Еліміздегі патриотизм…

Құрманғали Нұрғалиев

«Патриот» сөзі грек тілінен аударғанда «Отан», «Отаншылдық» дегенге саятын ұғымды беретінін көпшілік білер. Десек те, осындай қасиетті ұғымның мәніне күнделікті өмірде онша бойлай бермейтіндейміз. Солай ғой?..

Біз ауыр тарихы бар ұлттардың қатарына жатамыз. Басымыздан не өтпеді дейсіз?.. Әйтеуір, аман­есен, бейбіт жағдайда Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұған шүкірлік етеміз! Бірақ, Тәуелсіздігімізді бекітетін, жау қолына бермейтін, ауызбіршілік пен араздықтың арасын айыра білетін жалпыхалықтық отаншыл өр рух, намыс, қоғамдық сана қалыптасты ма? Қайдам… Соған жеткізетін тәрбие, әдеп, құқықтық һәм қоғамдық мораль мен қағида қалыптаспағандай көрінеді де тұрады.

Бәріміз бір ойланып көрейікші, ел мүддесі дегенде жеке өмірдің есептерін, өзара өкпені бір жаққа жиып қоя аламыз ба?.. Кедей басқан жермен жүруге «арланатын» кей байлар мен шенеуніктердің, мемлекет дегенді ойлауға не шамасы жоқ не үнемі уақыты «болмайтын» кежір кедейлермен (әлеуметтік жағдайы төмендермен) ел бірлігі, берекесі, жалпы мемлекеттік мүдде тақырыбында бірлесе ой бөлісіп отырғанын елестетіңізші?  Болмаса, мынадай мысал, 90-жылдардың аяғында Оңтүстік Корея Азия дағдарысына ұшырағанда, ел үкіметі халыққа қолдарындағы алтын ба, асыл тастарын ба, әйтеуір сондай құнды заттарын мемлекетке қаншалықты көбірек өткізсе, соншалықты дағдарыстан тезірек шығатыны туралы үндегенде (әрине, дағдарыстан шыққанда артығымен қайтарылатыны қоса айтылған), олар ағылып келіп үкіметке берген екен. Түйдіңіз бе, патриоттықтың маңызын?! Осындай ел мүддесі жолында билікке қарапайым халық сене ме?.. Соғысты былай қойып, бейбіт жағдайда қазіргі қоғамымыз біртұтас бола ала ма? Қайдам, дәл қазіргі тұста біз үшін «қиял­ғажайып ертегі» сияқты…

Сонымен қатар, олай да, бұлай да шапқылап, сол патриоттық рухты көтереді деп ұйымдастыратын түрлі іс­шарадан «бірдеңені» жымқырып қалуды ғана ойлайтын шенеуніктерден­ақ ондай тәрбиенің қалай жүріп жатқанын білуге болады. Оның үстіне жалаң акция мен «үйретілген», қай кезде қол шапалақтау керек екендігі алдын­ала белгіленіп қойылған мәдени де ресми де іс­шаралардан жастар жөнді патриоттық тәрбие алады дегенге сену қиын. Бұған қарасақ, қазіргі шенеуніктеріміздің белгілі бір бөлігі өзін КСРО­ны аңсап жүр не Тәуелсіздік қадірін білу, Отанды сүю деген қасиетті сезімдерден ада, бейқам, қуыскеуде ме деген ойға қаласың… Демек, ондай іс­шаралардан қоғамға пайда шамалы. «Шамалы» дегеннің өзін ұяла берілген баға десек болады. Содан да болар, қазіргі оқушылардың, студенттердің арасында жақсы оқитын, сабақтан қашпайтындарды, қоғамдық іс­шараларға белсенді араласатындарды «патриот» деп кекететіні. Мінезі, ойы тұрақталмаған жасөспірімдерге өкпе айту дұрыс та емес сияқты. Өйткені, тәрбие береді, үлгі тұтады деген кейбір аға ұрпақтардың негізгі тірліктері анау: бірде ақша жеп ұсталады, бірде ақша жеп кеткені жөнінде күдікті болады, болмаса «сауық кеш» қуып жүріп қарапайым бір азаматты қағып кетеді де жазадан құтылып кетеді және т.б.

