Бөгеттің бір метрі – 13 333 теңге немесе Ұлыбританиядан «ұят» болды-­ау…

Бөгеттің бір метрі – 13 333 теңге немесе Ұлыбританиядан «ұят» болды-­ау…

Атбасардағы су шайып кеткен, ұзындығы 15 шақырым болатын бөгетті салуға 200 000 000 теңге жұмсалғаны жазылды. Сонда ұзындығы бойынша алғанда, әр метріне 13 333 теңге кетті деген сөз. Енді желге ұшты десе де болады. Олай болса, тиісті сала қызметкерлері жауап беру тиіс! Себебі, мемлекеттік қаржы – халықтың ақшасы. Бұл бір. Екіншіден, елді мекендерді су басу жиі қайталанады. Мұхиттар мен теңіздердің ортасында немесе аралда орналасқан ел сияқтымыз. Географиялық орналасуымыз Индонезия, Таиланд, Малайзия, Ұлыбритания, Италия, Жапония сияқты болса, өміріміз қайықпен өткендей екен. Олай болса жан­-жағын су қоршап тұрған Ұлыбританиядан «ұят» болды­-ау. «Озып» кеттік қой. Енді мыңдаған аралдарға қоныс тепкен Индонезия «ибене» қарайтын шығар. «Қызығып» па… Біздікімен салыстырғанда Жапония жапан далада жатқандай. Судан алыс.

Аумағының әжептәуір бөлігін шөл мен шөлейтті жерлер алып жатқан, тікелей мұхиттарға шыға алмайтын, әрі тым қашық жатқан еліміздің бірнеше облысында мынадай су тасқынына жол беру және қайталана беруі – мемлекеттік деңгейдегі жұмыста кетіп жатқан ақаулардың да салдары. Әжептәуір кемшілік. Қатерлі қате. Мәселен, осы су тасқындарында немкетті, немқұрайлы қарайтындардың әрекеттері жоқ деп кім айта алады?

Аяқ астынан басталған табиғи апат болса – әңгіме басқа… бірақ, біздің жағдайда алдын алуға мүмкіндік болған жоқ деп кім айта алады?! Енді неше есе шығын, артық жүгіріс. Бұзылған бөгеттің құрылысына кеткен шығынды бір дейік. Үйлердің бір бөлігі үйіндіге айналды. Екі. Жарамсыз заттар. Төрт түлік мал, автокөлік т.б. шығын және бар. Үш. Мәселе осымен біте қалса жақсы. Ертең үйлері бұзылғанын, құлағанын, малы қырылғанын дәлелдемек болған жұрттың екінші жүгірісі басталады. Төрт. Оның өзінде бәріне бұйырады деп ешкім кепілдік бермейді. Бес.

Шығындардың орнын толтыру үшін, сол тасқынға ұшырауына адами себеп болған шенеуніктер айыппұл төлемейді. Демек, мемлекеттік қаржы тағы жұмсалады. Қосымша шығын. Әрине, халық үшін жасалуы тиіс те. Бірақ, әңгіме бұл жерде басқада. Басынан аяғына (?) дейінгі қалың жұрттың абыржуын айтсаңшы! Оның өтеуіне не төленеді?.. Сондықтан мұндай оқиғаның мүлде болмағаны қарапайым халық үшін, әрине, жақсы.

P.S. Елдік көрсетіп, бірлік білдіріп, қиындыққа душар болған жұртқа, шүкір, қарапайым қауым тарапынан да көмек көрсетіліп жатыр. Әттең, барынша жол бермеулері керек еді… Уақытында арықтарды тазалап, арналарды кеңітіп, одан да артылатын су болса, жайылымды жерлерге қарай ыңғайлап па, әйтеуір елден жырақ, зиян тигізбейтін нұсқалар жасалса болатын еді ғой.  

 Құрманғали Нұрғалиев, журналист

 Фото bnews.kz-тен алынды

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0