Кедейлік – ғаламдық проблема

Кедейлік – ғаламдық проблема

Ғаламдық проблемалардың ішіндегі күрделілерінің бірі – кедейлік. Несімен күрделі?.. Себебі, кедейліктің табиғаты сан тарау. Тамыры әртүрлі, бірақ, жемісі бір. Әдетте, әлемдік қауымдастық кедейлікті анықтағанда жалқаулық секілді адамның өз кемшілігін, тәулік бойы дерлік тырбандаса да, әлеуметтік жағдайда жарымауын т.б. таразылап, аражігін ашып, нағыз кедей осы деп санап шығармайды. Сондықтан біз де жалпы қарағанды жөн санадық.

Кедейлер саны азайды, дегенмен…

 Credit Suisse таратқан Global Wealth Report баяндамасына сәйкес, әлем халықтарының байлығы $361 триллиондай болғаны жазылды. Пандемияның исі шықпай тұрғанда. Мұны әлем халықтарының жан басына шаққанда, шамамен 45 000 АҚШ долларын төңіректейді. Бұл ақшаға біздің елдің астанасында 2 бөлмелі пәтер алуға болады… Жалпы қарағанда, әлем халқы кедей емес деген сөз. Жалқы алғанда, мәселенің қою екендігі көрінеді. БҰҰ өлшеміне сәйкес, кедейлік шегі – $1,9 немесе күніне осынша ақша жұмсай алмайтын адам кедей саналады.

БҰҰ мәліметтеріне қарағанда, әлем бойынша шамамен 760 миллион адам кедей өмір кешуде екен. Жер жүзі халқының шамамен 10%-ы. Бір қуантарлығы, әлем бойынша кедейлердің саны азайған. Мәселен, соңғы он жылда 1 миллиардтан астам адам жағдайын жақсартып, кедейліктен шыққан делінеді.

Өкінішке қарай, биыл басталған пандемия әлем бойынша кедейлер санының артуына әкелетіні анық. Бүкіләлемдік банк болжамына қарағанда, биыл әлемдік ЖІӨ 5,2%-ға дейін төмендейді.

Миллиардер миллиардын бөлсе…

26 миллиардердің байлығы Жер жүзіндегі 3,4 миллиард адамның жағдайымен тең. Бұл туралы Oxfam International атты кедейлік мәселелерін зерттеу халықаралық қоры жариялаған болатын. 2017-жылы 43 миллиардерге сәйкес болған екен.

Демек, миллиардерлердің байлығы одан сайын артқан. Коронавирус кезеңі майдай жаққан миллиардерлер де аз емес. Мәселен, амазондық әйгілі миллиардер Джефф Безостың байлығы $200 миллиардтың үстіне бір­-ақ шықты! Бұл Қазақстан ЖІӨ-інен көп! Үш Өзбекстан ЖІӨ-і сыйып кетеді! Егер, оның байлығын біздің елдің халқына бөлсе, шамамен 4,5 млн теңгеден тиер еді!

Әр елдің кедейі әртүрлі

 Бір елдің кедейі екінші бір мемлекетпен салыстырғанда, ауқаттылау саналуы мүмкін. Бұл сол елдің белгілеген кедейлік шегімен, ақша құнымен байланысты. Мәселен, 2018-жылы Еуроодақтағы 109,2 млн адам әупірім тіршілік еткен екен. Бұл сол одақ халқының 21,7%-ы. Кедейлік шегіндегілерді, әлеуметтік оқшаулануда қалғандарды пайызға шаққанда, әжептәуір дамыған елдерде де көрсеткіш жоғары. Мәселен, Нидерландыда 16,7%, Австрияда 17,5%. Аталған елдер әлем бойынша да дамыған мемлекеттердің қатарында. Бірақ, төменгі жалақысы кей мемлекеттердің кедей халқы үшін әжептәуір әлеуметтік мүмкіндік…

«The Daily Signal» (АҚШ) басылымы Америка Құрама Штаттартындағы кедейлікке қатысты ақпарат таратты. Сондағы мәліметке қарағанда, АҚШ кедейлерінің 75%-дайында бір автокөлік немесе фургон, ал, 31%-ында екі не одан да көп автомашина бар екен! Үштен бір бөлігінде кең экранды ЖК-теледидары болған. 43%-ында интернет қосылған көрінеді. Енді мұны біздегі әлеуметтік жағдайы төмендермен салыстырып көріңіз…

Қазақстанда қанша кедей бар?..

