Атақты боксшы Мұхаммед Әли: «Жаратушымен кездесуге дайындаламын!»

Атақты боксшы Мұхаммед Әли: «Жаратушымен кездесуге дайындаламын!»

Әйгілі боксшы, жалпыадамзаттық деңгейдегі қайраткер – Мұхаммед Әлидің бұл 35 жасында көрермендерімен кездесуінде айтқан сөзі. Исламға келгенге дейін адуын, өзін басқадан жоғары қылып санауға ұмтылған атақты боксшының барынша берік иманда болуы, сондай­-ақ, ислам дінінен қашық жатқан АҚШ қоғамында қабылдауының өзі АЛЛАҺ Тағаламыздың шексіз құдіретінен. Әрине, Мұхаммед Әли мұсылмандықты қабылдағаннан кейін де көп қарсыласу мен түрлі күресті бастан кешірді. Сонымен мұсылмандардың ардақты тұлғаларының бірі, бокстан XVII жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы (Италия, Рим қ., 1960ж.), кәсіпқой бокстан бірнеше дүркін абсолюттік әлем чемпионы Мұхаммед Әли не айтты? Оқып, таныссаңыз…

Бір жас баланың: «Бокстан кеткеннен кейін немен айналысатыныңызды білгім келеді» деген сұрағына жауабы:

Мұхаммед Әли: Ұйықтаймын. Осымен айналысамын. (залда күлкі)

…Мәселен, сен 30 жастасың делік. Соның шамамен 7 жылдан артығын білмейсің. Мен мұны сізге дәлелдеп бере аламын. 30 жыл ішінде күніне 7-8 сағаттан ұйықтадың. Демек, дүниеге келгеннен 30 жасқа дейінгі аралықтағы шамамен 8 жылда бейсаналы күйдесің, яғни 8 жыл ұйықтадың. Жақсы. Осы отыз жыл ішінде жолға қанша уақытың кетті? Телестанцияға, үйге қайтуға, басқа елге, қалаға қыдыруға, мектепке, шіркеуге баруға. Өміріңіздің 2 жылы жәй ғана жолға – барып-­келуге жұмсалды. …яғни, 2 жылың жолға, 8 жылың ұйқыға, 3 жылың мектепке кетті. Шамамен 2 жылың көңіл­-көтерумен өтті.

Бұдан не айтқым келді?!. Мен 35 жастамын. 30 жылдан кейін 65-­ке келемін. Сол жасқа келгенде ерекше бірдеңе тындыра алмайсың.

Алдағы 30 жылда немен айналысқым келеді білесіз бе? 9 жыл ұйықтауға тура келеді. Өйткені, сергек жүретін 30 жас емес. Күніне 6-7 мильден Америкада анда-мында жүремін. Жалпы жолым 4 жылдай уақытты алады. 30 жылдың 9 жылы ұйқымен өтсе, теледидар, кино көруге және басқаға шамамен 3 жыл кетпек. Сонда сол 30 жылдың 16 жылы жеке шаруама пайдалануға қалмақ.

…Сол 16 жылда не істеймін? Қандай жарқын іс бітіре аламын? Жаратушымен кездесуге дайындаламын! Керемет безендірілген кең сарай үй, кәсіпкерлік, боксқа үйрету ісі – бұлар мені жұмаққа жақындатпайды.

Осы жерде (залда – Қ.Н.) қанша адам Жоғары күшке сенеді? Құдайға сене ме? Жұлдыздарды, Күнді, Айды жасаған Күш бар деп сенушілер мында көп пе? Өзінен-­өзі пайда болды дейтіндер ше?! Біреу осылардың барлығын жасаған! «Құдай жоқ» дегенге кім сенеді, яғни бұлардың барлығын жасаған Құдай емес деп?

