Қазақстан дамыған елдерден кемі 40 жыл артта келеді немесе әлеуметтің қол жая беруінің сыры…

Қазақстан дамыған елдерден кемі 40 жыл артта келеді немесе әлеуметтің қол жая беруінің сыры…

Мемлекетіміз Тәуелсіздік алғанда, дербес ел ретінде тәжірибесі жоқ Қазақстан, экономикалық тұрғыда да абдырап, неден бастарын не ескі жолды қалай жалғарын білмей, ірілі-ұсақты түрлі қателікке ұрынғаны анық. Жетістік те болды, әрине. Абай атамыздың: «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» дегеніндей, әуелгі кей кемшілікке көз жұмуға болар, бәлкім. Десек те, кейінгісі соқпаққа түсіріп барады…

Осы сараптамалық мақалада экономиканың ұңғыл-­шұңғылына дейін жазбасақ та, еліміздің өткені мен қазіргі кейпін, құрғақ сөзбен емес, нақты мәліметтер арқылы талдап көрсетуге тырыстық… Елдің бүйірі толған-­толмағанын білдіретін негізгі көрсеткіштермен. Әрі әлеммен, сондағы бірқатар елдермен салыстыра…

Бұқараның киім мен азыққа жұмсаған ақшасы да елдегі әлеуметтік саясаттың қалай жүріп жатқанынан хабар береді. Қарапайым арифметика мен шартты мысалға салайық. Сапасы мен фирмасы бір шетелдік шалбар. Соны осыдан он жыл бұрын 10 мың теңгеге алдыңыз делік. Ал, осы уақыт аралығында ұлттық валютамыз АҚШ долларына шаққанда, үш еседен аса құнсызданды. Содан кемі 30 мыңнан сатылып жатыр дейік. Қазақстан халқының неше пайызы ойланбай осы бағада ала алады?.. Азыққа қатысты да солай. Он жыл бұрын қинала қоймай алып жүрген, әрі қажетті заттан ақшаны қыту – тұрмыс тауқыметін тарта бастаудың бір көрінісі…

70 мыңдық патриотизм…

 Қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігі қандай екендігінің бірден-бір ресми өлшемі – төменгі жалақы. Соңғы 10-11 жылда бұл жағы да оңбады. Былтыр президент халықтың жартысы айына 50 мың теңгеге қарап қалғанын айтты ғой. Бұл қалың жұрт жағдайының қақсыған үстіне қақсып бара жатқанының көрінісі. Әлеуметті әлсіретіп жатқан инфляция, девальвация және бар. Әділдік үшін…мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінің, полиция мен мемқызметкерлер жалақысы дүркін-дүркін өсіп жатыр. Бірақ, еліміз тек олардан ғана тұрмайды. Бармақтай Бельгияда бір сағат еңбекақы – 41,6 еуро. Демек, 4 сағатқа жетпейтін уақыт жұмыс істеп, Қазақстандағы бір айлықтан асатын төменгі жалақыны алуға болады! Қаншалықты артта қалғанымызды осының өзі көрсетіп тұр.​

Енді Еуроодақтың кей елдеріндегі төменгі жалақыны Қазақстанмен салыстырайық…

Screenshot_20231114_171107_Gallery.jpg

​ Биылғы төменгі жалақы 70 мың теңге екенін білеміз. Мұндай ақшаға азығын түгендей ме, денсаулықты күйттей ме? Киім алып жарытпайтынын былай қойғанда. Бүкіләлемдік банк өткен жылы Қазақстан халқының 15,5%-ы кедей деп мәлім етті. Бұл дегеніңіз елімізде 3 миллиондай адамның тұрмысы нашар екенін білдіреді.

