Мәлім де беймәлім Меңей батыр

Мәлім де беймәлім Меңей батыр

Тәуелсіз еліміздің кешегісі мен бүгінгісіне көз жіберсек, қалың қазаққа қорған болған, өскелең ұрпақты отаншылдыққа, мемлекетшілдікке бастайтын ұлттық батырлардың өмірін, ісін, мұрасын, жасаған тірлігін үнемі жаңғыртып, заманның талаптарымен ұштастыра жүргізуіміз қажет. Сонда ғана ұрпақтар арасындағы байланыстың алтын жібінің арқауы үзілмей, беки түседі.. Өздерінің туып-өскен атамекенін зұлым жаудан қорғауда ерлігімен аты шыққан батырлар халықтың есінде мәңгі сақталып қалды.

Дос күтіп, дұшпан сыйлаған-

Бәшеке, Жаңай, Меңейді.

Жұрт тегіс желдей тынушы ед,

Қозғаса олар көмейді.

Уақытында олардың

Күннен-күнге күшейіп,

Өрісі елдің кеңейді.

Қалайынша айтқанмен,

Қайратты туған қанды көз

Азды көпке теңейді- деген  «Ел қамын жеген ерлер» атты Сыр шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуовтің толғауындағы Меңей  кім? Ел ауызындағы әңгімелерде Меңей батыр туралы көп сөздер айтылады. Меңей батыр Қарашаұлы шамамен 1750-1753 жылдарда Қуаңдария бойында туып, 1847-1850 жылдарда қайтыс болса керек. Шөмекей тайпасы Торыбай руынан шыққан батыр. Өзбекстанның Тамдыбұлақта 2003 жылы шыққан Сейтмұрат Тілеубайұлының «Ғибрат» атты кітабында, «Бозғылдың екінші әйелі Көлдейден туған үлкен баласы Торыбай аталығынан Меңей батыр шығады. Меңей қаратамыр Қыстаубай батыр, қарасақал Шағырай батыр, қошқаралы Корен батырлармен үзеңгілес, бір-бірлеріне мейірімді, қадірменді адамдар» деп жазылған. Меңей батыр Өтетілеу бидің (1760-1845) замандасы әрі қимас досы болғаны туралы айтылады.  Меңей батыр туралы мәліметтер «Сыр елі» Қызылорда облысы энциклопедиясында көрсетілген. Ол уақытысында Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың ұлы Нұралы ханның қолбасшы батыры болған. Шөмекейлердің сұлтаны Нұралы ханның інісі Ералы болатын және жаз жайлауы – Ырғыз, Торғай, қыстауы – Қызылқұм болған. Шөмекейлер Қазалы уезінің солтүстік-шығыс жағын, Ырғыз және Ақтөбе уездерінің шығысын мекендеген.

1986 жылы Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің ескерткіштерді қорғау басқармасының тапсырмасына сәйкес «Казпроектреставрация» институты экспедициясының зерттеуінде, жергілікті ақсақалдар Меңей батыр жоңғар-қалмақтармен соғыста атағы шыққан, қолбастаған батыр болғандығын айтады. Меңей батыр өмір сүрген уақыттағы тарихқа көз жүгіртсек, оның кезінде тек қана Ресей Империясының қысымына шыдамай Еділден туған жеріне көшкен құба қалмақтардың жорығы болған. 1771 жылы Еділ қалмақтары казактар мен қоныстанушы шаруалардың қысымына шыдамай, Қазақстан арқылы шығыстағы Жоңғар еліне  қарай үдере көшті. Еділ қалмақтарының көшкені туралы хабар алған Ресей үкіметі оларды күшпен кері қайтаруға тырысты. Бірақ олар қуғыншы ұйымдастырғанша, қалмақтар қазақ иеліктеріне тереңдеп еніп үлгерді. Қалмақтар бірнеше қазақ ауылдарын таптап өтіп, Жем өзенінің жағасында аз уақыт аялдады. Олардың келгенін білген Кіші жүз ханы Нұралы тез арада әскер жинап, қарсы аттанды. Жем өзенінің бойында алғашқы шайқас өтті. Қалмақтар жеңіліс тапқасын, Мұғалжар тауын айналып өтіп, одан әрі жылжыды және Торғай өзенінен қиындықпен өтті. Торғай өңірінде жоңғарлармен шайқастың кіндігі болған Қарасиыр деген жер кейін «Қалмаққырылған» деп аталды. Қалмақтардың 180-200 мыңға тарта халқы 40 мың әскердің қорғауымен қазақ жері арқылы жүрді, жол бойындағы қазақ ауылдары тонаушылық пен қырғыншылыққа ұшырады. Бұл қалмақтармен соңғы ірі шайқас қазақ тарихында «Шаңды жорық» деген атпен белгілі.  Қазақтар көштің жүрісін қадағалап отырды және толассыз шабуылдар ұйымдастырып, мол олжаға кенелді. Абылай хан бастаған қазақ әскері Нұралы хан, Ералы, Айшуақ сұлтандар бастаған Кіші жүз әскерлерінің қолдауымен жауды жолшыбай талқандады Сол әскердің қолбасшы батыры Меңей батыр болған. Соғыстың зардабын қазақтар да аз шеккен жоқ. Мың-мыңдаған қазақ сарбаздары қанды шайқастар болған майдан далаларында қаза тапты. Олар өз Отанының тәуелсіздігі, қазақ халқының бостандығы жолында құрбан болды. Қазақ жауынгерлері қалмақтардан олардың бұрынғы кездердегі Ақтабан шұбырындағы  жаугершілік шапқыншылығы үшін кек қайтарды.

