Нұрлан Өнербаев, әнші, Қазақстанның еңбегі сіңірген қайраткері: «Өзім қатысқан, жасаған дубляжбен салыстырсақ, бүгінгі… дубляж емес»

Нұрлан Өнербаев, әнші, Қазақстанның еңбегі сіңірген қайраткері: «Өзім қатысқан, жасаған дубляжбен салыстырсақ, бүгінгі… дубляж емес»

Таланты төбе көрсеткенде, таудай талабы табыла кеткен, артынан бағы да жайнаған Нұрлан Әлтайұлы Өнербаев – 55 жасқа келіп қалыпты. Соған да орайластыра, талғамы да, ой­-толғамы да өзгелерге ұқсай бермейтін әйгілі әнші, Қазақстанның еңбегі сіңірген қайраткері, «Дарын» сыйлығының иегерімен сұхбат құрған едік. Назарларыңызға ұсынамыз.

 «Асса» көркем фильмінің соңына таяу, «Кино» тобының жетекшісі, актер Виктор Цой ән айтар алдында: …оқиға енді басталады деп келетін сөз бар. Нұрлан Өнербаевтың дубляжында. Сол сияқты Нұрлан ағамыз туралы әлі талай сұхбат та, оқырманды қуантар басқа да жаңалықтары болады деген үміт бар…

– Нұрлан аға, келе жатқан 55 жасыңыз құтты болсын! Шүкір, елуді еркін еңсерген елдің еңселі азаматы, айтулы тұлғасы ретінде, осыған дейінгі өмір жолыңыздан түйгеніңізден оқырмандарға айтар қандай ойыңыз бар?

– Рахмет! Мен тағдырыма ризамын! 55 жыл деген қызыл сөзбен айта салғанға оңай шығар. Оның үстіне жазғанда да әдемі көрінеді: екі 5 болып. Бірақ, мен үшін оның ар жағында үлкен өмір, өнер жолы жатыр.

18-ге толмаған жасымда үйден кеттім. Сол он сегізге толар толмаста Алматыға білім, өнер қуып, өнердің қайнаған ортасынан бір­ақ шықтым. М.Әуезов атындағы академиялық драма театр жанындағы театр студиясына оқуға түстім. Біз оқи жүріп сол театрдың сахнасында үлкен тәжірибеден өттік. Біздің күндізгі сабағымыз кешкі спектакльдерге қатысумен аяқталатын. Міне, сол сахнада жүріп, үлкен өнердің небір майталмандарын көзім көрді. Олардың тыныс-­тіршілігімен таныстым. Қасында бірге жүрдік. Сахнадағы өмірімен таныстық. Спектакльден бос кездегі бір­-бірімен қарым­-қатынасын көрдік. Бұл мен үшін үлкен мектеп болды.

Сахна – өте киелі орын. Сахна – бүкіл ұлттың болмысын, тарихын, мәдениетін көрсететін жер. Ділін дәріптейтін, тілін насихаттайтын, оны өскелең ұрпаққа жеткізетін орта. Сондықтан сахна өте үлкен құрметті талап етеді.

Маған кейде сұрақ қояды: театрдан кетіп қалдыңыз, өкінбейсіз бе деп. Бәрі – бір сахна. Өйткені, өнер іздеп келген көрермен спектакльге де, концертке де келеді. Сол көрерменнің талғамына сай болсаң, демек, сенің сахнадағы ғұмырың да ұзақ болады. Сахнаның киелілігін айтып отырған себебім, ол өсіріп те, өшіріп те жіберуі мүмкін. Өшпеу үшін не істеу керек? Меніңше, сахнадағы өзіңнің жасап жүрген тірлігіңе адал болу қажет. Жұртты алдамау керек. Өйткені, сен сахнаға шыққан кезде кемінде залда 300, 400, 500… мен тіпті 10 000 көрермен алдында да өнер көрсеттім. Ән айттым. 10 000 дегеніміз 20 000 көз. Өзіндік ауыртпалық…

– Ауыртпалық дегенде нені меңзеп отырғаныңызды ашып айтасыз ба?

Қазақта назар деген сөз бар. Мен 1978-жылы оқуға түскенде сахнаға шықтым (оның алдында да облыстық, аудандық сахнаға шығып жүрдім, бірақ, бұл бөлек еді). Сонда байқағаным, аяғым жерге тиген жоқ. Табанымның астында от тұрды. Екі тізем қалтырап, сахнаға қалай шығып, не істегенімді көз алдыма елестете алмаймын. Есімде қалғаны аяғым жерге тимегендей, табанымның астында от тұрғандай сезім. Сахнаның киесі деп отырғаным сол. Осы сезім кез­-келген адамда болуы керек және оны жоғалтпауы тиіс. Үй мен әжетхана арасындағы басқан жерің емес, сахнаның мүлде бөлек екенін ұғыну қажет.