Сондай­ақ, ертеңгі елдің тірегі – қазіргі балалар, студенттер оқуға түсудің, жұмысқа тұрудың (барлық жұмысқа емес) парасыз бітпейтінін біліп, түйіп өскендер. Ендеше, олардан қандай патриоттықты күтуге болады?! Білім беру ісіндегі олқылықтарды қоспағанда…

Кей азаматтарға салсаң, патриоттық күнделікті өмірде емес, «балапан басына, тұрымтай тұсына» келген кезде көрінеді екен. Былайғы уақытта байқалмайды дейді…

Меніңше, Отанды еш күмәнсіз, риясыз сүю, яғни патриоттық – қазақтың осы елдің қожасы ретіндегі мүдделерін толығымен орнықтыра отырып, қалған этностарды да зәредей кемсітуге жол бермейтін, бейбіт уақытта да, сын сәтте де бірлігі берік болатындай және осы елдің жетістігіне қуанып, кемшілігіне ұялып, қатесі болса түзететін жалпыхалықтық ой мен сезім тудыратындай саясатқа негізделсе барып өз орнын таппақ. Болмаса, әуре тірлік.

Қазақ осы жердің иесі һәм Отаны да Қазақстан екендігі дәлелдеуді де, қосымша деректерді де қажет етпейді. Бірақ, қалған этностарға да осындай сезім мен жауапкершілік ұялауы керек. Бұл не үшін маңызды? Еліміздің мызғымас тұтастығы үшін маңызды! Сондықтан да қалған этностардың құқықтық тең жағдайда өмір сүруі біріншіден, адамзаттық өркениетті ойды, ұстанымды білдіреді. Екіншіден, сын сәтте, беті аулақ соғыс бола қалған жағдайда, Отанымыз басқа ел деп жөңкіле қашып, жауға жалғыз тастап, болмаса өзімізге қарсы жабыла кетпеуі үшін қажет (тіпті Украинадағы орыстардың Харьков, Луганск, Донецк сияқты облыстарда жік шығарып, ел тұтастығын бұзатын қауіпті қадамдарға барып жатқанын айтпағанның өзінде). Бұл жерде тарихта талай кездескен, жау енгенде солардың жағына шығып, өз мемлекетіне қарсы дұшпанмен біріге кетіп, жағаға жармасқан мысалдарды айтып отырғанымыз жоқ (тарихи терминде коллаборационизм деп аталады). Бірақ, ондай ой мен пиғылға негіз қаланбайтындай саясат жүргізу һәм қоғамдық тәрбие, менталитет қалыптастырған артық деп айта алмаймыз. Қазағымыз «жау жағадан алғанда, бөрі етектен» жармасуының қауіпті екендігін әлімсақтан біліп, ескертіп кеткен.

ТҮЙІН

Тәуелсіздік кезінде туылған, өскен балалардың қандай тәрбие алғанын ертең қоғамдық өмірге, мемлекетімізге тікелей де жанама да әсер ететін қызметтер атқарар уақытында тіптен айқындала түспек… Сол кезде өкініп қалмайық!

Бұл тақырып жалғаспалы, үзілмейтін һәм күн тәртібінен түспеуі тиіс. Ұрпақтан ұрпаққа өтіп, баршасының санасында Отанға адал қызмет ету, оны қорғау қағидалары тұрақты түрде бекуі қажет. Өйткені, Отанды сүю мен қорғау мызғып кетуді көтермейді. Сондықтан да біз патриоттық тақырыбына әлі де тоқталамыз…

Алдан Смайыл, мемлекет қайраткері: «…халықтың қалтасына түспеу – үлкен патриотизм»

 Біз патриоттық десек, стадионға жастарды жинап алып, ұрандатып, жалаулатып, сонымен істі біттіге санаймыз. Бұл дұрыс емес!

Патриоттық дегенде лауазымдыларға артар жауапкершілік зор. Олардың өздері өнеге көрсетуі керек! Ал, «Құдайдың құтты күні» министрдің не вице­министрдің ақпарат құралдарынан ақша жеп ұсталып жатқанын естіген, көрген жастарыңнан қандай патриот күтуге болады?! Жоғарыдағыдай жаман әдеттерден тыйылуы керек. Өйткені, халықтың қалтасына түспеу – үлкен патриотшылдық.

