Қазақстанның тұтастығына Қытай кепілдік беретінін айтты

Қазақстанның тұтастығына Қытай кепілдік беретінін айтты

Қытай Қазақстанның территориялық тұтастығына кепілдік беретінін және айтты. Пекиннен – тоталитарлы жүйеден саяси, әскери кепілдік болмай-ақ қойсын. Қазақстан билігі: Ресей әлсіресе, енді Қытайға сүйенеміз десе, елдікті ойлаған, халықтың болашағына бойлаған стратегия демес едім. Бір ел екінші бірінің билігін сақтауға кепілдік берсе, мемлекеттің бодандығы ғой. Сол “қорған” елдің дегені жүреді. Әртүрлі деңгейде. Кезінде Украинаның экс-презденті қашқын В. Януковичті Кремль қорғады. Себебі, ресейшіл болды. Ал, Кремль тұтастай Украинаны сол кезде басынғаны сонша, Еуроодаққа қосылмас бұрын, Ресей экономикасына қандай зиян тиетінін анықтап алуды айтты. Елін ел демегені ғой. Қазір Ресей Украинадан тайсалғаны, аңдап сөйлейтіні сонша, Еуроодаққа енуге “келісетінін” ашық айтатын болды. Бұрын Кремль масқаралық санады.
Сол сияқты енді Қытайдың қас-қабағына қарап қалмайық. Қайтадан алыстаудың машақатын қанмен тартып жүрмейік.
● Қытай басшысын Қазақстан президенті өзі қарсы алды. Ал, Ресей президентінің алдынан еліміздің премьер-министрі шықты. Астарында бірдеңе жатса керек…
● Бүгінде Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы сауда айналымы $100 миллиардқа таяды. Ал, Қазақстан импортында бірінші орынға шықты. Иә, бізге күштеп сатып жатқан жоқ (Ресей секілді…). Қалың жұрт өз еркімен алады. Алдағы уақытта біз де Қытайға солай ете аламыз ба, әлде халық болып, жаппай дерлік тұтынушы болып қала береміз бе?..
● Сонымен қатар, Қытай біздің арқамыздан қаға отырып, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан арқылы теміржол салатыны Қазақстанды ойлантуы тиіс. Болашақта Ресей мен Қазақстан территориясында тыныштық болмайды деп санаса керек. Егер, сол ойдан туса, осы кезден еліміз етек-жеңін жиып үлгірсін дейік. Бұл жағынан алғанда, бүкіл дерлік жауапкершілік биліктің мойнында. Себебі, ресми күштің бәрі солардың қолында. Халықтың қолында түк те қалған жоқ деуге болады. Мемлекетке тікелей де ресми ықпал ететін.
● Бейбіт саясатты сақтау қажет, әрине. Бірақ, мемлекеттің бүгіні мен ертеңіне зиян тимейтін деңгейде болуы қажет.

 Құрманғали Нұрғали

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0