Марқұм Әшірбек Сығай: Бізге дейінгі алыптар тобында айқай басым болмаған

Марқұм Әшірбек Сығай: Бізге дейінгі алыптар тобында айқай басым болмаған

 Қазақстанның өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Тәуелсіз платиналық «Тарлан» сыйлығының лауреаты, 12 кітаптың, 1000-нан астам мақалалардың авторы саналатын марқұм Әшірбек ағаның сұхбатында, сөздерінде елдің мәселесі көтеріліп, жетістігі мен кемшілігі тікесінен айтылатын. Өнертану ғылымының докторы, профессор Әшірбек Сығайдың сондай бір сұхбаты… 

– Әшірбек аға, қазіргі театрлардың репертуарлары сын көтереді деуге келмейтін сияқты, сіз  қалай ойлайсыз?

Сын көтереді деп айтуға болмас. Соңғы 10-15 жылда қазақ драматургиясының қарқыны, көркемдік сапасы  қай жағынан болсын ізденіс жолында көптеген кедергілерге тап болды. Драматургтардың басын  ұйымдастыра алмадық. Көптеген драматургтарымыз о дүниелік болып кетті. Жастар жағы алмайтын тазы  секілді алақтап, жалақтап алып кете алмады. Қысқасы ұрпақ сабақтастығы өз биігіне шыға алмады. Сондықтан қазіргі театр репертуарлары өлместің күнін кешіп жүр. Кеңес одағы ыдырағаннан бері М. Әуезов театрында 23 жылдың ішінде, сахнаға киіп шығатын бірде-бір киім тігілмеген, костюмдері сол баяғы Шакен Айманов киген көне жәдігерлер. Әртістер баспанамен қамтамасыз етілмеген, жалақылары мардымсыз, сол үшін жастар жағы театрге жолағысы жоқ. Барлығының ойы қопарып ақша тапқысы келеді. Бұндайда қазақ  «Кедейдің сүйген асын кім береді»  дейді.

– Сынау адамды ширықтырады, серпілтеді. Ал мақтаудың жан семіртері және шығармашылықта жүрген адамға азды-көпті болсын шабыт берері талассыз. Осы екеуінің қайсысы пайдалырақ деп ойлайсыз?

– Сыналатын нәрсе ешкім айтпай-ақ сыналады. Жақсыны жақсы деу керек деп ойлаймын. Сонда ғана сын  өнерінің алдында адалдығыңды таныта аласың! Бұл негізі қиын кәсіп. Адалын айтып тұрсаң да, сынағанды  ешкім ұната бермейді. Біреуге айтып көрші түймең сәл үлкенірек немесе сәл кішірек екен деп. Дүниеде сенен жаман адам жоқ. «Онда шаруаң болмасын» деген жауап естисің. Бұл өзі конфликтіге сұранып тұрған мамандық. Тағдыр маған жазған шығар, сондықтан кімнің қас-қабағына қарап жаутаңдай бересің? Кейде артық кейде кем айтып қаласың? Бірақ біреу айту керек қой, барлығы қамырдан қыл суырғандай болмайды. Көркем шығарма әр уақытта кедір-бұдырлы жолмен жүреді, қиындықта шыңдалады. Сонда ғана  оқырманның жүрегіне жетеді, оңай туған нәрсе сізді қиналтпайды. Қиындық кездескен жерде міндетті түрде  қателесулер болады. Сыншы көрмесе, автор оны байқамауы мүмкін. Нақтылы түрде көркем шығарманың  бағасын беру керек.

Мүмкін сынды дұрыс жолға қоя алмай жүрген шығармыз?

– Жұмамұрат-ау, біріншіден, театр өнері бабында болмайынша, дұрыс сын болмайды. Сынды күшейтетін де, ілгерілететін де сол театрде өнер көрсететін әртістер ғой. Солардың асқан шеберліктерінің арқасында қалың  көрерменді өзін баурап алуы шарт. Театр сыншыларының сирек болуы — киелі сахнаны шын жан-тәнімен  сүйетін¸көп ізденетін, қиял-ғажайып оқиғаларды қыюластырып суреттейтін шебер адамды айтамыз. Олар Жұмат Шанин, Ілияс Жансүгіров, Смағұл Садуақасов замандарынан бері қарай Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқпанов, одан кейінгі Қажықұмар Қуандықов, Бағыбек Құндақбаев, солардың ізін іле-шала мен шықтым.

– Біздің театрларда сахнадағы айқай басым сияқты көрінеді маған?

– Дұрыс айтасың, Жұмамұрат. 1960-1970 жылдардан бері қарай мен театр жөнінде бірнеше еңбектер  жаздым. Шынын айтсам, өзім таңғалып отырамын. Бізге дейінгі алыптар тобында айқай басым болмаған. Олар көбінесе ойға, сөздің парқын білген, азабын тартқан. Қазір жоғарғы оқу орнында қаншама оқытылып жатыр, сабақта сахна тілінің техникасын өтеді. Соған қарамастан, кейінгі толқын өкілдері айқайға құмар. Көрерменнің құлақ пердесін жарып жіберердей айқайлап жатады. Құлаққа жағымсыз тарғыл дауыс пен үн  кейде кісіні мезі етеді. Қазақ актерлерінің эмоциясын жоққа шығаруға болмайды. Түсінем эмоция керек, бірақ шамадан тыс емес.

