар. Мына кестеде соған сай біршамасы жіктеліп берілген.

Әр мемлекеттегі тілдің мәртебесі, қолданыс жүйесі туралы

Конституциямен, арнайы заңмен мемлекеттік тіл мәртебесін бекіткен елдер Конституциямен, арнайы заңмен мемлекеттік тіл мәртебесін бекіткен елдер Мемлекеттік

тіл мәртебесін Заңмен бекітпеген елдер

Заңмен

мемлекеттік тіл мәртебесін бекіткен елдер

Монотілді жүйе

Екітілді жүйе

Екітілді жүйе

Политілді жүйе

 Франция, Украина  Қазақстан, Қырғызстан  Ирландия, Кипр  Бельгия, Швейцария

Қазақстан осылардың ішінде Конституциямен де, арнайы заңмен де мемлекеттік тіл мәртебесін бекіткен елдердің қатарына жатады. Біздің мемлекетте Бельгия, Швейцария секілді қазақшадан бөлек басқа тілге де басымдық берейік дейтін азаматтар кездеседі. Дегенмен аталған мемлекеттерде демократиялық саяси жүйе орныққан. Орыстілділердің құқығын қорғағандай болып, ел ішіне іріткі салғысы келетін ұрдажық, әлімжеттік саясаты бар сыртқы мемлекет жоқ. Жан-жағы өркениетті түсініктегі, демократиялы елдер.

Олай болса, біздің мемлекет жағдайында қазақ тілінің орнын зор ету, қоғамның сан-саласына әбден енгізу тіпті маңызды. Қоғамдық қажеттілігі жоғары тіл өшпейді. Бұл үшін апат не арнайы геноцид ұйымдастырмаса. Мемлекеттік тіл қоғамға әбден сіңгенде, Конституцияға да өзгеріс енгізуге табиғи мүмкіндік туады. Бұл – ресми тілді алып тастау.

Дегенмен қазіргі нақты жағдай қандай? Бүгінгі күні ресми тілді Конституциядан алып тастау қажет деушілер де бар. Алсақ, әрине, мемлекеттік тілге әсер етеді. Божко секілділер айтты ғой, орыс тілінің конституциялық мәртебесі бар, яғни, заңды бұзбау қажет дегендей. Әлбетте, заңды сақтаған жөн. Ресейлік тараптан да Тіл туралы Заң Конституциядан жоғары емес дейтін «ақылгөй» қаламшылар шықты. Заң жағынан алғанда, Конституциядан ресми тіл алынса, олардың сүйенері қалмайды. Бірақ, мұндайда еліміздегі орыстілділер мен қазақтілділердің арасы радикалдануы әбден мүмкін. Мұны ішкі де сыртқы арампиғылды саясаткерсымақтар т.б. пайдаланып кетсе, қызық сонда болады. Төменде соңғы бірер айда ресейлік БАҚ-та шыққан материалдардың бірсыпырасы берілген.

  • Вытесняется естественным путем»: что происходит с русским языком в Казахстане gazeta.ru
  • В Казахстане националисты организовали «языковые патрули» lenta.ru
  • Кто дал отмашку на «окончательное решение русского вопроса» в КазахстанеEADaily
  • Невролог из Казахстана рассказала, как её заставили извиниться за речь на русском rt
  • В Казахстане отметили недопустимость ограничений по изучению русского языка Известия
  • В Госдуме рассказали о реакции России на национализм в Казахстане lenta.ru

Мында қойылмаған әлі қаншама материалдар бар. Ішінде арандататын, мемлекетаралық достық байқалмайтын сөздер аз емес. Тәуелсіздігіңді мойындағысы келмейтіні байқалады. Бұл көрші елдің дүниетанымы әлі өзгере қоймағанын, Тәуелсіздікке қызғана қарап, жығылсаң үстіңе мінуден тайынбайтынын көрсетеді.

Қазіргі Қазақстан амалдай отырып, мемлекеттік тілді дамытады. Ф. Эберт қоры мәліметіне қарағанда, елімізде қазақ тілін білетіндердің қарасы 39% екен. Ал, орысша білетіндер – 51% (бұдан да жоғары көрсетілген ақпарат бар). Амалдау дегеннің бір сыры осында. Үкімет уақыт жіберіп алғанын жоғарыда жаздық. Дегенмен, әрине, қазақ тілінің қолданысын кеңейте беру керек. Түрлі жолдармен.

Интернетте жиі қолданылатын тілдер

 Қазақ тілі деп еліміз маңызды да қажетті тілдерден теріс айналмасы белгілі. Бұл дұрыс та. Осыған қатысты ҚР президенті Қ. Тоқаев халыққа Жолдауында былай деген еді: «Жастарымыз өзге тілдерді, соның ішінде орыс тілін жетік меңгерсе, бұдан еш ұтылмайды». Ұтылмасын төмендегі статистика да қуаттай түседі. Мәселен, интернетте ең көп қолданылатын тілдердің шамамен 80%-і бар болғаны бес тілге тиесілі екен. Бірінші орында ағылшын, екіншіде орыс тілі тұр. Бестікте тіпті қытай тілі де жоқ.

