Ресей бейбіт келісімге тіпті мүдделі емес сияқты. Сондықтан кемі аймақтық не континенттік, әрі қарай, беті әрмен, тіпті дүниежүзілік соғысқа бастауы мүмкін.
Мәселен, Ресейдің Украинаға қойған талабын қараңыз. “Демилитаризациядан” бөлек, Қырымды Ресейдікі, ал, Д/ЛХР деген жікшілдерді мемлекет ретінде мойындауы тиіс. Сосын барып, екіжақты мемлекет басшыларының кездесуі болады-мыс. Әдейі орындалмайтын талапты қойып отыр. Украина президенті В. Зеленский болса, бүкіл халықты қырып тастамаса, көнбейтінін айтты. Сонымен қатар, Ресей қоғамында Украинаға ашқан соғысты қолдайтын, жан-жақты жау санайтын ксенофобиялық сана жаңғырды. Сауалнамаға қатысқандардың 74%-і соғысты қолдаған. Демек, ендігі Ресей билігі соғысқа тежегіш қоюы екіталай. Әйтпесе, соғыс деп тұрған қызылкөз ресейліктердің алдында, диктатура Украинамен бейбіт келісімге келдік десе, өліммен бірдей. Соғысқұмарлардың наразылығына тап болуы мүмкін.
Бұдан бөлек, Ресей билігі Польша, басқа да Шығыс Еуропа елдеріне қатысты жоспарсыз емес екенін білдірді. НАТО-ға қарата, Шығыс Еуропаны босат дегеннен танбауда. Босния және Герцеговина НАТО-ға кірсе, арты жақсы болмайды дегендей емеурін тастады. Мұның барлығы бейбіт саясатқа бармайтынын көрсетеді.
Ал, “дос емес” мемлекеттерге қарата рубльмен саудаласамыз деуі – экономикадағы соңғы үлкен қаруын сілтеуі. Осыдан Батыс жеңіл өтсе, Ресей қабырғаға тақала түседі. Әрі қарай Ресей халқы автократиялы билігін төңкеріп тастай алса, әлем үшін де, өздеріне де игілік. Әйтпесе, қабырғаға тақалған, мыңдаған адамдардың қанын төгіп жатқан Ресей диктаторы жаппай қырып-жоятын қарулардың бірін Украинаға қолдана салуы әбден мүмкін. Украинада биологиялық, химиялық қарулар бар деуі, Ресей соны қолдануға ұмтылып жатқанын білдіреді. Бүгін фосфор бомбасын пайдаланды. Әрі өзінің де, Беларусьтің де жерін әдейі атқылап, мұны Украинаға жауып, арандатуы, Мариупольде агрессорларға қарсы шыққандарды Ресейдің түкпір-түкпіріне депортация жасап жатқаны – украин елін толық басып тастауға көшкенін көрсетсе керек, яғни зымиян ойы алысты көздеп отыр. Империялық қанды жортуыл Украинамен бітпейтінін байқатады. Сондықтан да Ресей түрлі әскери қылмыстардан тайынбай, мемлекеттік терроризмге қолын белшесінен батырды. Енді соңысты адамгершілікпен тыя салуы қиын, сірә…
Ал, біз Украина Ресейді жеңсін дейміз, ең болмағанда, қазіргі саясатынан кейін шегінуіне мүдделіміз. Себебі, Украина өз Отаны ғана емес, әлемдік демократияны қорғау үшін де соғысуда. Украин даласында әлемдік демократия мен диктатура күресуде.
Қ. Нұрғали
ПІКІРЛЕР