Әлемдік кедейлік шегін алайық. Бүгінгі күні – 2,15 АҚШ доллары. Біздің ақшаға шақсақ, 1000 теңгені төңіректейді. Мәселен, отбасында бес (әке-шешесі және үш баласы бар) адам болса, күніне 5 мың теңгеден кем жұмсамауы тиіс. Ауылда да, қалада да. Қазақстандағы жанұялардың барлығы солай жұмсауға шамасы жетеді демес едім. Бір ғана мысал. Аягөздегі таяуда қайғылы оқиғаға ұшыраған отбасын алайық. Төрт баласы өрттен кететін. Әке-шешесін алғанда, отбасында 6 адам болған. Отағасының қолға тиетін жалақысы бар болғаны 80 мың тг, ал, әйелі сүт сатып, күніне 2-3 мың тауып отырған көрінеді. Мұндай отбасы елімізде біреу емес. Астанада қоғамдық автобустың әлдебір жүргізушісі жолаушылардың 30%-ы ғана жолақысын төлейтінін, жұрт жағдайы нашарлап кеткенін айтады. Аулындағы әлеуметтік жағдайды айтты. Оның сөзінше, бұрын 7 жүзден аса ірі қарасы бар өзіндік ауқатты ауылдың күні қазір 50 шақты сиырға қарап қалған. Бұл да ел тұрмысының бір көрінісі. Жалғастыра берсеңіз, мұндай мысалдар аз емес, күнді түнге, түнді күнге ұрасыз.

Ілгеріде Д. Назарбаева, сонау өткен ғасырдың 90жж. басында, жалақысы 200 АҚШ доллары болғанын айтып еді. Қазақстандағы төменгі жалақы келер жылы 80 мың теңгеге жетсе де, 200 АҚШ доллары болмайды. Бұқараның қайда келе жатқан­ын осыдан-ақ біле беріңіз. Дариға ханымның жалақысын, сөздің сыралғысы ретінде алып отырмын… Енді Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Г. Марченкоға келейік. Ол, қателеспесем, сол қызметте жүргенде, 2001ж. 1 млн теңгенің үстінде жалақы алғаны туралы жазылды. 1 миллион! Сол уақыттың өзінде. Елімізде орташа жалақы 400 мың тг де жетпегенін ескерсек, тұтастай Қазақстан қайда қалғанын аңғарыңыз.

Осы әлеуметтік деңгей әлем бойынша қазба байлыққа тым бай мемлекетке сай көрініс пе?! Сондай-ақ, 70 мың теңгеге қараған адамнан қандай патриотизм күтесіз?.. Кешегі тамыз соңына таяу Астанада өткен Тәжікстанның іс-шарасында алма, жүзім, қауын-қарбыз т.б. көрмегендей жұрт тарпа бас салып, сәл уақыт өтпей, жылан жалағандай етіп тастады ғой. 70 мыңдық “патриотизмнің” бір көрінісі осы болса керек. Назары аштары да бар болар, бәлкім. Десек те, бұл оқиға жұрт жағдайынан да хабар береді. Жоқ, бұл отаншыл қасиетті ақшаға байлап қою емес…

Жұртты 70-80 мың теңгеге қаратып қою – билік жұмысының да нәтижесі, басының бар жеткен жері шығар, бәлкім. Олардың өз халқына деген жанашырлық деңгейі де сол ақшаның айналасында. Өздері шалқып өмір сүруді біледі… Олай болса, қарапайым қалың жұртын, елін де сондай жарқын тіршілік кешуге неге жанкештілікпен сүйремейді?..

Әлеуметтік теңсіздік, ала-құла саясат, сауатсыз басқару т.б. адами келеңсіздік салдарынан туып отырғасын да, көзі ашық, елге жанашыр әрбір азаматты күйдіреді, кейітеді. Қаншама шенеунік отыз жылдан аса уақыттан бері кедейлікті жеңе алмаса да, мемлекеттік қызметте жүріп-ақ іріп-шіріген байға айналды. Өздері байлыққа кенеліп, қара халық кедейлік қамытынан шыға алмаса, демократиялы елде ондай шенеуніктерді түтіп жеп қояр еді. Мұның үстіне, Қазақстан осынша бай мемлекет. Әйтпесе, жауапты қызметтегі көптеген шенеуніктер де бір айлыққа қарап, бұқарадан сәл ілгері тіршілік кешіп жатса, бұлай демес едік. Құдай сақтасын, ел тұтастай қиындықта болса, басқаша демейміз бе…

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанның әлеуметтік өмірін де сараптаған шағын кітабым жарыққа шығып еді. Соны жазу барысында қызық мәліметке тап болдым. Мысалы төменде…

Screenshot_20231114_172535_Word.jpg

Аңғарған боларсыздар, 2016-2019жж. төменгі жалақы көлемі он жыл бұрынғымен шамалас. Бұдан да сорақысы, бертінгі уақытта тіпті он жыл алдындағы көрсеткіштен де құлдилай түседі.

