Қайран, Қуекем-ай…

Қайран, Қуекем-ай…

Күтпеген жерден жағыңнан біреу тартып жіберсе, көзіңнен жұздызшалар ұшып, жалп етіп, жерге құлап есеңгіреп қалу қалыпты жағдай тәрізді, ең жақын сырлас адамың бүгін кешке бір сағат сөйлесіп, ертеңінен таңертең бақилық болды десе, дәл солай күй кешетінің «Буынсыз жерге пышақ ұрумен» бірдей екен. 28 маусым кешқұрым 1-ауруханада жатырмын, бәрі жақсы деген Қуекең, ертеңіне таңертең о дүниеге аттанып кетті деген суық хабарды естігенде тап солай күй кештім. Ойпырмай мына өмір астан-кестен болып кетті. Құдайдың құтты күні  жаназа көре берген соң, мына жарық дүниеге деген көзқараз мүлдем өзгеріп барады.

Жарайды, соғыста өлсе бір сәрі, Айдың, Күннің аманында, мылтықсыз майдан басталып кеткен бе деген сұрақтар түнімен ұйқы бермей мазалайды екен, адамды. Атың өшкір COVID-19 деген бәле төрткүл дүниені шарпыды.

Баяғыда ауылда жүргенде, Оспан ақсақал «Егер Алла Тағала қаһарланса, бармақтай жүзікке дүниені сыйдырып жібереді» деген аят бар деп айтатұғын. Сондықтан аузы дуалы ғұлама Серғазы Ерғазыұлы:

«Дүние сұлу қыздай бұраңдадың,

Мен саған қызықпай тұра алмадым.

Басыңды  қанша жерден ұрсаңдағы,

Дегені  болады екен бір  Алланың» депті жарықтық.

Қуекеңнің мінезі жібектей жұмсақ болғандықтан шығар, өмірінде бірінші рет көрген адамның өзін бауырына басып, сөйлесе келе, баяғыдан бері танитын адам секілді баурап алатын қасиеті бар еді. Өйткені, ол кісі ешкімді жатсынбайтын, керісінше, қол аяғыңды жіпсіз байлап, өзіне ынтық ететін.

Ең алғаш рет Қуандық Шамахайұлымен 2005 жылдың 27қыркүйегінде Астана қаласында Дүниежүзілік  қазақтардың 3ші құрылтайында таныстық. Салтанат сарайы мейрамханасында кешкі асқа жиналған қонақтар кіре бастаған еді. Дастархан басында Өзбекстаннан келген делегаттармен отырғанмын. Артқы жақтағы дастархан Моңғолиядан келген делегаттардың арасынан ұзын бойлы, ақ шашты жас шамасы 45-50-лердегі ел ағасы маған күлімсіреп: “Ассаламағалайкүм” демесі бар ма? Мен сасып қалып: Уағалайкүмассалам дедім.  — Атың кім?

— Жұмамұрат…

— Сіздің атыңыз кім?

— Қуандық Шамахайұлы, — деді.

Міне, сол күннен бастап журналист болғандықтан емес, көңіліміздің бірлігі, жандүниеміздің жақындығы шығар шамасы, қас қабағымыздан бір-бірімізді түсінетінбіз. Бір ауылда өскендей тіл табысып кеткендігіміз соншалықты алаңсыз ашылып, ақтарылып, сағаттап сырласатын едік.

Киелі сөз өнеріне, жастайымнан шығармашылыққа әуес болғандықтан, журналистикадағы қос қанатым —Астанада Қуандық Шамахайұлы, Алматыда Мырзан Кенжебай деп әзілдеп қоятынмын. Қуекең сонау Моңғолияның Баян өлкейінде, балалық шақ — 10 жасар, 3ші сыныптағы оқушы кезінен «Ара» мен «Мүштім» газеттеріне шағын тақпақ, қысқа өлеңдер жаза бастаған. «Болатын бала боғынан» демекші, тектілігін танытар жазушы болуды, қалам тербеп елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтар қаламгер болуды армандаған. Өсе келе оның мақалалары ауылдық, аудандық, облыстық, республикалық газеттерде жарық көре бастады.