Мемлекеттік тілді білу мен қолдану елімізде жаппай дерлік табиғи қалыпты жағдайға айналса, ағылшынша сайраудан саясат іздеудің керегі жоқ. Орыс тілі оңдырмайды деп те ешкім айтпаса керек. Себебі, білім іздеген, дамимын деген адамға екі тілдің де өзіндік маңызы бар. Әрине, ағылшын тілінің орны тіпті жоғары. Интернетте ғана емес, әлемнің тыныс-тіршілігін көремін, білім іздеп, ғылым қуамын, кәсіп дамытамын т.б.деушілерге де.

20211026_184447.jpg

Мемлекеттік тіл қолданысын кеңейту жолдары

 Қазақ тілі өзінің Отанында. Олай болса, мемлекеттік тіл қолданысын кеңейту жолдарын ұсынсам:

  •  Балабақшаның барлығын дерлік, кезең-кезеңімен мемлекеттік тілге көшіру. Оқу құралдарын қазақша ету. Орыс не басқа тілдегі балабақшаны қаласа, ақылы бөлім ретінде ашу. Ақылы бөлімнен түскен ақшаны қазақтілді балабақша сапасының артуына жұмсау;
  • Қазақстанға шетелдік балалар мультфильмдері мен көркем фильмдерінің барлығын мемлекеттік тілге аударып барып кіргізу. Қажетті тілді керек адамдар өздері аудартуы немесе субтитр арқылы. Кинотеатрларға да шарт қою;
  • Аралас мектептерді қазақ мектебіне айналдыру. Мұны да кезеңге бөліп. Мәселен, балабақшаларды бір уақыт бойы қазақтілді еткеннен кейін осыған жол ашылады. Мемлекеттік тілге сұраныс артуы арқылы. Әрі қарай орыс мектептеріне сұраныс төмендесе, соларды әуелі аралас, сосын қазақ мектебі ету;
  • LED экран не басқа да арқылы қоғамның көрнекі орындарына ауызекі тілдегі қазақша-орысша немесе қазақша-ағылшынша жеңіл сөйлемдер мен сөздерді қою. Мұны сосын тоқсан не ай сайын ауыстырып отыру;
  • Цифрлік технологияларды мемлекеттік тілдің жан-жақты дамуы үшін барынша пайдалану. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында ма, әлде жұмыс орнында, тіпті үйінде болсын жыл сайын қазақ тілінің базалық курсы негізінде республикалық бақылау тапсыру. Ешқандай көмексіз өзі ғана тапсыратындай етіп жасау. Бақылау ішіне сөйлеу шартын да қосу;
  • Облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларды мемлекеттік тілді меңгеруі бойынша жарыстыру. Жыл сайын. Озған өңірге, қалаға тілді дамыта түсу үшін қосымша қаржы бөлу. Ақша жетсе, бірнеше АЕК жалақыға үстеме беру;
  • Тірі зерттеу жүргізу. Адамдары қалың қоғамдық орындарда жарты жыл сайын сауалнама жасау. Мәселе неде екенін зерттеу. Сонымен қатар, әр ересек азамат өз еркімен барып сынақ тапсыру үшін, сондай жерлерде кішкене мемлекеттік тіл бөлімін ашып қойса. Алған ұпайына қарай, терминалдан ба сыйақы беруге болады. Жоғары сыйақыны төменгі жалақының жартысы көлемінде, бәлкім. Бұған айына әр адам бір рет қана қатысатындай шарт қойылса. Мұны да белгілі бір кезең ішінде жүргізуге болады;
  • Әдістемелік құралдарды жетілдіріп отыру. Заманауи технологиямен үндес ету. Мысалы, адамның қабылдауына ауыр емес жолдармен үйрету. Қызыға жүріп, ойнап та ойланып отырып санаға тілді сіңіретіндей оқыту технологиясын жасау.

Түйінсөз:

  • ҚР президенті Қ. Тоқаев былтырғы Жолдауында былай деген еді: «Болашағын Отанымызбен  байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс». Осыны іске асыру тетіктерін жасау, жүйесін қалыптастыру үкіметтің жауапкершілігінде. Ал, әрі қарай алып кету мен қадағалау «Елім» деген жұрттың мойнында.
  • Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік менталитетіне айналуы тиіс. Бұл біздің жағдайда елдің бір қауіптен құтылғанын білдіреді. Шүкір, қазақтардың саны биыл елдегі халықтың 70%-іне шықты. Жақсы-ақ белес. Тек, сол қалың қазақтың барлығы өз тілін білмейтіні өкінішті. Демек, мемлекеттік тілді өз биігіне жеткізу үшін әлі қайда, әжептәуір жұмыс атқару қажет. АҚШ-­та мемлекеттік тіл жоқ. Бірақ, сол елге барушы адам ағылшынша білуі тиіс екенін біледі. Біз де қазақ тілінің мәртебесін сондай деңгейге жеткізуіміз керек. Біздің елге келушілер мен тұрғындар үшін мемлекеттік тілді білу тіпті қалыпты жағдайға айналатындай деңгейге жеткізбей, бұл мәселе толық дерлік шешілмейді.  

 Түркі тілдерінің төрінде тұрсын, қазақ тілі! Әлем тілдерінің алдына шыққан тіл болсын! 

 Құрманғали Нұрғали, журналист

 Фото интернеттен алынды

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0