Төменгі жалақының он жыл бұрынғы көрсеткішпен бір деңгейде дерлік тұруы – әлеуметтік саясаттың дұрыс жүрмегенін білдіреді. Әрі халық ішінде «Дай, дай» дей берушілер артуының бірден бір сыры осында…

Десек те, төменгі жалақыны бірден бірнеше есе көтеруді қолдамас едім. Осы күзде ғана, Мәжіліс депутаты төменгі жалақыны 300 мың тг дейін көтеруді ұсынды ғой. Тағы бір депутат таяуда 250 мың тг деп қалды. Содан жұрт ішінде кім жақсы?.. Солар, әрине… Қалың жұрттың қамын ойлағансып (?) сөйледі ғой. Десек те, бұл шаласауат, шикі де тұтастай елге қауіпті ұсыныс. Жә, Қазақстанда төменгі жалақыны 500 000 теңгеге жеткізетін не асыратындай уақыт өтті. Бұған еліміздің экономикалық қуаты жетеді не әлдеқайда асып кетеді. Бұл түсінікті Егер, еліміз жөнді саясатпен жүргенде солай болар ма еді…

Төменгі жалақыны бірден 300 мың тг ету дегеніміз, қазіргіден 4,3 еседей өсіруді білдіреді. Әрине, негізсіз осынша өсіру экономика заңына қайшы. Тіпті қисынсыз. Сонда да теориялық тұрғыда алып көрейік… Бірінші. Мемлекеттік бюджетте отырғандарды қоя тұрып, жеке компанияларды алсақ. Олар сондай жалақыны бірден қайдан тауып береді? Заттарын не қызмет көрсету ақысын өсіреді. Содан инфляцияның бір толқыны қолдан жасалады. Амал жоқ, бюджет ақшасына қарағандар сол қымбатқа көнеді. Себебі, басқа жол жоқ не тиімсіз. Сұраныс күрт кемісе ше?.. Жеке компаниялар бірінен соң бір банкрот болады. Көптеген адамды жұмыстан қысқару күтеді. Екіншіден, жалақыны осынша өсіру айыппұл көлемін де тиісінше көтеріп жібереді. Мәселен, әлдебір айыппұл бұрын 30 мың тг болса, енді 120 мың теңгенің үстіне шығады… Үшіншіден, нарықты шатастырады, шайқайды. Сұраныс пен ұсыныс салыстырмалы тепе-теңдігін тапқанша экономиканың тыныштығы қарапайым бұзылады. Төртіншіден, елдің жағдайы бұрынғыдан да нашарлауы ықтимал. Әлеуметтік шиеліністі күшейте түседі.

Тарихта жалақыны ессіз өсіре отырып, елдің әлеуметтік жағдайын күрт шешкісі келген мемлекеттер де бар. Ақырында оңбай опық жеген. Сондықтан жалақы көтеруде белгілі бір экономикалық шектен шықпаған жөнірек.

Дегенмен бір жәйтті қоса кеткім келеді. Естеріңізде болар, бірер ай бұрын ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі төменгі жалақыны медианды айлыққа қарап есептеу әдісі талқылауда екенін айтқаны. Халықаралық еңбек ұйымы да, соны, яғни Кейтц индексімен өлшеуді құп көреді. Соған орай, төменгі айлық
медианды жалақының 50%-ы болуы тиіс. Мысалы, үшінші тоқсанда еліміздегі медианды жалақы 230 924тг болды. Демек, төменгі жалақы кемі 115 000 тг болуы тиіс еді. Асылында, бұл әдіс өркениеттірек.
Миды ашытамыз, жұртты құтыртып аламыз деді ме, үкімет, әлде басқа себеп бар ма – не де болса да, ескі жолмен жүре салды. Сонымен келесі жылдан бастап, төменгі жалақы 85 мың тг…

 Еліміздегі орташа жалақымен орта тапқа зейнеткер болғанда жетуіңіз мүмкін…

 Біздің орта тап. Әдетте, орта тапқа үй­-жайы, автокөлігі, тұрақты орта табысы бар адамдар жатқызылады. Егер, осы өлшемге салсақ, біздің халықтың неше пайызы орта тапқа жатуы мүмкін?.. Себебі, экономикада орта тапқа қатысты, бүкіл елге ортақ, арнайы қаржылық стандарт жоқ.

