Мекемтас Мырзахмет: «Қазіргі күнде қазақ елі дүниетаным жағынан әрі-сәрі күйде тұр»

Мекемтас Мырзахмет: «Қазіргі күнде қазақ елі дүниетаным жағынан әрі-сәрі күйде тұр»

Қазақтың қазіргі зиялысы, іргелі ғалымы дегенде Мекемтас ағамыздың орны бөлек. Қашанда еліне болысып жүреді. Отарлық санадан ажырап, ұлттық құндылыққа бет бұрғызуда көл-­көсір еңбегі бар. 

 Сәті түскен сұхбатта Мекемтас аға не деді? Оқысаңыз, ой салар, жақсылыққа жетелер тұстары жетерлік…     

 – Қазыбек би атамыз айтқан екен: «Сөздің атасы – шындық, анасы – бірлік» деп. Демек, шындық айтылмаса, бірліктің де мәні толмаса керек… Ендеше, қазіргі қоғамда қандай мәселелер кезек күттірмей шешуді керек етеді?

– Қазіргі күнде қазақ елі дүниетаным жағынан әрі-сәрі күйде тұр. Бұған негізгі себеп: қазақ халқы Ресей империясының отаршылдық-миссионерлік саясатына ұшырауы, ХVIII ғасырдың басында Ресей, Қытай империясы мен қалмақ үшеуінің одағы танған 1723 жылғы саналы түрдегі геноцидтік, яғни ”жабайыларды жабайлардың қолымен қыру” саясаты нәтижесіндегі қазақ-қалмақ шайқасында қазақтар халқының үштен екісінен айырылып сансырап қалды. Ресей патшалығы қазақ жерін тұтас жаулап алған соң, халықтың рухани әлеміне қол сұғуды ұмытқан жоқ. Қазақ елін шоқындырып, орыстандыру саясатын саналы түрде, кең тұрғыдан жүргізе бастады.

Ал, кеңестік билік заманында дін атаулыны терістеу саясатын ұстанып атеистік насихатты күшейтті. Бірақ, дәстүр бойынша орыстандыру саясатынан қол үзген емес. КСРО – Ресей империясының орыстандыру саясатын жалғастырушы мұрагері болып шыға келді. Халықты діннен бездіріп, тарихи жадын шайып, ұлттық салт-сананы, әдет-ғұрыпты ескіліктің қалдығы ретінде насихаттап жас буын, жаңа ұрпақты мәңгүртендіріп ұлттық болмысынан адастырды!

Қазақтар тілі жағынан үш түрлі топқа, яғни ада қазақ, шала қазақ, рухани болмысы әлсіреп бара жатқан таза қазаққа бөлініп кетті. Біздің басымыздан өтіп жатқан тарихи шындық осындай болатын.

Біз, Қазақстан тәуелсіздік жолына түскенде осы тарихи шындықтан ұзап кете қойған жоқпыз. Бұл аз дегендей дәстүрлі дінімізге бет бұра бастаған кезде, ата-салтымызбен дәстүрлі дінімізге ислам атын жамылған жат ағымдар жан-жақтан атой салып шабуылдап жатты. Міне, осы шындықты негізге алып: ”қазақ елі дүниетанымы жағынан әрі-сәрі күйде жүр” деген тұжырымға келдік.

