Ғаламдық жылыну. Әлем және Қазақстан.

Ғаламдық жылыну. Әлем және Қазақстан.

Мына дүние, Жер – адамзат баласына аманат. Демек, адам баласы бұл дүниеге жауапты тіршілік иесі. Жерді әбден тіршілік етуге келмейтіндей қылса да немесе гүлдендірсе де өзі үшін…

Қазіргі таңда ғаламдық мәселелердің бірі – климаттық өзгерістер, Жер температурасының жоғарылауы. Өкінішке қарай, адамзат өзінің өмірін қоршаған ортаға ауырлық түсіре отырып жеңілдетіп келді, әлі де солай. Бірақ, ғаламдық мәселеге әкелген өзгерістердің салдары адамзаттың өз тіршілігіне үлкен қауіп төндіруде. АҚШ және Ұлыбритания ғалымдары солай деп санайды. Мәселен, Жер температурасының жоғарылауы – климаттық өзгерістердің кесірінен 2200-2400 жылдарға қарай Жер беті адамзатқа ғана емес, басқа да тіршілік иелері үшін өмір сүруге қолайсыз болуы мүмкін делінеді. Сонымен қатар, 2100-жылға қарай халықтардың өсімі төмендеуі ықтимал деген де болжам бар…

Бұл әрі тұрған уақыт болса, бертінгіге де бар. Егер ғаламдық жылыну осы бетімен кете берсе, 2060-­жылға қарай 1,4 млрд. адам қонысын ауыстыруға мәжбүр болуы мүмкін! Ал, ғалымдардың пікірінше, 2100­-жылға таяу бұл сан өсіп, 2 миллиардқа жетуі ықтимал. Себебі, жылу артуы арқылы мұхит, теңіз деңгейі көтеріледі. Бұл жағалауға жақын орналасқан тұрғындардың амалсыздан қонысын өзгертуіне әкеліп тіремек. Мұны АҚШ­-тың Корнелль университеті ғалымдары мәлімдеген.

Біріккен Ұлттар Ұйымы 2100­-жылға қарай адамзат саны 11 миллиардқа жетуі мүмкін деп санайды. Демек, 2 миллиард «климаттық босқындар» – бүкіл адамзаттың шамамен 18%-дан астамы.

Осының салдарынан апаттар да артқан. 2000-2019 жылдар аралығында Жер бетінде 7348 апат болыпты. Апат салдарынан 1,23 миллион адам қазаға ұшыраған. Экономикалық шығыны да алапат: 1,63 триллион АҚШ доллары. БҰҰ жанындағы осы бағытты зерттейтін Басқарманың мәліметі осындай. Ал, 1980-1999 жж. 4212 апат болған. Демек, жоғарыда жазылған уақытпен салыстырғанда, апаттар саны 1,74 есе аз. Климаттық құбылыстардың, өзгерістердің салдарынан болып жатқан аномальды ыстықтан қайтыс болғандар саны да бейнебір қырғын келгендей көп: 165 мың адам.

Антропогендік фактордың салдарынан болып жатқан ғаламдық климаттық өзгерістер адамзаттың өзіне ғана емес, сүтқоректі жануарлар әлемінің де жойылып кетуіне негіз болуда. Мәселен, сүтқоректілердің жойылу жылдамдығы қазіргі күні 1700 есе артқан. Мамонт өмір сүрген кезеңмен салыстырғанда. Соған сәйкес, XXI-ғасыр соңына қарай, сүтқоректілердің 502ден 610ға дейін түрі жойылып кетуі мүмкін деп болжайды! Басты себеп ретінде адамзаттың зиянды әсері аталуда. Салыстыру үшін, 126 мың жыл ішінде сүтқоректілердің кемі 351 түрі жойылып кеткен делінеді.

Енді қайтсе болады?.. Мәселені шешуде атмосферадағы көмірқышқыл газын азайту қажет екендігі көпке белгілі жәйт. Бірақ, жүздеген миллиард АҚШ доллары көлемінде табыс әкеліп отырған мұнай мен көмір өндірісінен әлемнің бүкіл елі бірден бас тарта алмайтыны анық. Десек те, бетбұрыс бар. Қайда қарай?! Жасыл энергияға, сонымен сабақтас экономикаға. Әрі кей елдерде қарқынды жүруде.

