Рашид Жаксылыков: 2017-жылы тек қана мұнай-газ өндірісі саласының төлеген салығы 300 млрд. теңгеден асып түсті

Рашид Жаксылыков: 2017-жылы тек қана мұнай-газ өндірісі саласының төлеген салығы 300 млрд. теңгеден асып түсті

Мұнай – еліміз үшін саяси да, экономикалық та, әлеуметтік те маңызы орасан болып тұрған шикізат. Бұл өндірісте 80 мыңдай адам жұмыс істейді екен. Ал, мұнай-­сервис саласында шамамен 200 мың адам еңбек етуде. Осыдан­-ақ Қазақстан үшін  бұл саланың маңызын ұға түсуге болады. Мұнай өндірісінің дамуында өзіндік орны үлкені – қызмет көрсету саласы. Мұнсыз мұнай өндірісі дамымайды. Мұнай-­сервис саласы түсіріп отырған салық та үлкен. Демек, Қазақстан үшін қай жағынан да ірі көрінеді…

 Осы бағытта Қазақстан мұнай-­сервистік компаниялары Одағы Төралқасының Төрағасы Рашид Жаксылыков мырзамен сұхбаттасып едік.

– Қазақстан мұнай ісінде еліміздің мұнай­-сервистік компанияларының үлесі қандай?

– Елімізге 2017-жылы тек қана мұнай-газ өндірісі саласының төлеген салығы 300 млрд. теңгеден асып түсті. Басқа саламен салыстыратын болсақ, мысалы, егер ауыр машина өнәркәсібінің берген салығы 14-ақ миллиард. Енді сіз өзіңіз білесіз, экономика, бизнесті дамытатын болсақ, біз қай саланы дамытуымыз керек? Үлкен пайда алып келіп отырған саланы дамытуымыз керек қой. Мұның сыртында мұнай-­газ өндірісін дамытуға жұмсалып жатқан ақша – 4 триллион теңгеге жетеді!

Мұнай­-газ өндірушілерді үш топқа бөлеміз. Үш топ та тұрақты, келісім­-шартпен жұмыс істеп жатыр. Бұған үш оператор кіреді: ТШО, ҚазМұнайГаз т.б. Бұл үш топ та қызмет көрсету болмаса, дами алмайды.

Статистика бойынша 1 мұнайшыға 3-5 мұнай­-сервисші керек.

– Бұл халықаралық стандарт па?

– Иә, бұл халықаралық стандарт. Себебі, мұнай өндіру үшін геологиялық барлау жүргізіледі. Соған сәйкес, кен қойнауының қорын, мүмкіндігін анықтап бергеннен кейін, инвестор іздейміз. Сосын өндіру басталады. Өндіріс бұрғылаудан басталады. Бұрғылауды кім жүргізеді? Міндетті түрде қызмет көрсетуші компания. Бұрғылауды да құр станогын қоя салып, бұрғыламайды ғой. Әуелі станок тұратын алаң дайындауымыз керек. Жан­жағын қоршауымыз қажет. Оны кім істейді? Жобалаушылар. Осылайша жобалаудан өтеді. Сосын құрылысшылар келеді. Мұнай нақты шыға бастағанда, қалашықтар саламыз. Өндірген мұнайды сақтайтын қоймалар салынады. Мұнайды жеткізу үшін логистикалық компаниялар қажет. Мұнай өндіру мекемелерінде жұмыс істеп жатқандарға тамақ дайындау, жатын орны, киімдерін жуу, ауыз суы т.с.с. бәрі қызмет көрсету болып саналады. Жалпақ тілмен айтқанда, бір мұнайшының соңында төрт­бес атқосшы қоса еріп жүреді.

 – Мәселен, Қазақстанда шамамен 80мың мұнайшы бар, ал, мұнай­сервистік компанияларда 200 000 адам жұмыс істейді екен. Егер, сол стандартқа салып, орташа 1 мұнайшыға 4 мұнай­сервисші керек деп есептесек, 320 мың адамды қажет етеді. Демек, мұнай қызметшілері санын әлі де арттыруға болады деген сөз ғой, солай ма?

Иә, әрине болады! Бірақ, бірнәрсені ұмытпайық, бізде бас мердігерлердің бәрі шетелдік компаниялар ғой. Сондықтан олар да өздерінің мамандарын әкелуде. Сонымен жетпейтін тұс жабылып жатыр. Біз оларды есепке алмаймыз.

– Халықаралық деңгейде сұранысқа жету үшін қандай жұмыстар атқарылуда?  