Биыл менің сахнада жүргеніме 38 жыл болды. Әлі күнге дейін сахнаға шыққанда тізем дірілдейді. Өйткені, әр шыққандағы көрермен бөлек. Көрерменнің ықыласы да, күтер дүниесі де басқа. Әрине, олардың ішінде бұрынғы концерттерімді көріп, тыңдап, сахнадағы өнерімді қадағалап жүргендері де бар. Көп. Бірақ, олардың ішінде жаңа көрермен де бар. Сол көрерменнің: мен бүгін сахнадан Өнербаевты көремін деген сенімін ақтай білу керек. Демек, бұл – сенімнің үлкен ауыртпалығы.

– Еліміздегі телесериалдарға жасалатын дубляждарға қатысты түрлі сынға не айтасыз? Кезіндегі сіздің және сол бір аға ұрпақ тұсындағы дыбыстаудың, телерадиоаудармалардың мейлінше кәсібилігін салыстыра отырып, сағынатындар бар…   

– Біз жас актер болып театрда жұмыс жасап жүрген уақыт – 80-жылдардың басында Қазақ радиосы мен телевизиясы көп шақыратын. Телевизияның, радионың әдеби­-көркем редакциясы бар еді. Сол редакция ақындардың өлеңдерін, радиоқойылымдарды бізге жаттатып, оқытатын. Әсіресе, радиоға көп баратынбыз. Телесалаға да жиі барып, өлеңдер оқитын едік. Телеқойылымдарға да көп қатысатынбыз.

Сахнада бізге: сөздің ұғынықты, анық, тілдің таза болуын оқытты. Мысалы, біріншіден 10­-қатарға дейін отырғандар ғана емес, ең соңғы 20 не 25­-қатардағы көрермендер еститіндей қылып сөйлеу техникасын үйретті. Сосын радиода өлең оқып, телеқойылымдарға қатысып жүргенде мені бір күні «Қазақфильм» дубляжға шақырды. Дубляждаушылар – театрдың әртістері болатын.

Осылайша дубляждың небір майталмандары – Мәкіл Құланбаев, Атакелді Смайылов, Мұхтар Бақтыгереев, Матан Мұраталиев, Әнуар Молдабеков, Фарида Шәріпова, Зәмзәгүл Шәріпова, Раушан Әуезбаева – осы кісілердің қалай дубляж жасайтынын көрдім.

80-жылдар. КСРО кезі. Сол уақытта жыл сайын бүкіл 15 республиканың киностудияларындағы дубляж цехы өздерінің өнімдерін Мәскеуге апарып, сонда өтетін үлкен байқауларға қатысатын. Сонда біздің «Қазақфильм» киностудиясының дубляжы ешкімге ешқашан бірінші орынды бермеген екен! Аудармасы, стилистикасы, дауыстардың таңдалуы, артикуляцияның сәйкес келуі жағынан біздің дубляждар ылғи алдыңғы қатарда болды!

Мен дубляжда жүріп 700 фильмнің аудармасына қатыстым. Өзім қатысқан, жасаған дубляжбен салыстырсақ, бүгінгі сен қозғап отырған телеарналардыкы дубляж емес. Оның бәрі өз тілімен айтқанда – кадрдың сыртындағы дикторлық аударма. Менің түсінігімде солай. Дубляж ол өзі сөйлеп тұрғандай аузына салып, сәйкестендіре сөйлеу. Басқа тілге сауатты аудару. Бұл жерде, әрине, аудармашы, сөздің стилистикасына жауапты адам, сосын «укладчик» деген болады. Мысалы, қазақтың тілі өте бай ғой. Егер, дубляжда қайсыбір қазақтың сөзі ауыз қимылына сәйкеспесе, мағынасын жоғалтпайтын екінші сөзді табу – укладчиктің міндеті. Ал, қазіргі біз көріп жүрген фильмдерде тіпті аудармашылардың да қателігі бар. Мәселен, қазақтың төл мақал­-мәтелдерін үнді әртістерінің аузына салып қояды! Тіпті жараспайды! Ол үндінің өз мақал­-мәтелдерін, фольклорын табуы керек.

– Өнерді баю, ақшаға кенелудің бір жолы деп, соған басымдық беретіндерге қатысты қандай пікірдесіз?.. Өнерге жалаң оймен келгендер қашан, қай жерде тоқтауы мүмкін? Сүрінер тұсы қай жер?