Әр мақаласы шыққанда Шамахай ақсақал құрдастарына өзі оқып беріп, алдарында бір марқайып қалатын деп айтатын. Мектепті аяқтап, Ұлан Батырға барып, университеттің журналистика факультетін үздік бітіреді. Университет қабырғасында жүріп-ақ, әр түрлі тақырыптарда шабыттана, шалқыта, көсілте, бұрқыратып шаңын көрсетіп жазды. Бос сөзге салынбай, қысыр әңгімеге көңіл аудармай, елдік мұрат, ұлт мүддесін бәрінен биік қойды. 1991 жылы КСРО ыдырап, Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғанда Моңғолиядан алғашқы көшті бастап, атажұртқа қоныс аударды.

Жезқазған облысы Жезқазған қаласына көшіп келді. Жезқазғанның жергілікті газетке жұмысқа тұрды. Шыңғырған шындықты жазып, бүкпесіз ақиқатты айтып, адалынан жарылып, жақсыға сүйініп, кемшілікке күйініп жанын салып жазудан жаңылмауы — қанатты қаламгер болып қалыптасуына ықпал етті. Айша  әпкемізбен танысып отау құрып екі ұл — Берік пен Еламан және Айбибі деген қызды тәрбиелеп өсірді. Өзінің қабілет-қарымының арқасында, қоршаған ортасында сыйлы, беделді болды.

Сондай-ақ Қуекең Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде біраз жыл журналистикадан студенттерге дәріс берді, мыңдаған шәкірт дайындады. 2001-2003 жылдары Америка елшілігінің қаржылай қолдауымен Америкаға барып, тәжірибе алмасып, журналистика туралы оқып қайтты. Хакім Абай: «Болмасаңда ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» демекші, аузын айға білеген Американың Бұқара ақпарат құралдары қаншалықты шынайы ақпараттарды жұртқа қалай таратады, демократияны көксеуі, мүдделер қақтығысы т.б. толып  жатқан интригалардың тап ортасында болды. 2001 жылдың 11 қыркүйегінде атың өшкір Усама Бен Ладен Нью-Иорктағы ғимаратты қиратқанда, Қуандық аға өз көзімен көрген. Сол туралы  маған қызықтырып айтып беретұғын. АҚШ-тан келген соң, Қуекең бар көрген білгені туралы «Халықаралық журналистика» атты кітап жазды. Әлемдік деңгейде газет-журнал, радио, телевидение, ғаламтордың дамуы адамзатқа қалай әсер етуде.

Өмірдің қыры мен сырына терең бойлап, сөз өнерінің өресі мен өрісін жүрегіне сақтап, жазу машығының мәйегі-көркем тілді  көкейіне қондырған Қуекең көп оқыған, өз бетінше көп ізденгенін жазбаларын оқыған адам бірден байқайды. Қазақ әдебиетіндегі қарымды екі жазушыны қатты құрметтеймін, әрі өзіме ұстаз санаймын. Олар бірі Америкада тұратын Мұхтар Мағауин, екіншісі Қабдеш Жұмаділов дейтұғын. Осы екі кісінің кітаптарын жастанып оқып, әңгіме жазуға машықтандым дейтін Қуекең.

2003-2009 жылдары Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Журналистикадан сабақ берді. Бар білгенін студенттерге сарп етті. 2009 жылдан осы күнге дейін Қаржы академиясында шәкірт  тәрбиеледі.

Ұлттық мүдде мен ресми саясат қабыспайтын кереғар жағдайда мәдениет майданында басшылық еткендердің айдарларынан жел есе қоймайтындығы айтпаса да түсінікті. Соған қарамастан, ұлттық руханиятқа қалтқысыз қызмет ете білген Қуандық Шамахайұлы «Мәдениет қайраткері» атағымен марапатталды. Қуекең екі оттың ортасында жүріп, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, өз халқына пайда тигізіп бақты. Қай жерге барса да, қазақ десе, қабырғасы қайысып, ішкен асын жерге қоятын.

Қуекеңнің кез келген әңгімесін жазғанда, ең алдымен болашақ шығармасының мақсат мүддесін ойына түйіп, санасына сіңіріп, содан кейін барып оны жүзеге асырудың оңтайлы амал-тәсілін іздестіретіні, оқиға желісімен кейіпкер таңдау, сомдауды сабақтастыратыны көкейге қонымды. Шығарма оқиғасымен қабыспайтын қысыр әңгіме желісіне мүлдем қызықпайтын қаламгер.

Журналист ретінде адамзаттың алдағы өмірі, тіршілік ету бағыты туралы толғана келіп, ойлау көкжиегі ауқымды, диапазоны кең көлемде, қисынды тұжырымдар жасайтын, осылайша оқырманын таң қалдырып, бас шайқататын. Ел мүддесіне адалдықпен қызмет етуді ойлаған азамат өз ұлтының өткені жайлы да ет жүрегі елжіреп отырып қалам тербеп, тарихтың сабақ алар тұстарын санамалап көрсетіп, халықтың жадынан өшірмеу бағытында да өнімді еңбек етуді мақсат тұтқан.