Болжауға қарағанда, келесі ғасырдың басында энергоөндірісте орны толатын жасыл энергияның үлесі үлкен көлемге жетпек. Орны толатын энергия көздері – Күн, жел электр станциялары мұнайды ығыстыруы мүмкін деген пікір аз айтылып, кем қоғалған жоқ. Бұған дәлел де жоқ емес. Мәселен, ғылымы, өндірісі алдыға кеткен елдерді алайық. Германияда былтырғы тоғыз айда Күннен алынған энергия алдыңғы жыл бойы өндірілген көлемге жеткен: 46,5 тераватт-сағат. Кей мемлекеттерге таңсық болып отырған атом электр станциясы өндірген (45,2 тераватт-сағ.) энергиядан асып кетіпті. Германияның Фраунгофер Күн энергетикалық жүйесі институтының талдауы осындай. Жел энергетикасынан
алынған электр қуатының көлемі де әжептәуір. Былтыр сол елде өндірілген бүкіл электроэнергияның 25,6%-і сондай қондырғылардан өндірілген. Бұл елде Жел электр  қондырғылары шамамен 30 мыңдай делінеді. Германия Еуропа бойынша Жел электр энергиясы көлемінен 1-орында.

Тұтастай Еуропада да орны толатын балама энергия көздерінің үлесі өсіп келеді. Бұған дәлел, Еуропа тұтынған электр энергиясының 24,6%-ы жел қондырғыларынан өндірілуі. Еуропаның Германиядан бөлек, Франция, Дания, Португалия т.б. мемлекеттерінде орны толатын энергия көздері өндірісі дамыған, тиісінше, үлесі де әжептәуір.

2017-жылы АҚШ-та өндірілген бүкіл электр энергиясының 8,2%-ы Күн және жел энергетикасына тиесілі болыпты. 2016-жылғы үлесі болса, 6,9% болған екен. Демек, Күн энергиясының үлесі 2017-жылы 1,92%-ға дейін көтерілген. Ал, 2015-жылы болса, АҚШ-та өндірілген бүкіл электр энергиясындағы үлесі 1%-ға да жетпеген болатын. Желден алынатын электр энергиясының көлемі де өскен. Қазір АҚШ­-тың энергия өндірісіндегі орны толатын табиғи көздердің үлесі шамамен 17%. Әлем бойынша ең көп энергия тұтынатын елде осындай өзгеріс жүруде.

Электр энергиясын асап-­асап жейтін әлемнің екінші ірі елі – Қытайда да өзгеріс баяу емес. Таяуда ғана Қытайдың Huanghe Hydropower Development атты мемлекеттік компаниясы 2,2 ГВт болатын әлемдегі ең үлкен Күн энергетикасы өндірісін іске қосты. Бұл елдің мақсаты асқақ. Өткен жылдың қыркүйек айында Қытай басшысы Си Цзиньпин БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында 2060-жылға қарай, Қытай елі көміртегіден бейтарап экономика, энергетика көзін құру мақсатын қойып отырғанын жариялады. Бұған жету үшін $5 триллионнан аса инвестиция керек екен.

Қазақстан: мұнайды «мұңайтып», жасыл энергияны жайнатып ғаламдық жылынуға қарсы күреске үлес қоса ала ма?..

 Жасыл энергетиканың дәуірі басталды ма, жоқ па, әйтеуір жақсы бір қозғалыс басталып кетті. Бұл мұнайға сенген, саясаты мен экономикасын соған сүйеп қойған елдер ойлануы керек екенін меңзейді.

Әлем елдерінің бірі ретінде Қазақстан да мұндай үрдістен тыс қала алмайды. Елімізде зор дамымаса да, жел және Күн энергиясы өндірісі қозғалыста. Дегенмен, экономикамызда мұнай мен көмір өндірісінің үлесі үлкен. Саяси да маңызы зор. Әлеуметтік те. Жәй сөзбен емес, мәлімет келтірсек, бұл саланың маңызы тіпті байқала түседі. Мәселен, мұнай өндірісінде 80 мыңдай адам қызмет етеді. ҚР Энергетика министрлігі мәліметіне қарағанда, мұнай­-сервис саласында болса, 200 мың адам жұмыс істеп келген. Сонда мұнай мен соның айналасында шамамен 280 мың адам тіршілік етіп жүрген болып шығады. Былтыр еліміз 80 миллион тоннадай мұнай өндірген. 2025-жылға қарай, мұнай өндірісін 107,3 миллион тоннаға жеткізу жоспары бар. Бұл сала әрі үлкен кіріс көзі. Бірақ, болашақта соншалықты экономикалық жағынан тиімді, әрі қауіпсіз жол деп санау қиын…

Еліміздің энергетика үлесінде мұнаймен қатар, көмірдің де үлесі әжептәуір. Біздің елдегі балама энергия көздерінің өзіндік құны мұнай мен көмірдікінен қымбат.