Сонан кейін меніңше, ең үлкен патриоттық дегенде – кемінде 7-8 баласы бар және оларды адал еңбегімен өсіріп, айғайламай, міндетсінбей оқытып, тиісті тәрбие берген жанұядан өткен патриот жоқ!

Енді тілге қатысты. Президент 99 рет айтты: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп. Ал, сол  сөйлемеген шенеуніктерді қалай патриот деп айтасың? Мұндай адамдар барлық сатыларда бар. Олардың бетін бері қарату үшін не істеуіміз қажет? Бұл жерде халықтың өзі тәрбиешілік миссиясын қолына алуы керек. Халық көрген жерінде ұялтуы тиіс! Бұларға бейқам қарамау керек…

Оңтүстік Корея ел болып, аузы аққа жари бастағаннан кейін, «Біз қалай корей болып қаламыз?» деген мәселені күн тәртібіне қойған. Ол үшін ұлттық қасиетімізді қайтарып алғаннан кейін, әлемдегі ең қабілетті ұлтқа айналуымыз керек деген: ғылым мен техниканы игеріп алу және т.б. Қиралаңдап жатқан Оңтүстік Корея, дамыған Жапонияға 5-10 жылда жету туралы мақсатты алға қойды және соған бірнеше салалар бойынша деңгейлесті. Соның бәріне ұлттық тәрбие арқылы жетті!

Бізде ше? Балаға патриоттық тәрбие беріп жүрміз бе? Балабақшадан сусындатып, мектепте жалғастырып, жоғары оқу орнында шырқау шыңына жете ме? Күмәнім бар…

Әзірге «жығылған үстіне жұдырық». 2015-жылдан бастап, 12 жылдыққа көшеміз, соның негізінде бірінші сыныптан үш тіл – қазақ, орыс және ағылшын тілдері (екі тіл де қазақ тілі мен әдебиетіне бөлінген сағаттарды қысқарту негізінде қосылған) оқытылады! Іргелі 22 мемлекеттің білім стандартын қарадым, бірде­біреуінде бірінші сыныпта өзінің ана тілімен бірге басқа тілді оқытпайды! Басқа елдер осылай істеп отыр. Біз неге іске асырмаймыз? Өзінің ана тілін білмей жатқан бала қалай ұлттың баласы болады?!

Сөз реті келгенде айта кетейін, 6­сыныпқа арналған қосымша әдебиет оқулығында Ғабит Мүсіреповтің «Талпақ танау» әңгімесі оқытылады. Бұл шығарма кезінде, қазақ баласы шошқадан жиренбесін деген арнайы идеологиямен жазылған! Әрине, біз білім беру ісіндегі осындай мәселелерге қатысты жұмыс тобын құрып, әрекет етудеміз. Бауыржан Байбектің («Нұр Отан» партиясының Төрағасының бірінші орынбасары – ред.) де қолдауымен жақында осы тақырыпта жиын өткізу жоспарда бар.

Біздің ұлт өзінің мемлекет құрушы ұлт екендігін әлі де түсініп болмаған сияқты. Мемлекет құрушы ұлттың қасиеті қандай болуы керек? Ондай ұлт өзін­өзі қамшылап, қалайда басқа этностардан  алда тұруға ұмтылуы керек: рухани өмірде де, әдебиетте де, техникада да, спортта да және т.б. Өзінің жаман жағын көрсетпеуі керек! Ұлт өзін­өзі осы мемлекеттің тағдыры сенің қолыңда деген сезімменен жамандықтардан тыйылуы тиіс!

Біз үлкен технологиялық ұлт бола алғанымыз жоқ. Сондықтан атқа мінген адамдар күні­түні шапқылап жүріп, елге қызмет ету керек. Оны және қарапайым халық көргені дұрыс. Ал, енді мінбеге шығып алып, ұлттың әр мәселесін олай да бұлай да айтып: «менен асқан патриот жоқ» деп санау – патриоттық емес. Патриот еңбегін сатпай жасайды.