Бүгінгі таңда, қалам ұстаған көптеген замандастар «түймедейді түйедей қылып» көрсетуді, өздеріне ұнамаған адамды қаралауды әдетке айналдырып отырғаны жасырын емес. Сонымен қатар, көп жағдайларда «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген қағиданы ұстанып, жанашырлықпен қалам тартып жүрген әріптестерімізге де қырғи-қабақ танытып жататындардың қатары қалың. Сондықтан да бізге ақ пен қараның аражігін ажыратар зеректік пен қырағылық қасиеттер керек-ақ деп айтып отыратын, жарықтық.

Көркем әдебиетте сол жаңа өмірдің бет-бейнесі боямасыз, бар шындығымен суреттелуімен құнды. Осы заманның күйіп тұрған мәселелерінің бастысы — адамдардың адамгершілік, кісілік қасиеттерінің түбегейлі өзгеріске түсуінің себептерін түсініп-түйсініп жазудың  қас шебері десем, артық айтқандық емес. Өйткені, жақында Әлеуметтік желіде менің айтуым бойынша «Сүрткіш» деген әңгімесі шыққан 85 000 адам оқыған деп қуанды Қуекең. Монғолияның астанасы Ұлан батырда бір кітабым 500 000 данамен шығып, 1 айда таласа жүріп сатып алыпты. Осы моңғолдар керемет кітап оқиды. Әсіресе, әлемдік әдебиеттің түгін қалдырмай оқиды дегенде мен таң қалғанмын.

Өкінішке қарай, біздің қазақтар кітап оқудан қалып барады, тіпті мүйізі қарағайдай аға буын өкілдері әлем классиктерінің шығармаларын оқу былай тұрсын, аты-жөнін танымайды дейтін жарықтық. Қуекең әлем әдебиеті туралы таңды таңға ағызып әңгімелесетін едік. Басы сонау Мысырдағы Перғауындардың жеке-жеке ақындары болатынынан бастап, Сократ, Платон, Аристотель, Гете, Гейни, Лао-цы, Конфуций, Омар Хайям, А. Дюма, Артур Шопенгауэр, Бернард Шоу, Эрнест Хемингуэй, Дэвид Кристал, Л. Толстой, М. Горький жапон классиктері Норито, Кодзики, Кайфусо, Маньесю т.б толып жатқан әлем әдебиеттінің майталмандарын майдан қыл суырғандай жіпке тізіп айтып отыратын. Осыншалықты білімі бар оқымысты азамат еді.

Жуырда «Жазушы» баспасынан екі кітабым шыққалы жатыр, соның біреуі 380 беттік сенің айтып берген әңгімелеріңнен құралған әңгіме жинағым Жұмамұрат деп хабарласқан. Қоғамда болып жатқан қордаланған мәселелерді ашына жазғанымда, Қуекең, сол қоғамдағы зәрудей жақсылықтарды тізбелеп, маған басу айтушы еді. Заманның, қоғамның алдағы күндерінде жақсылыққа, ақжарқын күндерге жететінін дәлелдеп, ұдайы үміт отын жандырып отыратын.

Қуандық Шамахай шығармашылығы іргелі, жемісті ізденістерге толы, үнемі өсу-өрлеу үстінде таланты толысқан қанатты жазушы саналы ғұмырында 12 кітаптың авторы. Өзінен кейінгі ұрпаққа қалдырған мол мұра болатынына күмәнім жоқ. Жазушының бірқатар әңгіме-повестерін саралай талдай келе, оның жалпы шығармашылық ерен еңбегіне тән сипатын жоғары деңгейде десек, артық айтқандық емес. Кез келген әңгімесін талдасақ, оқиға желісінің жаңалығы, тілінің көркемдігі, сюжет, ойының тереңдігі, сөз саптау мәнері өзгелерге ұқсамаған, өмір шындығын өрнектеудегі тапқырлығы, кейіпкерлерінің іс-қимылына дейін суреттеуі— жазушының бағын ашып, абыройын асқақтатып, мерейін үстем етіп, жұлдызын жандырып тұратыны бесенеден белгілі.

