Ауыр өнеркәсіптің бірден-бір маңызды саласы – машина жасау, құрастыру ісі. Мемлекеттің ғылымдағы, техникадағы, технологиядағы орны қандай екенін көрсетіп тұратын сала.
Сондықтан да дамыған мемлекеттердің барлығы дерлік, машина жасауды экономикасының басты қуаттарының бірі деп қарайды. Көңілге демеу беретіні сол, қазақтың өндірістік қабілеті ашылып келеді. Десек те, әлемнің алдыңғы елдеріне қосылу үшін әлі едәуір еңбек керек.
Бұл саладағы еліміздің қазіргі жағдайы қандай? Қайдамыз? «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ атқарушы дирекциясының директоры Ержанов Өмірсерік Көзтайұлының жауабы бұған былай шықты…
– Машина жасаушылар одағының құрылу мақсаты, бүгінге дейінгі жетістіктерін айтып өтсеңіз…
– Иә, алдымен Одақ құрудағы түпкі мақсатымызға қысқаша тоқталған жөн болса керек. Машина жасаушылар одағы 2004ж. құрылған. Мақсат – отандық машина құрастыру саласын қолдау, әрі дамыту. Осы саладағы еліміздің кәсіпорындарын бір мүддеге – халық игілігіне жұмылдыру. Сондай-ақ, машина құрастыру саласын бәсекеге қабілетті ету және экспорттық әлеуетін арттыру үшін жұмыс істеудеміз.
Қазіргі таңда Одақ машина құрастыру мен металл өңдеумен айналысатын 694 кәсіпорынның басын біріктіріп отырған іргелі ұйым. Еліміздегі тиісті министрліктермен қатар, халықаралық бірлестіктер және өнеркәсіп орындарымен әріптестік байланыс орнатқан. Қазақстан бойынша, әр аймақта 18 өкілдігіміз бар.
Сонымен қатар, одақ жыл сайын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп Қазақстан машина жасаушыларының форумын және «Kazakhstan Machinery Fair» халықаралық көрмесін өткізеді. Форумның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне нақты ұсыныстар жолданады. Олар машина жасау саласын одан әрі дамыту бойынша стратегиялық маңызды міндеттерді орындауға қызмет етеді.
– Осы орайда мынадай сұрақ туып отыр. Одаққамүше болу кәсіпорынға не береді?
– Машина жасаушылар одағына кіре отырып, кәсіпорындардың біраз игіліктерге қолы жетеді. Мәселен, тауарларын кеңінен сатуға, заманауи дамуына көмектесеміз. Лизингтік қолдау, сынақ алаңдарын құру, В2В үлгісінде ірі тұтынушы компаниялармен кездесу ұйымдастыру, шетел нарығына шығуына, трансұлттық компанияға айналуына жәрдемдесу, ақпараттық кеңес беру сынды толып жатқан қызметтерге қолы жетеді.
– Отандық машина жасау саласының бүгінгі күйі қандай?
– Машина құрастыру – инновация драйвері ғой. Экономиканы әртараптандырудың, техникалық, технологиялық дамудың бір көрінісі. Қай елде болмасын солай.
Отандық машина жасау саласына келсек, әрине, бұл тек автокөлік өндіру не құрастырудан ғана тұрмайды. Бұл сала әртүрлі 37 құрылымды қамтиды. Оның ішінде электр жабдықтары, теміржол техникалары, мұнай-газ, тау-кен, ауылшаруашылығы т.с.с. бар. Ал, әлемде жүз шақты құрылымды біріктіріп отыр. Тұрмыстық техникалардан ғарыш аппараттарына дейін осы саламен байланысты.
Машина жасау – экономиканың күрделі де салмақты саласы. Мемлекеттің дамуы, өмір сапасының жақсаруы – осы саламен сабақтасып жатыр.
Елімізде де бұл сала ілгерілеу үстінде. Құрғақ сөз болмасын. Былтыр еліміз 3,8 млрд. АҚШ доллары көлемінде машина құрастыру өнімдерін экспорттады. Өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 15%-ға жетті. Машина құрастыру және металл өңдеуісіне салынған инвестиция көлемі 119 млрд. тг болды.
Бүгінгі күні машина құрастыру және металл өңдеу саласында 120 мыңдай адам жұмыс істеуде. Демек, отбасымен қоса есептесек, жүздеген мың адамның өміріне тікелей әсер етіп отыр.
