Темірбек Жүргенов – ұлттық университеттердің негізін салушы жасампаз тұлға

Темірбек Жүргенов – ұлттық университеттердің негізін салушы жасампаз тұлға

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Нарком Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған халықаралық конференция және “Т. Жүргенов апталығын” өткізді. Тарихтан белгілі, Темірбек Қараұлы Қазақстан Халық Ағарту комиссары (1933-1938 ж.ж.) қызметінде болғанда 1934 жылы осы университеттің негізін салған ұлтжанды азамат. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы үш мемлекетте министр болған бұл қайраткерге ерекше құрметпен қарап биылғы “2023 жыл – Т. Жүргенов жылы” деп ресми жариялауы бекер емес. Бауырлас көрші республикаларда жыл басынан бері ұлықтау іс-шаралары кең көлемде аталып өтіп,  өзімізде сол елдерге барып, баяндама оқып жүрміз. Ағарту комиссары Абай атындағы ҚазҰПУ,  Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ,  ҚазҰАЗУ,  А.Селезнев атындағы хореография училищесі, Абай атындағы опера және балет театры тб.  білім мен өнер ошақтарының да ашылуына тікелей ықпал еткендігін айта кеткен жөн. Осы орайда биыл 95 жылдығын тойлап жатқан Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, өзі кірпішін қалап, тұңғыш ректоры (1928 ж.) болған  Т.Жүргеновтің ардақты есімін ұмытпаса деген тілегім бар.

Темірбек Қараұлының ұрпақтары, туған-туыстары құрметке мұқтаж болмаса да  атасы құрған, әрі алғашқы ректоры болған университетке табаны тиіп, мерейтойы кезінде шақырылып естелік айтса, қилы тағдырынан студенттерге сыр ақтарса қандай керемет! Тарихқа құрмет – өзімізге құрмет емес пе, ағайын?
Хош, әл Фараби университетіне қайта оралайық. Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының (меңг.проф.А.Темірболат) жүргеновтану семинарын, республикалық эссе сайысын, студенттермен Жүргенов академиясына экскурсия тб циклді іс-шаралар апталығын өткізгені көпшіліктің есінде қалды. Ал ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасы (меңг, проф.Н.Шыңғысова) халықаралық конференция ұйымдастырып Темірбек Қараұлының қайраткерлік-қаламгерлік болмысын, мәдениет пен әдебиеттегі орнын айқындайтын мазмұнды жиын өткізді. Жиынды журналистика факультетінің деканы, белгілі ғалым-ақын Т.Көпбаев жүргізді. Алыс-жақын шетелдік ғалымдар, зиялы азаматтар қатысып, тұжырымды ой-пікірлерін ортаға салды.

PS. “Халқым, елім!” – деп өткен, 39 жасында қыршын кеткен сүйегі асыл азаматтың Отанға деген шексіз сүйіспеншілігі, халқының болашағына сіңірген қалтқысыз еңбегі, жазған құнды дүниелері ешқандай өлшеммен өлшенбейтіні ақиқат. Бүгінде тәуелсіздігіміздің арқасында шаң басқан архив сөрелерінен оның  құнды еңбектері  ғылыми айналымға қосылып, жоғары бағасын ала бастады.Себебі, оның өнегелі өмірі, ұлтқа деген махаббаты, ана тілге деген құрметі – бүгінгі ұрпаққа зор тағылым.
Орта ғасырдың ұлы шайыры Румидің сөзімен түйіндесек, “Ұлы адамдардың бейітін жер бетінен іздемеңдер, олар өз халқының жүрегінде жерленеді”.

 Б. Иманғалиев, филология ғылымының кандидаты, доцент, жүргеновтанушы

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0