Әлі күнге дейін жүйелі патриоттық тәрбие жоқ. Ендеше ұлттық қасиеттерімізге, тәрбиемізге негізделген бағдарламаны неге қабылдамасқа?! Ескермей тастаған ұлттық құндылықтарымызды негізге ала отырып, ұлттық бағдарлама жасалуы қажет.

Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы: «Бейбіт жағдайда мен патриотпын деп айта береді»

Патриотизм сол елді мойындаудан басталады. Демек, бұл тақырыпта қазақ халқына ерекше орын берудің керегі жоқ. Себебі, патриоттық әр адамның жеке таңдауы.

Менің ойымша, мемлекет не қазақ тарапынан патриоттыққа қатысты арнайы бағдарламаның қажеті жоқ деп санаймын. Ол керісінше әсер береді. Әруақытта солай… Патриоттықты қолдан жасауға болмайды. Ол әр адамның жүрегіндегі мәселе.

Жаймашуақта, жақсы келісімде патриоттықты байқау қиын. Бейбіт жағдайда «мен патриотпын» деп айта береді. Патриоттық елге қиыншылық келген тұста байқалады. Мысалы, Украинадағы саяси дағдарыстарда: Қырымдағы, Харьковтағы және басқа да өңірлеріндегі орыстардың патриоттық деңгейі көзге көрінді.

Мәди Манатбек, BAQORDA Медиа тобының бас директоры, продюсер: «Қазақстандағы патриоттықтың бірден­бір кілті – қазақ тілінің дамуында»

Патриотизмнің жаңа­ескісі жоқ. Сондықтан да арнайы қарар не басқа да құжаттың да керегі болмайды. Қазақстандағы патриоттықтың бірден­бір кілті – қазақ тілінің дамуында. Қай тілде сөйлесең, сол тілдің патриотысың.

Мемлекеттік арналар мемлекеттің идеологиясын, ұрпақты тәрбиелейтін дүниелерді жүргізуі керек. Бұл бағытта мемлекеттік телеарналарда рейтингтік салыстыру болмағаны жөн. Өйткені, бір уақытта берілген біреуі арзан, екіншісі елдікке жетелейтін, патриоттыққа тәрбиелейтін телебағдарламаларға рейтинг жасалса, алдыңғысы озық болады…

Нұрлан Ерімбетов, белгілі саясаттанушы: «Қазір біз интернационализмге онша мән бермейміз»

Біріншіден, біз өз тарихымыздан айырылмауымыз керек. Осы тұрғыда тарихшыларға біршама қарын ашады… Неге? Себебі, Қазақстанға кезінде қандай этностың қалай келгенін тарихшылар жалпыхалықтық патриотизмді дамытуға негіз болатындай деңгейде пайдалануы қажет. Осында орыстар, шешендер өзге де ұлттар бізге келгенде қазақтардың оларға зәбір көрсетпей, керісінше барымен бөліскенін кәсіби тұрғыда түсіндіріп жатса, бұл да Отаншылдықты күшейте түспек.

Қазір біз интернационализмге онша мән бермейміз. Негізі мән беру қажет.

Екіншіден, еліміздегі этностарға қазақ тілін білу арқылы болашағының да кең болатынын ұқтыратын жағдай жасау керек сияқты.

Қазақстанда өскен орыстардың, украиндердің 5-10 жылдан кейін қайтып келіп (оның ішінде өзімнің жақын араласатындарым да бар): «Біз қазақпыз», «Жаңа Ресей бізді қабылдамайды» дегенін көріп жүрміз. Өйткені, өзіміздің ділімізге сіңісіп кеткен. Осыны біз ашық айтуымыз қажет. Патриоттық тақырыпқа айналдырған жөн.

Тұрақтылық президентіміз Н.Назарбаевтің жүргізіп отырған саясатының, беделінің арқасында болып тұр. Қазір шиелініс тудырудың ең оңай жолы – ұлтаралық жанжал тудыру. Соғыс әлі тоқтаған жоқ…

Барлығы – жазушылар, саясатшылар, данышпандарымыз, беделді адамдарымыз қоғам болып ынтымақтасып өмір сүрудің мәнін жоғарылату қажет. Арзан бедел қууды қойып, нақты жағдаймен патриоттықты дамыту қажет.

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0