А. Мерекеұлы, ЖАҰСО басшысының орынбасары: Автожол компанияларының мамандар және техникалармен қамтамасыз етілуі көңіл көншітпейді

А. Мерекеұлы, ЖАҰСО басшысының орынбасары: Автожол компанияларының мамандар және техникалармен қамтамасыз етілуі көңіл көншітпейді

Еліміз Тәуелсіздік алған 30 жылдан аса уақытта көптеген өзгерісті бастан өткізді. Соның ішінде автокөлік жолдары саласы да бар. Біздің мемлекет әлем бойынша жер көлемінен тоғызыншы орында екені белгілі. Бірақ, тікелей мұхитқа шыға алмайды. Саудасы қызған ірі теңіздерге де. Сондықтан еліміз инфрақұрылым бойынша, автожол мен темір жол саласын дамытуға тіпті мүдделі әрі стратегиялық міндет. Әрине, ел іші үшін де маңызды. Ал, сол жолдардың сапасы қандай? Мамандары мен техникалары ше? Жол жүру мәдениеті туралы не айтуға болады? 

  Осыған сәйкес, ҚР ИИДМ “Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы” ШЖҚ РМК бас директорының орынбасары, жол саласының іргелі маманы, еліне жанашыр азамат Арман Қайырбеков мырзамен сұхбаттасқан едік… 

– Елімізде жол көлік-оқиғаларының саны айтарлықтай азайды дей алмаймыз. Жол қауіпсіздігін қаматамасыз ету бағытында сіздердің тараптарыңыздан қандай жұмыстар атқарылуда?

– Иә, шынында, жол қауіпсіздігі бүгінгі күні өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Ресми деректерге сәйкес, соңғы 19 жылда елімізде 300 мыңға жуық жол-көлік оқиғалары болып, ол жерде 53 мың адам көз жұмса, 370 мыңнан астам азаматымыз әртүрлі деңгейде жарақаттар алған.

Бұл көрсеткіштер талайды ойландырып, шұғыл шешім шығаруға итермелейтін жағдай деп санаймын. Жалпы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бұл кешенді жұмыстар мен шараларды талап ететін мәселе, яғни бұл жерде осы мәселеге жауапты тараптардың бірлескен жүйелі іс-қимылдары болуы тиіс.

Негізінен, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бірінші кезекте жауап беретін орган ол Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті болып табылады. Автомобиль жолдарын жобалау және оларды салу, жөндеу жұмыстарын ұйымдастыруға жауапты органдар Автомобиль жолдары комитеті, ҚазАвтоЖол мекемесі және жергілікті атқарушы органдар.

Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы – біздің мекеме жол қауіпсіздігі саласындағы қызметі ол автомобиль жолдарындағы қауіпсіздікке әсер ететін ақауларды анықтау, аспапты тексеру арқылы автомобиль жолдарының геометриялық параметрлерінің және қауіпсіздік элементтерінің қолданыстағы стандарт талаптарына сәйкессіздігін анықтау, сондай-ақ статистикалық деректерге талдау жүргізе отырып апатты-қауіпті учаскелерді анықтау және оларды жою бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

Мәселен, жол жүрісінің режимін реттейтін жол белгілерінің күндізде түнде де белгілі бір арақашықтықта жүргізушілерге анық көрінуі керек. Бұл ретте, қараңғы мерзімде жол белгілеріне қолданылатын жарыққайтарғыш элементтерінің сапасы маңызды.

Осы қасиетті анықтау мақсатында біздің Мекеме ағымдағы жылы автомобиль жолдарында орнатылған 16 мыңға жуық жол белгілерін арнайы өлшеу құралдарымен жарыққайтару сапасына тексеріс жұмыстарын жүргізді. Тексерістің қорытындысы бойынша жол белгілерінің 36% стандарт талаптарына сәйкес келмейтінін анықтадық. Сонымен бірге, біздің мекемемен талдау жұмыстарын жүргізе келе өткен жылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында, 3 жылдың ішінде 200 метр аралығында 3 және оданда көп жол көлік оқиғалары болған 319 апатты учаскелер барын білдік.

Аталған учаскелерге жол жүрісі қауіпсіздігін жоғарылатуға және жүргізушілердің назарын күшейтуге бағытталған, соның ішінде жолдардың геометриялық параметрлерін қалпына келтіру, жаяу жүргіншілер өткелін салу, қоршаулар орнату, жарықтандыру және басқа да қауіпсіздік элементтерін орнату бойынша іс шаралар жоспары әзірленіп бекітілді. Бүгінгі күні, автомобиль жолдарын салу және жөндеу жұмыстарына жауапты органдармен атаған іс-шараның 67% жүзеге асырылды.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта жануарларды қағып кетумен байланысты жол-көлік оқиғасы күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі болып табылады. Ресми статистикаға сәйкес соңғы 7 жылда (2015-2021 жылдары) автомобиль жолдарында осындай сипаттағы 952 жол апаты болған, онда 270 адам көз жұмса, 1372 адам түрлі жарақат алған. Негізінен соқтығысулар қараусыз ірі үй жануарларының кесірінен қараңғы мезгілде болады, өйткені олар көлік жүргізушілеріне мүлде көрінбейді.