Бірде АҚШ азаматынан өз елінде қандай автокөлік ескі саналатынын сұрағанмын. Сонда ол: 2-3 жыл болса – ескі саналады, – деді. Шыққанына сондай уақыт өткен автокөлікті, елімізде ескі деуге «қимайтыны» белгілі. Тіпті алғашқы иесінен немесе шетелден әкелген адамнан тікелей сатып алу бұйырса, бұл да бір жеке қуаныш. Арамыздағы орта тапқа қатысты тұрмыстық алшақтық тек мұнымен бітпейді. Мысалы, олардың орта табының арасынан осы жылы миллионерлер көптеп шыққан. Қазақстанда долларлы миллионердің орта таптан шығуы өте сирек. Жоғары жалақы алса да. Шағын кәсіппен айналысатындар арасында да, табысы анау-мынау жалақымен шамалас кәсіпкерлер аз емес. «Біздің орта тап» деп бөле қараудың бір сыры осында.

Олай болса, еліміздегі орташа жалақымен өзіміздің орта тапқа қосылу қаншалықты оңай, әлде қиын?.. Жәй ғана есепке салсақ. Биылғы III-­тоқсанда орташа жалақы 350 542тг болды. Жаңа жеңіл автокөлік бағасын 10 млн, ал, 2 бөлмелі пәтерді 25 миллион теңге (Астана және Алматы қалалары) тұрады деп алсақ. Жалпы сома – 35 млн теңге. Соған жету үшін, түртпей жинағанның өзінде, шамамен 100 ай немесе 8 жылдан аса уақыт кетеді екен! Жартысын қалдыра жинасаңыз – 16жыл! Сол уақыт бойы баға өзгермей, инфляция, девальвация т.б. болмаса игі, әйтпесе, тіпті алыстай түспек. Демек, еліміздегі орташа жалақы – орта таптың табысы бола алмайды.

Халықтың әжептәуір бөлігі тіпті сол орташа жалақыдан кемі 1,5-2 еседей төмен алады. Бұған бір ресми дәлел – медиандық жалақы. Осы үшінші тоқсанда бұл 230 924тг болған. Демек, елімізде жиі кездесетін айлық еңбекақы осының айналасында.

Назар аударарлық тағы бір жәйт. Мұнда да орташа жалақы көлемі, АҚШ долларына шаққанда, он жыл бұрынғы көрсеткішіне биыл жетіп отыр (жартыжылдық бойынша алғанда, орташа айлық еңбекақы алғаш рет 780 АҚШ валютасының үстіне шықты). Осыған дейінгі орташа жалақының жоғарысы, тәуелсіз еліміздің тарихында, 2013ж. тіркелген еді. Дегенмен жыл аяқталған жоқ. Сондай­-ақ қазан айы бойы 1 АҚШ доллары Қазақстан ақшасына шаққанда, 470 теңгеден түспегенін, әрі  III­-тоқсанда орташа жалақы көлемі азайғанын ескерсек, жартыжылдық көрсеткіші де өзгермек, яғни төмендейді. Бұл жерге он жыл ішінде АҚШ доллары да құнсызданғанын қоспадық…

Соңғы он жылдағы орташа жалақы көлеміне назар салып көрелік. Мұны да есепке салған едім.

Screenshot_20231114_172606_Word.jpg

Бұқараның қол жая беруінің бір сыры да осында, яғни орташа жалақы он жыл бұрынғыдан да төмен болып келген. Жылдар бойы.

Әрі қарай кеттік. Сонымен қатар, дамыған елдерде, әдетте, орташа мен төменгі жалақы арасы біздікіндей тым алшақ емес. Мәселен, Нидерландыны алайық. Бұл елде төменгі жалақы – 1934 еуро. Ал, орташа жалақы – 3086 еуро. Арасы 1,6 еседей. Жартыжылдық бойынша есептесек, біздің елде төменгіден орташа жалақы кемі 5 есе артық! Сондықтан Қазақстан да өркениетті елдердегі деңгейді шамалауы қажет-ақ.

