Қазақтың ардақты тұлғаларының бірі – Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 105 жыл

Қазақтың ардақты тұлғаларының бірі – Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 105 жыл

Қазақтың маңдайалды да ардақты тұлғаларының бірі, көрнекті саяси және мемлекет қайраткері – Дінмұхамед Меңліахмедұлы Қонаевтың туғанына 105 жыл толып отыр. Дінмұхамед Қонаевқа қатысты қалтарыста қалған, бұлтарыста тұрған тарихи шындық жоқ, бәрі ашылды, өзіндік орнына қойылды деп айта алмасақ керек…

Дүниенің, тарихтың әділ таразысына өтірік пен өсек қуғандардың, қаралаудың «бағасы» жүрмейтіндігі, сондай­-ақ, бөспе мақтаудың да өте алмайтындығы анық. Бұл, әрине, ел басқарған азаматтарға да қатысты.

Енді сөз етпек болған тарихи тұлға – Дінмұхамед Меңліахметұлының ел алдындағы еңбегін, орнын, әділдік пен әдепті, қолдағы деректерді алдыға салып, таразылап көрсек. Шағын ғана…

Д.Қонаевтың Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы (1960-1962, 1964-1986 жылдар) кезіндегі еліміздің жеткен жетістіктері:

  • Н.С.Хрущев тұсында Мәскеудің тың өлкесінің атын жамылып, солтүстіктегі бес облысымызды Ресейге қосуды көздеген жымысқы саясатын болдыртпай тастады (иә, бұған қатысты пікір екіұшты, яғни көрнекті қайраткер Ж.Тәшеновтің үлесіне қатысты…);
  • И.Юсупов тұсында Өзбекстанға өткен 3 ауданды (2 кеңшардан басқасын) қайта қайырып алды;
  • Мұнайлы облыс – Маңғыстаудың Түркіменстанға берілуіне өзіндік тосқауыл болды;
  • Жоғары биліктегі қазақтардың үлесін 60%­-дан асырды. Алпысыншы жылдары бұдан шамамен екі еседей төмен еді… Сондай-­ақ, қазақтардың мұрнына исі бармайды деп саналған салаларға – ауыр өнеркәсіп, құрылыс және т.б. министрліктерді басқаруға өз ұлтымыздан бара бастады.
  • 1979 жылы Неміс автономиясын құру жөніндегі Мәскеу қолдаған сұрқия идеяның жаржолдан тоқтауына әсер етті;
  • 1970-1985 жылдары химия және мұнай химиясы 6,5 есе, мәшине жасау 4 есе дерлік, отын өнеркәсібі 3,8 есе өскен. Оның ішінде өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі екі есеге артты. Бұл қатарда Қазақ газ өңдеу зауыты, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары, Қарағанды резина­-техника зауыты, Қарағанды металлургия комбинатындағы ақ қаңылтыр цехы, Екібастұз және Ермак ГРЭС­тері, Қапшағай су электр стансасы, Шымкент және Жамбыл фосфор зауыттары, Жәйрем кен байыту комбинаты, т.б. бар;
  • Өнеркәсіп өндірісінің көлемі жөнінен Қазақстан үшінші (Ресей мен Украинадан кейін) орынға шықты;
  • Жер жырту, тұқым себу дәнді дақылдарды жинау толық, мал шаруашылық жұмыстары 75-90% көлемінде техникаландырылыпты;
  • Халықтың әлеуметтік ахуалы салыстырмалы түрде жақсарды. 1971-1989 жылдары өнеркәсіп жұмысшыларының жалақысы екі есеге жуық, ал кеңшар қызметкерлерінің, ұжымшаршылардың кепілді еңбекақысы екі еседен артық көбейді;
  • Жиырма жыл ішінде 13 миллондай адам пәтер алды, өз үйін салды немесе тұрғын үй жағдайын жақсартқан;
  • 43 жаңа қала бой көтерді;
  • Облыстардың санын 19-ға жеткізді. Бұл еліміздің бар түкпірін дамытуға, жекелеген аймақтардың өндірістік қуатының артуына себеп болып қана қойған жоқ, қарапайым халықтың жол қатынасын да жеңілдетті;
  • Қазақстан өзін-­өзі астықпен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, бірнеше рет «Отан қамбасына» (сол кезгі сөз саптау бойынша) 1млрд. пұт астық салып тұрды;
  • 1957 жылы Қазақстанда қой саны 17 миллионнан сәл астам ғана болса, 1986 жылы 36 миллионға жетті немесе www. kazakh-zerno.kz­тің мәліметінше, елімізде 2016 жылдың 1-­қаңтарында 17 791,8 мың қой болған. Демек, қазіргіден екі еседей көп;
  • Біздің ел кезінде КСРО-­ның жартысын ет өнімдерімен қамтамасыз етіп, сол тұста жылына 80 000 тонна ірі қара етін экспорттаппыз! Ал, қазір, яғни 2015 жылдың 1 желтоқсанындағы мәліметке қарағанда, Қазақстан бар болғаны 13 400 тонна ғана ет экспорттаған;
  • 60-70ж.ж. «демографиялық көктем» нәтижесінде, 1955 жылы қазақтардың саны 2 700 000­дай болса, 80-жылдардың ортасында 6 000 000-нан ­асты. Сөйтіп, елдің негізгі ұлты жарты ғасырдай уақыттан соң алғаш рет, өз жерінде сан бойынша, бірінші орынға шыққаны тарихтан мәлім.

Осындай және т.б. ел мерейін үстем ететін жұмыстар жасалды. Жетістіктерге жетті.