«Өлімнен басқаның ертесі жақсы» деген ғой даналық. Сондықтан ауыл ғана емес, тұтастай еліміз ертеңді күтпей, қазірден жақсы өмір сүруі керек. Онсыз да бақуатты да, жайлы өмірді аз күтпеді ғой. Қашанғы ауқатты өмірді қалың жұрт түсінде көре береді?..

Табиғи байлығы мол елде адам таңертеңнен кешке дейін жұмыс істесе де, тұрмысы жақсы болмай, жалақысы бір айдан екіншісіне әрең дегенде жетсе, бұл сол адамның кемшілігі ме?.. Егер, жеке басында жалқаулық, кежірлік т.б. кері тартар қасиет болмаса, бұл саясаттан кеткен қате болса керек.

2018-жылдың II­-тоқсаны бойынша, кедейлік деңгейі 4,7% болыпты. Бізді біле бермейтін сырт елге жылтырап көріну үшін жақсы-ақ көрсеткіш. Ал, сол жылғы Ресейдегі кедейлер саны – 12,9%. Бұған қатысты былтыр РФ премьер-министрі болып тұрған кезде Д. Медведев те Мемдумаға есеп беру кезінде мәлімдеген болатын: «Көптеген адамдарға қиын. Кейбіреулері тіпті әрең өмір кешуде. Бүгінде Ресейде кедей саналатын 19 миллиондай адам бар. Бұл дегеніңіз 19 млн адам лайықты өмір сүріп жатқан жоқ дегенді білдіреді». Біздің тұрмыс Ресейден ілгерілеп кетті ме екен? Салыстырайық. Бізде кедейлдік шегі қыркүйек айында 24 969 теңге болды. Оларда төменгі күнкөріс деңгейі біздің ұлттық валютаға шаққанда 67 мың теңгені төңіректейді. Егер, бізде де сондай жоғары болса, кедейлер саны халықтың 12,9%-ынан кем болмайды.

Қырсыққанда биыл пандемия басталды. Бұл еліміздегі кедейлердің санының артуына әкеледі. Бүкіләлемдік банк болжауынша, биыл кедейлер саны 12,7%-ға дейін жетуі мүмкін, яғни, бұрынғыға 800 мың қосылмақ.

Сондықтан еліміздегі кедейлік шегін орташа жалақының 30-40 пайызына дейін көтеру керек деп ойлаймын. Бұл қазіргі есепте 60-80 мың теңге шамасы. Төменгі жалақыны болса, орташаның 50-60%-ына жеткізсек кедейлік кері кетіп, азая түседі. Жәй осы есепке салсақ, төменгі жалақы 80-90 мыңдай болмақ. Төменгі жалақы сондай болса, білесіз бе, қанша адамның келешекке деген сенімі жарқ етіп жанар еді. Биліктің де үлкен бір міндеті елдің әл-ауқатын жақсарта түсу ғой. Пандемия кезінде де Украина қыркүйек айынан бастап, төменгі жалақысын 5000 гривнаға жеткізді. Тіпті бір жылға жетпейтін уақыт ішінде төменгі жалақысын 6500 гривнаға дейін жеткізуді көздеп отыр. Бұл гривнаның қазіргі бағамында 237 АҚШ доллары. Ал, теңгеге шаққанда 100 мыңды төңіректейді.

Тікұшақпен теңге шашпаса да, еліміз жедел түрде әлеуметтік жағдайды көтеруді қолға алуы керек. Әйтпесе, қазіргі жағдайда мәселе осылай күрделі болып қала бермек.

P.S. Әлемдік деңгейдегі мәселе десек те, кедейлік дамыған елдерде аздау, ал, дамушы мемлекеттерде жоғары. Біздің ел соңғысына жатады. Сондықтан үкімет кей жұртқа кедейліктен шығудың қарапайым қағидасын да үйретіп, қалтасына да базарға барғанда тартынбай жұмсайтын, экономикаға тез оралатын ақшаны салып қоюды ұмытпауы тиіс.  

 Құрманғали Нұрғали, журналист, экономика магистрі

 Фото интернеттен алынды

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0