Т. Жүргеновтің кабинетінен шыққанда Алатауды айырып, Қаратауды қайырып шығатындай күш-жігермен шығатын едік
Академик Ахмет Жұбанов
Биыл елімізде айтулы оқиға. Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының шешімімен түркі әлемінде 2023 жылды – қазақтың ардақты азаматы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері «Темірбек Жүргенов жылы» деп ресми жариялады. Қазақстандағы мәдениет, әдебиет, өнер саласының 30 жылдардағы талантты ұйымдастырушыларының бірі, өз кезеңінде «темір нарком» атанған Т. Жүргеновтің туғанына биыл 125 жыл толып отыр. Республикамыздың көптеген аймақтарында, алыс-жақын шет мемлекеттердеалаштың асыл азаматын ұлықтауға байланысты түрлі іс-шаралар, конференциялар мен семинарлар, мүшайралар мен сайыстар өткізілуде. Бұл құптарлық іс.
Темірбек Қараұлы Жүргенов есімі тек қана қазаққа ғана емес, иісі түркі жұртына мәлім, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға. Ол 1929-1930 жылдары – Тәжікстанның қаржы комиссары. 1930-1933 жылдары – Өзбекстанның, ал 1933-1937 жылдары Қазақстанның халық ағарту комиссары қызметтерін абыроймен атқарған.
Нарком Темірбек Жүргенов дегенде 1926 жылы Ташкентте ашылған алғашқы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) тұңғыш ректоры, 1934 жылы құрылғанТау-кен институты (Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ), Зооветеринарлық факультет (ҚазҰАУ) әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, елде жаппай сауаттандыру, 10 жылдық білім берудің күні бүгінге дейін үзілмеген желісі еске түседі, Т.Жүргенов дегенде 30-жылдар басында Голощекин лаңынан кейін тұралап жатқан ұлттық білім мен мәдениеттің тамырына қан жүгіртіп, Алматының өзінде 18, республикада 400 мектеп, түрлі жоғары оқу орындарын салдырып, қазақтың «Луначарскийі» атанған Ағарту комиссары еске түседі.
Т.Жүргенов дегенде1934 жылы құрылған «Қазақфильм» киностудиясы, тұңғыш Өнер слеті, 1936 жылыМәскеуде өткенқазақ әдебиеті мен мәдениетінің табысты онкүндігін айтуға болады.
Темірбек Қараұлы – қайраткер-қаламгер, әдебиет және театр сыншысы, өткір публицист. Оның қаламынан шыққан 7 кітабы, 160-тан аса көсемсөз еңбектері – өзінің құндылығымен маңызды. Атап айтқанда «Қазақстандағы мәдениет революциясы», «Қазақстандағы сауатсыздық жою» кітаптары, «Саяси экономия» оқулығы, «Орта Азиядағы қазақ халқының хал-жағдайы», «Қазақ педагогикалық институтын құру», «Қазақ халқының ақындары мен жыршылары» т.б. мемлекетшіл тақырыптағы очерктері мен мақалалары бүгінгі ұрпақ үшін зор тағылым.
