ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығы аталып өтілді

ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығы аталып өтілді

3 маусымда Қызылордада Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Рәміздерінің қабылданғанына 25 жыл толуына орай салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы-Жандарбек Мәлібеков, ардагерлер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және жастар қатысты.  Аймақ басшысы қызылордалықтарды 4 маусым-мемлекеттік рәміздер күнімен   құттықтады.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай: “Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық санасы, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер”. Көк Ту астында берекелі бірлігіміз бен тату тірлігіміз, Гимніміз бен жетістігіміз дүниежүзіне танылуда. Тәуелсіз Қазақстанның Көк Туы өзімен тілектес, экономикалық және достық қарым-қатынас орнатқан көптеген шетелдерде желбіреп тұр. Ұлттық Туымыз Олимпиадалық ойындар мен әлем чемпионаттарында  биіктерге көтерілуде. Бұл – әрбір қазақстандық үшін үлкен мақтаныш, зор абырой, ұлы бақыт деп білемін. Ширек ғасыр еншісінде Елбасы бастауымен елімізде ғасырға татитын ауқымды жұмыстар жасалды. Соның нәтижесінде, бүгінгі ұрпақ ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздіктің, ұлттық мемлекет құру мұратының жүзеге асқан заманында бейбіт ғұмыр кешуде,- деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, сырбойылықтарды ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, белгілі сәулетші, жерлесіміз-Жандарбек Мәлібеков құттықтады. Мұнан соң Рәміздер аллеясында мемлекеттік қызметке жақында қабылданғандар ант қабылдады. Сонымен қатар, аймақтың бірқатар тұрғындары облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Олар: кәсіби біліктілігі арқасында ана мен оның сәбиін аман алып қалған Қосаман ауылдық округінің фельдшері Жанар Сержанова, алапат өрттен 20 адамды құтқарған №11 өртке қарсы қызмет бөлімінің мамандары, халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы Қуаныш Анарбай, шахматтан әлем чемпионы Әсел Серікбай және бірқатар облыстық және республикалық байқаулардың жүлдегері, «Кызылординские вести» газетінің тілшісі Кирилл Денисов.

Қызылорда облыс әкімінің баспасөз қызметі 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0