– Біз ашық қоғамбыз ғой. Ашық болғасын, сырттан көп нәрселер бізге енеді. Мұның бәрі еліктеу. Мен толық келісемін. Бұл мәселені талай айтқанмын да. Қазір ән айтуды бизнеске айналдырып алған кезең болды. Бизнеске айналу себебі, бәлкім, қазіргі көрерменнің де сұранысынан болар. Қазір жұрт әншіден гөрі продюсерді көбірек таниды: ой, мынау пәленшенің әншісі, түгенше деген продюсердің жобасы деп жүргені. Бүгінде солай деп айтатын болды ғой. Продюсер не істейді? Аз-­маз ұтымды ән жасатып алады. Жақсылап тұрып киіндіреді. Теледидардың бір­-екі бағдарламасына қатыстырады. Жарқылдаған клип түсіреді. Оны теледидарда айналдырады. Сосын әншіңізді табыс табудың жолына қояды. Дұрыс па?!

Жалғызбасты әншіден гөрі, екі, үш, төрт адамнан құрылған топтар өте көп. Квартет сахнаны жарқ­-жұрқ етіп көрсетуге тиімдірек. Қазір қаптаған әншілер, продюсерлер ән айтуды табыс табудың жолы деп санайды деген пікірмен толық келісемін. Әрине, бұл жерде оларды іріктеу, өзің айтып отырғандай: қай жерде тоқтайды, қашан ретке келеді деген мәселенің бәрі көрерменнің талғамына байланысты. Көрермен егер жиренетін болса, ертең оның бәрі қалады. Қазір кез­ келген әнші теледидар арқылы шығады. Ток­-шоуларға қатыса отырып. Теледидар 24 сағат үйіңнің төрінде көрсетіліп тұр. Көргің келмесе де көресің. Міне, мұның барлығы оларға өте ыңғайлы, оң жамбасқа түсіп отыр. Біз елге кезінде сахна арқылы танылдық. Сахнада таныла бастағанннан кейін барып, теледидар бізді жалынып шақыратын.

Менің репертуарымда 300-ге жуық ән бар екен. Соның 100-ге жуығы елдің құлағында жүрген, жүрегінен орын алған әндер. Сол әндердің бірде­-біріне клип түсірмеппін! Сонда да тыңдаушысын тапқан бақытты әндерім жетерлік.

– Ел ішіндегі де, халықаралық та саяси, экономикалық оқиғаларға қаншалықты мән бересіз?

– Жаңалықтар көремін. Қадағалап отырамын.

– «Мәжiлiстегi депутаттардың бәрi де – әртiс. Соның iшiнде менiң ғана “әртiс” деген дипломым бар. Бар айырмамыз тек осы ғана!” деген марқұм Құдайберген аға Сұлтанбаевтың сөзі көптің есінде. Сіз де Мәжіліс депутаты болдыңыз. Саясатта «әртіс» болу қиын ба екен, әлде өнерде ме?..

– Соны айтқанда мен сахнада жүрдім. Сонда біз: «Құдайберген аға да айтады­-ау» деп бір күліп алған едік.

Мен де депутат болып жүріп сол сөздің мәніне қаныға түстім. Мысалы, бұрын әкім, министр т.б. шенеунік болып жүріп кәсібін ашып, соңынан депутат болған топ, кей заңдардың баптарына немесе өзгерістер мен толықтыруларға жатып кеп қарсы шығатын. Өйткені, өзінің бизнесіне зиянды баптар мен өзгерістер бар. Ондай кезде «әртістік» жолда қалып, бейне бір рингті елестетуі мүмкін… Ал, мүддесі жоқ, тіл, өнер – руханият тақырыбына келгенде, олар: маған қатысы жоқ деген кейіпте үндемей отыра береді.

Мәжіліс депутаты болып тұрғанда, шетелге Қазақстан атынан кетіп бара жатқандардың тиісті өкілетті органдар тарапынан мейлінше қадағалануы тиіс деп, оны заң жүзінде бекіту туралы ұсыныс жасадым. Бірақ, ұсыныс кәсіпкерлік туралы заңға қайшы түсетін болып, қолдау таппады. Ол кезде шетелде Қазақстанның Әнұраны орнына басқа елдікін орындау, болмаса, қайдағы бір әнді қыстыру оқиғалары орын алмаған болатын. Бірде, лисаковскілік өндіріс орны демеушілік ететін «Костанайские зори» ансамблі Францияға еліміздің атынан аттанды. Бірақ, Францияда жүріп олар біздің Туды ұстап шығуға қарсылық білдіріп, масқара қылған болатын! Сондай жәйттардың болатынын сезгендей, алдын алуға тырыстым­-ақ…

Сөз реті келгесін айтқаным ғой. Әйтпесе, әрине, ел игілігіне жарап жатқан баптардың енуіне де сеп болдым.

Жан-­жақты сұхбатыңызға үлкен рахмет!

 Сұхбаттасқан: Құрманғали Нұрғалиев

Фото zhasorken.kz-тен алынды

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0