Енді, не әрекетке түсуіміз керек? Әрине, өткен тарихқа көз саламыз. Мысалы, ұлы бабамыз Мұхамед Хайдар Дулаттың ”Тарих-и-Рашиди” кітабында дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын қатар меңгеріп, таныған ұлы ғұлама Қазірет Маулана Мұхаммед Қазиды үлгі өнеге ретінде ұсынғанда ”…дүние мен рухани ғылымның білгірі еді. Оның ерекше бітіміне барлық жақсы сипаттар жинақталған болатын” деп аса жоғары бағалайтын. Осындай пікір желісін хаким Абайдың жетінші қара сөзінен ұшыратамыз. Абай ”…дүниенің көрінген, һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса дәнелеп, білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әуелде Құдай Тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әрекет әсерін көрсетіп жаратқан”- дейді. Осы сөздің дүниетанымдық мәні аса тереңде жатыр. Себебі, Абайдың ”дүниенің көрінген сыры”-дегені бізді қоршаған материалдық әлемнің сырын танып білуді меңзеп отыр. Оны танып білу нақтылы ғылым салалары арқылы жүзеге аспақ. Ал, ”дүниенің көрінбеген сыры”-дегені, адамзаттың рухани әлемін танып білу жағын меңзеп тұр. Әрине, мұның сырын танып білетін ғылым салаларын руханият ғылым салалары арқылы танып білмекпіз. Абайдың айтайын деген данышпандық ойы, дүниені танып білудің шарты ”дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын” қатар ашып, танып білуде екенін меңзеуінде жатыр.

Адамзат, әсіресе Батыс қоғамы XVI ғасырдан бастап дүниенің көрінген сырын ашып, танып білу жағына шешуші мән берді де, дүниенің көрінбеген сырына оны қолмен ұстап, таразыға тартып, көзбен көре алмасақ, оны зерттеп танудың қажеті жоқ деген байламға ұрынды. Олар дүниенің көрінген сырын ашу жолындағы ғылым салаларын жан-жақты ашып, бүгінде материалдық игілікті өндірудің ұшар шыңына жетіп отыр. Бірақ, олар ғылымды имансыздық жолына қарай бұрып жіберді. Бұған дәлел адамзатты қынадай қыратын атом, сутегі бомбаларын, биологиялық, химиялық қаруларды жасап алып, олардан құтыла алмай отыр. Егер олар ғылымды имандылық жағынан қарай бастағанда, ғылым адамзат игілігіне қызмет ететін терең гуманистік бағытқа түсер еді. Бірақ, дүниенің көрінбеген сырын танып білуге олардың қолы жетпеуі – еуропалықтардың жаппай азғындалуына ұрындырып отыр.

Дегенмен ендігі ғылымның шешуші бағыт­-бағдары, дүниенің көрінбеген сырын танып білуге бағыт алатыны айқындалып келеді. Соны меңзеп отыр…

Қазыбек би айтқан шындық деген осы болса керек. Осы шындық жүзеге асса, бірлік яғни, бейбітшілік дүниеге билік етпек.

Тіпті, Ресейдің ”Орта Азия Ермагы” атанған қандықол генерал Черняев Яссауи кесенесін талқандап жер бетінен жою әрекетіне барды

– Дәстүрлі ислам дінінде берік қалудың жолдарында нендей кедергілер болып жатыр және болуы мүмкін?..

Дәл бүгінде қазақтардың дәстүрлі ислам дінінде берік қалудың жолдарындағы кедергілердің басы, бізді шоқындырып орыстандырудан басталған болатын. Біз исламды сопылық таным түрғысынан қабылдап, Яссауилік сопылық таным жолын ұстандық. Мұхаммед Хайдар Дулаттың кітабында Моғолстан мен Шағатайлықтар Яссауилік; Нақышпандық бағытында болып, кемел адам рухында тәрбиеленіп рухани жағынан тазарып отыруды мақсат тұтқан. Яссауидің хәл ілімі мен сопылық таным жолы халық санасына терең сініп, Яссауидің ”Диуани хикметін” жатқа айтумен бірге терең мән-мағынасы ауыл сайын өлең, жырмен жан-жақты насихатталып жатты.

Ресей патшалығы саналы түрде миссионерлік саясатын жүргізгенде ислам дінінен тайдыруға күш салғанда, әсіресе, Яссауилік сопылық танымға айрықша мән беріп; мешіт, мектеп, медреселерді жауып, қуғынға салды. Тіпті, Ресейдің ”Орта Азия Ермагы” атанған қанды қол генерал Черняев Яссауи кесенесін талқандап жер бетінен жою әрекетіне барды.