«Күн түскен жерге, көлеңке де түседі» демекші, үлкен жетістіктерді жиектеп, кемшіліктер де кеткен еді. Мәселен:

  • Қазақ тілінің ошақ қасындағы тілге дейін төмендеуі;
  • Қазақ мектептерінің аз болуы. Алматы қаласында бір ғана қазақ мектебі болған делінеді;
  • Қазақтың қалалық ұлтқа айнала алмауы, түрлі кедергілердің болуы;
  • Еліміздің 190 000 км² жері әскери мақсаттағы түрлі сынақ алаңына айналуы;
  • экономикамыздың үлкен бөлігін шикізаттық бағыт құрауы және т.б. Дегенмен, Д.Қонаев кеткен кемшілікті ашық та, басқалай да мойындаған. Оның үстіне, Дінмұхамед Меңліахмедұлының өзі айтқанындай, «шешім жоғарыдан қабылданады, жоспар Орталықтан белгіленеді». Сондықтан да бұл мәселелерді Мәскеудің айналасынан іздеген абзалырақ болар…мүмкін, көбісін. Тағы бір ескеретін жәйт, ресейлік тарап отарлық озбыр саясатын қазаққа тым батыра жүргізген. Сонымен қатар, Дінмұхамед Қонаев билікке келгенге дейін отарлықтың бояуы қазақ ұлтының бойына, елімізге әбден сіңгенін тарихқа көз тастасаңыз аңғару қиын болмаса керек.

Саясат салқыны және тарихи баға

Саясат салқыны тимеген немесе оның ауыртпалығын тартпаған саяси қайраткерлер тарихта тым аз. Бәлкім… Д.М.Қонаев та Колбин тұсында ақпараттық байланыстардан шеттетіледі. Телефон байланысы да саясат қысымымен үзілген екен.

«Қазақтар» атты үлкен еңбектің авторы, АҚШ-­тағы Колгейт университетінің докторы, саяси ғылымдардың профессоры, белгілі ғалым Марта Брилл Олкоттың «…Д.М.Қонаев өзімен дәрежелес болған саяси қайраткерлердің қай­-қайсысынан да артық еді» деп бағалайды. «Сырт көз сыншы» десек, бұл да Д.М.Қонаевтың тарихи тұлғасын жоғары бағамдай түседі. Әрине, тарихи тұлғасы Д.М.Қонаевтың әлі де ашыла түскен жоқ деуге болады. Сондықтан көзкөргендердің көздері таймай тұрып, тарихи деректерді жүйелеу керек­-ақ.

Себебі, Дінмұхамед Меңліахмедұлына сыни дегеннен гөрі тарихи шындықтан қашық жатқан түрлі жала, күйелеу болды. Мысалы, 90-жылдардағы 11-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында Д.М.Қонаевтің ел басқарған тұсында парақорлық, рушылдық белең алған деген сарында жолдар бар. Парақор адам болса, академик атағы үшін айына төленетін 340 сомдай ақшаны тұтастай балалардың қажетіне аударар ма еді?! Бұл бір. Екіншіден, КСРО басшылығы «Желтоқсан» көтерілісінен соң, Д.М.Қонаевты барынша күйелеуге ұмтылып, бар кінәні бір адамның басына байлап қойғысы келгені белгілі. Сондай сәттің бірінде Орталықтың арнайы жіберген тергеушісі Калинин Дінмұхамед Меңліахмедұлына: Жапонияға барған кезінде «SONY» теледидары беріліп, оны қызмет бабын асыра пайдаланып, жеке мақсатқа жараттың деп айыптапты. Сонда Д.Қонаев кабинетте тұрғанын айтып, барып көрсеткен екен. Егер, сол теледидарды өз мақсатына қолданып қойғанында аямайтыны анық еді. Ақыр соңында тырнақ астынан кір іздеп, қалай да құлатуды көксеген Горбачев пен соның «…шілдері» еш заңбұзушылық таба алмаған! Парақор болса, басқаша болар еді ғой. Адалдығы қазіргі кез үшін аңыз сияқты көрінетін мұндай мысалдар аз емес.

Енді аз-кем осы кезбен салыстырайық. Қазір мектеп табалдырығын жаңа аттаған баланың өзі «шоколадқа»(!) баға сатып алуға болады дейді. Сол балаларға аға ұрпақ саналатын қазіргі үлкен қызметтегі шенеуніктер (бәрі парақор, жемқор демеймін) «SONY» теледидарын пара ретінде місе тұтпасы және анық. Қазірде ондаған, жүздеген миллион, миллиардтаған теңгені қызмет бабын асыра пайдаланып, жеке қажетіне жарату т.б. бойынша жемқорлардың түр­-түрін тиісті органдардан, түрлі ақпарат құралдарынан қалың ел болып естудеміз ғой…

Ал, Д.М.Қонаевты бюрократ, кеңсешіл деп санағандардың сөзін тарих қабылдамады. Өйткені, қожынаған күзетсіз­-ақ жаяу жалғыз жұмысқа кетіп бара жататын немесе таңертеңмен жүргізушісін ертіп алып, Алматыдағы «Самал» ресторанының тыныс-тіршілігін байқау мақсатымен аралапты делінетін оқиғаның авторы – Бірінші хатшыны кеудемсоқ кеңсешіл деп санау тіпті де түзу ой емес.

Әлі күнге дейін елдің қалың бөлігінің сағынышпен еске алуы, құрметтеуі жәйдан-­жай емес екені белгілі ғой… Демек, Дінмұхамед атамыздың есімін еліміз ұрпақтан-ұрпаққа ұмытпай жеткізіп, тарихта еңселі болып қала бермек.

 Құрманғали Нұрғалиев, журналист, экономика магистрі

 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0