Сыр бойын зерттеуші Тынышбек Дайрабайдың «Кете-Шөмекей шежіресі» кітабында Торыбай Меңей батыр Шөмекейдің басқа да батырларымен бірге Телікөлге жақын Қызылжыңғылбас деген жерде қоқандықтармен соғыста ерекше көзге түсіпті. Енді бірі Меңей батырдың тоқсан жасқа келгендегі әңгіме. Сол уақытта  Шөмекей тайпасының ханы Елкей төре болған. Меңей батыр хан атасы болған, ордада билердің мәслихатшысы(кеңесшісі) болған. Елкей төре Ақмешіттегі Қоқан бегіне сәлем беріп қайтатын болған. Өзімен бірге Елкей хан Меңей батырды алып барған. Сол кезде Шөмекейде Меңей батырдан ешкімнің жасы үлкен болмаған. Хиуа бегі сәлемдесіп болған соң Елкей төреден, жаныңдағы кескек (қылыш) байлағаның кім деп сұрапты. Сол уақытта Меңей батыр «Бұл Айшуақ, Есім, Ералы, Нұралы хандарды қорқытқан кескек еді, тағы керек бола ма деп әкеліп едім» деп қылышты ұстағанда бек жұмған аузын аша алмай қалады. Сонда Елкей хан сасып қалғанынан: «ай сорлы атай не болды, ай сорлы атай не болды» дей берген екен.

Ш.Ш. Уәлиханов қазақ халқының Геродоты деп атаған Қазақтардың тарихы жөнiнде “Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы”деген (1832) тұңғыш iргелi еңбек жазған А.И. Левшиннің жазбаларында орыс экспедициясының жүру бағытын айтқанда да осы Меңей батыр аты кездеседі. 1894 жылы Ресейде шыққан және одан кейінгі карталарда Меңей атты жер атауы көрсетілген.

Қазіргі Қармақшы ауданындағы Тәйімбет Көмекбаев ауылы орналасқан жер бұрын «Аша» деп аталған. Сол жерде Меңей батырдың қыстауы болған. Меңей тек қана қол бастаған батыр ғана емес, сонымен бірге жарлы-жақыбайлардың егін егіп, мал бағуына, шаруашылықпен айналысуына ұйтқы болған. Қуаңдарияның бойында Меңей атты көл бар. Батырдың артында қалған туғандары оны сол жердегі биіктеу төбеге жерлейді. Кейін бұл жер Меңей деп аталып кетеді. Осы жерде батырдың үй там кесенесі бар.   19 мамыр 2013 жылы Торыбай руынан тараған Өзбекстаннан, Қарақалпақстаннан, Түркиядан шыққан бір топ азаматтары-ұрпақтары Меңей батыр бабамыздың кесенесіне граниттен тас белгі қойып, үйтам темір шарбақпен қоршады.

Сыр елінің  батырларының бірі – Меңей  өз уақытында Қазақ халқына, оның ішінде Сыр еліне мәлім, ал қазіргі жұртқа беймәлім Меңей батыр туралы мәлімет беруді жөн көрдім.

Батыр ұрпағы: Сүлейменов Шынжырхан Төлегенұлы

 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0