Асадтың қанды асуы немесе Сириядағы соғыста 300 мыңнан астам адам құрбан болған!

Асадтың қанды асуы немесе Сириядағы соғыста 300 мыңнан астам адам құрбан болған!

Автократтың, диктатордың, оған сүйенген биліктің оңғаны жоқ. Әйтеуір, өз дегенімен бүкіл халықты ұстап тұрғысы келеді. Қоғамды алақанынан асырмай, шықса, жұдырығын жұмсай жөнелетіндер сондай саясаткерлерден, ел басшыларынан шығады.

Мәселен, Сирияны алайық. «Араб көктемі» басталған тұста, биліктен айырылғысы келмеген Башар Асад Азамат соғысының «бас режиссерінен» болып шыға келді. Ондаған жылдар бойы әкеден балаға берілген билікті меншіктеу саясаты қанды қырғынға ұласты. Иә, қоғамның да үлесі жоқ демейміз… Дегенмен, билікті уысынан шығармайтын саяси жүйе құрған Хафез Асад пен оның баласы Башардың кесірі, зияны тым тереңдеп кетті. Демек, қанды қырғынның негізгі жауапкершілігі, бастауы осы екі Асадта. Ал, қазіргі жүзмыңдаған адам өлімі, миллиондаған босқын, экономикасының әбден қирауы, мыңдаған үйлердің тас­талқаны шығуы т.б. Башар Асадтың мойнында. Төмендегі мәліметке қарасаңыз, адамның төбе шашы тік тұратындай…

Сирияда «Араб көктемі» басталған уақыттан бері шамамен 300 мыңнан астам адам құрбан болған! Халқының 11 миллиондайы тентіреп кеткен! Көрші елдерге, Еуропаға ағылған. Босқын дегеннен шығады, бірде түркиялық азамат, өз еліне келіп жатқан босқын сириялықтардың жағдайларын сөз ете келе, олардың арасында әр түрік үйінің есігін қағып, «мені әйелдікке алшы» деп жүргендері де бар деген еді… 2010-жылмен салыстырғанда ЖІӨ-і 55%-ға төмендеген! 4,3 млн үйдің жартысына жуығы қирап, 90 мың кәсіпорынның тас-талқаны шыққан екен! Соғысқа дейін 40 мың дәрігер болса, соның 17 мыңы елін тастап шығыпты!

Бар болғаны бір диктатор елін сондай деңгейге дейін құлдыратты. Башардың соңғы басар тауы, тоқтар тұсы қайсы – әзірге белгісіз. Демек, қырғын да тоқтай қалады деп санау қиын. Оның үстіне Ресей билігі оны қолдап отыр. Әзірге…

Әкесі Хафез де Сирияның онмыңдаған адамдарын қырған қандықол диктатор болды. Тіпті Ливанға сириялық әскерлерді кіргізген, Иран-Ирак соғысында алдыңғысымен одақтасқан, осылайша, көрші елдерге де қауіпті мемлекет басшыларының бірі болған еді.

Автократтардың құрған саяси жүйесі, қоғамы алдыңғы уақытында өзі үшін тиімді болғанымен, ақырында өзін де «өкпелетеді». Ондай кездегі автократтың, диктатордың масқара күйіне, бейшара халына тарихта дәлелдер жеткілікті. Мысалы, Ливия билеушісі Муаммар Каддафи, Ирак президенті Саддам Хусейн, Чили диктаторы Аугусто Пиночет, Румыния басшысы Николае Чаушеску, Югославия президенті Слободан Милошевич т.с.с. тағдыры немен аяқталғаны белгілі.

Құрманғали Нұрғалиев, журналист

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0