Одан соң кеңестік биліктің дін атаулыны терістеп, атеистік жолын ұстанғанда, әсіресе Яссауидің сопылық іліміне ерекше назар аударып, Яссауи мұрасын мейлінше кертартпа, мистикалық таным ретінде бағалауы – Яссауи кесенесін астық қамбасына айналдырды. Ол кесенеге зиярат етушілердің бетін қайтару үшін кесенені атеистік музей етті. Онда сақталған құнды қолжазбалар мен сирек ұшырасатын кітаптарды жойып жіберді.

Ал, енді кеңестік билік құлап, Қазақстан Тәуелсіздік алғанда, шетелдерден келген ислам атын жамылған жат бағыттағы ағымдардың бәрі де Яссауилік танымдағы сопылық жолға қарсы идеологиялық күрес жүргізіп, тіпті ол танымды түбірімен жойып жіберуге қызу ат салысуда. Ресей патшалығы, Кеңестік билік және шетелден қаптай келген ислам дінін жамылған жат ағымдар – бәрі жабылып Яссауилік танымдағы сопылық жолға қарсы күреске жан сала араласуының басты себебі қайда жатыр, бұл сыр, құпия емес, белгілі нәрсе. Өйткені, Яссауилік сопылық дүниетаным халық санасына терең орнығып сіңуі себепті, осы рухани күшті түбірімен жоймайынша, Түркі халықтарын бұл жат ағымдардың соңына ертіп, нандыруы мүмкін емес. Бұндай кертартпа кедергілер бүгін де, ертең де бола береді. Оларға дер кезінде соққы беріп әшкерелеп отыру  зиялы қауымның қастерлі міндеті бола бермек…

– Өмірдегі мәселелерді Абай атамыз секілді «жалғыз» көріп­ білу, күресу, ескерту дүние заңы (әсіресе, қазақ үшін) ма, әлде қоғамның кенже қалғанында сондай «жалғыздық» шыға ма?.. Не айтасыз?

Қоғам дерттенгенде; соны танып сезінген ақын-жыраулар Абайдың:

Қайғы шығар ілімнен,

Ыза шығар білімнен.

Қайғы мен ыза қысқан соң,

Зар шығады тілімнен

-дейтін, жан сырын ақтарған ой толғаныстарына ұрынбай тұра алмайтын, ортақ заңдылық сияқты құбылыс-ау деп аңдаймын. Әрине, басқа ақын, жыраулар Абай сияқты замана тудырған, қоғамды жайлаған, ірілі­-уақты әртүрлі дертті құбылыстарды ғылым мен білімге сүйеніп, белгілі ілімнің қисынына салып, талдап білуі қиынға да соғар. Бірақ халқына деген жанашырлық, махаббат сезімі қоғамда орын алған, зиянды дертті құбылыстарға өз ой-­сезімін білдіртпей тұра алмайтыны шындық қой! Мысалы, белгілі ақын С. Торайғыровтың:

Бұхар тұсы қазақтың бүлінгені,

Суық жау күнбатыстан көрінгені, –

дегені Ресей империясының отаршылдық саясатының бар сырын алдын ала сезініп, халқының сол жау күшінен, келер ұрпаққа қолданар қатерлі саясатынан сақтандыруы – жанашырлық көрегендігі емес пе?! Өйткені, Ресей осы кезден бастап түркі халықтарының жендетіне айналғаны шындық қой?! Ресей 49 топқа бөлінетін түркі халықтарының 47-ін жаулап алуы, бүгінде солардың 27-ін шоқындырып орыстандырып жіберуі ата-­бабаларымыздың ескерткен қауіптің өзі емес пе?.. Мысалы, Ресей империясының ірі халық ретінде саналатын ноғай, қазақ, қырым татарын ыдыратып, санын жыл өткен сайын қысқартып жіберуі осының айғағы. XVI ғасырда орыстар төрт миллион болса; қырым татары мен ноғайлардың саныда төрт миллион болатын… Ал, бүгінде орыс халқы 140 миллионннан астам болып тұр. Ноғай бүгінде 90 мыңға түсіп кетсе, Қырым татарлары жарты миллионға жетпей отыр. Ал, қазақтар 1916 жылы 47 түрік халқының 5,7% болса, бүгінде үш есе азайып 2,3%-ға түсіп кетуі нені көрсетеді? Әрине, Ресей империясының түркі халықтарының жендетіне айналғанын айғақтап отыр!

Немесе Дулат ақынның патшалы Ресейдің қазақ жеріне басқыншылық жасап қолданған саяси амал­айлаларының сырын сезініп, осыған қарсы тұра алмаған ел билеген төрелердің қылығын әшкерлеуі де халқының тағдыры үшін бозторғайдай шырылдаған ”жалғыздың” сыртқа төккен зәрлі запырандай, көкірегін жайлаған жан сыры емес деп кім айта алмақ?

Бәрі де қазақ қауымына төнген отаршылдық қауіптің улы лебін сезінген ақындық жүректің зары емес пе? Мұны шерлі жалғыздың үні дейсің бе, әлде халықтың бозторғайдай шырылдаған  жалғыздың күйі дейсің бе? Бәрібір қасіретті шындықтың ой-санадағы көрінісі емес пе?

Батыстан келген әрі өзінің идеялық негізін материалистік, атеистік танымға тіреген педагогиканың рельсін ұлттық шығыстық рельске ауыстыру заманы жетті деп білеміз

Әр кезеңнің «бас басына би болған өңкей қиқымы» (А.Құнанбайұлы) болады деп санайсыз ба?.. Болса, қазіргінің  «қиқымы» – «елдің сиқын» бұзып жүрген кімдер?

Көшпелі тұрмыстағы Түркі халықтарының, әсіресе қазақ халқының тарихында Абай айтатын ”бас басына би болған өнкей қиқым” бола бермеген. Бұл «қиқымдардың» пайда болуы Абай жасаған бодандық заман тудырған саяси-­әлеуметтік құбылыстың жексұрын көріністеріне жатады. Отаршыл Ресей ел билеудің қазақы жүйесін өздеріне бейімдеді. Ресей отаршылдары өздеріне бағынған бодан халықты ”жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтыру” амалымен жүзеге асырып бақты. Соның бірі территориялық принципке негізделген болыстық сайлау жүйесі еді. Ендігі заманда билік тізгінін ұстайтын қазақтар ауылдық шеңбермен тұйықталды. Болыстық билік 2000 үйден, 12 ауылдан, бірақ әртүрлі рулардан құрастырылды. Бір рудан тұратын болыстық билікке рұқсат етілмеді. Себебі, тек бір рудан болса олар талас-тартысқа, билік үшін партиягершілік таласқа түспеуі – отаршылдық саясатқа сәйкес келмеді. Болыстық сайлауда “жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтыру” территориялық принципке негізделді. Болыстық сайлауға әртүрлі рудан құралған 12 ауыл өзара тартысқа түсті. Қайсы ауыл ояз бастығына параны мол беріп, партиялық таласта жеңіп шықса, болыстық билікке солар ие болды. Он екі ауыл үшін төрт би сайланды және онбасы, елубасы дегендер болды. Бұлар болыс сайлауында талас­-тартыстың, партиягершілік күрестің көрігін қыздырды. Майда рушылдық талас­-тартысты күшейтті. Отын лаулатты. Ағайын-туыстар ата-атаға, партия-партияға бөлініп талас-тартысты шиелендіріп жіберді. Үш жылда бір рет өтетін болыстық сайлауда билікке таласқандарды Абай ”бас-басына би болған, өңкей қиқым” деп, таңбалады, яғни сынап отырғаны осылар.

