Еліміздің VIII қысқы Азия ойындарындағы нәтижелері жарияланды

Еліміздің VIII қысқы Азия ойындарындағы нәтижелері жарияланды

Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов Қазақстан спортшыларының VIII қысқы Азия ойындарында көрсеткен нәтижелерін жария етті, деп хабарлайды BNews.kz.

«Биылғы Азия ойындары Жапонияның Саппоро мен Хоккайдо аралында орналасқан Обихиро қаласында өтті. Оған жер жүзінің отыздан астам елінің спортшылары қатысты», – деп бастады сөзін Елсияр Баймұхамедұлы.

Одан әрі комитет төрағасы спорттың 11 түрінен 64 медаль жиынтығы сарапқа салынған Ойындарда отандастарымыздың сәтті өнер көрсеткенін, жарыста Қазақстан спортшылары 9 алтын, 11 күміс және 12 қола медальді жеңіп алғанын айтты. Оның айтуынша, бұған дейін спортшыларымыз бес Азия ойындарына қатысып, барлығы 69 алтын, 51 күміс және 44 қола жүлде иеленген болатын. Ал, 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен сында саңлақтарымыз 32 алтын, 21 күміс және 17 қола медальді місе тұтты. Биылғы Азиадада Қазақстан құрамасы тағы да алдына Жапония, Оңтүстік Корея мен Қытайды жіберіп, төртінші орынды қанағат тұтты.

«Күншығыс елінде біздің спортшыларымыз қысқы спорты жақсы дамыған Жапония, Корея және Қытайдың қыз-жігіттерімен иық теңестіріп бәсекелесті. Олар Азиадада барлық жарыстарға қатысты. Әсіресе, биатлон, могул, хоккей мен шаңғы жарысында чемпион атанған спортшыларға ризамыз. Солардың арқасында көк байрағымыз тоғыз рет желбіреп, әнұранымыз айтылды. Мысалы, Галина Вишневскаяның бір өзі биатлонда төрт рет құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ал Ян Савицкий болса үш рет алтын жүлдені алып, екі рет күміс медальмен күптелді. Дарья Усанова да осал қарсылас еместігін көрсетті. Сол сияқты могулда Юлия Галышева, шаңғыда Ринат Мухин, Елена Коломинаның, конькимен жарысуда Денис Кузиннің еңбегін атап өту керек», – деді ол.

Жалпы, Елсияр Қанағатовтың айтуынша, Азиадада спортшыларымыз намысты қолдан бермеуге тырысты.

«Азиадаға біздің кейбір мықты деген спортшыларымыз қатыса алмады. Олар әлемнің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан халықаралық турнирлер мен әлем чемпионаттарына қатысып жатыр. Кейбіреуі келесі жылы Оңтүстік Кореяда өтетін Қысқы Олимпадаға дайындалуда. Дегенмен, қысқы спортты серік еткен қыз-жігіттеріміз шамасынша тырысып, Жапониядан жүлденің түр-түрін алып келді. Енді олар Үкіметтің тиісті қаулысымен ақшалай сыйақы алып, марапатталады. Қазақ қысқы спортының болашағы зор. Қазір еліміздің жер-жерінде шаңғы, могул, биатлон, коньки мен хоккей сияқты спорт түрлерін жақсы дамып келеді. Егер бұрын қысқы спорт солтүстік пен шығыс өңірлерде жақсы дамыса, бүгінде оңтүстік облыстарда аяғына коньки киіп, қолына хоккей таяғын ұстаған жастарды жиі көруге болады. Бұл түптеп келгенде қазақ спортының болашағы зор деген сөз. Осындай спортқа икемді, оны жан-тәнімен сүйетін қыз-жігіттеріміз көп болса, Қазақстанның көк байрағы әлі талай Азиадаларда биіктен көрінеді деп ойлаймын», – деді ол.

 Дереккөз: BNews.kz (Түпнұсқадағы тақырыбы: (Елсияр Қанағатов спортшыларымыздың VIII қысқы Азия ойындарындағы нәтижелерін жариялады)

 Фото news.ivest.kz-тен алынды

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0