Ұлттық банктің экс-төрағасы Г. Марченконың құлағын тағы шулатайық. Сол қызметте тұрғанда, орташа жалақының жартысы көлеміндегі номиналда ақша шығарудың алып бара жатқан зияны жоқ деген мағынадағы сөзі бар еді. Соған салсақ, қазіргі Қазақстан кемі 150 000 теңгелік банкнот шығаратындай болып қалыпты. Теңге құнының түсуі де орта тапқа деген жолды тарылтуда. Сөз реті келгенде, қоса кеткеніміз ғой…

Бүгінгі күні еліміздегі орта тап 4%, ал, табысы ортадан төмен қазақстандықтардың үлесі 94% деген ақпарат бар. Төрт пайыз дегеніміз халық ішінде әлеуметтік жік тым ашылып кеткенін, мемлекетке қауіпті деңгейде екенін білдіреді. Мұны жоғарыда арнайы есептеп келтірген түрлі мәліметтер де нақтылай түседі.

Ел халқының үлкен бөлігі орта тап болса, онда қоғамдық тұрақтылыққа да, мемлекеттің баянды дамуына да іргелі де берік бір негіз қаланатыны белгілі жәйт. Өйткені, олар өзі үшін ішкі тұрақтылықты сақтауға тырысады. Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету, саяси күзету, кемшілік болса, уақытылы түзету жеке жауапкершілігіне енеді немесе қалың жұрт оянады. Әрине, азғын қауым болмаса…

 ЖІӨ көлемі он жыл бұрынғы деңгейіне енді жетеді, ал жан басына шаққанда…

​ Экс-президент кезінде қолдан жасалған әлеуметтік және экономикалық мәселені климатқа сілтеп, әрі қарай блогері, басқасы, геосаяси және географиялық орналасуды да сылтауратты ғой. Ірі ел етуге аз мүмкіндік берілмеді. Отыз жылдан аса уақытта елімізге $380 миллиардтың үстінде инвестиция құйылған. Экономикалық болашағы тар елге, осынша ақша құйыла ма?! Қазақ елі тәуелсіздік алғанда, қарызсыз мемлекет еді. Қазір $160 миллиардтың үстінде қарызымыз бар. Ал, осыдан 30-35 жыл бұрынғы кедей Қытай, Қазақстанға танауын таңқита қарайтын елге айналды. Тіпті тас-талқаны шыққан, бір бөлігін жоғалтқан федеративті Германияның өзі екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі 15-20 жылда еңсесін тіктеп үлгіргені сонша, әуелі Еуропа, артынан әлемдік деңгейдегі экономикасы ірі үш елдің қатарына енді. Жетістік деп осындайды айтады. Қазақстанға неше Германия сыйып кетеді. Ал, тұрмысымыз олардан әлдеқайда нашар.

Барлығы салыстырғанда байқалады ғой. Сондықтан ЖІӨ-ді жан басына шаққандағы Батыстың бүгінгі ТОП-10 елдерінің 1980ж. көрсеткішін қазіргі Қазақстанмен салыстыра ұсынудамын.

Screenshot_20231114_172630_Word.jpg

​ Арамызды кемі 40 жыл бөліп тұр. Сөйткенде, тұрысымыз сол: 8-орын. Біз анау жеті мемлекеттің өткен ғасырдың 80ж. деңгейіне де жете алмай тұрмыз! Нақты жағдай осы.

Қозғасаң шыға береді, Қазақстан, ЖІӨ-ді жан басына шаққандағы көрсеткіште, әлі он жыл бұрынғы деңгейіне жете алмай келеді. Құрғақ сөз болмасын. Тағы бір мәліметтер жиынтығы төменде…

Screenshot_20231114_171408_Gallery.jpg

  Өздеріңіз көргендей, өткен жылы ЖІӨ-ді жан басына шаққанда, шамамен 11,5 мың АҚШ доллары болған. Бұл 2011ж. деңгейлес, 2012-жылдағы көрсеткіштен төмен. Егер, экономикалық теріс оқиғалар болмаса, осы жылы 2012ж. жетістіктен асуымыз мүмкін. Ал, он жыл бұрынғы экономикалық деңгейге биыл жете алмаймыз. Демек, 2013ж. – әзірге Тәуелсіз ел тарихындағы экономика көлемі бойынша да, ЖІӨ-ді жан басына шаққандағы көрсеткіште де рекордты жыл болып тұр.