Ал, бүгінгі күнде елдің сиқын бұзып жүргендер параны, сыбайластықты қоздырып жүргендер – ұсақ шенеуніктер. Бұларда ұят та, иман да, қанағат та жоқ және оларды Абай айтатын қиқымдарға жатқыза алмасақ керек. Өйткені, бұлар партия­-партияға бөлініп таласып жүрген жоқ, олар құлқынның құлы болғандықтан, пара алу мен ұсақ сыбайластықтың отын жағып жүргендер.

– Сіздің ата­­-анаңыз салыстырмалы түрде таза қазақы қоғамнан ажырамаған ұрпақтың өкілі, ал сіз сол ұрпақтың баласы ретінде қазіргі жас қазақтар өз ұрпақтарын қазақыландыру, өзінің руханиятына бұру үшін не істеуі керек деп ойлайсыз? Озық ұлтқа айналудың жолы қайсы?

– Қазіргі жас қазақтар үшін өз отбасын қазақыландыру, бетін ұлттық руханиятқа бұрудың шешуші жолы – отбасылық тәрбиеде жатыр. Отбасы қандай болса, ұл-қызың да сондай болады. Әрине, бұған мектеп пен қоғамдық ортаның, ағайын-туыспен араласуының әсері де тиеді. Бұл таза қазақтар үшін дағдылы жағдай да, ада қазақтар мен шала қазақтар үшін қиын жол. Шала қазақтар мен ада қазақтардың орыстанып кеткен отбасы тәрбиесі, әрі аралас мектептерде оқитын ұл-қыздары өзінің ұлттық рухани әлемінен қол үзіп қалғандықтан, нигилистік космополиттік көзқарас дүниетанымының шеңберінен шыға алмайтын жағы да баршылық.

Ада қазақ пен шала қазақтардың тобын жыл өткен сайын көбейтіп, еселеп отыратын ”фабрикасының” саны жыл өткен сайын молығуда. Бүгінде Қазақстанда аралас мектеп санының 2100­-ге жетуін еске алыңыз. Аралас мектептің тарихы тереңде жатыр, яғни Ресей патшалығының орыстан басқа ірілі-ұсақты ұлттарды орыстандырудың кілті деп орыс түзем мектептеріндегі миссионерлік саясаттың іргетасына айналдыруы жай нәрсе емес, ең өзекті де, күрделі мәселе. Мектептің бұл түрін өмірге ендірген орыстың атақты миссионер ғалымдары, проффесор Ильминский, Алекторов, Остроумовтар болатын. Бұл идеяның күні өтіп кертартпа құбылысқа айналғанын  және идеяның пайда болу, жүзеге асу тарихын соқырға таяқ ұстатқандай етіп, газет пен журналда жарияланған мақалаларда баяндалды да. Қоғамдық ойға қозғау түсіп, осы тақырыпта көптеген ой-­пікірлер күнделікті  баспасөзде үздіксіз жариялануда. Бұрынғы ҚР Білім және ғылым министріне арнайы мақала да жарияланды. Аралас мектептің тарихы мен бүгінгі жағдайы туралы пікір қозғап, министрлік аралас мектеп туралы саяси идеологиялық қате жібердің әрі мемлекет қаражатын орынсыз жұмсап жатырсың деген ауыр сын айтылған болатын. Бұл қателіктен арылудың жолы – жағдайға қарай аралас мектептерде оқитын қазақтілді оқушыларды қазақ мектебіне, орыс тілді оқушыларды орыс мектебіне жіберу арқылы мәселені у­-шусыз шешуге болатынын ескерттік те.