Өз кезегінде, біздің Мекеме республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында ірі үй жануарларының шоғырлану орындарын анықтау үшін талдау жүргізіп, нәтижесінде шамамен 3 млн ірі үй жануарларын ұстайтын 1300-ге жуық елді мекен бар екені анықталды. Бұл ретте, жауапты мекемелердің тарапынан автомобиль жолдарында көлік құралдарының жануарлармен соқтығысуына жол бермеу үшін қоршаулар, мал айдап өту өткелдерін, жол белгілерін орнату бойынша шаралар қабылданғанымен, бұлар тек белгілі бір учаскедегі проблемалық мәселелерді шешуге ғана мүмкіндік береді. Осыған байланысты біз ірі үй жануарларына қарсы жарық шағылыстырғыш элементтері бар материалдарды міндетті түрде қолдану шараларын қабылдауды ұсынамыз.

Аталған ұсыныс тиісті мемлекеттік органдардың қарауына енгізілді.

Сонымен бірге, біздің жолдарда жол аппатарының негізгі себептерінің бірі ол екі жолақты жолдарда көлік құралдарының қарама-қарсы бағытқа шығып кетуі салдарынан болады. Өкінішке қарай осындай жол апаттарының 60%-ға жуығы адам шығындарымен аяқталып жатады. Өте күрделі мәселе, себебі, қазіргі уақытта республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың жалпы ұзақтығы 95 мың шақырымды құраса, оның тек 3%-ы ғана 1 санатты, яғни 4 және оданда көп жолақты қоршаулармен бөлінген жолдар болып табылады.

Бұл ретте, 1 км автожолды 1 санатқа ауыстыру үшін 1млрд.теңгеге жуық қаражат қажет екенін ескерсек, барлық жол желісін 1 санатты жолға ауыстыру үшін көптеген қаржыны талап ететіні белгілі. Біздің Мекеме қарама-қарсы бағытқа шығып кетумен болатын жол апаттары көбінесе қандай учаскелерде болатынын анықтау мақсатында 2021 ж. республикалық жолдарда осындай сипаттағы жол апатарының учаскалеріне талдау жұмыстарын жүргізді. Талдау нәтижесі бойынша жол апаттарының 71% қарама-қарсы келе жатқан көлік құралдарының көріну мүмкіндігі шектелген және озып өтуге рұқсат етілмеген жерлерде болғаны анықталды. Осыған байланысты, тиісті мекемелерге бөлу жолағына бойлық дыбыс жолақтарын немесе сигналды тіректерді орнату бойынша ұсыныс жолданды.

Сонымен қатар, Азия даму банкінің қолдауымен іске асырылып жатқан жоба шеңберінде 2+1 типті автомобиль жолдарын салу мүмкіндігі қарастырылуда. Яғни, көлік құралдарының қауіпсіз озып өтуін қамтамасыз ету мақсатында қозғалыс 2 жолақ бір бағытта және 1 жолақ 1 бағытта іске асырылады.

Аталған шаралар әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылып, қарама-қарсы бағытқа шығып кету салдарынан болатын жол апаттарын азайтуға үлкен үлесін тигізген. Бұл ұсыныстар жауапты органдар тарапынан қолдау тапса, біздің жолдардағы қауіпсіздік деңгейін жоғарылатуға пайдасын тигізеді деп сенеміз.

Дей тұрғанмен, жалпы алғанда уәкілетті органдардың статистикасына сәйкес, жол апаттарының 80%-ы жүргізушілердің және жол қозғалысына қатысушылардың жол жүру ережесін бұзу салдарынан болады екен.

Бұл дегеніміз, біздің елімізде жол жүрісі мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ақпараттық жұмыстарды күшейту қажеттігін меңзейді. Алайда, өкінішке қарай бұндай жұмыстар қазіргі уақытта уәкілетті органдармен баяу жүргізілуде деп санаймын.

