Алматыда Қонаев атындағы мешіт ашылды

Алматыда Қонаев атындағы мешіт ашылды

Бүгін, Алматы қаласы, Алатау ауданы, Ақбұлақ шағын ауданында жаңадан салынған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы мешіттің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.
Ашылу рәсімі Алматы қаласы Орталық мешітінің Бас имамы Еркінбек қари Керімбекұлының Құран оқуымен басталды.
Ең алдымен, ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Алау Әділбаев Алматы жұртшылығын жаңа мешіттің ашылуымен құттықтады. Елі үшін аянбай қызмет еткен Дінмұхамед Қонаев атамыздың атын ардақтап, есімін мешітке беріп жатқан азаматтарға ризалық сезімін білдірді.
Наиб мүфти Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазреттің атынан мешіттің бой көтеруіне ұйытқы болған Әбенов Дәулет Тоғайұлына және Халибек Зейноллаұлына Алғыс хат табыстап, шапан жапты.
Содан Дінмұхамед атамызбен қызметтес болған Кеңес Ауқадиев ел ардақтысы туралы сыр шертті. Ал, Дінмұхамед атамыздың қарындасы Роза Ахметқызы жүрек толқытар сөз сөйлеп, жиналған елге үлкен алғысын айтты.
Алматы қаласының дін істері жөніндегі басқарма басшысы Айдар Есенбеков Алматы қаласына көрік беріп тұрған мешітке құтты болсын айтып, жастар тәрбиесінде осындай имандылық үйлерінің көптеп салына беруіне тілектестік білдірді.
Соңынан шашу шашылып, жамағат екі бас намаз оқып, құран бағыштауға мешітке кірді. Ел-жұрт жаңа мешітке Бас имам болып тағайындалған Кульмусаков Мейіржанға алдағы діни қызметіне сәттілік тілеп, ақжолтайын айтты.
2014 жылы құрылысы басталған екі қабатты мешітте бір мезетте екі жарым мыңға жуық адам намаз оқи алады. Мешіттің михрабы шығыс стилінде безендіріліп, ұстындары қазақи оюлармен нақышталған.

 Алматы Орталық мешітінің баспасөз қызметі
 azan.kz

 Түпнұсқадағы тақырыбы: Алматыда Қонаев атындағы мешіт ашылды (Фоторепортаж)

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0