Жалпы ҚР Білім және ғылым министрлігі керенау қалыпта. Әсіресе, оқулықтарды даярлау іс­әрекетіндегі самарқаулығы, Қазақстандағы қоғамдық ғылымдар саласының дағдарысқа ұрынуы министрлікті селт еткізбей отыруы – бізді таңғалдыруда. Себебі, Квантты физиктер өздері қалыптастырған материалистік, атеистік дүниетанымнан бас тартып, Ғаламды Жоғары Сана билейді [Макс Планк] деген мүлде жаңа қорытындыға келді. Осы тұрғыдан қарағанда Қазақстанның қоғамдық ғылым саласы терең дағдарыста тұр деп айта аламыз. Бұл, бәрінен бұрын педагогика ғылымы саласында айқын сезілуде. Батыстан келген әрі өзінің идеялық негізін материалистік, атеистік танымға тіреген педагогиканың рельсін ұлттық шығыстық рельске ауыстыру заманы жетті деп білеміз.

Озық ұлтқа айналу үшін ұлттық отбасы тәрбиесін өткен заманның озық дәстүрі мен бүгінгі заман талабына орай жаңа дүниетанымдық негізде дамытуға шешуші орын беру керек. Бұрын оқу орындарында алдымен шәкірттерге білім беру жағына көбірек мән бердік те, оларға тәлім-­тәрбие беру жағына жетерліктей назар аудармадық. Енді жаңа дүниетаным тұрғысынан, әсіресе алдымен рухани тәлім-тәрбие беру жағына баса көңіл бөлсек, дұрыс бағыт-бағдар алар едік.

Ру – қазақ бірлігін, туыстық қарым-қатынасын, некелесу жүйесін, жетім-жесір жағдайын,

көші- қонды реттестіруге ықпал етіп отырды

– Руды елді біріктіре түсудің үлкен бір факторларының бірі қылу үшін нендей істер атқарылу қажет?

Ру – қазақтың феномені. Өйткені біздің қоғамдық құрылымның өзі рулық құрылыстан тұратынын естен шығармау керек. Руды жек көрініштідей еткен отаршыл Ресейдің жоғарыда айтқандай, ”жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтыру” жолындағы ел билеу жүйесін империяның саяси мақсаты тұрғысынан ұстанған территориялық принципінде жатыр. Болыстық билік үшін талас-тартыста саналы түрде руды-руға айдап салу саясатын ұстануы – біздің түбімізге жетті. Бұл бүкіл қазақ елінің мінез-құлқының бұзылуына алып келді. Бүкіл қазақ атауының өзегі (ядросы) болған ауылдың, ондағы ағайын-туыстың ынтымағын ыдыратып бұзуға, партия­-партияға бөлінуге, билік үшін талас-тартыстың отына түсуге итермеледі. Ұсақ рушылдықты, жалған намысты қоздырды. Бірінің үстіне бірі өтірік шағым, домалақ арызды үдетті. Қазақ тұрмысында болмаған жабайы құбылыстарды ендірді. Ол елді аздырып, мінез-құлқын бұздырып теріс қылықтарды сіңдіре бастады. Осы құбылысты терең танып білген Абай:

Таласып босқа,

Жау болып досқа,

Қор болып, құрып барасың.

Өтірік шағым толды ғой,

Өкінер уақытың болды ғой,-

деп, отаршыл патша саясатының нәтижесінен туындап отырған келеңсіз іс-әрекетін әшкерелейді емес пе?