Осы орайда, “Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы” (әрі қарай ЖАҰСО – Қ. Қ.) жол жүру мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстардан да шет қалып отырған жоқ. Мәселен, өткен жылы біздің тапсырыспен жол қозғалысы қауіпсіздігін насихаттайтын 10 анимациялық бейнероликтер әзірленіп, олар еліміздің телеараналары мен әлеуметтік желілер арқылы азаматтардың назарына ұсынылды. Бірақ, бір өкініштісі, осындай пайдалы деректерді ақпарат құралдары арқылы елдің арасына тарату біраз қаражатты талап етеді. Сондықтан да осындай жол мәдениетін қалыптастыру бағытындағы ақпараттық жұмыстар барлық ақпарат өкілдері және еліміздің танымал блогерлерінің өз еріктерімен насихаттап, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізсе екен деген ұсыныс айтқым келеді.

– Автожол саласы бойынша мамандар жетіспеушілігі айтылуда. Жерде қалмауы тиіс осындай мамандықтарға жаңа буынның қызығушылығын арттыру бағытында қандай жұмыстар жасалуда? Жол саласы мамандары, әдетте, білімін қайда жетілдіреді? Білім беру мекемелерінде (мектеп, колледж) кәсіптік бағдар беру қалай жүруде?

– Рас, бүгінгі күні автомобиль жолдарын салу саласында маман жетіспеушілігі мәселесі бар. Мекеме өз тарапатынан 2020 жылдан бастап еліміздің әрбір өңірінде «1000 мектеп» акциясын өткізуде. Оның мақсаты –  жаңа буынға жол мамандығын насихаттау және оқушыларға кәсіптік бағдар беру болып табылады. Осы кезеңде Мекеме еліміздің әрбір өңірінде 4 324 мектепте оқушылармен кездесулер өткізілді (2020 ж. – 1 153, 2021 ж. – 1 389, 2022 ж. -1782).

Сондай-ақ, өткен жылдан бастап, бүгінге дейін «Л.Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль жол академиясы»,  Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті,  «Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы» (КазГАСА), «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті (қазіргі атауы Satbayev Universitу) және «Назарбаев Университет»жоғары оқу орындарының 2 мыңға жуық студенттеріне Мекеме қызметімен таныстыру және кәсіби бағдарлау бағытында насихаттау жұмыстары жүргізілді.

Бұдан бөлек, Мекемеміз бейінді жоғары оқу орындарының студенттерін жыл сайын ақылы өндірістік практикаға тартуда, осылай кәсіпорын құрылғаннан бері 148 студент тәжірибеден өтті, оның
18-і тұрақты жұмысқа қабылданды.

– Биылғы 7 айда 6799 инспекциялық тексеру жасапсыздар. Әжептәуір жұмыс. Соның барысында анықталған қайшылықтар, ақаулар қалай түзетіледі? Бірыңғай талаптарын қосып өтсеңіз…

– Жалпы осы жылдың 9 айындағы тексерістер барысында 5,2 мыңның үстінде бұзушылықтар анықталды. Сонымен қатар, ЖАҰСО жол құрылыс нысандарынан 25,5 мыңнан аса жол-құрылыс материалдарының сынамаларын алып, оларды сынап, оның ішінде 6,2 мыңнан (24%) астамы стандарт талаптарына сәйкес келмейтінін анықтады. Бүгінгі таңда мердігер ұйымдардың өз қаражаты есебінен 2,1 млрд теңге сомаға жұмыстар қайта орналастырылды.

Алдымен анықталған бұзушылықтар туралы тапсырыс берушіге, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына хат жолданады. Содан кейін мердігер ұйымның қателіктерді кай кезге дейін бітіретінін назарда ұстаймыз. Сонымен қатар, құрылыс өндірісінің сапасын бақылау жүйесінде жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде жұмыс сапасын бақылауға тиісті техникалық қадағалау қызметі маңызды кезеңі болып табылады.

Алайда, іс жүзінде олардың тарапынан жұмыс сапасыз жүргізіледі, әдетте олар объектілерде үнемі болмайды. Сонымен қатар, техникалық қадағалау мамандары көбінесе жолшы маманы емес және сол техникалық қадағалау жол объектілерінде де, азаматтық құрылыс объектілерінде де жұмыс істейді. Бұл ретте, техникалық қадағалау қызметтеріне 2020-2021 жылдары шамамен 20 млрд. теңгеден астам қаражат бюджеттен бөлінгенін атап өту қажет…

Жалпы, ЖАҰСО техникалық қадағалаушы және мердігер компаниялар жіберген кемшіліктер бойынша өңірлік мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларына өтініштер жолдайды. Осылайша, 2020 жылдан бері 75 техникалық қадағалау қызметі мен 68 мердігер компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 55 техникалық инженер аттестаты тоқтатылды, сондай-ақ 4 мердігер компанияның құрылыс жұмыстарын жүргізу бойынша лицензиясы тоқтатылды. Жалпы салынған айыппұлдар сомасы – 100,9 млн.теңгені құрады.