Осындай жағдайда экономикалық өсім туралы кеудені кере сөйлеудің не жазудың өзі артықтау ғой деймін. Халықаралық валюта қорының мәліметіне сүйенсек, былтыр Қазақстан ЖІӨ-і $225,78 млрд. болған. Ал, Бүкіләлемдік банк мәліметіне сәйкес, 2013ж. ЖІӨ көлемі 236,6 млрд. АҚШ долларына жеткен еді. Қайсысы көп екен?.. Ал, он жыл бұрынғы көрсеткішке биыл жетеміз не асамыз…

ҚР Президенті күздегі Жолдауында 2029ж. қарай ЖІӨ көлемі елімізде 450 млрд. АҚШ долларына жететінін айтқан еді. Ал, Халықаралық валюта қоры 2028ж. Қазақстан экономикасы $354,67 миллиард болады деп болжайды. Бір қарағанда-ақ, Қор болжамы мен Президент белгілеген меженің арасы тым алшақ екенін байқау қиын емес. Мемлекет басшысының сөзі жүзеге асса, ел экономикасы қазіргіден екі еседей үлкейеді. Бар болғаны 5 жылдай уақытта… Бұған жетуге, әрине, Қазақстанның әлеуеті жеткілікті. Сонымен қатар, мұны іске асырудағы басты жауапкершілік – мемлекеттік аппараттың, тиісінше, биліктің мойнында. Себебі, бүкіл дерлік – саяси да, экономикалық та ресурстар өздерінің қолында тұр…

P.S. 1. Осыдан ширек ғасырдай бұрынғы еліміздегі төменгі жалақы, әрине, сол кездегі бағамға салғанда, 20 АҚШ долларын төңіректеді. Бұл бүгінгі күннің есебінде, 10 мың теңгеге жетпейтін ақша. Сондай мардымсыз жалақымен күнелтіп, ертеңіне үмітпен қарап, қанша адам дүниеден өтті ғой. Ал, сол ертеңі – бүгін еді…

2. Тайлор Свифт деген америкалық әйгілі әнші бар. ​Таяуда миллиардер атанған. Ол тек өзінің қалтасын ғана қампитпай, жыл ішінде АҚШ ЖІӨ-ін де $4,3 миллиардқа арттырған. $4,3 млрд. дегеніміз Қырғызстан не Тәжікстан экономикасының кемі 40%-ы! Қазақстан бюджетінің шамамен 10%-ы! Бір ғана адам экономикаға осынша құйған. Елестетіп көріңіздер: он адам 20 миллиондай халқы бар Қазақстан секілді елді асырап отырғанын…
Міне, адам капиталын дамытуға мән берудің нәтижесі. Адамның жан-жақты дамуына мүмкіндік барынша жасалған қоғамның бір жемісі. Біздің елдің билігі де әрбір адамның қарым-қабілетін ашатындай, адами әлеуетін барынша пайдалана алатындай жағдай жасауы қажет. Мұның стратегиялық маңызы зор. Экономикалық тұрғыда да.  

3. Ел де, жер де – баршамызға ортақ, яғни, халыққа да, биліктегіге де. Батырып жазсақ та, айтсақ та, осы Қазақ елінің гүлденуі үшін. Экономикалық әлеуеті зор, әрі өте бай Қазақстан, тиісінше дамысын, бақуатты тұрсын деген ізгі ниеттен тууда.​

​ Екінші, үшінші республика деп жалаң ұрандата бергеннен гөрі, халықтың күнделікті өмірінен көрінетін, білінетін игіліктерді жасаңыздар. Еститін Үкімет… Қарапайым халық соны қалайды. Отыз жылда сылдыр сөзге тойды. Ендігі билікке қалғаны – әрекет. Мұны ұқпаса, саяси да, экономикалық та алға жылжуымыз неғайбыл…

 Құрманғали Қалмахан

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0