Біздің драматургиямыздың көбі ойға, психологияға құрылғанымен, эмоциядан құр алақан емес. Оған жан  беріп, мінез қызбалығын дарытуға әрекет жасамаса, театр қызықсыз болар еді. Өйткені, қазақ өз романтикасы бар халық. Біз көінесе эмоцияға жеңдіреміз. Сөйтіп, айқай-сүреңнің соңында кетеміз. Бұл сөз жоқ көрерменге  ұнамайды. Айқай жеткенімен, сөз жетпейді. Біз театрға деген психологиялық махаббатты ешқашан  сөндірмеуіміз керек.

– Қазақстандағы орыс театрлары неге қазақ қойылымдарын қоюға құлықсыз?

– Өте маңызды сұрақ қойдың, айналайын, Жұмамұрат. Мұны менің айтып та, жазып та жүргеніме қаншама  жылдың жүзі болды. Қазақтың ауасын жұтады, суын ішеді, отын оттайды бірдеңе десең, «біз  қазақстандықтармыз» деп кеудесін ұрады. Бірақ, өкінішке қарай, қазақ шығармаларын қоюға әуестенбейді. Әр жолы қайдағы-жайдағы Ресейдегі белгілі авторларға құмар. Мүйізі қарағайдай драматургтарымыздың  шығармаларын сахнаға қоймайды. Ол — сүйіспеншіліктің аздығы. Не болмаса мұрнын шүйіріп менсінбейтін секілді. Әйтеуір, қазақша бірнәрсе айтып қалсаң, кірпіше жыйырылып қалады.

Қазақтың проблемасы оларды ойлантпайды, толғантпайды, еш қызықтырмайды. Ал, қазақстандықпыз деп  жарты нанды жеуге келгенде бізден озып кетеді. Сосын өзімізден де шамалы кінә болуы мүмкін. Біріншіден, үнемі орысты төрге шығарып қоямыз, сол ренжімесін, алдымен сол риза болсын деп артына кіре береміз. Екіншіден, аударма мәселесі. Бұл — бір жеке тақырып, дербес әлем. Біздің «Еңлік-Кебек», «Қозы Көрпеш—Баян Сұлу» сияқты классикалық шығармаларымыз аударылды. Кезінде Илья Сельвинский аударған болатын. Сараптап, ойлана келсек, аудармалары көңілге қонбайды. Одан кейін аудармалар көркем шығарма  емес, қазақша түпнұсқасынан алшақ жатыр. Қазір қазақша мен орысшаны қатар білетін сауатты  аудармашылар жетерлік.

Соларға сауын айтып, жинап алып аударып берсе де, орыс театрларының рухани әлемін қанағаттандыратын дәрежедегі шығармалар бар. Бірақ, өкінішке қарай, құлық пен ниет жоқ. Жалпы, бұл мәселені орыс  театрларына төтесінен дүк еткізіп міндеттеу қажет, әйтпесе олар керек қылмайды.

–Сіздің ойыңызша қазақы қаһарман қандай болуы керек?

– Қазақ қаһарманы — қазақ болуы керек. Өз ұлтымыздың атынан сөйлегенде ғана, ұлтымыздың  менталитетін, жүрек лүпілін, жүрек соғысын, ішкі жандүниесін ақтарып ашқанда ғана өзге жұрт үшін кәдімгі құнды халық болып есептелеміз. Ой тоқтатуға, көз тоқтатуға тұратын халық болып шығамыз. Біресе итальяндық, біресе орыс, неміс, ағылшын болып ойнасақ, қазақ рухы жоғалады. Біздің ұлттық дәніміз, ұлттық болмысымыз, ұлттық калоритіміз болмаса, басқа халық үшін қызықсызбыз. Өйткені, мың жерден шашыңды  боя, киімін ки, бәрібір орыс, ағылшын бола алмаймыз. Тағы бір қауіп алапат тасқын келе жатыр. Жаһандану деген судың тасқынынан бетер. Бұл жолындағының бәрін құртады, темірмен, көмірмен, мұнаймен оған  қарсы тұра алмаймыз, тек бекем ұлттық мәдениетпен ғана қарсы тұра аламыз. Әйтпесе, «көріңді қаза бер  қазақ» дегім келеді.

Әшеке, мәдениет дегенді қалай түсінесіз?

Менің білетінім мәдениет — ұран емес. Мәдениет әркімнің өз жүрегінде, ішінде. Мәдениет — көп  элементтен құралған рухани жиынтық. Мәдениетті болу үшін Астанада, Парижде немесе Римде тұру  міндетті  емес. Сөз арасында кейбір орысша оқыған қандастарымыз Бальзак, Ньютон, Паскаль былай деген деп көпіріп отырғаны, ал сол сөздерді біздің ауылдың қара шалдары баяғыда білген. Ауыздарынан былапыт, жаман сөздер шықпайтын, қазіргідей өсек-аяң, әлеуметтік желі дегенді білмей-ақ дүниеде не болып  жатқанын, Құдайдың құдіреті, білетұғын! Әдемі қартаю символы емес пе?.. Менің білетінім, мәдениеттің оқуы жоқ. Өмірбақи әрбір адам өзін-­өзі қамшылай білу керек деп ойлаймын, қарағым.

20.01.2014 ж. Әңгімелескен  Жұмамұрат  Шәмші

 

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0