Қазірде ақырын жүріп, анық басқан қарымды жазушы өмірден өзіне тиесілі бағасын ала алмай жүргендігі өкінішті. Әйтсе де, атақ алып, атын шығаруды мақсат еткен жазушы емес. Өзін толғандырған ғұмырлық ғибраты, өмірлік өнегесі бар мәнді мәселелерді ортаға салып, ел-жұртымен бөлісуді ғана көксейді. Бүгінде Қуекеңнің бір әңгімесін жаза алмайтындар атақты болып жатыр.

Қаламгердің жазу шеберлігіне, ерекше қолтаңбасына қарап-ақ оның талантын тануға болатынын байқадым. Таяуда Қуекең «Темір құрсау» деген Қытай Халық республикасында 4-жылдан бері зардап шегіп жатқан момын мұсылман бауырларының тар жол тайғақ, жазықсыз жапа шегіп жатқандарға ара түсіп, қанын сорғалатып тұрып, жазған кітабы жарық көрді. Бұл кітаптың ішінде Қытайдың сұрқия сұм саясатының тарихынан бастап автордың білімдарлығымен қоса, сарапшылдығы негізінде арқауланған оқиға желісі адамның жанын шүберекке түйіп тарқатылуымен құнды. Оқырманды қызықтырып елітіп әкетеді.

Тарихтың мың қатпары алақандағыдай жазылып, стильдік өңмен әрленіп, түрлі-түсті оқиғаларды қиыннан қыйыстырып сипатымен сындарлы ақиқат айқара есік ашады. Қуатты қолтаңба жазушының әлеуетін одан әрмен әлдендіріп әкететіндей әсерде боласың. Оқиға желісі сан-алуан тағдырларды, қытайлардың адам баласына жаны ашымайтынын көз алдыңа келтіреді. Геноциттің түр-түрін көрген ақсақал тарих үнсіз жатқан қазақтың даласындай.

«Қатты айтпа қабағы түйілер, асып сөйлеме, алдыңнан тосар, Толқынды ойың шалымды болсын, ырғақты сөзің нанымды болсын. Жүзін жылыт, жүрегін еріт. Ішіңді білсе де ісіңді білмесін», деп тұспалдап жеткізуі  қаламгердің білімділігіне тікелей байланысты. Сырғытпа, сырдаң емес, сыпайы аңғартады. Ой иіріміндегі мол әлеуеттің сырына тамсана түсетініміз бар. Суреткерлік — сыбызғы әуенінің тылсымына үйіріп әкетерлік қыл перненің уілі бойды қалай еркелікпен, кейде ессіздікпен шарпыса, міне, бұл жазушы көтерген көркемдік деңгейдің парасаттың парқы дер едім. Тегеурінді туынды ғана сөйте алады, текті мінез танытады.

28 маусым Нұрсұлтан қаласындағы 1-ші аурухананың КВИ 1-ші палатада емделіп жатқан Қуекең түн ортасынан ауғанда Фейсбук парақшасына мынадай жазба қалдырған: «Кешеден бері дәрігерлер ковид тексеріс жасаймыз десіп жүрген. Шырт ұйқыда жатыр едім сағат 2-де дәрігер мен медик жігіт келіп қағазға қол қойдырды да кетті. Сәлден кейін меджігіт келіп аузыма бір ақ дәрі салды да су ішкізді. Менен басқасына бермеген. Не зат десем вирустан сақтайды дейді. Қастандық  шығар деп күмәндімін. 3 литр су іштім. Неге маған арнаған? Әрекеттері күмәнді. Ештеңе түсіндірмеді». Осы жазбаны дүние жүзі оқыды.

Бірақ, ешкім ештеңе түсіндірмеді, мардымсыз жауап бермеді. Осылай қапыда Қуекең көм жұмды. Артында аңырап жары Айша апай, Берік пен Еламан, қызы Айбибі, бір әпкесі мен бес қарындасы, Нармандах пен Амандық — екі інісі жылап қала берді.

«Опасыз мына сұм жалған, тұтқа болған кімдерге,

Өмірдің соңы өкініш ақылмен ойлап білгенге.

Қадірі болмас адамның ортаңда бірге жүргенде.

Орны қалар ойсырап  бір күні көрге кіргенде» деп термеші Жәнібек Кәрменовтің, хакім Абай «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деген жолдары Қуандық Шамахайұлына  арналып айтылғандай көрінді маған.

Қош бол асыл аға, жаның жәннатта, тәннің рахатта болсын!

 Жұмамұрат Шәмші, тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі журналист

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0