Франция 2018-жылы көмір пайдаланатын бүкіл электр станцияларын жабатынын жариялады. Бұл туралы Франция президенті Эммануэль Макрон мәлімдеген болатын. Оның мәлімдеуінше, 2021-­жылға таяу бүкіл көмір кен қазу орындары жабылады. Францияның көмір пайдаланатын бүкіл электр станцияларында өндірілетін энергия көлемі сол ел қажеттілігінің 1%­-ын ғана өтейді екен. Демек, аталған ел бұл қадамға батыл түрде бара алады. Көмір пайдаланатын бүкіл электр станцияларын жабудағы басты мақсат – әлемдік экологияның бұзылуына жол бермеу, қоршаған ортаны сақтау. Германия болса, 2038-жылдың соңына қарай, көмірді электр энергиясын өндіру мақсатына пайдаланбауды жоспарлап отыр.

Сондықтан әлемдік жасыл энергетика өндірісін дамытуға Қазақстан да өзіндік жауапкершілікпен кірісе отырып, экономикалық жағынан мұнай мен көмірден өзіндік құны төмен энергия алуға тікелей мүдделі екендігі де байқалады.

Қазақстан қазіргі күні де климаттық өзгерістерді айқын түрде бастан өткеріп отырған ел. Мәселен, соңғы 60 жылда еліміздегі мұздық көлемі 45%-ға азайған. Орташа ауа температурасы 2050-жылға қарай 2-3°С-қа дейін көтерілуі мүмкін делінеді. Ғасыр соңына таяу 3-6°С-қа дейін өсуі ықтимал. Жарты ғасырдай уақытта табиғи тұщы су экожүйесі де 30%-ын жоғалтқан. Биыл еліміз, әсіресе, оңтүстік, батыс, орталық аймақтар қуаңшылықтың, су тапшылығының зардабын тіпті тартуда. Мұнда да адами фактор салдары байқалады. 2050-жылға қарай, Қазақстан ауыл шаруашылығында әжептәуір орны бар бидай өнімділігі де 20-49% шамада төмендеуі мүмкін делінеді. Ойлантарлық сандар.

 Транспорт тазалығы – таза климат

 Ауаны ластап, климатты кірлететін үлкен бір сала – транспорт. Себебі, транспортта мұнай көп қолданылады. Мәселен, 1973-жылы бүкіл өндірілген мұнайдың 45,4%-­ын осы сала тұтынған. Ал, 2012-жылы бұл көрсеткіш 63,7% болды. Демек, мұнайға деген сұранысты анықтауда, өндіруде көліктің орны зор.

Ғылым мен техниканың біріге дамуы, өнеркәсіптік жаңа төңкеріс – бұл саланы да жаңартуда, жаңғырту үстінде. Бұл жерде әңгіме, электр және сутегімен жүретін көліктер санының артуына қатысты. Әсіресе, электромобиль санының қарқынды түрде өсуі –  экологияны сақтауға, климаттық өзгеріске қарсы бағытқа қосылған нақты үлес болмақ. Мысалы, 2018-жылдың I-жартысында Еуропадағы электрокөліктердің саны миллионнан асыпты. 2017-жылдың I­-жартыжылдығымен салыстырғанда, 42%-ға артқан! Егер, өсу жылдамдығы осы қалпынан түспесе, жақын жылдары­-ақ Еуропада тоқпен жүретін автокөліктер миллиондап саналуы мүмкін. Электромобильдер сатылымы көп елдердің қатарында Норвегия, Германия, Ұлыбритания, Дания, Швеция бар. Данияда 2030-жылдан бастап, бензин немесе дизельмен жүретін автокөліктерді тіркеуге тыйым салынуы мүмкін. 2017-жылы Норвегияда сатылған автокөліктердің 20%-­ы тоқпен жүретіндер болған. 2019-жылдың алдыңғы үш айында сатылған электромобильдердің автокөлік сатылымындағы үлесі 48,4%-ға жеткен екен! Тіпті бұл елдің парламенті 2025-жылға қарай сатып алынатын жаңа автокөліктердің барлығы электромобиль болуына дауыс берді. Ал, 2040-жылға таяу ішкі рейстегі ұшақтары да тек электрмен ұшады делінген болатын. Үлкен өзгеріс Азия елдерін де күтіп тұр. Қытай да, Үндістан да электрокөліктерді көбейту үстінде. Үндістан тіпті 2033-жылға қарай толық электромобильге көшу мақсатын қойып отыр.