Егер мен шыныаяқты ешкім жасаған жоқ, өзін-­өзі жасаған десем сенер ме едіңіз? Ешкім де сенбейді! …Телестанция (Мұхаммед Әлидің өзі отырған – Қ.Н.) жоқтан пайда болды. Адамның қолы тиместен десем ше?! Мені ауып кеткен деп санар едіңіздер! Ал, киім өзін-­өзі тігіп шығарды десем не айтар едің? Сенбейсің! Киім, шыныаяқ, мына ғимарат өзін-­өзі жасамаған болса, Ай да қайдан шықты?! Юпитер, Нептун, Марс, Күн ше?! Табиғат та қайдан пайда болды? Егер солардың барлығын Бір Құдіретті күш ойланып, жасамаса!

Сонымен бокстан кеткеннен соң, мен немен айналысамын? Құдаймен кездесуге өзімді дайындаумен айналыспақпын! …Күн сайын адамдар өліп жатқан па? Тозаққа түсіп қалып, абсолютті мәңгілікте жанып жатуды елестетудің өзі қорқынышты!

…Құдай мені бақылап отырады. Құдай Джо Фрейзерді ұрғаным үшін мақтамайды! …Құдайдың алдында біздің бір-­бірімізбен қарым­-қатынасымыз, өзара көмегіміз маңызды. Сондықтан да мен атымды пайдалана отырып, өмірімді қайырымдылық ісіне, адамдардың басын біріктіруге, көмектесуге арнаудамын.

Қазір діни сенімдегі қайшылықтан адамдар бір­бірлерін бомбаның астына алуда. Бізге осы әлемде татулықта өмір сүруге жұмыс жасайтын адамдар қажет.

Араңыздағылардың біреуі 20 жылдан кейін өлер. Тағы бірі 50 жыл өткен соң. Бірі 30 жылдан кейін. Енді бірі 6-7 жылдан соң кетер, бәлкім… Бәріміз таяуда дүниеден өтеміз. Тіпті 125 жыл өмір сүру маңдайға жазылса да. …Қалай болғанда да өлеміз.

Жер бетіндегі өмірімізге шамамен 80 жас қана тиесілі. Соның өзін жақсылыққа жұмсай аламыз ба, әлде басқаға ма, соны сынау үшін берілген. Нағыз өмір бұл емес. …Демек, мына материалдық дүниенің ғұмыры ұзақ емес.

…Біз бұл жерде қалмаймыз. Уақытша ғана иелік етушілерміз. Бізге ештеңе де тиесілі емес. Сонымен не айтқым келеді? Өлгеннен кейін жұмаққа барасың ба, әлде, тозаққа түсесің бе?!. Өмірдің ең негізгі мәні сонда жатыр! Бұл дегенің мәңгілік және осылай жалғаса бермек.

…Бір күні өліп қалып, тозақтық болып қалмаймын ба, деген үрей маған маза бермейді. Мінген ұшағым қирап қалуы әбден мүмкін ғой. Жолға жиі шығамын… Тозаққа түссем, Құдай менің жанымды жазалайтын болады.

Адамдарды қырып, тонасам да билік мені ұстай алмауы мүмкін. Федералды тергеу бюросы, Скотланд Ярд (Англияның іргелі полиция мекемесі – Қ.Н.) таба алмауы да ғажап емес. Бірақ, дүниеден өткенімде әлдекімнің менің жеке өмірімді назарда ұстап, бақылайтынынан еш жасырына алмаймын! Не тозақта өртенемін, не жұмақта боламын!

Сондықтан да мен әлгі 16 жылда не істеймін? ЖАРАТУШЫМЕН жүздесуге өзімді дайындаймын!

Керемет орынға түсу үшін! Бұным маңызды ма?.. (Мұхаммед Әли ислами ойымен масаттана қайыра сауал қояды – Қ.Н.)

«MMMboxing.ru»­дың аудионұсқасынан ықшамдай аударған: Құрманғали Нұрғалиев

 

 

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0