Наурыз мейрамы халықтық той болып, қоғамдық дастархан жайылса…

Наурыз мейрамы халықтық той болып, қоғамдық дастархан жайылса…

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы Наурыз мейрамы қазіргімен салыстырғанда халықтық сипаты басым болып өткендей көрінеді де тұрады. Наурыз көжесінен бастап, басқа да тағамдары халыққа арналғандай еді. Экономика құлдырап, елдің жағдайы нашарлап тұрса да сондай көңіл, кең пейіл байқалатын. Әрине, барлық жерде, бәрі солай өтетін демеймін.

Қозғағым келгені, Наурыз мейрамын халықтық тойға айналдырсақ деген ой. Бірақ, жәй науқан, жасанды қылып өткізіп емес, халықтық деңгейде өткізсек. Қазірде, шүкір, тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда қалталы кәсіпкерлер, болмаса, орта тапқа орныққан ауқатты отбасылар көбейді. Жоғары жалақылы шенеуніктер, басқа да шамасы жақсы азаматтар сол кездегіден көбейгені де белгілі жәйт. Олай болса жағдайы асып тұрғандар, болмаса, шамасы келгендер ортақ қор жасап па, ортаға ақша салып, Наурызды халықтық деңгейдегі мейрамға – тойға айналдыруға болады ғой. Сол тойда үлкенді­-кішілі шенеунігі бар ма, қалталы кәсіпкерлері болады ма т.б. қарапайым қалың жұртпен бір дастархан басында әңгіме-­дүкен құрып, шәйін ішіп, тамағын жеп отырса – бірлікті бекіте, елдікті айқындай түсетін бір амал болмай ма?Патриотизмнің нақты бір үлгісі көрінбей ме. Баршаға кеңінен жайылған қоғамдық дастархан және тегін тағамдар – халық пен билікті өзара жақындата түсетін ізгі бір қадам да болмақ. Қоғамда мейірімділік пен қайырымдылықтың артып, қатігездіктің, жауыздықтың азая түсуіне де сеп етпек. Жаудың жанымызға жоламауына да, алыстап жүруіне де бір сеп болар еді.

Сондықтан халықтық мейрамның мәнін кіргізе түссек, кеңейтсек, ұтпасақ, ұтыла қоймаспыз. Оның үстіне былтыр Наурыз мейрамын ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра деп есептеп, арнайы тізіміне қосты. Демек, мұны халықтық деңгейде тойласақ, халықаралық бірлікке де үлес қосқандай болатынымыз тағы бар. Ресми де, бейресми де солай. Бұл енді ойланатын мәселе.

Ал, мына келген Наурыз мейрамы баршамызға құтты болсын! Жаратушымыз АЛЛАҺ, әр күніне жақсылықтар жайғасқан, жайқалған жыл болуын нәсіп ете көрсін!

 Құрманғали Қалмахан, экономика магистрі

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0