2018-жылы автомобиль концерні – Audi жылына 800 мың электромобиль шығаратынын жариялады. 2025-жылға қарай осындай санға жеткізбек екен. Тағы бір мәлімет: 2018-жылы Илон Маск компаниясы «Tesla Model 3» деген маркалы 145 000 электр көлік сатқан! Тіпті «Tesla» сұранысты қамтамасыз етуге үлгіре алмай жатыр делінді.

Германияның Гельзенкирхен институты жанындағы автотранспортты зерттеу Орталығының болжауына сүйенсек, 2025-жылға қарата Еуропа тек электромобильдер мен гибридті ғана пайдалануы мүмкін. Осылайша, электромобиль дәуірі басталмақ. Бұрын тиіп­-қашып жүрген, жаппай өндіріске енбеген электрлі, сутегімен жүретін көліктер – күнделікті көрініс болып, «әдеттегі» автокөлік тарихқа енсе – ғаламдық жылынуға қарсы соққы болмақ.

Өкінішке қарай, Қазақстан секілді дамушы елдер, экологиялық жағынан барынша таза транспортты қоғамдық қажеттілікке айналдыруда алдыңғы қатарда емес. Бұған елдегі әлеуметтік жағдай да әсер етуде. Төменгі жалақысы 100 АҚШ долларының айналасында тұрған мемлекет 4-5 жылда Германия, Дания, Норвегия т.б. дамыған елдер секілді өзеріс жасай алмайтыны анық. Еліміздегі автоқұрастырушы өндіріс орындары да ескі жолмен жүре тұрмақ…

P.S. 1. Адамзат баласына Жер ортақ. Демек, соны сақтау жауапкершілігі де ортақ болуы тиіс. 8 миллиардтай адам сыятын, табиғат дүниесі Жерге ұқсас экзопланета табыла қалса да.

2. Жер жүзінің шамамен 1,1 миллиард тұрғыны электр энергиясына қолы жетпей отыр екен. Жасыл энергетика өндірісі дамымақ түгілі, “дәстүрлі” де жетпеген. 2,8 млрд. адам ағаш пен биоқалдықпен тамақ істейді, жылынады. Бұл да ауаның ластануына өзіндік әсер етіп отыр. Демек, мәселенің ауқымы кең…  

3. Қазақстан – жасыл энергия қашан дамиды, арзандайды деп қол қусырып отырған елдердің қатарынан емес. Еліміздің кей жерлерінде Күн мен жел энергетикасы өндірісі бірте-­бірте көбеюде. Бірақ, өзіндік құны мұнай мен көмірден алынатын энергия құнынан арзан болатындай деңгейге жетпей іс бітпейді. Мәселен, елімізде өндірілетін жасыл энергияның 1 кВт құны 24тг шамасында екен. Ал, көмір пайдаланатын электр станциясынан өндірілетін 1 кВт қуаттың құны 8 теңге. 3 есе арзан. Десек те, көрші елмен салыстырсақ, жаман көрсеткіш емес. Осы жақында Қытайда салынған Күн электр станциясында өндірілетін 1 кВт электр қуатының құны – 0,34 юань. Бұл біздің ұлттық валютаға шаққанда, шамамен 22 тг. Екі елдегі баға шамалас. 

4. Қоғамда экологиялық мәдениетті дамыту қажет. Бәлкім, балабақшадан, мектеп қабырғасынан бастап. Мәселен, автокөлік алайын деп жатып, бұл табиғатқа қаншалықты зиян тигізеді деп қалыпты жағдайда өзіңнен де, сатушыдан да сұрай алсаң – бұл да жетістік. Табиғи заттан жасалған, қоршаған ортаға зияны жоқ не тым аз пакеттерді қолдану да сол адамдардың қоршаған ортаны сақтауға қосқан үлесі болмақ.

 Тікелей де жанама да әсер ете отырып, қоғамдық ойды қозғау, дамыту қажет. Бұл саналы әр адамға парыз болмақ, әрі…

 Құрманғали Нұрғали, журналист

 Фото интернеттен алынды

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0