Маңғыстаудан бастау алған «Batys Skills» аймақаралық чемпионаты өз мәресіне жетті

Маңғыстауда алғаш рет ұйымдастырылған “Batys Skills” чемпионаты Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл және Маңғыстау өңірлерінде білім алып жатқан техникалық жəне кəсіптік білім беру ұйымдары студенттерінің басын қосты. Бес облыстан келген 80 студент 11 құзіреттілік (мамандық) бойынша бақтарын сынады. Атап айтқанда: кірпіш қалау, құрғақ құрылыс, сылау жұмыстары, дәнекерлеу, жеңіл көліктерге қызмет көрсету, жөндеу, электромонтаждау, аспаздық іс, токарлық жұмыс, IT желісін жүйелі басқару, киім үлгілеу мамандығы бойынша сайысқа түсті. Шараға облыс әкімдігі, ҚР Білім жəне ғылым министрлігі, мәслихат депутаттары, өңірлік “Атамекен” кəсіпкерлер палатасы, республикалық колледждердің қауымдастығы өкілдері мен сарапшылары қатысты.

Үш күнге жалғасқан байқаудың жабылу салтанаты “Балдәурен” демалыс базасында өтіп, жеңімпаздар есімдері белгілі болды. Шара Тұңғыш Президент күні мерекесіне және «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өтті. «Batys Skills» байқауы – «World Skills»  жобасы негізінде қаланған.

Алғаш рет ұйымдастырылған шараның мақсаты – өңірлерде жұмысшы мамандықтардың беделін көтеру. Соның ішінде жұмысшы кәсіптеріне жастардың қызығушылығын арттыру болып табылады. Сонымен қатар, аймақтар арасында тәжірибе алмастыру. Қазіргі таңда, облыстағы кәсіпорындарға қажетті жұмысшы кадрларға деген сұраныс жыл санап артып отыр. Сол себепті бұл чемпионаттың Маңғыстауда өткізілуі кездейсоқтық емес. Ал чемпионатта төрелік ету үшін, ҚР колледжінің қауымдастығы мен аймақтардан барлығы 88 сарапшылар келді. Мәселен, сайыста өнер көрсеткен 80 студенттің 25-і жергілікті командадан құралған. Сайыстың екінші күнінде студенттер зауытта, коллеждердің ресурстық және тренинг орталықтарында бақтарын сынады. Жарыс Ақтау қаласы мен Қарақия ауданының орталығында өтті. Аймақаралық чемпионаттың жабылу салтанатына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сәкеев қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегер атанған студенттерді марапаттады. Тек маңғыстаулық команданы алатын болсақ, барлығы 11 қатысушы жүлдеге ие болды. Оның 5-еуі үздіктер қатарынан көрінді. Атап айқанда, Мейірман Үйсенов «Электромонтаждық жұмыстар», Найзабай Аманжолов “Кірпішті қалау”, Заманбек Әлібаев «Майлау және безеңдіру жұмыстары», Берекет Егеубаев «Темір жонушы», Амангүл Жалғасбаев «Наубайшы ісі» және Ақжарқын Кунаева «Киім үлгілеу» құзыреттілігі бойынша жеңімпаз деп танылды.

 Өңірлік “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Гүлжан Шаймерденованың айтуынша, студенттердің дені үлкен дайындықпен келген және чемпионатта өзара сайысқа түсіп, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алды. “Біз мұндай жобаларды қолдаймыз. Ең бастысы жастардың қызығушылығы жоғары екендігін байқадық. Өзге облыстардан келген студенттер де чемпионат жоғары деңгейде өткендігін алға тартып отыр. Осы шараның өтуіне үлес қосқан оқу орындарының басшылары жарады. Алдағы уақытта, біздің студенттеріміз жеңіс жолын жалғастырады деген сенімдеміз” деді ол. Айта кету керек, «Batys Skills» аймақаралық чемпионат Маңғыстау өңірінен бастау алып, кезекті сайыс келер жылы Ақтөбеде өтетін болып белгіленді.

 Кәмшат Ізбасарова, Маңғыстау облысы “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының сарапшысы

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0