– Біздің сала үшін қойып отырған сұрағыңыз өте маңызды. Біздің алдымызға қойып отырған мақсаттардың бастысы десек болады. Сізбен кездесердің алдында Ұлыбритания мен Түркияға барып қайттым. Сондағы көздеген мақсатым: Қазақстан компаниялары қызметтерін экспорттау. Бізді бұған итермелеп, ойландырып отырған Норвегия елінің тәжірибесі. Өйткені, қазіргі таңда мұндағы қызмет көрсету саласының (мұнай­газ саласына қатысты қызмет көрсету саласы –Қ.Н.) Норвегияға әкеліп отырған пайдасы мұнай өндірісінікінен үш есе асып кетті! 5 миллион халқы бар Норвегияның ұлттық қорында $850 миллиард бар! Мұнда мұнай­газ саласы түсірген пайданың өзіндік үлесі әжептәуір.

Олай болса, елге мұнай­газ саласы қызметінен түсетін табысты біле тұра мұнымен айналыспау, дамытпау – көрсоқырлық! Бұл білімсіздік деп айтуға болады. Жобалар жобалаудан пайда болады. Әуелі идея туып, жоба шығып, сосын оны ақырындап іске асыра бастаймыз.

Англияда Қазақстандағы мұнай­газ саласының дамуына үлкен үлес қосқан жобалау компанияларымен кездесіп келдім. Атап айтсақ, Вудгрупп (Wood Group) және Атырауға кіріп келе жатқанда алдыңыздан шығатын Флёр (Fleur) деп аталатын компанияларымен кездесіп келдім. Бұл жердегі ойымыз – Қазақстан дизайн академиясын ашу. Соған сәйкес, Қазақстан жобалау компанияларының кәсіби деңгейін көтереміз. Біздің жобалау компаниялары қандай кәсіби деңгейде деген заңды сұрақ туады. Жобалау бойынша еліміздегі компаниялардың үлесі қандай себеппен 50%-ға жетіп отыр? Жобалауда икемдендіру, бейімдеу деген ұғым бар. Мысалы, шетелде жасалған жобалауды елімізге ендіру үшін Қазақстан заңдарына сай болуы қадағаланады. Бірақ, жобалау сырттай жәй сөз сияқты көрінгенімен оның да іштей 4 сатыдан тұртатынын көбісі біле бермейді. Мысалы, біріншісі, тұғырнамасы. Жобалау ісінің ақылды өте бір қажет ететін, жан­жақты қарап, стратегиялық ойлауды сұрайтын бөлігі. Өнер. Екінші – тұғырнаманы инженерлік шешімдермен байланысты ету. Үшінші – құрамдас бөліктерін жобалау. Бұл тоқыма ісі сияқты. Мұндай салада да бізде маман жоқ. Төртінші – бастан аяқ дайын мекеме қандай болуы керек деген мәселені шешу бөлігі. Бұл бөлікті жобалау және құрылыс деуге де болады. Аталған төрт саланың тиісті сондай мамандары бар. Бізде осындай сала бар, соған сондай мамандар қажет дегенді зерттеп жүрген арнайы мекеме бар ма? Жастары арасында сондай мамандықты игерсем дегенді таба аламыз ба?

Сондықтан да біз Қазақстан дизайн академиясын құрып, осы төрт сатыға мамандарды дайындайтын жұмысты, амандық болса, жаңа жалдан кейін бастап кетеміз деп шештік. 50ден астам қазақстандық жобалау компанияларына үлкен-үлкен тренингтер өткіземіз. Бақытты қыламын, бір күнде миллион табасың дейтін өтірік тренерлер көп қой, семинар өткізіп, ақша тауып жатқан алаяқтар. Алаяқтардың формуласы жүріп тұрғанда, кәсібилердікі көштің соңында жүрмес. Мұның қасында әлемдік деңгейдегі компаниялардың ондығына кіретін ұйымдардың семинар сабағы артық бола қоймас. Сонымен қатар, дизайн академиясы қазақстандық жобалау компанияларының әлемдік деңгейдегі үдерісті үйренуіне қана жол ашпай, шетелдік деңгейде сұранысқа ие болатындай мүмкіндіктерге жетуіне негіз қаламақ. Демек, шаршамай, талмай еңбек етсек, соңында еліміздегі жобалау компанияларының қызмет көрсету бойынша экспорты басталады деген сөз. Мұның сыртында қазақстандық жобалау саласы мамандарын әлемдік деңгейдегі компанияларда жұмыс істету, тәжірибеден өткізу бар.

– Қазақстан дизайн академиясы қайда ашылмақ?

–  Атырауда.

– Еліміздегі мұнай бұрғылау жұмысымен айналысатын компаниялардың ондығына кіретін қазақстандық кәсіпорындардың бұрғылаудағы үлесі, бірінші орында тұрған – KMG Nabors Drilling Company АҚШ­Қазақстан кәсіпорнын да қосқанда, 43,9% екен… Бұл қандай көрсеткіш деп ойлайсыз? Жақсы, орташа, әлде… 

– Қазақстан үшін өте жақсы көрсеткіш. Себебі, бізде шетелдік инвесторлар мойындай бермейтін талап бар. Бұл – табысты теңдей бөлетін, 50/50 пайыз негізінде компания құр деу. Ал, сол шетелдік компанияларға 100% ауыртпалық жегіледі. Олар: 50% бөліскесін, неге сол көлемде көтеріспейді деп жатады.

