Ақсақалды аңсаймыз

Ақсақалды аңсаймыз

Кішкентай  кезімде  атам  Шәмші  мен  Қызболған  әжемнің  тәрбиесінде  өстім. Екеуінің  де екі сөзінің бірі: «айналайын», «қарағым»,«ботам»,  «қалқам» ˗ деп  айналып˗толғанып отыратын. Олар  асықпай, саспай  байыппен  сабырлы  парасаттықты, мәселенің  мән—жәйін  біліп  барып, тіл  қататын еді. Ашаршылықты,  жоқшылық  пен  соғысты бастан  өткерген  соң, ішетін  ас  пен  киетін  киім  таппағанын  айтатын. Қызболған  әжем  12  құрсақ  көтергенімен,  ешбірі  тұрмаған. Менің  әкем Кеңес  1937  жылы  туған. Қан қақсап  37-ші  жылды  көзімен  көргендер  көлеңкесінен  қорқатын  болған. Әкем  Кеңес 2001˗жылы ақырғы демі шыққанша «Сталин» демей, құрметпен  «Иосиф Виссарионович» деп бұ дүниемен қоштасты.

Әжем В.И. Ленин  атындағы  мектептің  асханасында  аспазшы  болып  жұмыс  істеп, екі  ұлын  әзер  асыраған. Қыста  суыққа  шыдамай,  аш-жалаңаш  халық  аштыққа  ұшырап  көп  қырылған. Сондай  тағдыр  тауқыметін  бастан  өткізген әжем үшін: «бұнан  да  қиын  кезде  тойға  барғанмын» деген сөз жәй емес еді. Осы  қасиеттер  оларды  сый˗құрметке  бөлеген. Ұлттық ұғымымыз  солай  қалыптасты.

Ер жете келе сол кісілер сияқты адамдарды іздей бастадым. Қазақ халқының өзге ұлттарға  ұқсамайтын, өзіндік ерекшеліктерінің бірі, бір  ауыз  сөзге  тоқтаған, ел  ішінде  абыройы  асқақ,  мерейі  үстем, ауыл˗аймақты ауызбіршілікке үндейтін, дуалы ауызды ақсақалдар жастарды  тәрбиелеуде үлгі болып, ұрпақтан ұрпаққа жеткен. Әкеден балаға мирас  болып айтылып  келген  ертегілер  мен  аңыз  әңгімелер, мақал˗мәтелдер, ата˗бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ауыз әдебиетінің керемет дамығандығының айғағы. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Қариялар  азайып бара жатыр» деген өлеңі  әрбір  адамға  ой  салады.

«Ақыл  айтып  жүрмесе  қасымызда,

Сонда орнайды жетімдік басымызға.

Араздасып ағайын кетер еді,

Бір қария болмаса бір ауылда.

Бірі мініп келместің кемесіне,

Бірі күтіп, әнеки жағада тұр» делініп келетін Мұқағали жыры, сөз  қадірін  білетін  адамға — рухани  қазына.

«Аулыңдағы  қария  жазулы  тұрған  хатпен  тең» деген даналық сөзді Қызболған әжем де айтып отыратын. Есте жоқ ескі  кезеңдерден бастап қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ертегідей етіп жеткізетін, өмірдің сан бұралаң соқпағынан өткен, небір  қиыншылықты басынан кешкен, ғасырлар бойы дала рухын бойына сіңірген  даналық  пен  көсемдікті көрсетіп отыратын да самайын қырау шалған қазақтың шалдарын айтсаңшы!

Қарияларымыз ауыл басшыларына кеңес  беріп  отырған. Өмір  болған  соң,  қоғамдық˗әлеуметтік мәселелер туындап жатады. Даулы мәселелер де кездеседі. Соның бәрін билер алқасы немесе қадірлі қариялар шешіп  отырған. Бұған қатысты мысалдар өте көп. Тіпті, ауылдың тентектері де  дуалы ауызды қариялардың айтқанынан шыға алмаған ғой.

Ауылдың ақсақалы қаланың қариясына көп ұқсай бермейді. Киім киісінен  бастап, өмір сүру дағдысы мен дүниеге деген көзқарасы екі бөлек. Талабы  мен талғамы  да  өзгеше  болып  кетті.

Қазақстанда 7700˗дей ауыл болса, қай қиырында болмасын, ауылға  жолым  түссе, кез келген бейтаныс қазақтан: «Ауылдың  үлкені  кім  еді?» деп  сұрап  жатамын. Кез ˗келген ауылдың жақсы болмағы сол ауылдың  үлкендерінің абырой˗беделі мен жеке басының парасат˗пайымынына  тікелей қатысты. Қазақ: «Қариясы  бардың—қазынасы  бар» дейді. Сол қазыналарды тірі кезінде құрметтеп, асылы мен жақұтын ел кәдесіне, ұлттық  идеяға жарату да бәрімізге сын. Ауылдың қадірменді адамы болу басқа  қонатын бақыт құсы сияқты. Оны көпшілік көрмей, білмей тұрмайды.

