Ұлттық ұлан академиясын жас офицерлердің 23-ші легі аяқтады

Ұлттық ұлан академиясын жас офицерлердің 23-ші легі аяқтады

ҚР Ұлттық ұланы Академиясынан жас лейтенанттардың 23-ші шығарылымы аттанды. Салтанатты іс-шара оқу орнының бастығы полковник А. Тоқышевтің ҚР Ішкі істер министріне курсанттардың диплом алу рәсіміне дайындығы туралы баяндамасынан басталды.

Биылғы жылы оқу орнын 186 түлек бітірді. Оның ішінде 8 жас лейтенант үздікке аяқтаған. Қазақстандық түлектермен бірге Тәжікстан Республикасының он өкілі диплом алды. Айта кетейік, жоғары оқу орнын үздік бітірген 4 түлек Мемлекеттік рәміздер күні лейтенанттық погондарды мерзімінен бұрын алған болатын.

Ішкі істер министрі мен өңір әкімінің қолынан көптен күткен ерекше үлгідегі дипломдарды бірінші болып оқу орнын үздік бітірген түлектер алды. Жас офицерлердің дипломдарын тапсыру салтанатты рәсімінен кейін Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі М. Ахметжанов Академия түлектерін құттықтады.

Құқық қорғау ведомствосының басшысы түлектердің Академия қабырғасында алған терең теориялық білімі, мұқият кәсіби дайындығы және моральдық-психологиялық шынығуы олардың одан әрі дамуына берік негіз болатынына сенім білдірді.

– Отандық әскери академиялар мен институттар халықаралық стандарттарға және олардың материалдық базасын нығайту қажеттілігіне жауап беруі үшін Мемлекет басшысының III Бүкіл армия кеңесінде қойған міндеттері өзекті болып саналады. Сондықтан Академияның әлемдік стандарттарға толық сәйкес келуі үшін көп нәрсе істеу керек. Осы ретте мемлекеттің қамқорлығының арқасында білім ордасы аумағында заманауи оқу корпусының, казарманың және спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр, сондай-ақ ғимараттар мен құрылыстарға күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл мақсаттарға 10,8 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, Академияның Алматы, Шымкент және Өскемен қалаларындағы оқу орталықтарының базасында филиалдары құрылды, – деді М. Мұратұлы.

Солтүстік Қазақстан облысы басшылығының атынан түлектерді оқу орнын сәтті аяқтауымен облыс әкімі Айдарбек Сапаров та құттықтады.

– Аға буынның батылдығы мен ерлігінен үлгі алу сіздердің міндеттеріңіз. Ол үшін нағыз командир және тәлімгер болу керек. Принцип пен табандылыққа сүйеніп қызмет етіңіздер. Сіздер қиын және жауапты уақытта қызмет етулеріңіз керек. Кез келген сын-тегеуріндерге қарсы тұра отырып, ұлттық мүдделерімізді қорғауларыңыз қажет, – деді А. Сейпілұлы.

Өз кезегінде Тәжікстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор С. Орзу Рауфзода ҚР ІІМ және Ұлттық ұлан басшылығына жылы шырайдағы қабылдауы үшін және елімізге жұмыс сапарымен келуге мүмкіндік жасағандарына ерекше ризашылығын білдірді.

– Жылдан жылға біздің республикалар арасындағы әскери ынтымақтастық дипломатиялық байланыстардың маңызды салаларының бірі ретінде дамып келеді. Мемлекетаралық келісімдерге сәйкес біздің курсанттар ҚР Ұлттық ұланы Академиясында оқиды және 10 жылдан бері жыл сайын Тәжікстан Республикасы Ішкі әскерлерінің қатарын толықтырады. Бүгінде ҚР Ұлттық ұланының оқу орнын бітірген жоғары білікті 89 офицер Тәжікстан Республикасы Ішкі әскерлерінің бөлімшелерінде мақтанышпен қызмет етіп жүр, – деді генерал-майор С. Рауфзода.

Түлектердің атынан лейтенант Ә. Сембек сөз сөйледі. Ол Академияның қолбасшылығы мен профессор-оқытушылар құрамына берген білімдері үшін алғысын жеткізіп, офицердің ар-намысын жоғалтпайтындығына және командирлердің үмітін ақтайтындығына сендірді.

Содан кейін армия дәстүрі бойынша оқу орнының жауынгерлік туымен қоштасу рәсімі өтті. Биыл Академияның жауынгерлік туымен қоштасудың құрметті құқығына барлық түлектер атынан оқу орнын үздік бітірген лейтенант С. Шымкентбай ие болды.

Салтанатты рәсім Ұлттық ұлан мен Академияның жиынтық оркестрі дайындаған концерттік бағдарламамен, елордалық бригаданың құрметті қарауыл ротасы әскери қызметшілерінің дефилесін көрсетумен жалғасты.

26 жыл ішінде оқу орны 4 мың жас офицерді дайындаған. Олар Ұлттық ұлан офицерлер құрамының қатарын толықтырды. Оның ішінде 400-ден астам түлек Қарулы Күштерге, ҰҚК Шекара қызметіне, Мемлекеттік күзет қызметіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне және ІІМ арнаулы бөлімшелеріне одан әрі әскери қызмет өткеруге жіберілді.

Көптеген түлектер құрамалар мен әскери бөлімдерді басқарады. Ал олардың кейбіреулері Бас қолбасшылықта және әскерлердің өңірлік қолбасшылықтарының штабтарында басшылық лауазымдарда қызмет етеді.

Биыл ведомствоаралық ынтымақтастық шеңберінде одан әрі қызмет өткеру үшін Мемлекеттік күзет қызметіне 5 түлек, Төтенше жағдайлар министрлігіне 3 түлек және ҚР ІІМ “Сұңқар” арнайы мақсаттағы бөлімшелеріне 13 түлек жіберілетін болады.

 ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0