Бірақ, ҚазМұнайГазбен қорықпай келіседі. Сондықтан бұл алғашқы легі.

Жылдан жылға мұнай алу ауырлап барады. Теңіз түбінен мұнай алудамыз. Орыстар болса, мұзды ойып алуда. Бұған тәжірибелі, әлеуетті компаниялар қажет. Мысалы, қазақстандық бұрғылау компанияларына барып, Касспийден мұнай шығарып бер деші, біреуі олай істей алмайды.

Мұнай алу тереңдеп барады. Қазір 5 000 не 7 000 метр деген цифрлар бар. Біздің ұлттық компаниялар 1000 немесе 1500 метр төңірегінде жүр. Мысалы, хирургтің операция жасайтын аумағы қолсозым ғана жер. Көзі көріп тұрған сол жердің өзінен мақта ма, басқа ма – бір затты қалдырып кетіп жатады. Дұрыс кеспей кетеді. Енді ойлаңыз, көз жетпейтін 5 000, 7000 метрден мұнай алып шығудың қаншалықты қиын екендігін… Бұл үшін қандай маман, тәжірибе, техника мен технология болу қажет? Сондықтан мұндай жағдайда осындай көрсеткішке қуанамыз.

«Жоқ, жоқ деп қақылдай берме» дейтін бұрын үлкен кісілер. Демек, мүмкіндігінше қимылдап жатырмыз, тиісінше, бұл өте жақсы көрсеткіш.

Мұнай бағасы қазан айында 1 баррелі $80нің үстіне шықса, қарашада 60тан да төмен түсті. Әлі де белгісіз не болары… Бағалардың өте құбылуы мұнай­сервис саласына қаншалықты жедел әсер етеді? Шетелдік компаниялардың қазақстандық қызмет көрсету саласымен есептесуі қандай валютамен жүреді? 

– Екі сұрақ деп есептейік. Мұнай – стратегиялық тауар. Геосаясатқа тәуелді. Кейбір алпауыт мемлекеттер өз арасындағы мәселені мұнаймен шешіп жатады. Өндіруші ірі екі ел, тұтынушы екі мемлекет арасында саяси ойын жүреді де жатады. Бұлардың қас­қабағына қарап отырамыз. Себебі, олардың бізден тыс жасалған шешімі бәрібір жалпы мұнайдың ауа­райына әсер етеді.

Сондықтан да мұнай бағасының төмендеуі өндіруші компаниялардың үнемдеуге өтуіне әкеледі. Ықшамдай бастайды. Мұнай бағасы көтерілгенше кей жобаларды тоқтататыны – экономикалық заңдылық. Баға төмендегенде инвесторлар да мұнай­газ саласына ақша салуды тоқтата қояды. Бұл – екінші салмақ немесе мұнай өндіруші компаниялар табысы азайғанда, оның үстіне инвесторлар да кеткенде – олар да жағдай түзелгенше кей жобаларды қаржыландыруды тоқтатады. Демек, мұнай­газ қызмет көрсету саласына да тікелей әсер етеді. Дегенмен толық тоқтата алмайды. Мысалы, ТШО жақсы, тоқтаусыз жұмыс істеп тұруы үшін қызмет көрсету саласына жылына 1,5 млрд. АҚШ долларын бөледі: күрделі, уақытша жөндеу, бояу т.б.

Енді екінші сұраққа келейік. Бас мердігерлікті ешқашан қазақстандық компаниялар ұтып алған емес. Олар мұнай өндірушілермен АҚШ долларымен есептеседі. Бірақ, олар біздің компаниялармен теңгемен келісім жасасады. Сондықтан девальвация болғанда біздің компаниялар ұтылатыны бар. Сұрағыңыз бизнесті алаңдатып отырған мәселеге жатады. Алдағы уақытта бас мердігермен келіссек дейміз: жартысын ұлттық валютада, қалғанын АҚШ долларымен есептесуге. Қаржылық сілкіністен сақтанудың жолы ретінде…

Мұнай бағасы көтеріле бастаса, қорқа бастаймын. Себебі, бағасы көтерілген заттың құлайтыны да анық. Ал, бұл қалай құлайды, біздің экономика жүрегіне қаншалықты салмақ салады деген т.б. сұрақтар мазалай бастайды. Бірнеше құлдырауды бастан кешірген біз көтерілуге үркіп қараймыз. Бірақ, шекті, қауіпті тұс – мұнай баррелінің $40қа түсуі. Демек, соған дейін түспесе, келісілген жобалар орындалады. Қазіргі деңгей, осы баға – өте жақсы.

 Сұхбатыңызға үлкен рахмет!

 Әңгімелескен: Құрманғали Нұрғали

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0