НАТО мен АҚШ-қа қарсы Ресей, ортада Украина…

НАТО мен АҚШ-қа қарсы Ресей, ортада Украина…

 Осыдан бірер күн бұрын Ресей билігі НАТО мен АҚШ алдына қатаң талаптар қойғаны белгілі.  Орындалмаса, әскери жолмен шешетінін мәлім етті. СІМ-і болса, уақыт өте тығыз, жедел жауап берулері керек деп отыр. Ресей бұл жерде мемлекет ретінде Украинаны есепке алып отырған жоқ. Тек НАТО мен АҚШ-қа талап қоюда.
Егер, АҚШ пен НАТО, Ресей талабына келіскенін ашық білдірмесе де, іштей орындаса, олардың абыройына нұқсан келеді. Бұл – анық дүние. Ресей тастаған “Темір шымылдыққа” көнгенін білдіреді. Әрі әлемдік саяси демократиялық құндылықтарды сақтай алмай, кейін шегінгенін байқатады. Содан да болса керек, НАТО Бас хатшысы Й. Столтенберг: «Одақтастарымыз бен Еуропа елдерін, мұның ішінде Украинаны да, құқықтық шеңберде қорғауда ешқашан кейін шегінбейміз», –​ деді. Бәлкім, Батыс әлемі уақыт өткізу арқылы, басқа жолдар қарастырар. Бірақ, Ресей 30 күн деп қойды…

 Ендігі Ресей Украинаны ғана емес, тіпті тұтастай Еуропаны ел қатарында санамай отыр. Бірден АҚШ-қа мойын созып. Арасында Франция мен Германия болған “Норманд төрттігі” жолда қалды. Қырым да қазір қозғалар тақырып емес. Украина облыстарында “мемлекет” құрып алған жікшіл топтардың әрекеті де әңгімеден әрмен тұр. Сырт қарағанда, территориялық тұрғыда Ресей өз дегенін істегендей. Сөйтсек, ресейлік мақсат тіпті алыста екен. Бүкіл бұрынғы КСРО қамтыған территория Ресейдің ықпал ету аймағы. Әрі НАТО мен АҚШ сонау 1997-жылға дейінгі жолмен жүрсін… Басқа да талабы бар. Сол саяси ультиматумдарының жартысына қолы жетсе де, Ресейдің империялық қадамын кеңітеді. Бірақ, ендігі әлем үшін қауіпті…
Ресей билігі, бәлкім, жарияға жар салып, талаптарын әдейі ашық қойды. Жер жүзі елдеріне өзінің әлдебір империя ретінде бар екенін білдіргісі келіп. Бірақ, ескі әдіспен қимылдады. Ресейдікі сол белден басу, адам құқығын аяқасты ету т.б. сұрықсыз саяси қауіпті, қатерлі амалдар. Дегенмен оның “Темір шымылдығы” ендігі әлемге жарамайды. Саяси демократиялық құндылықтар негізінде байланысуы керек еді. Батыс әлемінің басқа мемлекеттерді, адамдарды өзіне магнит секілді тартуында сол жатыр…
Украиндықтардың шамамен үштен бірі егер соғыс бола қалса, қолына қару алып, елін қорғауға дайын екенін білдіріпті. Бұл осыдан алты жыл бұрынғы көрсеткіштен жоғарылау. Олардыкы Отанын қорғау. Қасиетті борыш бағыты. Ал, Ресейдікі ше? Билігінікі империялық соғыс. Сондықтан ресейліктер де жаппай ұмтыла қоймас. Егер, соғыс аша қалса, бұл ресейліктерді біріктіретін фактор болуы екіталай. Керісінше, мемлекет ретінде ыдырауына әкелуі мүмкін.

 Қазіргі Ресейдің әлеуметтік жағдайы да, экономикалық деңгейі де онша емес. Әлі 2013-жылдағы экономика көлеміне жете алмай келе жатыр: сол кезден 35%-ке төмен. Кедейлері азаяр емес. Демографиялық жағдайы тағы да нашарлады. Осындай факторларға қарасаң, рсейлік билік үлкен соғыс аша алмайтындай. Қазіргісі қоқан-лоққыға, байбаламға көбірек келетін секілді.
Ал, Польша мен Литва Украинамен біргеміз деді. Швеция, Дания, Норвегия, Финляндия т.б. елдер Ресейді айыптады. Ал, Германия Ресей қаупіне тосқауыл қоюды ашық айтты. АҚШ пен Ұлыбритания киберқауіпсіздік бойынша көмек ретінде Украинаға мамандарын жіберді. Дегенмен АҚШ әлі де ашық білдіруі тиіс, НАТО да. Ал, Қытай Ресей билігін жақтауда…

 Әрине, дипломатия барынша басшылыққа алынуы тиіс. Бірақ, қарсы тарап болмайтын талаптар қойса не болмақ?..

 Қ. Қалмахан

 Фото интернеттен өңделіп алынды

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0