Туған жерге тағзым

Туған жерге тағзым

 Алдыңдағы ағаларыңмен мақтанған жақсы ғой. Мақтануға тұрарлық ағаларың болса, әрине.
Шыны керек, ауылдан ұзап шығып кеткен адамның көбі жылдар өте жатбауыр болып кетеді ғой. Ал, Сәбит ағамыз туған жеріне жыл аралатып келіп тұрмаса, Алматысында жаны жай тауып жата алмайды және қонақ болып келсе де төрде отырып бас мүжіп қайтпайды, келген сайын ел ішінде болып, халықпен кездеседі. Жалағаштың жарты халқы — ол кісінің туысы, ағайыны, замандасы және шәкірттері. Бүгін Сәбит ағамыз Алатаудан Сыр еліне келіп, жерлестерімен жүздесті.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жалағаш ауданының құрметті азаматы, қаламгер, ұстаз Сәбит Иманғалиұлы 80 жасқа толды. Сәбит ағамыз бен жұбайы, ұлағатты ұстаз Зүбайра апайымыздың қол ұстасып келе жатқан татаусыз ғұмыры ұрпаққа өнеге ғой. Бақыт та, абырой да, бақ та бастарына айналып, шаңырақтарына ұялаған қос ұстаз “Астана көшелері”, “Алматы көшелері”, “Қызылорда көшелері” және “Жалағаш көшелері” атты ономастикалық энциклопедия жазып, құрастырды. Одан бөлек, бірнеше сөздіктердің, мектеп оқулықтарының авторы. Бұл еңбектерді өз басым ерлі-зайыпты ұстаздардың еліне, жеріне, ана тіліне деген сүйіспеншілігі деп бағалаймын.
Осыдан бірер жыл бұрын Иманғалиевтер отбасы Алматы қаласы бойынша өткізілген “Мерейлі отбасы” байқауының бас жүлдесін иеленгенде ел болып қуандық. Бұл біз үшін ғана емес, Сыр үшін де мақтаныш.
Сонымен бүгін аудандық мәдениет және өнерді дамыту орталығында Сәбит Иманғалиұлы аудан халқымен кездесті. Тағылымды әңгіменің тиегі ағытылып, өз арнасымен көрерменнің көңіліне құйылды. Жып-жылы естеліктер де айтылды, жыр да оқылды, ән де шырқалды, күй де тартылды. Індет кірген екі жыл үзіліс ағамыздың елге деген сағынышын еселеп жіберіпті. Оны толқыған үнінен аңғардық. Аудан халқы да өз топырағынан шыққан адал перзентіне деген құрмет-қошеметін тік тұрып толассыз шапалақ соғып білдірді. Аудан әкімі арнайы құттықтап, бабалар жолымен шапан жауып, сый-сияпат көрсетті.
…Сәбит ағам ара-тұра маған телефон соғып ел-халықтың амандығын сұрап, ауданның тұрмыс-тіршілігін біліп тұрады. Осыдан-ақ ағамның туған жері дегенде жан-жүрегі езіліп отыратынын байқаймын. Бірде ол кісі әңгіме арасында “Қуатжан, қазақ ер баланың кіндігін табалдырықтың ішіне көмеді. Ол — ер бала сол шаңырақтың иесі, сол шаңырақта қалу керек деген ырымы халқымыздың. Ал, қыз баланың кіндігін табалдырықтың сыртына көміпті. Ол енді түсінікті. Қыз бала — жат жұрттық қой…”, — деп еді. Ағамыз қазірде Алматыда тұрғанымен, кіндігінің бір ұшы осы туған жері Жалағаштың топырағында жатыр ғой. Елге тартып тұратын да сол қасиетті кіндік қаны шығар…
Сексен жасыңыз құтты болсын, Сәбит аға! Зүбайра апай екеуіңіз елге жылына қанша рет келсеңіздер де Сіздерді аудан халқы сағынышпен құшақ жая қарсы алып, аққанат көңілдерімен шығарып салады. Сіздер сондай құрметке, сыйға лайықсыздар! Алла қуат берсін! Өсірген ұл-қыздарыңыздың барлығы да бүгінде елге танымал тұлғалар. Солардан өрбіген ұрпақтың қызығын көріңіздер!

                         *    *    *
Сүйсінсе, көздерінде тұнды көктем,
Сөйлесе, көкірегі күмбір еткен.
Жүрегі бар баладай жырлап тұрған,
Тілегі бар баршаны гүл қып өпкен.

Көңілі күн, көктемдей, жаны нұрлы,
Өмірі — өнегелі, тағылымды.
Бойына жиып алған бар әдепті,
Ойына құйып алған бар ілімді.

Кеудесіне бергенде Құдай жарық,
Өмірі сала берген шырайланып.
Патшадай ағамыздың алтын басын,
Әлі күнге сол бақыт жүр айналып.

Өтті дәурен демеңіз бізден кеше,
Әлі жеміс тересіз күзден неше.
Сексен жасқа келдіңіз салтанатпен,
Жетіңіз аман-есен жүзге ендеше!

 Қ. Адис

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0