Қашан болсын нақты, қысқа және батыл сөйлейтін Т.Жүргенов қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып қалуы үшін де аянбай тер төкті. «Бастауыш, орта, жоғары оқу орындары өз ана тілімізде болуы керек. Дүниежүзілік мәдениетке, әдебиетке бірінші өз тілімізді, салт-дәстүрімізді құрметтегенде ғана жетеміз!»,-деп өркениет биігіне қазақ тілінің абыройын көтерді. «Мектептің түрі, тілі туралы» деген мақаласында даТ.Жүргенов көтерген мемлекеттік тіл мәртебесі бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпай, қажеттілігі мен маңыздылығы артып отырған тақырыптардың бірі.Оның «Қазақ мемлекеттік университетін ұйымдастыру туралы» мақаласында «Қазақстанда ғылым мен техниканың түрлі салалары бойынша білікті қызметкерлерді даярлайтынбір орталық болуы тиіс, басқаша айтқанда, Қазақстанға әртүрлі факультеттері бар университет қажет» – деп атап өтті
ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ішіндегі ұлттық мәдениет пен халық ағарту ісін көтеру, он жылдық мектептерді ұйымдастыру, кадрлар даярлау, ұлт тілі мен әдебиетті, театрды, қазақ баспасөзін, ғылыми-зерттеу мекемелерін ашуда қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің орны айрықша.Ол қазақ өнерінің қанат жаюына қыруар тер төкті. Белгілі мәдениет майталманы Құрманбек Жандарбеков ол туралы: «Біз оны қазақ театрының атасы ретінде білеміз. Біз оны қазақ өнері мен әдебиетінің білімдары ретінде танимыз. Біз оны Қазақстандағы оқу-ағарту ісінің талмас жанашыры ретінде білеміз»,- десе, академик Ахмет Жұбанов: «Жүргеновтің кабинетінен шыққанда Алатауды айырып, Қаратауды қайырып шығатындай күш-жігермен шығатын едік»,– деп, білім басшысының қажыр-қайратын жоғары бағалайды.
Темірбек Жүргенов халық арасынан шыққан өнер таланттарын іздеп,олардың өнерлерінің республикада танылуына, тікелей қамқорлық жасады. Осы мақсатпен ол 1934 жылы халық өнерпаздарының тұңғыш республикалық слетін өткізді. Бұл домбырашы, қобызшы, мен әнші, жыршы-жырауларды өз дүбірімен елеңдеткен тамаша жиын болды. Ақындар Ж.Жабаев, Н.Байғанин, Шашубай, атақты күйшілер Д.Нұрпейісова, Н.Бөкейханов, әнші Ғ.Құрманғалиев, А.Жұбанов, Ж.Шанин, Қ.Жандарбеков, С.Қожамқұлов, Қ.Байсейітов, К.Байсейітова, Ш.Жинеқұлова, Е.Өмірзақов тағы басқа өнер саңлақтарыосы слетте алғаш рет бүкілелге мәлім болды.
Өзі мерт болса да, оның ісі, атқарған қызметі, халқының болашағына сіңірген қалтқысыз еңбегі, атап айтқанда артында мұра болып қалған әдеби-мәдени, оқу-ағарту саласында жазған құнды дүниелері шаң басқан мұрағат сөрелерінен алынып, жоғары бағасын ала бастады.Себебі, асыл азаматтың өнегелі өмірі, еліне деген сүйіспеншілігі бүгінгі ұрпақ үшін Отанға қызмет етудің жарқын үлгісі болары хақ.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің факультеттерінде Т.Жүргеновті ұлықтау іс-шаралары жүріп жатыр. Себебі, 1934 жылы Ағарту комиссары осы аталған оқу орынның негізін қалаған болатын. Айталық, қазақ әдебиеті және теориясы кафедрасы Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай «Жүргенов апталығын» өткізді. Апталық аясында жүргеновтанушы-ғалымдарфакультеттің оқытушы-профессорлық құрамы мен студенттеріне тақырыптық семинаржүргізді.Сонымен бірге, республикалық эссе конкурсы өткізіліп, студенттерге Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне экскурсия ұйымдастырды. Ал ЮНЕСКО-ның журналистика, коммуникация кафедрасы кең көлемде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
«Елім, халқым!»-деп өткен, Қазақстанда мәдени-ағарту революция жасап, жазықсыз зобалаң құрбаны болған, сүйегі асыл, рухы мықты Темірбек Жүргеновтей арда азаматтың бекзат болмысы өз халқының жүрегінде мәңгі сақталады.
А.Б.Темірболат, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, академик
Б.С.Иманғалиев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, жүргеновтанушы-ғалым
ПІКІРЛЕР