Осы ретте айта өтетін бір мәселе, еліміздегі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларына жолданған өтініштеріміздің жауапсыз қалатынында. Орталықтың өтініштерін жауапсыз қалдырған жайттары да кездеседі. Мысалы, оларға жіберілген 391 өтініштің (2020 жылдан бастап) 56%-ын қанағаттандырмай және 219 өтініш жауапсыз қалды.

Тағы бір мәселе, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларының арасында координацияның жоқтығы. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармалары оң шешімдерді негізінен техникалық қадағалау сарапшыларына ғана қабылдайды да, ал сол сарапшылар жұмыс істейтін компаниялардың өздері жиі жазасыз қалады және оларға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске сәйкес компанияны аккредиттеуді тоқтата тұру жөнінде шаралар қабылданбайды. Мысалы, былтыр, бір компанияның әртүрлі өңірлерде 6 сарапшысының аттестаттары тоқтату фактілері орын алған, алайда компанияға ешқандай шара қабылданбаған.

– Автожол құрылысы компанияларының тиісті мамандармен, техникалармен қамтамасыз етілу деңгейі қандай деп ойлайсыз?

– Автожол құрылысы компанияларының тиісті мамандармен және техникалармен қамтамасыз етілу деңгейі қазіргі уақытта көңіл көншітпейді. Бүгінгі күні құрылыс нарығында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізу кезінде ірі компаниялар ең төмен баға береді де, тәжірибесі мен төлеген салық мөлшері ескеріле отырып, конкурстардың жеңімпаздары атанады, ал кейіннен жұмыстар мен қызметтерді төмендетілген бағамен қосалқы мердігерге бере салады. (Заң бойынша мердігер қосалқы мердігерге жұмыстың ½ бөлігін бере алады) Бұл жұмыстың сапасыз орындалуына немесе мерзімінің кешіктірілуіне әкеп соғады.

Қолданыстағы заңда мердігердің материалдық, еңбек және қаржы ресурстарына ғана талап қойылған. Ол жерде техниканың қанша пайызы жеке меншік болуы керектігі жазылмаған. Оны айтасыз, мердігер компанияның мамандары пайыздық үлесте кемі қанша болуы керегі туралы да шарт жоқ. Конкурстық құжаттамада көрсетілген техниканың кем дегенде 50%-ы мердігердің меншігінде болып, мамандардың 70%-ы сол кәсіпорында жоқ дегенде, соңғы 1 жылда заңды түрде тіркелсе және қосалқы мердігерге берілетін жұмыс көлемі жалпы жұмыстардың үштен бір бөлігіне дейін азайтылса, жұмыс жүйелене түсер еді деп ойлаймын.

Тағы өзекті мәселе, тапсырыс алған компанияда мамандардың тұрақты түрде жұмыс істемеуі. Бір маман бірнеше жерде жұмыс істейді. Сондай жағдайлар болмас үшін, соңғы 6 айда тиісті мердігер компаниядан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына түскен жарналарды тексеру керек. (тұрақты түрде жұмыс жасаса, кем дегенде 30-50 мың зейнеты жарнасының түсуі)

Тапсырыс берушілерге келсек, олардың қызметіндегі маңызды мәселелердің бірі – жергілікті атқарушы органдарға тән, штатта жол саласындағы білікті мамандардың болмауы. Бүгінгі таңда Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінде жол мамандары жалпы санының шамамен 5-10% құрайды, бұл жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу және салу сапасына айтарлықтай әсер етеді. Мысалы, орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттаманы қалыптастыру кезінде сметалық есептеулерде қате кетеді, көп жағдайда кәсіби емес түрде жасалады. Нәтижесінде жол жұмыстарының қажетті құрамын анықтайтын көптеген позицияларды ескермейтін, дұрыс емес деректері бар орташа жөндеу жобалары туады. Нәтижесінде, орташа жөндеуді жүзеге асыру кезінде мердігерлер көптеген күтпеген жұмыстарды түзетуге және қайта келісуге мәжбүр болады, бұл жұмыс барысына, содан кейін оның сапасына теріс әсер етеді.

Осы бағытта, ағымдағы жылы ЖАҰСО жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері үшін оқыту семинарларын өткізді, оған жалпы 15 облыстан және республикалық маңызы бар 3 қаладан 350 қызметкер қатысты. Семинардың мақсаты Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қызметкерлерінің жол-құрылыс саласындағы біліктілігін арттыру болды.

– Мазмұнды… Рахмет.

 Құрманғали Нұрғали

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0