– Саланың тиісті мамандармен қамтамасыз етілуі қандай? Тапшылық байқалмай ма?
– Өкінішке қарай, білікті мамандар жетісе бермейді. Кәсіби білімді, бойында өндірістік дағды қалыптасқан адамдардың тапшы екені байқалады. Болжамдарға қарағанда, 2024-2028жж. машина құрастыру саласындағы мамандар тапшылығы 7 мыңның үстіне шығады. Слесарь, дәнекерлеуші, инженер-механик, металл бұйымдарын өңдеу операторы т.б. мамандар керек. Өндірістік роботта да тапшылық бар.
Реті келгенде қоса кетейін. Кәсіби мамандарды даярлау жүйесі сын көтермейді. Мамандарға деген қажеттілікті зерттеуге арналған методология және методикалық база жетілдірілмеген. Оларды қайта даярлау, біліктілігін арттырудың құқықтық базасы да өзгерісті қажет етеді.
Техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындарының материалдық-техникалық базасы ескіргені де қосымша кедергі болып отыр. Дуалды білім беру де кең қолданыста емес. Сонымен қатар, жоғары және содан кейінгі білім беру бағдарламалары да жұмыс берушілердің талаптарына толық сәйкесе бермейді. Еңбек нарығындағы өзгерістерге бейім емес. Әлеуметтік әріптестік те жеткілікті деңгейде дамымаған. Қозғасаң, осылай кете береді.
Егер, өзара тығыз байланысып жатқан мәселелерді уақытында шешпесек, ушыға береді. Отандық машина құрастыру саласын ұзақмерзімді даму жолына түсіру үшін жүйелі түрде жұмыс істеу керек. Сонда барып, бұл саланың тынысы кеңінен ашыла түседі. Әрі қарай бүкіл елдің тұрмыс-тіршілігі жанданады.
– Еліміздегі машина жасау импорты шамамен $20 млрд. Зор сома. Импортқа осынша тәуелді болудың себебі неде?
– Қазіргі уақытта жабдықтардың тозу деңгейінің жоғары болуы өзекті мәселе болып отыр. Орташа алғанда, машина жасау саласындағы бұл көрсеткіш – шамамен 40%. Негізгі кәсіпорындардың жай-күйі айтарлықтай жаңғыртуды және реконструкциялауды талап етеді.
“Жығылғанға жұдырық” дегендей, жаңарту үшін алуға болатын банк кредиттерінің пайызы да жоғары. 20%-дан басталады. Машиналардың тозуы, басқа да себептер отандық өнімдердің өзіндік құнының артуына әкелуде. Мұның барлығы жиналып, бәсекеге қабілеттілікті төмендетеді.
Сол себепті шағын және орта бизнес үшін қаржыландыруды қолжетімді ету, сондай-ақ Өнеркәсіпті дамыту қорының желісі бойынша қаржыландыруға ерекше назар аударған жөн.
Бұдан бөлек, кооперациялық бағыт та баяу жылжуда. Ұлттық валюта бағамының өзгермелілігі де саланың жұмысына кедергі етуде.
– Машина жасау ісін дамытуға қатысты қандай жоспарлар бар?
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Машина құрастыруды дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Бұл 2024–2028жж. қамтымақ. Кеңінен зерттеле жасалған жоспар. Соған сай, 2028ж. таяу өндірістік өнімдерді 2,2, экспорт көлемін 2,9 есе арттыру көзделуде. Бұл еңбек өнімділігін 1,9 есе арттырады деген болжам бар.
Межеге жету үшін 2028ж. дейін құны 1,7 трлн теңге болатын 151 жобаны іске асыру қажет. Мұның негізінде 24 мың жұмыс орны ашылады.
Биыл 29 жоба бітеді деп отырмыз. Егер, барлығы жоспарға сай бітсе, жақын айларда тұрмыстық және ауыл шаруашылығы техникаларын өндіретін, лифт, бұрғылау мен жел электростанциясы қондырғыларын жасайтын өндіріс орындары іске қосылады. Бұған қоса, Changan, Haval, Chery и Exeed жеңіл автокөлік құрастыру зауыттарын салу да жүзеге аспақ.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбат алған: Құрманғали Қалмахан
ПІКІРЛЕР