Сириядағы соғысқа 7 жыл

Сириядағы соғысқа 7 жыл

2011-жылдың наурыз айында Сирияда Башар Асад билігіне қарсылық қарқын алғаны белгілі. Алғашында-­ақ Асад билігі халқына күш көрсетті. Бірақ, наразылық тіптен өршіді. Ел ішіндегі ретсіздікті, берекесіздікті радикал, арамза күштер де қалт жібермеген болатын. Мысалы, «Ислам мемлекеті» атты терроршылар тобы Сирияда да қырғынын бастап жіберді.

Дегенмен, қарапайым халықтың осынша қанының төгілуіне, босқынға ұшырауына, елінің қирауына қатысты жауапкершіліктің басында Башар тұр. Басқа мемлекеттер әскерлерінің, тіпті мүддеміз бар десін, өзін тәуелсіз санайтын Сирияға еркін дерлік кіріп-шығып жүруіне себеп болған да Башар билігі. Сондықтан Асад әулеті құрған саяси жүйе құрымай, азаматтық қоғам орнамай қанды қақтығыс та тоқтай қоймас.

Ал, Башардың билікті бейбіт түрде бере қоятын түрі жоқ. Жеті жыл өтсе де ол билігін сақтау жолында басқа елге (негізгі қолдаушы – Ресей) сүйене отырып, өз халқын қанды қырғынның астына алып келеді. Өкініштісі, адам шығыны жылдан жылға артуда. Азамат соғысы салдарынан 500 мыңдай адам қаза болған! Тіпті осыдан бір жылдай бұрынның өзінде шамамен 470 000 адам қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған еді. Демек, адам шығыны жарты миллионнан да көп болуы мүмкін. Босқындардың саны болса, 5 миллионнан асады. Сириялық босқындар арасында жағдайдың нашарлығы салдарынан денесінің кей бөлігін сатушылар да кездесетіні жазылған болатын. Мұндай оқиғалар, әсіресе, Түркия, Ирак, Иордания елдерінде кездеседі екен. Экономикалық шығын да сұмдық: 226 миллиард АҚШ доллары! Мыңдаған үйлер, өндіріс орындары қирады. Әлі де қирауда.

Азамат соғысының тоқтайтын түрі байқалмайды.

P.S. Тәуелсіз ел саналатын, бірақ, оны басқа мемлекеттің күшіне сүйенетін диктатор, автократ басқаратын, жемқорлыққа, әділетсіздікке әбден батқан әр тоталитарлы қоғам Сирия соқпағына түсуі әбден мүмкін. Дәл сол Сириядағыдай болмаса да, соған ұқсас жолға…Сондықтан ондай қоғамның иманды, адал, саяси сауатты, білімді, зиялы, ықпалды, болашағына немқұрайлы қарамайтын т.б. абзал азаматтарына артылар жүк те жеңіл емес. Ал, тиісті жүгін көтерсе, алар сауап жүгі де жеңіл болмаса керек…

Құрманғали Нұрғали

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0