Оңтүстік Қазақстан өлкесі мен Орта Азиялық өзбек хандығын жаулап, басқыншылық әрекетін үдеткен қандықол генерал Черняев Сиқым мен Шымыр руының арасын шағыстырып, яғни «Байзақ датқаны қоқандықтарға ұстап берген Батырбек датқа» деп, өсек таратып, екі рудың бір-біріне араз болғанына қуанған генерал соғыс министріне жазған хатында, сіздің кеңесіңізді жүзеге асырдым деп мақтаныш сезіміне бөленетіні бар. Немесе Кеңестік билік кезінде Оңтүстік Қазақстан облысына Ливенцов (қазақшаны жақсы білетін) облыстық, аудандық ел билеуші қазақтардың руын жазып алып, реті келгенде бір-біріне айдап салған жасырын әрекеті облыс жұршылығына белгілі болған еді. Міне, осындай ру туралы жасырын саясат қолдану арқылы патша үкіметі де, кеңестік үкімет те руды жеккөрінішті көрсетіп, оны қазақтың санасына сіңіріп келгенін ешкім де терістей алмайды. Кеңестік билік пен Тәуелсіздік кезеңінде де қазақ шенеуніктері үлкен қызметке қолы жетсе өз туысын, руласын, сыбайласын, жақынын өзіне тартып, топтық мүддеге қызмет етуге пайдалану сияқты келеңсіз құбылыс орын алғаны да рас. Осы тәрізді келеңсіз жағдайлар рушылдықты жек көрінішті көрсетіп, ру жайлы теріс пікір қалыптастырды.

Руды, рушылдықты батыстың трайбализмімен бір деңгейде қарап, қателесетіндер бар. Бұл екі ұғымның табиғаты екі бөлек нарсе. Ру – бірлікке, туыстық бауырластық сезімге, ағайын-туыс ынтымағын нығайтуға қызмет етсе, трайбализм бір қала тұрғындары басқа қаладағы тұрғындарды тұтас жойып жіберуге бастайтын себептен еді. Сондықтан қазақы руды онымен бірдей деп қарауға мүлде келмейді. Табиғаты бөлек жатқан құбылыстар.

Ру – қазақ бірлігін, туыстық қарым-қатынасын, некелесу жүйесін, жетім-жесір жағдайын, көші қонды реттестіруге ықпал етіп отырды. Бір шалдың кіндігінен тараған ұл балалар тобы ауыл деп аталды. Ауыл – қазақтың ядросы, ауылдағы бір отбасының асыраушысы қаза болса, оның бала-шағасына бәрі жабыла көмектесіп жетім-жесірлік көрсетпейтін. Арасынан мал ұрлап, қолға түсіп ұсталса, рулас ағайын-туыстары жабылып айып малын ортадан төлейтін. Қыз ұзатып, ол адалдық сақтамаса, бүкіл ру ұятқа қалып, жерге қарайтын. Осы себепті қызды тәрбиелеуге ерекше мән беріп, «Қызға қырық үйден тыю», қала берсе, қара күннен тыю, деп бүкіл руластар ру намысын көздің қарашығындай сақтауға атсалысатын. Қазақ отбасында ажырасу деген болмайтын. Қыз ұзатып той жасалса немесе ас берілсе, бүкіл ағайын-туыс жиылып бір кісідей қызмет ететін. Міне, сондықтан да рудың болмысын, ру намысын қорғауда ата-бабадан қалған үлгі-өнегесін қайта жаңғыртып, жетілдіріп тәлім-тәрбие ісіне пайдаланудың зияны жоқ құбылыс деп білеміз.

– Қазіргі байлар мен Абай тұсындағы байлардың бір­­-бірінен нендей айырмашылықтары бар? Қоғамдық жауапкершілігін түсінуде қай кезеңдікі ілгері тұр?

– XIX ­ғасырдың байларымен бүгінгі байлардың арасында үлкен айырма бар. Ол кездің байы иманды, ағайын-туысқа қайырымды, рулық намысқа белсене араласатын. Ал, бүгінгі байлар жеке бастың мүддесіне табынған тойымсыз, дүниеқоңыз әрі имансыз, ағайын туысқа қайырымсыз, суық ақылдың жетегінде жүретін, Абай таңбалайтын «малға достың» өзіне айналған пенделер.

– Салмақты сұхбатыңызға үлкен рахмет!

Сұхбат алған – Құрманғали Нұрғалиев

 2014 ж.

 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0