Қазіргі таңда, қай өңірге барсамда, мәуелі бәтеректей болған, шежірелі  қарттарды іздеп жан˗жағыма жалтақтаймын. Бүгінде шашына ақ кіріп, пайғамбар (с.а.с.) жасынан асқан, көп жасаған қариялар баршылық, бірақ  орақ ауызды, шешен тілді ақсақалды көре алмай жүрмін. Қазір кезде  бейнебір қарбаласу, жанталасу, өлермендік. Қарттардың қоғамдық жұмыс  атқарып жүргені жақсы˗ақ, бірақ, соның өзін бұлдайтын бір жаман әдеті де бар. Оны олар өздерінше жергілікті биліктің бізбен санасуы деп ұғады. Әрине, ұят кетті деуге аузың бармайды. Жастар  ортасында  ақылымен,  даналығымен, қарым˗қабілетімен әлі де болса ортамызда жүрген кісілер  жетерлік.

Одан қала берді, әкім˗қаралардың алдында безектеп, құрдай жорғалап, соның ығына жығылып, бір баласына баспана, автокөлік сұрап алғысы  келетін парықсыздығы мен қара басының қамын күйттеген пендешілігін   көріп жүрміз, кейбіреуі күнде ойнаған картасы мен «ащы  суды» сіміргенге  әуес. Кешегі отарлаушы Ресей, еуропалықтардың кезінде бөтен жерлерді «ащы  суды» беріп бағындырғанын бізге де қайталады. Соның  салдарынан 70 жылға созылған КСРО жүйесі ұлт психологиясын түбегейлі  өзгертті. Ақырған  арыстандай, өктемдіктің  екпінінен  сақалдылар  сақау,  қариялар  мақау  болды.

Сөйтіп, көнбістікке, бейімделгіштікке бой алдырды. Ол жалтақтыққа, жағымпаздық пен ұятсыздыққа ұласты. Ата сақалы аузына түскен атаққұмар  шалдар қазір “кәрі қойдың жасындай” уақытты қалғанда, сүйегін сатып, арын арамдап, әруақты аттап азғындап жүргенімен шаруасы  жоқ. Түбімізге  осындай пасықтық пен жасықтық жететін шығар. Көзі тірісінде айдалаға өз˗өзіне құлпытас орнатып, орысша˗қазақша жаздыртып қойғандарды да  естіп жүрміз. Ұлттық рухтан жұрдай бұл ұятсыздар тектілігі мен ептілігін  таныту үшін қолдан көсем, шешен, батыр, ақын жасайды, төбешігін таудай  етіп көрсетеді. Көзінше мақтайды, оңаша шыға бере даттайды. Шапағатсыз  «шарлатан» қарттардың  ұяттары  ұйып  қалғаны  сонша, міз  бақпайды.

Асан қайғы мен Абай «қайғысын ойлайтын» бүгінде қария қалмады. Оған  қоса сықпыртып боқауыз айтатындар мен өсекті сапырғанда алдына жан  салмайтындарын қайтерсіз. Жас кезі туралы өтірік˗шыны  аралас  таңғажайып әңгімелерін естігенде жағаңды ұстайсың. Басқосуларда жөнді тілек, берекелі бата бере алмайды, оның орнына немере шөберелерімен  орысша сөйлегенді  мәртебе  санайды. Орыс  мектептерге  апарып  алып  келіп, жолда  “внук, внучка” деп шүлдірлеп бара жатқанын күнде көрем. Сондықтан қадірлі ақсақалдың аузында батасы, жүрегінде иманы болуы ұлы  даланың ұлылығын дәріптейтін әңгіме айту арман болып тұр. Осындай  кесірлі кеселден арыла алар емеспіз. «Батпандап  кірген  кесел  мысқалдап  шығады» дегендей, осы ойсыздық санамызды сыздатады.

«Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» деп Шал ақын немесе  «Бойда қайрат, ойда көз болмаған соң айтпа сөз» дегенді  Абай  Құнанбайұлы осындайларды көріп түңілгеннен кейін жазған˗ау  шамасы. Төле бидің төрелігін, Махамбеттің қайсарлығын, Көтібардың  қаһармандығын, Бұқар жыраудың бір беткейлігін жыр етіп айтады-ай келіп. «Біз  қандаймыз?»  деп  ойламайды.

Сапалы өнім құнарлы топырақтан өнеді. Өнегесізден өрелі, көргенсізден  керемет, ұятсыздан ұлағатты ұрпақ өсе ме? Әрине жоқ. Мақсатымыз  мұндайларды мұқату емес, ойын ояту, ұрпағына, ұлтына деген парызы мен  қарызын ұғындыру, адасқандарды ақылға шақыру. Олардың атын атап, түсін  түстеп жатудың қажеті жоқ. Бұл көптен бері көкейді тырнаған қыжыл ғана еді…

Жұмамұрат  Шәмші

Сурет z-taraz.kz сайтынан алынды

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0